Accessibility links

Қазақстан полициясын Тони Блэр жақсарта ала ма?


Тони Блэр Қазақстанда түсірілген деректі фильмде сөйлеп отыр. Бұрынғы Caspionet телеарнасынан жасалған скрин-шот.

Тони Блэр Қазақстанда түсірілген деректі фильмде сөйлеп отыр. Бұрынғы Caspionet телеарнасынан жасалған скрин-шот.

Батыс басылымының жазуынша, Ұлыбританияның экс-премьер-министрі Қазақстандағы «дөрекі полиция жүйесін» реформалауға қатыспақ. Жергілікті құқық қорғаушы бұған күмән келтіреді.

«Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Нұрсұлтан Назарбаевқа оның жоспарлаған халықаралық сауда келісімдеріне кесірі тимеу үшін Жаңаөзен бойынша айтылған сын-пікірлерді басуға көмектеседі» деп жазады Тelegraph («Телеграф») басылымы наурыздың 17-і күні.

"24 МИЛЛИОН ДОЛЛАРЛЫҚ КОНТРАКТ"

Ұлыбританиялық басылым Жаңаөзен оқиғасын «2011 жылы желтоқсанда диктатордың полициясы және арнайы әскер ереуілге шыққан 15 адамды атып тастады, 100-ден астамын жаралады. Назарбаев полицияның әрекетін «тәртіп орнату» деп мақтағанымен, кейін пайда болған видео айғақ полицейлердің қарусыз тұрғындарды қырғанын көрсетті» деп еске алады.
Жаңаөзен тұрғынын тексеріп жатқан арнайы жасақ. 19 желтоқсан 2011 жыл

Жаңаөзен тұрғынын тексеріп жатқан арнайы жасақ. 19 желтоқсан 2011 жыл


Мақала авторы Джейсон Льюис: «Бұл оқиғаны адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдар сынады. Ал Еуропа парламенті Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне қарсы шығатынын айтты» дейді.

Тelegraph газетінің жазуынша, «Қазақстан Тони Блэрдің мультимиллиондық келісім-шарттар жасаушы консультациялық компанияларының негізгі клиенттерінің бірі болып саналады. Бұл елмен Блэрдің компаниясы 24 миллион АҚШ доллары тұратын келісім жасаған. Басылым Блэрдің Қазақстандағы жағдайды реттейтін кеңес беру жұмыстарына тікелей қатыспағанын ескертеді. Бірақ былтырғы наурызда Еуропарламент депутаттары «Қазақстан билігінен адам құқығын жақсарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауды» және «халыққа оқ атқан полицейлерді жазалауды» талап ететін қарар қабылдап жатқанда Тони Блэрдің өз үкіметінде әкімшілік жетекшісі болған Джонатан Пауэлді Астанаға жібергенін атап өтеді.
Джонатан Пауэлл, Тони Блэр басқарған Ұлыбритания үкіметіндегі бұрынғы әкімшілік жетекшісі.

Джонатан Пауэлл, Тони Блэр басқарған Ұлыбритания үкіметіндегі бұрынғы әкімшілік жетекшісі.


Telegraph-тағы ақпаратқа сәйкес кезінде Ирландия республикалық армиясымен және Ирактағы соғыс бойынша маңызды келіссөздер жүргізген Джонатан Пауэлл Астанада Қазақстанның ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовпен кездесіп, «полиция қызметін демократизациялау және дамыту туралы» талқылаған. «Пауэлл полиция және ішкі істер министрлігінің арнайы жасағының қызметін жетілдіру бойынша кеңес берген» деп жазады мақала авторы.

Ұлыбританиялық басылымның жазуынша, өткен айда Астанада болған Пауэлл Назарбаевтың кеңесшілерімен кездескен. Бұдан кейін де Блэрдің консультациялық тобы үш мәрте кеңес берген. Топқа Гарвард университетінің заңгері, БҰҰ-ның бұрынғы қызметкерлері кіреді. Басылымның Астанадағы дерек көзі бұл консультацияны пайдалы деп бағалаған.

«МАКИЯЖ»

Тelegraph басылымына сұхбат берген «Рух пен тіл» ұйымының жетекшісі Жанболат Мамай Тони Блэрдің кеңесінен еш нәтиже шықпайтынын айтқан.
«Қазақстан бұл мамандарды шақырып, жұмыс жүріп жатқанын және бәрі жақсарғанын айтып жатыр. Бірақ шындығына келгенде бұл жұмыстардың барлығы қою тұман. Қазақстанда ішкі істер министрлігі елдегі барлық жағдайды қатаң түрде қадағалап отыр. Сондықтан олар (ішкі істер министрлігі – ред.) батыстан келген кеңесшілерге Қазақстандағы құқық қорғау саласының шынайы ахуалын көрсетпейді» деген ол.

Тони Блэрдің баспасөз қызметі Telegraph-қа: «Біз Қазақстан билігіне әлеуметтік, саяси және экономикалық реформа жасауға қолдау көрсетіп жатырмыз. Елдегі полиция жүйесіне реформа жасау жағын да талқылағанбыз. Оны Қазақстан үкіметі құпия қылған да емес» деп мәлімдеген.

Азаттық тілшісіне комментарий берген жергілікті құқық қорғаушы, адам құқықтары бюросының өкілі Виктория Тюленева қазақстандық полицейлердің жұмысына көңілі толмайтынын айтты.
Виктория Тюленева, құқық қорғаушы. Астана, 3 мамыр 2012 жыл

Виктория Тюленева, құқық қорғаушы. Астана, 3 мамыр 2012 жыл


- Қазір Қазақстанда полицейлерге қатысты шағым көбейді. Бұл салада мәселе көп. Күдіктілерді тергеу кезінде полицейлердің өздерін ұстауы, іздестіру шараларындағы тәсілдері көп сыналып жатады. Адам құқықтарын қорғау ұйымдарына қарапайым халық осы мәселелер бойынша шағым түсіреді. Көбі полицейлер тергеу кезінде соққыға жығатынын айтады. Сондықтан Қазақстандағы полиция жүйесіне үлкен реформа керек, - дейді ол.

Құқық қорғаушы Қазақстан полициясының жұмысын жақсарту үшін жасалып жатқан шараларды «макияжға» теңеді.

- Қазақстан полиция жұмыстарын реттеу үшін имидждік, түзету жұмыстарын жасап жатыр. Бірақ бұл шаралар әйел адамға жасалатын макияж, косметикалық сылап-сипауға ұқсайды. Қазақстан сыртқа жақсы көріну үшін сыртын сылап, полицейлер жүйесіне «макияж» жасап жатыр. Бірақ мәселе ішінде қалып қойып отыр. Сондықтан «макияждың» орнына «операция» жасау керек сияқты. Және полицейлер жұмысындағы коррупцияны жоймай жұмысты реттеу мүмкін емес, - деді Виктория Тюленева Азаттық тілшісіне.

ИНТЕРНЕТ-ВИДЕОЛАРДАН КЕЙІНГІ РЕАКЦИЯЛАР

Жаңаөзен оқиғасынан соң Қазақстан полициясына қатысты ел ішінде де, халықаралық аренада да көп сын айтыла бастады. Human Rights Watch ұйымының соңғы, 2012 жылғы есебінде Қазақстанда «адам құқықтарының өрескел түрде бұзылғаны» жазылады. HRW атап өткен заңбұзушылықтар қатарында полицияның тұтқындарды азаптау әрекеті бірнеше мәрте аталады.
2011 жылғы желтоқсанда болған Жаңаөзен оқиғасы туралы интернетте жарияланған «Saule540 видеосынан» кейін халықаралық қауымдастық пен ұйымдар Қазақстан билігі мен полициясын шектен тыс күш қолданды деп айыптап шыққан еді.
Қалмұханбет Қасымов, Қазақстанның ішкі істер министрі. Жаңаөзен, 18 желтоқсан 2011 жыл

Қалмұханбет Қасымов, Қазақстанның ішкі істер министрі. Жаңаөзен, 18 желтоқсан 2011 жыл


Полиция өкілдері ереуіл кезінде өздерін қорғағандарын айтып ақталған. Интернетте жарияланған видеодан кейін бірқатар полиция қызметкерлері тергеуге алынды. «Жаңаөзен оқиғасында қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды» деген айыппен бірнеше полицей сотталған. Бірақ «Жаңаөзен оқиғасы кезінде қоғамдық тәртіпті қалпына келтірді» деп сипатталған полиция қызметкерлері кәсіби және мемлекеттік мейрамдар кезінде түрлі наградалармен марапатталып келді. Бірнеше полицей және Жаңаөзендегі уақытша қамау изоляторының басшысы сотталғанымен ішкі істер министрлігінің бір де бір жоғары лауазымды қызметкері қандай да бір жазаға тартылған жоқ. Азаматтық қоғам белсенділері мен саяси оппозицияның «Демонстранттарды атуға кім бұйрық берді?» деген сауалына да анық жауап берілмеді.
Хатуна Калмахелидзе, Грузияның бұрынғы жазалау, пробация және заңдық көмек министрі. Тбилиси, 7 желтоқсан 2011 жыл

Хатуна Калмахелидзе, Грузияның бұрынғы жазалау, пробация және заңдық көмек министрі. Тбилиси, 7 желтоқсан 2011 жыл


Адам құқықтарының тапталуына қатысты көпке жария болған видеоға байланысты шу Қазақстаннан кейін 2012 жылы Грузияда да шықты. Бірақ бұл елдің үкіметі аталған видеоға қатысты мүлдем бөлек реакция танытты. Осы жылдың қыркүйек айында Тбилисидің 8-түрмесіндегі сотталушыларды азаптау сәті көрсетілген видео бірнеше телеарнадан көрсетілді. Материалда түрме қызметкерлерінің сотталғандарға қарсы жасаған зорлық-зомбылық әрекеттері анық көрінген. Видеоклипте түрме күзетшілерінің жаңа түскен сотталушыларды тепкілеп, резеңке тоқпақпен зорлағаны бейнеленген еді. Дәл сол айда Грузияның жазалау, пробация және заңдық көмек министрі Хатуна Калмахелидзе отставкаға кеткен болатын.

Арада бірнеше күн өте сала Грузиядағы қоғам наразылығының ықпалымен тағы бір министр - бұл жолы ішкі істер министрі Бачо Ахалая отставкаға кетті. Ахалая өз мәлімдемесінде қамау мекемелеріндегі тұтқындарды азаптауға тосқауыл қоя алмағаны үшін өзінің моральдық және саяси жауапкершілігін сезініп отставкаға кету туралы шешім қабылдағанын айтқан.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG