Accessibility links

Онлайн тоғызқұмалақ ойнайсыз ба?


Қазақстандық және еуропалық мектеп оқушылары арасындағы тоғызқұмалақ жарысы. Чехия, Пардубице, наурыз, 2008 жыл.
Қазақстандық және еуропалық мектеп оқушылары арасындағы тоғызқұмалақ жарысы. Чехия, Пардубице, наурыз, 2008 жыл.

Тоғызқұмалақ ұлттық ойынын онлайн жүйеде ойнайтындардың жартысына жуығы – шетелдіктер. Азаттық тілшісі дәстүрлі интеллектуалдық спорт түрінің кең тарау себебіне үңіліп көрді.

Мамырдың соңында Қазақстандағы тоғызқұмалақ зияткерлік қауымдастығы елдегі тоғызқұмалақ ойынын білетіндер саны 100 мыңға жуықтады деген мәлімет таратты. Соңғы оншақты жылда қазақтың дәстүрлі спорт түріне жататын тоғызқұмалақты шет мемлекеттерде де ойнайтын адамдар пайда болды. Қазақстаннан бөлек Қырғызстан, Ресей, Моңғолия, және Чехия елдерінде тоғызқұмалақ қауымдастықтары жұмыс жасайды.

Қазақстан тоғызқұмалақ құрамасының мүшесі Ернұр Алиакпар дәстүрлі тақтадан бөлек онлайн режимде ойнаудың тиімді екенін айтады.

– Онлайн тоғызқұмалақ ойнайтын адам үшін жаттықтырушының қажеті жоқ. Себебі интернет арқылы мықтылармен ойнап, өз шеберлігін шыңдай алады. Сонымен қатар жаттықтырушыларға да бұл тиімді. Олар бір мезетте көп шәкірт тәрбиелей алады, – дейді ол.

Жас ерекшелігі бойынша төрт дүркін Қазақстан чемпионы, жетінші деңгейлі
Онлайн тоғызқұмалақ ойнайтын адам интернет арқылы мықтылармен ойнап, өз шеберлігін шыңдай алады.
тоғызқұмалақшы Ернұр Алиакпар тоғызқұмалақты 11 жасынан бастап ойнап келе жатқанын айтады.

– 2001 жылы алғаш мектептерде кішігірім үйірмелер ашыла бастады. Мен жарыстарға қатыса бастаған уақытта жылына республикалық деңгейде 3-4 жарыс қана болып тұратын. Ал қазір мұндай жарыстар ай сайын тұрақты өткізіліп тұрады. Оған қоса қатысушылардың қатары да жыл санап өсіп келеді, – дейді тоғызқұмалақшы.

Ернұр Алиакпардың айтуынша, тоғызқұмалақ ойыны жастардың жеке тұлға ретінде қалыптасуына көмектеседі, ойлау қабілетін дамытып, жағдайды алдын ала көретін көрегендікке тәрбиелейді.

ШАХМАТТЫҢ ОРНЫН БАСУ

Зияткерлік ойындарды жақсы көретін Бердітілеу есімді студенттің тоғызқұмалақты онлайн жүйеде ойнағанына 3 ай болған. Оның сөзінше, онлайн тоғызқұмалақтың тиімді тұсы - басқалардың ойынын бақылап отыру мүмкіндігі.

– Кейде шебер ойыншылардың ойынын көріп қарық болып қалатын кездер де болады. Олардың жүріс тарихы да көрсетіліп тұрады. Қарап отырып көп нәрсе үйренуге болады. Ұялы телефонымнан интернетке кіріп ойнап жүретіндіктен достарым да қызығып ойнай бастады. Бұл ойын басқа кез келген зияткерлік ойындармен иық тіресе алады деп ойлаймын, – дейді ол.

Тоғызқұмалақ деген не?

Тоғызқұмалақ
– қазақтың ұлттық интеллектуалдық ойыны. Бәсеке арнайы тақтада екі адам арасында өтеді. Ойын тақтасы – 2 қазан, 18 отау, 162 құмалақтан тұрады. Ойын басында әр ойыншыға бір қазан, тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан салынған 81 құмалақ тиесілі. Алғашқы жүріс жасаған ойыншыны – бастаушы, қарымта жүріс жасаған ойыншыны – қостаушы деп атайды.

Көне түркілер мен моңғолдар киелі саналған тоғыз санының негізінде өрбитін ойын манкала (екі адам ойнайтын тақта ойыны) тобына жатады. Математикалық ойлау жүйесін дамытып, төзімділікке баулиды.

Дүниежүзілік тоғызқұмалақ қауымдастығының атқарушы директоры Серік Ақтаевтың айтуынша, тек интернеттегі онлайн бәсекеге түсетін белсенді ойыншылар саны үш мыңнан асады.

– Солардың жартысы ғана қазақ азаматтары. Ал қалғаны – Германия, Португалия, Ресей және Чехия сияқты шетел азаматтары. Сайтта жас ерекшелігі мен ойнау шеберлігіне шектеу қойылмаған. Кез-келген дәрежедегі ойыншы қатыса алады. Менің байқауымша, азиялық азаматтардан көбіне мектеп оқушылары ойнаса, Еуропа елдерінде жұмыстан кейінгі бос уақытында ойнайтындар басымырақ. Тіпті зейнет жасындағы тұрақты ойыншылар бар, – дейді ол.

Онлайн-ойынның тағы бір тиімдігі – чатта кез-келген елдің азаматтары қалаған тілінде әңгімелесе алады. Google-дің көмегімен сайт диалогты автоматты түрде аударып тұрады. Бұл екі ойыншының өзара қатынаса отырып ойнауына мүмкіндік ашады. Сайтта ойынның ойнау ережесі бірнеше тілдерге аударылғандықтан ойын ерекшеліктерімен танысуға мүмкіндік мол.

Серік Ақтаев тоғызқұмалақтан онлайн сабақтар алуға ынта білдірушілер санының артып келе жатқанын айтты.

КОМПЬЮТЕРЛІК БАҒДАРЛАМА

Тоғызқұмалақ зияткерлік қауымдастығының вице-президенті Мақсат Шотаев тоғызқұмалақтың кең танылуына онлайн ойнау бағдарламалары әсер етті деп санайды.

– Бұған дәлел – әлемнің көптеген елінде тоғызқұмалақтың онлайн жүйеде ойналуы, – деді ол Азаттық тілшісіне.

Бұл ойынның компьютерлік бағдарламасы алғаш 2001 жылы Қырғызстанда құрастырылған. Ал 2010 жылы Павлодар қаласында Қазақстандағы тұңғыш тоғызқұмалақ компьютерлік бағдарламасы жасалған. 2012 жылы бұл бағдарламаның жетілдірілген түрі халықаралық дәрежедегі спорт шеберлерін ұта бастаған.

2008 жылы құрылған Халықаралық тоғызқұмалақ қауымдастығы 2012 жылы Дүниежүзілік тоғызқұмалақ қауымдастығы боп қайта жаңартылған. Ұйымның бас кеңсесі Қазақстанда орналасқан. Тоғызқұмалақ Қазақстаннан бөлек Қырғызстанда да ұлттық спорт түрі деп саналады. Бұл ойыннан алғашқы әлем чемпионаты 2010 жылы Астана қаласында өтіп, оған 16 елден қатысушылар жиналған еді.

ВИДЕО: Чехиядағы тоғызқұмалақ жарысы. Чехия, Пардубице, 16 шілде 2010 жыл.
Чехия төріндегі тоғыз құмалақ
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:27 0:00
XS
SM
MD
LG