Accessibility links

Экстрадициялаған ресейлік БҰҰ арқылы Астанадан өтемақы талап етті


Қырғызстанға экстрадициялаған Николай Валетов.

Қырғызстанға экстрадициялаған Николай Валетов.

Ресейлік азаматты Қырғызстанға экстрадициялағаны үшін өтемақы төлеуден бас тартқан Қазақстан билігі үстінен БҰҰ-ның арнайы өкіліне шағым жолданды. Ол азаматты Қырғызстанда «азаптаған».

16 жылға сотталып, жаза мерзімін Қырғызстанда өтеп жатқан Ресей азаматы Николай Валетовтің өкілдері оған азаптау мен қатігездік құрбаны ретінде 140 миллион теңге моральдық өтемақы өндіріп беруді сұраған.

2014 жылдың мамырында БҰҰ комитеті Қазақстанды «Валетовке тиісті өтемақы төлеп, оны тиімді қорғану құралдарымен қамтамасыз етуге» міндеттеген шешім шығарған. Бірақ былтыр желтоқсанда Қостанай қалалық соты Николай Валетовке келтірілген моральдық зиянның өтемақысын өндіріп беруден бас тартқан.

ВАЛЕТОВТІ ЭКСТРАДИЦИЯЛАУ

Николай Валетовті кісі өлтіру ісіне байланысты Қырғызстанға 2011 жылдың қазан айында экстрадициялаған. Өкілдері «Қырғызстанда оны бұған дейін де талай мәрте қылмыстық тұрғыда қудалағанын» айтады. Тұтқынның өзі «таныс полицеймен арадағы жанжал кесірінен арандатуға ұшырап, Қазақстанға қашуға мәжбүр болдым» дейді.

Николай Валетов.

Николай Валетов.

Қазақстанда Николай Валетов «ұрлық жасады, кісі тонады» деген айыптармен бірнеше рет түрмеге түскен. Кезінде ол Ресей азаматы екенін растау үшін Ресей билігі көмегіне жүгінуге тырысқан. Валетов Ресей азаматтығын алған 2008 жылы Қазақстан билігі оның ісін Қырғызстанның сот органдарына жолдаған.

Қостанайдағы адам құқықтары бюросы жетекшісі Анастасия Миллердің айтуынша, құқық қорғау ұйымдары араласқан соң, БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесі 60 жастағы тұтқын Валетовті экстрадициялауды тоқтатуды талап етіп, Қазақстанға арнайы құжат жолдаған. Бірақ кейін Қазақстан оны Қырғызстанға бәрібір экстрадициялаған.

Құқық қорғаушыларға Николай Валетов Қырғызстан полицейлері «кісенмен асып қойып, ұрып-соқты; сауақтарымды күйдірді; басыма противогаз кигізіп тұншықтырды; резеңке таяқпен зорлаймыз деп қорқытты; жыныс мүшем арқылы электр тогын жіберіп азаптады» деп, соның салдарынан мүгедек болып қалғанын айтқан.

ҚОСТАНАЙ СОТЫНЫҢ ШЕШІМІ

Қостанай қалалық соты шешімінде Қазақстанды «азаматтық және саяси құқық пактісінің 17-бабы талаптарын бұзып, заңсыз экстрадициялады» деп айыптаған Н.Е.Валетовтің уәждері негізсіз деп көрсетілген.

Сот «тұтқын Валетов халықаралық келісімге сәйкес заңды түрде экстрадицияланған, ал комитет ұйғарымы түскен сәтте оны экстрадициялау мәселесі шешіліп қойған» деген уәж келтіреді.

Оны экстрадициялау сәтінде Қырғызстанның азаптау қолданылатын ел екенін растайтын әлдебір ресми ұйғарым немесе өзге құқықтық құжат болған жоқ.

Қостанай қалалық соты шешімінде «оны экстрадициялау сәтінде Қырғызстанның азаптау қолданылатын ел екенін растайтын әлдебір ресми ұйғарым немесе өзге құқықтық құжат болған жоқ» деп жазылған.

Бұдан бөлек сот шешімінде БҰҰ комитетінің «преюдициялық күші жоқ ұйғарымын Қазақстан Республикасы орындауға міндетті емес», ал «талапкер зиян шеккенін және қылмыстық процесті жүргізген органдардың заңсыз әрекетін дәлелдеген жоқ» деп көрсетілген.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МІНДЕТТЕМЕЛЕРГЕ СІЛТЕМЕ

Жергілікті құқық қорғаушылар Қостанай қалалық сотының Валетов ісіне қатысты шығарған шешіміне қарсы апелляциялық шағым түсірген. Олар «Астана негізгі халықаралық келісім-шарттарға қол қойып, орындауға уәде бергендіктен БҰҰ комитеті шешімі міндетті түрде орындалуы тиіс» дейді.

Құқық қорғаушылар Валетовке өтемақы өндіріп беруден бас тарту шешіміне қатысты шағым жолдау арқылы БҰҰ комитетінің арнайы өкілін адам құқықтарын қорғау мен құрметтеу жөніндегі халықаралық міндеттемелерді өз еркімен алған Қазақстанның Николай Валетовке жеткілікті көлемде өтемақы төлеп, БҰҰ-ның шешімдерін орындауы тиіс екенін түсіндіру үшін «диалогты жалғастыруға» шақырады. Қостанайдағы адам құқықтары бюросы жетекшісі Анастасия Миллер Азаттыққа:

Қостанайдағы адам құқықтары бюросы жетекшісі Анастасия Миллер.

Қостанайдағы адам құқықтары бюросы жетекшісі Анастасия Миллер.

- Біз БҰҰ-дан Ресей азаматы Валетов мырзаны Ресейге экстрадициялауға көмектесу үшін Қазақстан үкіметіне ықпал етуді де сұраймыз. Бұдан бөлек біз тұтқынның өмірі мен денсаулығына қатер төнгені жайлы соңғы хабарламаларды ескеріп, Қырғызстандағы түзету мекемесінде отырған Валетов мырзаның жай-күйін үнемі бақылауда ұстауды да сұраймыз, - дейді.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, БҰҰ комитеті шешімін орындау үшін Қазақстан билігіне 180 күн берілген, бұл мерзім өткеннен кейін олар атқарылған жұмыс жайлы есеп беруі тиіс болған.

Ертеректе Қостанайда азаптау ісі бойынша моральдық өтемақы өндіру туралы екі шешім шыққан. 2013 жылдың қарашасында Қостанай қалалық соты жергілікті полицияны Александр Герасимовты азаптағаны үшін моральдық зиянның өтемақысы ретінде 2 миллион теңге төлеуге міндеттеген. Ал 2014 жылы осы сот полиция азаптауына ұшырап әрі жазықсыз сотталған жергілікті тұрғын Расим Байрамовтың талап-арызын жартылай қанағаттандыру және өтемақы ретінде оған 100 мың теңге төлеу жөнінде шешім шығарған. Екеуі де бұл шешімдерге БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетінің қаулысы негізінде жеткен.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG