Accessibility links

ҰҚК сыра зауыты иесінің «төңкеріс жоспары» туралы айтты


ҰҚК баспасөз қызметінің өкілі Руслан Карасев (оң жақта) пен бас прокуратура өкілі Құсайын Игембаев баспасөз мәслихатында отыр. Астана, 11 шілде 2016 жыл.

ҰҚК баспасөз қызметінің өкілі Руслан Карасев (оң жақта) пен бас прокуратура өкілі Құсайын Игембаев баспасөз мәслихатында отыр. Астана, 11 шілде 2016 жыл.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті қаңтардан бері қамауда отырған бизнесмен Тоқтар Төлешовтің «билікті күшпен алып, ел басқармақ болғаны» туралы мәлімдеді.


Астанада 11 шілдеде арнайы баспасөз мәслихатын өткізген Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Шымкент сыра зауытының иесі болған Тоқтар Төлешовтің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу жұмыстары аяқталғанын хабарлап, кәсіпкер елде «тұрақсыздық» тудырып, «дүрбелең ошағы» мен «наразылықтар және тәртіпсіздіктер ұйымдастыруды» жоспарлаған деп мәлімдеді.

ҰҚК таратқан мәлімдемеде «мемлекеттік төңкеріс жасамақшы болған» Төлешовтің жоспарын қазір қамауда отырған бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктер – Қазақстан бас прокурорының бұрынғы орынбасары, конституциялық кеңестің бұрынғы мүшесі Ілияс Бақтыбаев пен Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің бұрынғы бастығы генерал-майор Хибратулла Досқалиев және т.б. тұлғалар қолдағаны айтылған. Тергеу болжамы бойынша, Бақтыбаев пен Досқалиев Жоғарғы сот төрағасы және ішкі істер министрі қызметтерін иеленбекші болған.

Сәуір және мамыр айларында Қазақстанның бірнеше қаласында «жер мәселесі» бойынша өткен наразылық шерулерін Төлешов қаржыландырған деп мәлімдейді ҰҚК. Төлешов жерге қатысты наразылықтар мен жаппай тәртіпсіздіктерді пайдаланып билікке талап қойып, өзі үшін вице-президент қызметін енгізуді, ал кейін мемлекет басына келуді көздеген деп санайды ҰҚК. Сонымен бірге, әлі сот процесі басталмағанына қарамастан, ҰҚК Төлешовтің бірқатар ауыр қылмыстарды «жасағаны дәлелденген» деп мәлімдеген.

– Төлешовтің маңайындағылардың берген куәлігі бойынша, 2015 жылдың соңында ол сеніміндегі адамдардың біріне ірі ақша сомасы мен жер мәселесі бойынша құжаттар салынған пакетті Атырау қаласы тұрғындарына беруді тапсырған. Кейін әлгі адамдар сәуірде Атырауда және мамырда – Алматыда өткен наразылық акцияларын ұйымдастырған. Төлешовтің көмекшілерінің бірі әлгіндей акциялар ұйымдастырған кезде күтпеген шығындарға арналған 50 мың долларды тергеуге өз еркімен берді», - деп мәлімдеді баспасөз мәслихатында ҰҚК өкілі Руслан Карасев.

Төлешовтің ісіне «жер мәселесіне» байланысты Атыраудағы наразылық акциясынан соң қазірде қамауда отырған азаматтық белсенділердің қатысы бар ма деген Азаттық тілшісінің сауалына ҰҚК өкілдері белсенділерге қатысты қозғалған қылмыстық істер бойынша жүргізіліп жатқан тергеу аяқталған соң жеке баспасөз мәслихаты өткізіледі деп жауап берді.

ҰҚК мәлімдеуінше, «Төлешов ісі» аясында 25 адам тергеуге тартылған және 300-ге жуық адам куәгер ретінде жауап беріп жатыр. «Шымкентсыра» зауытына иелік еткен кәсіпкер Төлешов «трансұлттық қылмыстық қоғамды қаржыландырған және қаруланған топты құрып, басқарған» дейді ҰҚК. Төлешовтің сыбайластары ретінде бас прокурордың бұрынғы орынбасары мен облыстық ішкі істер департаментінің бұрынғы басшысынан өзге Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті бастығының бұрынғы бірінші орынбасары Сәкен Айтбеков, қорғаныс министрлігі әскери бөлімдерінің командирлері Бекзат Жұмин мен Қарат Пернебаевтың аты-жөндері аталады. ҰҚК былтыр Төлешов «өз ниетін байқату үшін» көлемді әскери-спорттық шаралар өткізген деп хабарлады.

«Әскери бөлімдердің командирлері Жұмин мен Пернебаев заңсыз ақшалай сыйлыққа бола Төлешовке жеке меншік әскери-спорттық шаралар өткізу үшін пайдалануға әскери ұшақтар, әскери техника және әскери қызметшілерді қаруымен қоса берген, Төлешов ол шараны 2015 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында ұйымдастырып өткізген» деп мәлімдейді ҰҚК.

ҰҚК ақпараты бойынша, Тоқтар Төлешовке «адам ұрлау, заңсыз бостандықтан айыру, билікті күшпен басып алуды насихаттау, экстремистік топ құру, қылмыстық қауымдастық құрып, оны қаржыландыру және басшылық жасау, бандитизм, пара беру» туралы айыптар тағылған.

Тағылған айыптарға қатысты Тоқтар Төлешовтің адвокаттарынан комментарий алу мүмкін болмады: Төлешовтің адвокаты Евгений Яворский телефон қоңырауына жауап бермеді, ал оның адвокаттық кеңсесіндегілер кейінірек қайта телефон шалуымызды сұрады.

Тоқтар Төлешовті биыл қаңтар айының соңында Шымкент қаласында күш құрылымдары арнайы операция барысында тұтқындаған. Оны ұстаған кезде күдіктіден «атыс қаруы, есірткі заттары мен кейбір әдебиет» алынғаны хабарланған. Ақпан айында сот оны қамауға алуға шешім шығарған. Содан бері Төлешов Астанадағы тергеу абақтысында қамауда отыр. Төлешов ұсталған соң көп ұзамай күш құрылымдарының бірнеше жоғары лауазымды қызметкері де тұтқындалған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG