Accessibility links

Шетелдік тоғызқұмалақшылар


Гана өкілі Абубакир Ибрахим (ортада) қатысушылармен кезекті ойын нәтижесін талқылап отыр. Алматы. 16 сәуір 2015 жыл.

Гана өкілі Абубакир Ибрахим (ортада) қатысушылармен кезекті ойын нәтижесін талқылап отыр. Алматы. 16 сәуір 2015 жыл.

Алматыда тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты аяқталды. Үшінші рет ұйымдастырылған жарысқа Антигуа және Барбуда мен Гана сияқты шалғай елдерден келген спортшылар Азаттыққа сұхбат берді.

Алматыда өткен тоғызқұмалақтан әлем чемпионатында Қазақстан алты алтын, төрт күміс, бір қоламен жалпы есепте бірінші орын алды. Қырғызстан екі күміс, үш қола, Германия екі қола иеленді.

Алматыдағы жарысқа Кариб теңізінде орналасқан Антигуа және Барбудадан келген 34 жастағы Симон Тревон Делвин Роуан тоғызқұмалақтан әлем чемпионатына екінші рет қатысса, Африка құрлығындағы Гана мемлекетінің өкілі Абубакир Ибрахим бұл спорт түрінен алғаш рет халықаралық жарысқа келген.

Азаттық: – Тоғызқұмалақ ойнауды қашан бастадыңыздар?

Симон Тревон: – 2009 жылы менің елім Антигуа және Барбудаға үш қазақ жаттықтырушы келіп, бізге тоғызқұмалақ ойнауды үйретті. Екі айға созылған курстан кейін тоғызқұмалақтың ережесін үйреніп, басқа адамдарға да үйрете бастадым.

Абубакир Ибрахим: – Тоғызқұмалақ ойнауды биыл бастадым. Осыған дейін ойнап көрмегем. Ганада тоғызқұмалаққа ұқсас интеллектуалдық ойындар көп. Сол ойынның бірінен Ганада өткен жарыста жеңіске жеткенмін. Сондықтан тоғызқұмалақтан әлем чемпионатын ұйымдастырушылар мені осы біріншілікке шақырды.

Азаттық: – Тоғызқұмалақтан қанша жарысқа қатыстыңыздар?

Антигуа және Барбудадан келген Симон Тревон Делвин Роуан (ортада) тоғызқұмалақ ойнап отыр. Алматы. 16 сәуір 2015 жыл.

Антигуа және Барбудадан келген Симон Тревон Делвин Роуан (ортада) тоғызқұмалақ ойнап отыр. Алматы. 16 сәуір 2015 жыл.

Симон Тревон: – Бұл менің тоғызқұмалақтан қатысқан үшінші жарысым. Астана мен Чехияда өткен әлем чемпионаттарында ойнағанмын. Астана мен Чехияда болған жарыста 20-ға жуық матч өткізіп, барлығында жеңілгенмін. Алматыда нәтижем сәл жақсарды. 18 матч өткізіп, бір ойында жеңіске жеттім.

Абубакир Ибрахим: – Бұл – тоғызқұмалақтан алғашқы жарысым. Алматыдағы әлем чемпионатында тоғызқұмалақты үйрендім және алғашқы халықаралық деңгейдегі матч өткіздім. 18 ойын өткізіп, барлығында жеңілсем де, ойыннан көп тәжірибе жинадым.

Азаттық: – Елдеріңізде тоғызқұмалақтан арнайы ұйым немесе федерация бар ма? Қанша адам тоғызқұмалақ ойнайды?

Тоғызқұмалақ
– қазақтың ұлттық интеллектуалдық ойыны. Бәсеке арнайы тақтада екі адам арасында өтеді. Ойын тақтасы – 2 қазан, 18 отау, 162 құмалақтан тұрады. Ойын басында әр ойыншыға бір қазан, тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан салынған 81 құмалақ тиесілі. Алғашқы жүріс жасаған ойыншыны – бастаушы, қарымта жүріс жасаған ойыншыны – қостаушы деп атайды.

Көне түркілер мен моңғолдар киелі саналған тоғыз санының негізінде өрбитін ойын манкала (екі адам ойнайтын тақта ойыны) тобына жатады. Математикалық ойлау жүйесін дамытып, төзімділікке баулиды.

Симон Тревон: – 2013 жылы Антигуа және Барбудада тоғызқұмалақ ойнаушылар клубы құрылған. Өзім дайындаған он бес адам қазір осы клубқа мүше. Барлығымыз аптасына екі рет жиналып, жаттығу өткізіп тұрамыз. Алдағы уақытта тоғызқұмалақтан өз чемпионатымызды ұйымдастыру жоспарымызда бар.

Абубакир Ибрахим: – Мен – Ганадан шыққан алғашқы тоғызқұмалақшымын. Алматыдағы әлем чемпионатынан үйренгендерімді еліме апарып, таратуым керек. Бізде тоғызқұмалақ ұйымы жоқ. Бірақ, алдағы уақытта Ганадағы интеллектуалдық ойындардың бірімен серіктес болуы мүмкін. Алдағы халықаралық жарыстарға екі-үш спортшы қатысуымыз мүмкін.

Азаттық: – Алматыдағы жарысқа қатысу шығынын өздеріңіз төледіңіздер ме?

Симон Тревон: – Бұл жарысқа қатысу шығынын толықтай жарысты ұйымдастырушылар көтеріп алды.

Абубакир Ибрахим: – Жатын орын, тамақ, ұшақ билетін шақыртушылар төледі.

Азаттық: – Әңгімелеріңізге рақмет.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG