Accessibility links

«Билікке таласып, митингілерді қаржыландырған» бизнесмен


«Билікті күшпен басып алмақ болды» және «жер дауына қатысты митингілерді қаржыландырды» деген айыптармен сотталған шымкенттік бизнесмен Тоқтар Төлешов (алдыңғы қатарда).
«Билікті күшпен басып алмақ болды» және «жер дауына қатысты митингілерді қаржыландырды» деген айыптармен сотталған шымкенттік бизнесмен Тоқтар Төлешов (алдыңғы қатарда).

2016 жылғы жұрт назары ауған оқиғалардың бірі шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешовтің сотталуы болды. Ол өзіне тағылған айыптардың біреуін – «заңсыз қару ұстағанын» ғана мойындаған.

«Билікті күшпен басып алмақ болды» және «жер дауына қатысты митингілерді қаржыландырды» деген айыптарға да ілініп, 21 жылға сотталған Тоқтар Төлешовтің апелляциялық шағымы желтоқсанның 23-і күні қанағаттандырылмады.

Апелляциялық инстанцияда Тоқтар Төлешовтің жолы болмағанымен, онымен бірге сотталған адамдардың үшеуі жазадан босап шықты. Жоғарғы соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Төлешев ісі бойынша бас бостандықтарынан айырылған Бекзат Жұмин (№35748 әскери бөлімінің бұрынғы командирі, төрт жылға сотталған), Қайрат Пернебаев (№55652 әскери бөлімінің бұрынғы командирі, үш жылға бас бостандығынан айырылған) пен К.Ысқақовтар (өзгенің мүлігін қасақана бүлдіргені үшін үш жылға шартты сотталған) ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа ілінген.

ТӨЛЕШОВКЕ ТАҒЫЛҒАН АЙЫПТАР

Шымкент сыра зауытының иесі болған кәсіпкер Тоқтар Төлешов 2016 жылы қаңтардың 30-ында Шымкент қаласында полиция жүргізген жедел-іздестіру шарасында үш адаммен бірге ұсталған. Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Алмас Сәдубаев «ұсталғандардың жұмыс орындары мен тұратын мекен-жайынан қару, есірткі және әдебиеттер табылғанын» хабарлаған.

Ақпанның 3-і күні Тоқтар Төлешовтің адвокаты Евгений Яворский бизнесменге қылмыстық кодекстің 266-бабы («Қылмыстық топтың әрекетін қаржыландыру, сол сияқты мүлікті сақтау, бөлу, қаржыландыру арналарын әзірлеу») және 297-бабы («Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу») бойынша айыптар тағылғанын хабарлады. Адвокат Яворский «Төлешов ұсталған кезде табылды» деген әдеби кітаптардан хабарсыз екенін мәлімдеді.

Мамыр айының соңында бас прокуратура Тоқтар Төлешовке қатысты қылмыстық істегі куәгерлердің жеке бас қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін іс материалдары құпия деп танылатынын жариялады.

ҰҚК Төлешовке "жер шерулеріне" қатысты айып тағылғанын айтты:

Төлешов жер митингісіне орай айыпталды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:41 0:00

Ал шілденің 11-і күні Астанада арнайы баспасөз мәслихатын өткізген ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Тоқтар Төлешовтің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу жұмыстары аяқталғанын хабарлап, «кәсіпкер елде тұрақсыздық тудырып, дүрбелең ошағы мен наразылықтар және тәртіпсіздіктер ұйымдастыруды жоспарлаған» деп мәлімдеді.

ҰҚК сәуір және мамыр айларында Қазақстанның бірнеше қаласында жер мәселесі бойынша өткен наразылық шерулерін де «Төлешов қаржыландырғанын» айтқан. «Төлешов жерге қатысты наразылықтар мен жаппай тәртіпсіздіктерді пайдаланып билікке талап қойып, өзі үшін вице-президент қызметін енгізуді, ал кейін мемлекет басына келуді көздеген» деп мәлімдеген ҰҚК. Ол сәтте сот процесі басталмаса да, ҰҚК Төлешовтің «бірқатар ауыр қылмыстарды жасағаны дәлелденгенін» айтып үлгерген.

- Төлешовтің маңайындағылардың берген куәлігі бойынша, ол 2015 жылдың соңында сеніміндегі адамдардың біріне ірі ақша сомасы мен жер мәселесі бойынша құжаттар салынған пакетті Атырау қаласы тұрғындарына беруді тапсырған. Кейін әлгі адамдар сәуірде Атырауда және мамырда Алматыда өткен наразылық акцияларын ұйымдастырған. Төлешовтің көмекшілерінің бірі әлгіндей акциялар ұйымдастырған кезде күтпеген шығындарға арналған 50 мың долларды тергеуге өз еркімен берді, - деп мәлімдеген ҰҚК өкілі Руслан Карасев.

ҰҚК журналистерге "Тоқтар Төлешев басқарған қылмыстық топтан алынды" деп көрсеткен қару-жарақ. Астана, 11 шілде 2016 жыл.
ҰҚК журналистерге "Тоқтар Төлешев басқарған қылмыстық топтан алынды" деп көрсеткен қару-жарақ. Астана, 11 шілде 2016 жыл.

ҰҚК таратқан мәлімдемеде «мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған» Төлешовтің жоспарын бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктер – бас прокурордың бұрынғы орынбасары, конституциялық кеңестің бұрынғы мүшесі Ілияс Бақтыбаев пен Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің бұрынғы бастығы генерал-майор Хибратулла Досқалиев сияқты азаматтар қолдағаны да айтылған. ҰҚК болжамынша, Бақтыбаев пен Досқалиев жоғарғы сот төрағасы және ішкі істер министрі қызметтерін иеленбек болған.

ТӨЛЕШОВТІҢ БОҚАЕВ ПЕН АЯН СОТЫНА КУӘЛІГІ

Тоқтар Төлешовтің соты 14 қыркүйекте Астанада басталып, «іс материалында мемлекеттік құпия мәліметтері болғандықтан» жабық түрде өтті. Бірақ іс материалдары құпия болғанына қарамастан, сот басталуға бір апта қалғанда – қыркүйектің 7-сі күні «Төлешовтің тергеу орындарына берген жазбаша түсініктемесі» делінген құжат көшірмесі Facebook-те тарап кетті. Онда Төлешовтің жер митингілерін ұйымдастырған белсенді Талғат Аянға «қаржы бергені» де жазылған. Бас прокуратура «құпия тергеу материалдарының көшірмесі Facebook-те қалай тарап кеткенін тексереміз» дегенімен, оның нәтижесі белгісіз болып қалды.

Қамауда отырған Тоқтар Төлешов көпшілік көзіне 2016 жылы қазанның 17-сі ғана күні көрінді. Ол Атырау қалалық 2-сотында «араздық тудырды», «заңсыз митингі ұйымдастырды» және «жалған ақпарат таратты» деген айыптармен сотталып жатқан жергілікті белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісінде Астанадағы тергеу изоляторынан видео байланыс арқылы куәлік берді. Прокурорлар мен судья «сәуір айында Атырауда өткен митингіні қаржыландырған» Тоқтар Төлешовке бірнеше сауал қойған. Олар Төлешовтің «митинг өткізу үшін ақша бердім» деп өз қолымен жазып бергенін айтқанымен, Төлешов ол жауабын құптамаған. Жауап беру барысында ол куәліктерін бірнеше рет өзгертті, мәселен, «халық толқулары болса деп ойладым», «митингілер туралы ойладым» деген сөздерінен бас тартты.

Айыпталушы Макс Боқаев Тоқтар Төлешовтен «Сіз Талғат Аянға жолдасыңыз арқылы жолдаған ақшаны митинг ұйымдастыру үшін бердіңіз бе?» деп сұраған. Шымкенттік кәсіпкер: «Мен ол ақшаны пресс конференция, кездесулер, концерттер, дөңгелек үстелдер өткізуге және басқа да тұрмыстық шығындарға бердім» деп жауап берген. Азаматтық белсенді Талғат Аян кәсіпкер Төлешовтен ақша алмағанын, тіпті наурыз айындағы мәслихат сайлауына қатысу үшін қажет қаржыны таба алмағанын айтқан.

«ТӨЛЕШОВ ЗАҢСЫЗ ҚАРУ ҰСТАҒАНЫН ҒАНА МОЙЫНДАДЫ»

2016 жылы қарашаның 7-сі күні Астанадағы мамандандырылған ауданаралық әскери сот Тоқтар Төлешовті 21 жылға бас бостандығынан айыруға, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге, дүние-мүлкін тәркілеуге, мемлекеттік марапаттарынан айыруға үкім етті. Әскери соттың жергілікті баспасөзге берген ақпараты бойынша, Тоқтар Төлешов өзіне тағылған айыптардан «заңсыз қару сақтау және ұстау» айыбын ғана мойындаған.

Тоқтар Төлешовтің ісіне байланысты сотқа тартылған 24 адамның біразы түрме жазасына кесілген. Бас прокурордың бұрынғы орынбасары Бақтыбаев – жеті жылға, Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің бұрынғы басшысы Хибратула Досқалиев – бес жылға, №35748 әскери бөлімінің бұрынғы командирі Бекзат Жұмин – төрт жылға, №55652 әскери бөлімінің бұрынғы командирі Қайрат Пернебаев – үш жылға сотталған.

ҰҚК журналистерге көрсеткен "Тоқтар Төлешевтің әскери киімдері мен наградалары". Астана, 11 шілде 2016 жыл.
ҰҚК журналистерге көрсеткен "Тоқтар Төлешевтің әскери киімдері мен наградалары". Астана, 11 шілде 2016 жыл.

Тоқтар Төлешовтің туыстары мен таныстары ол туралы баспасөзде қандай да бір пікір айтудан бойларын аулақ ұстады. Оның ұлы, бес жыл шартты мерзімге сотталған Төлеген Төлешов әкесінің ісіне қатысты журналистер сұрақтарына: «Құпия істі жария етпеу қаулысына сәйкес әңгімемізді осымен аяқтасақ» деп қана жауап берген.

Оңтүстік Қазақстан облысынан өзге аймақта танымал болмаған Тоқтар Төлешов ұсталған соң көпшілікке «сыра королі» деген лақап атпен таныстырыла бастаған. Төлешовтің соты кезінде жергілікті ақпарат құралдарында ол туралы жағымсыз материалдар жиі жарияланған. Бірақ әлеуметтік желі қолданушылары арасында Тоқтар Төлешовтің «билікті басып алу жоспарына» күмәнданушылар да болған. Сот жабық өткендіктен Тоқтар Төлешов пен басқа азаматтардың нақты қандай қылмыстары үшін сотталғандары көпшілікке белгісіз болып қала берді.

XS
SM
MD
LG