Accessibility links

Азапталған адам кінәлілерді жазалата алмаған күйі дүниеден озды


Өзін полицейлер азаптағанын БҰҰ-ға дәлелдеген Рудный тұрғыны Расим Байрамов. Фото отбасылық архивтен алынған.

Өзін полицейлер азаптағанын БҰҰ-ға дәлелдеген Рудный тұрғыны Расим Байрамов. Фото отбасылық архивтен алынған.

Бейсенбі, ақпанның 18-і, Қостанай облысы Рудный қаласында 33 жастағы Расим Байрамовты жерлейді. Ол өзін азаптаған полиция қызметкерлері сол күйі жазаға тартылмаған іс бойынша жәбірленуші деп танылған. Байрамов адвокаты дерегінше, әлгі полицейлер ішкі істер органдарында әлі жұмыс істеп жүр.

2014 жылдың желтоқсанында Қостанай қалалық соты полиция азаптауына ұшыраған әрі жазықсыз сотталған Расим Байрамовтың талап-арызын жартылай қанағаттандыру және өтемақы ретінде 100 мың теңге (сол кездегі бағам бойынша 320 доллар) төлеу туралы шешім шығарған. Ал сол жылдың мамыр айында БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті сот кезінде «қылмысын азаптау арқылы мойындатқан түсініктер» Расим Байрамовқа қарсы пайдаланылған, сондықтан оның моральдық зиян үшін өтемақы мен оңалту шараларын талап етуге құқығы бар деп тапқан.

ТҮРМЕДЕН КЕЙІНГІ ӨМІР

Расим Байрамовты сегіз жыл бұрын «дүкеннен ақша мен үш бөтелке сыра ұрлады» деген айыппен бес жылға соттаған. Кейін ол «полицейлер азаптаған соң жасамаған қылмысты мойындауға мәжбүр болдым» деп мәлімдеген. Кезінде оның анасы Наталья Байрамова Азаттыққа «дәлізде баламның шашынан сүйреген; басынан, бүйрегінен ұрып, тепкілеген; ұйықтатпаған» деген еді. Байрамов колониядан бірер жыл бұрын шартты жазамен босағанымен, түрмеде денсаулығына ауыр зардаптар келген. Ол өзге сырқаттарына қоса, туберкулезбен де ауырған.

Оның адвокаты Снежанна Кимнің айтуынша, Расим Байрамов «түрмеде отырғанда шалдыққан» ауыр дерттің зардабынан көз жұмған. Ол 33 жасында қайтыс болды.

- Ол ауыр дерттерге түрмеде шалдыққан, бұрын ешқандай ауруы болмаған. Бірақ олардың қандай дерт екенін этикалық себеппен атай алмаймын. Қаншалықты ауыр науқас екенін ол бізге айтып, шағымданған жоқ. Ауырып жүргенін, сондықтан жұмыс істей алмайтынын айтқан кезде көмекшіміз екеуміз кейде оған тіпті ұрсатынбыз. Бірақ бүгін мәйітхананың ұйғарымын көргенде, жұмыс істей алмайтын жөні бар екен ғой деп ойладым. Ол ауыр науқас болған. Бірақ жаны қиналып жүргенін ешкімге айтып, шағымданған жоқ, оның қазасы бәріміз үшін күтпеген жағдай болды. Диагнозына қарағанда, оның қатты қиналғаны байқалады. Тіпті жатып қалмай қалай жүргенін білмеймін, - дейді Снежанна Ким.

Расим Байрамов пен оның адвокаты Снежанна Ким (сол жақта) және Қостанай облысындағы адам құқығы бюросы жетекшісі Анастасия Миллер. Қостанай, 12 ақпан 2015 жыл.

Расим Байрамов пен оның адвокаты Снежанна Ким (сол жақта) және Қостанай облысындағы адам құқығы бюросы жетекшісі Анастасия Миллер. Қостанай, 12 ақпан 2015 жыл.

Расим Байрамов түрмеден босаған соң анасымен бірге тұрған әрі денсаулығына байланысты жұмыс істей алмаған. Соңғы кезде ешкіммен араласпай, саяқ өмір сүрген.

- Ол «түнде көз іле алмаймын, түрмеден кейін көзімді жұмуға қорқатын болдым» деген. Ұйықтап кетсем, біреу зорлық-зомбылық көрсетеді деп қорқатын. Сондықтан көбінесе күндіз ұйықтап, ал түнді компьютердің алдында өткізіп жүрген, - дейді Снежанна Ким.

КІНӘЛІ АДАМДАР ЖАЗАҒА ТАРТЫЛҒАН ЖОҚ

Қостанай облысындағы адам құқығы бюросы жетекшісі Анастасия Миллер жергілікті ішкі істер департаменті азаптауға душар еткені үшін Расим Байрамовқа 100 мың теңге өтемақы төлегенін, бірақ кінәлі адамдар сол күйі жауапқа тартылмағанын мәлімдейді.

Анастасия Миллер Facebook желісіндегі парақшасында «БҰҰ шешімінен кейін Расим бар-жоғы 270 доллар өтемақы алды. Оны мазақ еткендей... Біз де, адвокаттар да ең бастысы – азаптау фактісі дәлелденді, бұл – басы ғана, енді тексеру жүргізіледі, кінәлілердің бәрі тиісті жазасын алады, олар жауап беруі тиіс деп ойлағанбыз... Сосын тексеру, беттестіру, сараптама өткізу сияқты шаралар басталды... Бірде әлгі полицейлердің көзіне қарадым, олар полицияда әлі жұмыс істеп жүр. Олардың көзінен ашу-ызаны, өшпенділік пен не істеп аласыңдар деген ызғарды көрдім... Тергеу амалдары бір тоқтап, бір басталды. Ал ол шарасыздықтан әбден қажып, жұртпен араласуын азайтты, түрмеден шыққан кезде достары да қалмаған, сөйтіп тұйық болып алды» деп жазады.

Бірде әлгі полицейлердің көзіне қарадым, олар полицияда әлі жұмыс істеп жүр. Олардың көзінен ашу-ызаны, өшпенділік пен не істеп аласыңдар деген ызғарды көрдім...

Адвокат Снежанна Кимнің айтуынша, Расим Байрамов әділдікке жете алмайтынын көріп, түңілген. Азаптауға қатысты қозғалған әрі кінәлі адамдарды жауапқа тартуы тиіс қылмыстық іс «қылмыс құрамы жоқ» деген уәжбен жабылған. Адвокат талай шағым жолдаған. Снежанна Кимнің айтуынша, бірде бас прокуратура істі тоқтату туралы қаулының күшін жойып,қайтатексеруге жіберген, бірақ кейін оны тағы жауып тастаған.

- БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті шешімі преюдициялық мәні бар болғандықтан, азаптау фактісі дәлелденіп, кінәлі адамдарды көрсету ғана қалған, сондықтан, біз кінәлі жандарды жауапқа тарту мәселесін баяғыдан қозғап келеміз. Азаптауға қатысы бар адамдар іс материалдарында анықталды деп есептеймін, олар үшінші тұлға ретінде азаматтық процеске тартылған. Бірақ олар қылмыстық жауапқа сол күйі тартылмады, - дейді Снежанна Ким.

Ол әлгі полицейлер Қостанай облысы ішкі істер органдарында әлі жұмыс істеп жүргенін әрі оларды бұл іске байланысты жұмыстан шеттетпегенін де айтады.

БИЛІКТІҢ ҮНСІЗДІГІ

Қостанай облысы прокуратурасы адам қайтыс болып кеткені жайлы ақпаратқа да, жерлеуге дейін жауап беріп үлгермейтініне де қарамастан, жазбаша сауалсыз Азаттыққа комментарий беруден бас тартты.

Бұған қоса, прокуратураның баспасөз қызметі өкілі Алма Нұрсейітова жуырдан бастап журналистердің сауалдарын қабылдамайтынын айтып, «сауалдарыңызды egov.kz порталына жүктеңіз, бізге сол жақтан түседі» деді.

- Маған талап-өтініштер қабылдауға тыйым салған, бұрын журналистердің сауалдарын жеке пошта жәшігім арқылы қабылдайтынмын. Сізге сауалыңызды 115 нөмірі немесе egov.kz порталы арқылы жолдау керек, канцелярияға сол жақтан түседі, - дейді Алма Нұрсейітова.

Қостанай облысы ішкі істер департаментіндегі полицейлермен де сөйлесудің сәті түспеді. Ертеректе қостанайлық «Наша газета» басылымы Рудный қаласы ІІД қызметкерлері Расим Байрамовты азаптауға қатысты айыпталады, олар сотта «біздің кінәміз дәлелденген жоқ әрі Байрамовқа ешқандай зақым келтірген жоқпыз» деп мәлімдегенін жазған.

Расим Байрамов - азаптауға ұшырағанын БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетінде дәлелдеп қана қоймай, өтемақы төлету туралы талап-арызы Қазақстан сотында қаралып, жеңіп шыққан екінші адам. Бірақ ол өзін азаптаған адамдарды қылмыстық жауапқа тартқыза алмады.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG