Accessibility links

Тоқтар Әубәкіров: «Азат» ЖСДП қатарынан шықтым


Тоқтар Әубәкіров ЖСДП-ның сайлау қарсаңындағы съезінде дауыс беріп отыр. Алматы, 26 қараша 2011 жыл.
Тоқтар Әубәкіров ЖСДП-ның сайлау қарсаңындағы съезінде дауыс беріп отыр. Алматы, 26 қараша 2011 жыл.

Жұма күні Қазақстанның мемлекеттік арналары қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, саясаткер Тоқтар Әубәкіровтің ЖСДП қатарынан шыққандығын хабарлады. Ол мәлімдемесінде "тұңғыш президенттің командасында болғым келеді" деді.


Өз мәлімдемесінде Тоқтар Әубәкіров "қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер" атанғаны үшін президент Назарбаевқа "қарыздар" екенін айтты. Назарбаевты өзін "ғарышқа ұшыру үшін Кеңес Одағы басшылығының алдында табандылық танытқанын" айтқан саясаткер:

- Мен ең жоғары марапаттар мен атақтарды алдым. Президенттіміздің арқасында халықтың құрметтіне бөлендім, - деді.

Тоқтар Әубәкіров "бірінші президенттің арқасында саяси қайраткерге айналғанын", "үш рет парламент депутаты болып сайланып, әртүрлі мемлекеттік қызметтер атқарғанын" да еске салды.

Ол әу баста «Азат» ЖСДП-ға кіру себебін "бұл бірлескен партия өзінің алдына қоғамның әлеуметтік-экономикалық тұстарын дамыту бағдарламасын құру туралы мақсат қояды деп шын сендім" деп түсіндірді.

- Партияның мақсаты - қазіргі билік пен Президентке қарсы шығу емес, керісінше, халықтың игілігі үшін ортақ стратегиялық мақсаттарға жетуге үн қосу болуы керек.
"Азат" ЖСДП президиумы мүшесі Тоқтар Әубәкіров (сол жақта) пен осы партияның басшысы Жармахан Тұяқбай сайлауға байланысты өткен конференцияда отыр. Алматы, 18 қазан 2010 жыл.
"Азат" ЖСДП президиумы мүшесі Тоқтар Әубәкіров (сол жақта) пен осы партияның басшысы Жармахан Тұяқбай сайлауға байланысты өткен конференцияда отыр. Алматы, 18 қазан 2010 жыл.
«Азат» партиясының стратегиясында қарапайым халықтың жағдайын жақсартып, мемлекетті табысты дамытудың нақты жоспары болған жоқ. Сондықтан да, мен «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының қатарынан шықтым, - деген Тоқтар Әубәкіров өзін "үлгі етіп осы партияға өткен адамдардың бәрінен" кешірім сұрады.

Тұңғыш қазақ ғарышкері "20 жылдағы тәуелсіз Қазақстанның табысы толағай" екенін, "тұңғыш президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі ерен" екенін айта келе:

- Халық өзінің көшбасшысын жақсы көреді. Бұған президенттің және парламент мәжілісі депутаттары сайлауларының қорытындылары дәлел болады. Сайлау кезінде халық тұңғыш президенттің бағытын қолдап, зор сенім білдірді, - деп ой түйді.
Тоқтар Әубәкіров президент Назарбаевтың "мына алмағайып заманда Қазақстан табысты, бақытты және еңсесі тік мемлекет болуы үшін бәрін жасап жатқанын",
Қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров Қаздауысты Қазыбек би ескерткіші алдында жастармен бірге тұр. Қарағанды, 10 қазан 2011 жыл.
Қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров Қаздауысты Қазыбек би ескерткіші алдында жастармен бірге тұр. Қарағанды, 10 қазан 2011 жыл.
"оның отан үшін істеген жұмысы халықтың тарапынан қолдауға лайық" екенін айта келе:

- Бүкіл қазақстандықтарға үндеу жолдай отырып, елдің болашағы үшін өкпе-реніш пен саяси амбицияларды қалдырып, президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айналасына бірігуге шақырамын, - деді.

"Бүкіл Қазақстан халқын күш-жігері мен білімін және тәжірибесін Отанға қызмет етуге, гүлденген Қазақстанды құруға жұмсауға шақырған" Тоқтар Әубәкіров:

- Мен бұл іске тікелей атсалысып, тұңғыш президенттің командасында болғым келеді! - деп аяқтады.

«БАТЫРЛЫҚ ПЕН САЯСАТ»

Саясаткер Жасарал Қуанышәлин ойынша, «Алдында билікті сынап, Назарбаевқа қатысты тым қатты болмаса да шет-жағалап сын айтып, енді келіп «түбегейлі оны қолдаймын» дегені, әсіресе Жаңаөзен оқиғасынан кейін бұлай сөйлеуі Тоқтар Әубәкіровтің беделіне нұқсан келтіреді».

Ол Тоқтар Әубәкіровтің «Азат» ЖСДП-дан шығып, президент командасына қосылдым» деп мәлімдеме жасауының екі түрлі себебі бар деп болжайды.

– Өздері ашық айтпағанмен, ЖСДП-дағы іштен бөліну жайлы әңгімелер бір себеп болуы мүмкін. Ол партияның ішіндегі былықтарды, сайлау кезіндегі істерін көріп
Тоқтар Әубәкіровтің ғарыштан оралған кезі. 10 қазан 1991 жыл.
Тоқтар Әубәкіровтің ғарыштан оралған кезі. 10 қазан 1991 жыл.
жүргеннен кейін әлгіндей шешімге келген болар. Екіншіден, Ақ үйдің адамдары онымен дұрыстап «жұмыс істеген» болуы керек. «Оның командасында боламын» дегенінен қарағанда қызмет уәде еткен болуы мүмкін, – дейді саясаткер Жасарал Қуанышәлин.

Ғарышкердің «әу баста ЖСДП-ға барғаны қате болғанын», бұл «Тоқтар сияқты тұлға баратын партия емес екенін» айтқан Жасарал Қуанышәлин:

– Тоқтар Әубәкіров ұшқыш ретінде, ғарышкер ретінде, сөз жоқ – батыр. Бірақ өте нашар саясаткер. Оны әркім әр жағдайда пайдаланды – ол сол пайдалануға көнді. Қазіргі жағдай – осы іс-әрекеттердің нәтижесі, – дейді.

Ал саясаткер Петр Своик Тоқтар Әубәкіровтің "осындай мәлімдеме жасардай жағдайға тап болғанын" айтады.

- Оған сәттілік тілеп, қиындықты жеңсін дейміз. Ол жаңалықты "Хабардан" бүкіл елге жариялағанының өзі ЖСДП-ның маңызды екенін көрсетеді, - дейді Петр Своик.

Азаттық тілшісі Тоқтар Әубәкіровтің өзіне де хабарласқан еді. Бірақ ол «бәрін айтқанын, кешегі шешім туралы ештеңе демейтінін» мәлімдеді.

Тоқтар Әубәкіров (1946 жылы туған) - Совет Одағының батыры, Қазақстанның халық қаһарманы. Ол 1991 жылы қазанның 2-сінде ғарышқа көтеріліп, қазақтан шыққан тұңғыш және СССР-дің соңғы ғарышкері атанды.

2009 жылы ЖСДП қатарына қабылданған Тоқтар Әубәкіров 2012 жылы қаңтарда өткен парламент сайлауына ЖСДП кандидаттарының бірі ретінде ұсынылған.
XS
SM
MD
LG