Accessibility links

«Жоғалу» акциясын Калеева «арзан пиарға» теңеді


Журналист Тоқберген Әбиев баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Астана, 4 қаңтар 2012 жыл.
Журналист Тоқберген Әбиев баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Астана, 4 қаңтар 2012 жыл.

Журналист Тоқберген Әбиев «елдегі жемқорлық туралы президентке тіке жеткізу үшін әдейі жоғала тұрғанын түсіндіремін» деп әріптестерінің сынына ұшырады.

2012 жылғы желтоқсанда жоғалып, қайта «табылған» журналист Тоқберген Әбиев қаңтардың 4-і күні баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистерге өз әрекетінің себебін түсіндірді.

«ЕГЕР ПРЕЗИДЕНТПЕН КЕЗДЕССЕМ...»

Астана қаласында баспасөз мәслихатын ұйымдастырған журналист Тоқберген Әбиев «жоғалу» акциясын Қазақстандағы жемқорлық туралы айту мақсатында президенттің қабылдауында болу үшін жасағанын айтты.

- Егер президентпен кездессем, жемқорлықты аз уақыт аралығында қалай жоюға, онымен қалай күресуге болатынын айтар едім, - деді ол.

Журналист жемқорлардың қалай жұмыс істейтінін білетінін, олармен күресте қандай креативті тәсілдер қолдануға болатынынан да хабардар екенін сөз етті. Сонымен бірге Әбиев «жоғалу» арқылы назарға ілінбей жүрген жемқорларға тықыр таятамын деп ойлағанын да айтты.
Тоқберген Әбиевтің пресс-конференциясына келген журналистер. Астана, 4 қаңтар 2012 жыл.
Тоқберген Әбиевтің пресс-конференциясына келген журналистер. Астана, 4 қаңтар 2012 жыл.

Алайда үйіне оралмағанына 11 күн толғанда Тоқберген Әбиевті полиция Астанадағы жалдап жатқан пәтерінен дін аман күйі тауып алады. Полиция журналиске қандай жолмен үстінен түскендерін айтпаған.

«Кемінде бір ай жалдамалы пәтерде жатып, кәсіби қызметіме қоғамның назарын аудартып, арнайы мәлімдеме даярлаймын» деп жоспарлаған Тоқберген Әбиевтің айтуынша, бұл жоспарын ұлы Төлеген ғана білген. Ал желтоқсанның 21-і күні өтеді деп хабарланған «жемқорлық туралы баспасөз мәслихаты» ойдан шығарылған.

«КӘСІБІМНІҢ АБЫРОЙЫНА НҰҚСАН КЕЛТІРДІҢ»

«Осылай ету арқылы журналистердің атына кір келтірдім деп ойламайсыз ба?» деген сауалға Тоқберген Әбиев қоғам мен биліктің назарын аударту мақсатында жасаған әрекетінен өзі ғана ұтылғанын мәлімдеді.

Баспасөз мәслихатына келген журналист Жұмабике Жүнісова:

- Мен журналиспін. Сен менің кәсібімнің абыройына нұқсан келтірдің. Қарсылық танытудың милиондаған жолдары бар ғой, - деп, әріптесінің бұл әрекетін құптамайтынын айтты.

Бұл сөзге жауап ретінде Тоқберген Әбиев «Әділ сөз» қорының президенті Тамара Калеева мен Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың өзін кінәлағанша, осындай қадамға баруының себебін сұраулары керек екенін, жалпы олардың жұмысына көңілі толмайтынын мәлімдеді.
"Әділ сөз" халықаралық қорының президенті Тамара Калеева. Алматы, 24 желтоқсан 2012 жыл.
"Әділ сөз" халықаралық қорының президенті Тамара Калеева. Алматы, 24 желтоқсан 2012 жыл.

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қорының президенті Тамара Калеева да Тоқберген Әбиевтің «жоғалу акциясы» туралы пікірін айтты.

- Тек журналистік принциптер емес, сонымен қатар, жалпы өмірлік қағидалар бұзылды. Адамның қиын жағдайға душар болғаны хабарланды. Өзгелер оған көмектескісі келді. Соңында бұл ойын болып шықты. Журналистика – қауіп-қатерге толы мамандық. Келесіде осындай жағдай болса, ол ақпаратқа сенушілер аз болады. Соның кесірінен біреулерге көрсетілуі тиіс көмек дер кезінде жасалмауы мүмкін. Ол өзінің түсініксіз амбициясы үшін ешкіммен есептеспеді. Бұл - өз ойын өзге жолмен жеткізе алмаған адамның жасаған арзан пиары, - деді ол.

47 жастағы Тоқберген Әбиев «Закон и правосудие» басылымының бас редакторы кезінде, 2008 жылы үш жылға бас бостандығынан айырылған еді.

Қазақстан қаржы полициясы оған «сот органдары қызметкерлерінің үстінен астыртын айғақ жинап беру үшін қаржы полициясының жауапты қызметкеріне 1 мың 600 доллар және 50 мың теңге пара бермек болды» деген айып таққан болатын.

2011 жылғы мамырда бостандыққа шыққан журналист Азаттыққа берген сұхбатында ол айыпты мойындамайтынын, өзіне қарсы қозғалған іс кәсіби қызметіне байланысты екенін айтқан.
XS
SM
MD
LG