Accessibility links

Рудный тұрғыны азапталғанын БҰҰ комитетінде дәлелдеді


Қостанай облысы Рудный қаласының тұрғыны Расим Байрамов.

Қостанай облысы Рудный қаласының тұрғыны Расим Байрамов.

Рудный тұрғыны Расим Байрамов БҰҰ комитетіне өзін полицейлер азаптағанын дәлелдеді. Енді Қазақстан үкіметі істі тексеріп, кінәлілерді жазалауы тиіс. Бұл - Қазақстандағы осындай үшінші жағдай.

Қостанай облысындағы Рудный қаласының тұрғыны Расим Байрамовтың Қазақстан үкіметінен тексеру жүргізіп, кінәлі полицейлерді жазалауды талап еткен ісі - БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетіне жетіп әрі жәбірленушінің пайдасына шешілген үшінші іс.

Бұған дейін БҰҰ комитеті Астана тұрғыны Олег Евлоев пен Қостанай қаласының тұрғыны Александр Герасимовты азаптауға ұшыраған деп таныған.

ТӨРТ ЖЫЛДЫҚ КҮРЕС

Үш жыл бұрын Расим Байрамов колониядан мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған. Түрмеде туберкулезбен ауырған ол енді жұмыс таба алмай жүр. Өз сөзінше, оны «бұрын сотталғандықтан, жұмысқа алмайды».
Расим Байрамовтың анасы Наталья Байрамова.

Расим Байрамовтың анасы Наталья Байрамова.

Расим Байрамов «дүкеннен ақша мен үш бөтелке сыра ұрлады» деген айыппен 5 жылға сотталған. Ол «қылмысын» полиция бөлімшесіндегі тергеуден кейін «мойындап», кейін «полицейлер мені азаптады» деп мәлімдеді. Сотта Байрамов «қылмысын мойындаған» алғашқы түсінігінен бас тартқанымен, сот оны айыпты деп танып, түрмеге кесті.

Оның анасы Наталья Байрамованың Азаттыққа айтуынша, полицейлер оны 2008 жылдың шілдесінде тұтқындап, полиция бөлімінде екі жарым тәулік азаптап ұстаған, әрі істемеген қылмысын мойындауға мәжбүрлеген. «Дәлізде шашынан сүйреген, басынан, бүйрегінен ұрып, тепкілеген, ұйықтатпаған» дейді Наталья Байрамова.

Расим Байрамов пен тағы бір күдікті «қылмысымды мойындаймын» деп жазған соң ғана екеуінің тұтқындалғаны туралы ресми хаттама толтырылған.

Наталья Байрамова «әділдік іздеп Қазақстандағы құзырлы мекемелердің бәріне арыздандық, бірақ азаптау туралы қылмыстық іс қозғаудан бәрі бас тартты» дейді.

Ақыры Байрамовтар Қостанай облысындағы адам құқығы бюросының заңгері Анастасия Миллердің көмегімен БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті төрелігіне жүгінген. Төрт жылдан кейін ғана Байрамовтардың «азаптауға қатысты шағымымызды тексереді» деген үміттері оянды.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ МІНДЕТТЕМЕЛЕРІ

Мамыр айында БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті Расим Байрамовтың пайдасына шешім шығарды. Анастасия Миллердің сөзінше, Женевадағы комитет мүшелері «ер адамды полицейлер азаптаған», ал «Қазақстан оның азаптауға қатысты шағымын дұрыс, әділ әрі тәуелсіз түрде тексермеген, талапкерге өтемақы төлеу сияқты оңалту процедураларын жүргізбеген» деген қорытындыға келді.
Қостанай облысындағы адам құқығы бюросының заңгері Анастасия Миллер.

Қостанай облысындағы адам құқығы бюросының заңгері Анастасия Миллер.

​"Енді Қазақстан конвенция бойынша алған міндеттемесіне сәйкес, азаптау әрекеттерін тексеріп, кінәлі тұлғаларды жазалауы, жәбірленушіге өтемақы төлеуі тиіс, әрі болашақта мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу үшін заң актілерін қабылдап, тиісті іс-шаралар атқаруға міндетті. Оның үстіне, Қазақстан соты азаптау арқылы алынған «мойындау түсінігін» пайдаланып, конвенцияның 15-бабын бұзған. Комитет «Қазақстан азаптаудың алдын алу үшін заң, әкімшілік, сот жүзінде тиісті шаралар қолданбаған» деген де қорытынды жасады" деді Анастасия Миллер Азаттыққа.

Расим Байрамов Азаттық тілшісіне «азаптау туралы шағымым Қазақстанда әділ қаралмайтынын білгендіктен, БҰҰ-ның комитетіне жүгіндім» дейді.

"Бармаған жеріміз жоқ. Еш нәтиже болмады. Келіп, айтқаныңды тыңдап алады да, «е-е, иә-иә» деп бастарын шұлғып, бұрылып кете береді. Олардан ешқандай қайыр болмады. Қазақстан өз азаматтарын мүлде қорғамайды. Мұны өз басымнан өткен соң түсіндім, енді әділдікке жетеміз деп үміттенемін" деді Расим Байрамов Азаттыққа.
Қазақстан полициясы. (Көрнекі сурет)

Қазақстан полициясы. (Көрнекі сурет)

Бірақ Байрамов: «Полицейлер жаңа бір қылмысты тексерсе болды, полиция бөлімшесіне шақырып, маған әлі күнге дейін тыныштық бермейді. Ешкім ештеңе түсіндірмейді, мазалағандарына кешірім сұрамайды» дейді.

Расим Байрамов тап болған жағдайлар Қазақстанда бұрын да болған. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары «түрмелердегі азаптау практикасы және азаптауға қатысты шағымдардың көбі дұрыс тексерілмейтін» елді жиі сынайды.

БҰҰ-ның азаптауға қарсы конвенциясына 1998 жылы қол қойған Қазақстан азаптауға қарсы халықаралық заңдарды мойындап, БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті шешімдерін орындауы тиіс.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG