Accessibility links

Көпқабатты үй тұрғындары дәретхана сұрайды


Төретам ауылының тұрғыны Дариға Шәкішова. Қызылорда облысы, 26 маусым 2014 жыл.

Төретам ауылының тұрғыны Дариға Шәкішова. Қызылорда облысы, 26 маусым 2014 жыл.

Қызылорда облысы Төретам кентінің тұрғындары Азаттыққа дәретханаларын әкімдік бұзып тастағанын айтып шағымданды. Ал әкімдік дәретханалар «заңсыз жерге» салынғанын айтады.

Қармақшы ауданы Төретам кентіндегі Жанқожа батыр көшесінің екі-үш қабатты бірнеше үйінде тұратын 30 отбасының дәретханасы жоқ.

Тұрғындардың айтуынша, олар көпқабатты үйлерінің ішінде су болмағандықтан дәретхананы сыртқа салған. Алайда ауыл әкімдігі «дәретханаларыңыз заңсыз салынған» деп бұзып тастаған.

Қазір тұрғындар ауылдың екінші шетіндегі үйлердің, көшенің қарама-қарсы бетінде орналасқан вокзалдың дәретханасына барып жүр.

«ВОКЗАЛ ДӘРЕТХАНАСЫНА БАРЫП ЖҮРМІЗ»

Төретамдық дәретханасыз үй тұрғыны Базаргүл Әбдіқадірова ауыл әкімдігіне арызданып барғанымен еш нәтиже шықпағанын айтады.

Төретам тұрғыны Базаргүл Әбдіқадірова. Қызылорда облысы, 26 маусым 2014 жыл.

Төретам тұрғыны Базаргүл Әбдіқадірова. Қызылорда облысы, 26 маусым 2014 жыл.

​«Басшыларды көріп жүрген жоқпыз. Ауылдағы басқа үйлердің дәретханасына барамыз. Олардың өзі дәретханаларының есігін құлыптап қояды. Олардың кілтін сұраймыз. Далаға шығамыз. Көшенің ар жағындағы вокзалдың дәретханасына барамыз» деді ауыл тұрғыны Азаттық тілшісіне.

66 жастағы ауыл тұрғыны Дариға Шәкішова өзінің дәретханасын бұзарда әкімдіктің «жаңасын салып береміз» деген уәде еткенін еске алады. Зейнеткер «әкімдіктің жаңа дәретханасы да, қызметкерлері де жоқ» деп қапаланады.

Көпқабатты үй тұрғындары пәтерлеріне су тартудан үміт үзгені соншалықты Азаттық тілшісімен сөйлескенде ішкі дәретхананы қайта іске қосу туралы сөз де қозғамайды. Тек сырттағы дәретхана туралы талап-тілек айтады.

Төретамдықтарды дәретханадан да өзге алаңдататын әлеуметтік мәселелер баршылық. Гүлмарам Құрмашованың айтуынша, олар тұратын Жанқожа батыр көшесінде дәретханадан бөлек, қоқыс тастайтын және кір су төгетін арнайы орын да жоқ. Ал Базаргүл Әбдіқадірова ауылда дәретханадан бөлек ауыз су мәселесі де шешілмегеніне наразы.

«ҚҰДЫҒЫ БАР»

Азаттық тілшісі осы мәселелерге қатысты Төретам кентінің әкімдігіне хабарласқан еді. Әкімдік қызметкері «дәретханалар заң бойынша бұзылды» деп мәлімдеді.

«Ол жердегі дәретханалар көшенің бойында заңсыз орналасқан. Сол себепті алып тастадық. Санитарлық тазалықтарға сай болмады. Әкімдік оларға қоғамдық дәретхана салуға көмектесейік дегенде олар қолдамады. Себебі бұл жерде көбі пәтер жалдап тұрады. Сондықтан қоғамдық дәретхана салғылары келмейді. Дәретхана салу әкімдіктің жұмысына кірмейді. Біз салып бере алмаймыз, тек көмектесеміз дедік. Дәретханаларды бұзарда алдын ала ескерттік» дейді әкімдіктің бас маманы Гүлжанат Телжанова Азаттыққа берген сұхбатында.

Төретам кенті кірер жол. Қызылорда облысы, 14 шілде 2013 жыл.

Төретам кенті кірер жол. Қызылорда облысы, 14 шілде 2013 жыл.

Тілші кент әкімдігінің өкілінен көпқабатты үй ішіндегі су мен канализация жүйесін қалпына келтіру жоспарының бар-жоғын сұрады.

«Жаңағы екі-үш қабатты үйлер совет заманында салынған. Канализациялары ескіріп кеткен. Оларды жөндеуге бюджеттен ақша қарастырылмаған. Ал үйлерінің алдында ауыз суға арналған құдық бар» деді Гүлжанат Телжанова.

Қызылорда қаласында да совет заманында салынып, тиісті жөндеу жасалмағасын тозығы жеткен көп қабатты үйлердің тұрғындары ауыз су мен канализация жүйесі істен шыққасын дәретханаларды сыртқы аулаға сала бастағаны туралы Азаттық жазған еді. Қаладағы Бауыржан Момышұлы атындағы көшеде орналасқан 76-нөмірлі төрт қабатты үйдің тұрғындары дәретханаларды сыртқа салып, оны душ ретінде де қолдануға мәжбүр болған.

Ал Байқоңыр ғарыш айлағының іргесінде орналасқан Төретам кентінің тұрғындары экологиялық ахуалдың нашарлығын айтып та шағымданады.

Базаргүл Әбдіқадірова соңғы уақытта ауылда «қан қысымы жоғары адамдардың жиі кездесетінін», «мезгілсіз дүние салған жас адамдардың көбейгенін» айтады.

Оның пайымдауынша, былтыр шілдеде Байқоңыр ғарыш айлағының маңына апатқа ұшырап, құлаған «Протон-М» зымыран тасығышынан төгілген гептил «аймақтағы экологиялық ахуалға да, адам ағзасына да теріс әсерін тигізіп жатыр».

Азаттық апат орнынан ондаған шақырым ғана қашықтықта орналасқан Қармақшы ауданының бірнеше ауылындағы халықтың денсаулыққа қатысты жаппай айтқан арыз-шағымдары туралы жазған болатын. Жергілікті және орталық санитарлық- эпидемиологиялық қызмет орындары бұл арыздарға қатысты комментарий беруден бас тартқан.

Бірақ дәл қазір төретамдықтар денсаулық жайын жоқтаудан бұрын жергілікті биліктен адам ағзасына ең қажет әлеуметтік игіліктердің бірі – дәретхана мәселесін шешуді өтінеді.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG