Accessibility links

Түрмеде түсірілген ролик авторы қысымға ұшырағанын айтады


Семейдегі колонияда тұтқындарға күш қолдану сәті түсірілген видеожазбадан скриншот.
Семейдегі колонияда тұтқындарға күш қолдану сәті түсірілген видеожазбадан скриншот.

Шығыс Қазақстан облысында түрмеде отырған Виталий Бутин тұтқындарға күш қолдану сәті түсірілген видеожазба авторы ретінде танылған. Түрме басшылығы оқиға кезінде заң бұзылмағанын айтады. Ал ролик авторы «қысымға ұшырадым» деп шағымданды.

Интернетте Семей қаласындағы колонияда түсіріліп, жұртты шошытқан видео тарады. Видеода тұтқындардың бірінің басы жарылғаны және арнайы форма киген адамдардың оған күш қолданып әрі қорлап сұрақ қойып жатқаны көрсетілген. Жазбадағы өзге науқас тұтқындар да осындай процедурадан өтеді: олардың қолдарын артқа қайырып, балағаттайды, алқолына резеңке қолғап киген офицер саусағымен олардың аузын тінтіп жатыр. Тұтқындарға «мұнда емделгілерің келмесе, қағазға қол қойыңдар да, түрмелеріңе қайта кетіңдер» деп айқайлайды.Тұтқындардың сырқатпыз деген уәжіне де боқтық аралас сөздермен жауап береді.

Азаттық тілшісіне видожазбаға қатысты ресми комментарий алудың сәті түсті. Видеоролик авторы тұтқын Виталий Бутин екені анықталды. Ол «видеожазба интернетте тарап кеткені үшін түрме басшылығы қысымына ұшырадым» деп шағымданады.

Ақпанның 9-ы күні Nur.kz сайты «Интернетте роликтегі жазбада Семейдегі (ШҚО) ОВ 156/15 түзету колониясында түсірілген деп көрсетілген видео жарияланды. Видео түрме бастығының режимді қадағалау және оперативтік жұмыс жөніндегі орынбасары емделуге келген науқас тұтқындарды қалай қарсы алатынын көруді ұсынады» деп хабарлады.

Nur.kz сайтындағы наурыздың 9-ы күні ашылып тұрған видеоролик келесі күні бұғатталып қалды. Экранда «Видео адамды қорлау немесе қорқыту мақсатында жарияланған материалдарға тыйым салатын YouTube желісі ережелерін бұзғаны үшін алынып тасталды» деген жазу тұр. Бірақ жұртты шулатқан видеоролик «Қазақстан колонияларындағы науқас тұтқындарды азаптау» деген атаумен YouTube сайтында ашылып тұр. Бұл видеороликті berri mor есімді автор ақпанның 12-сі күні жариялаған болып шықты.

РОЛИК АВТОРЫ ҚЫСЫМҒА ҰШЫРАҒАНЫН АЙТАДЫ

Алматы облысы Қаскелең қаласы тұрғыны Елена Бутина Азаттыққа «Алаяқтық бабы бойынша айыпталып, сегіз жылға сотталған, қазір жазасын Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласындағы ОВ 156/15 қатаң режимдегі колониясында өтеп жатқан ған балам Виталий Бутин өміріме қауіп төнуі мүмкін деп қауіптенеді» деп шағымданды. Тұтқынның анасы «интернетте жарияланған видеороликті менің балам түсірген, енді оған түрменің кейбір қызметкерлері қысым көрсетіп жатыр» дейді.

Семейдегі колонияда тұтқындарға күш қолдану сәті түсірілген видеожазбадан скриншот.
Семейдегі колонияда тұтқындарға күш қолдану сәті түсірілген видеожазбадан скриншот.

Кейін Азаттыққа түрмеден Виталий Бутиннің өзі телефон соқты. ОВ 156/15 колониясы территориясында науқас тұтқындарды емдейтін түрме ауруханасы – «санитарлық қалашық» орналасқан. Өзге түрмелерден этаппен әкелінген науқастарды қатал режимдегі колония территориясында күтіп алып, тексеруден өткізеді. Видеожазбаға қарағанда, науқас тұтқындарға күш қолданылуы да мүмкін. Бірақ ҚАЖК басшылығы Азаттыққа «мына оқиға кезінде тұтқындарға күш заңды қолданылған» деп мәлімдейді.

Виталий Бутиннің Азаттыққа хабарлауынша, түрме бастығының режимді қадағалау және оперативтік жұмыс жөніндегі орынбасары подполковник Марат Турлин оған колонияға әкелінген науқас тұтқындарды қарсы алу сәтін видеокамераға түсіруді тапсырған. Бутин түсініктемесінде «видеороликті интернетте тарату үшін ақпанның басында танысыма бердім» деп жазған. Бутиннің сөзінше, сол кезден бері ролик авторына қысым күшейген.

Азаттық ролик мазмұны мен түрмедегі оқиғаға қатысты комментарий беруін сұрап қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне (ҚАЖК) сауал жолдады. ҚАЖК төрағасы орынбасары Азамат Базылбековтің ақпанның 11-і деп көрсетілген жауабында «видеороликтегі оқиға 2014 жылдың күзінде болған» деп жазылған. Оның жазуынша, видеороликте тұтқындардың бірінің басындағы жара көрінеді. Ол «тұтқын тінту кезінде қарсылық көрсетіп, басын ұрып алған деп болжайды».

Азамат Базылбеков түзету мекемесі қызметкерлеріне қарсылық көрсеткен тұтқындарға «күш қолданылуы керек болған» деп хабарлайды.

Бірақ ҚАЖК төрағасының орынбасары Азамат Базылбеков түрменің кейбір қызметкерлерінің боқтық сөздерді қолданып, ереже талаптарына қайшы әрекет еткенін мойындайды. Оның айтуынша, мекеме қызметкерлерінің роликте көрсетілген әрекетіне тиісті баға беретін комиссия құрылған.

ТЕКСЕРУ ЖҮРІП ЖАТЫР

Жуырда Facebook желісіндегі парақшасында жұртқа «Жаңаөзен ісі» бойынша айыпталған мұнайшыларды қорғап танылған адвокат Гүлнәр Жуаспаева Виталий Бутинді қорғауға кіріскенін хабарлады. Оның айтуынша, Бутин роликтің мазмұнына қатысты қозғалған екі қылмыстық іс бойынша тергеледі. Азаттыққа берген сұхбатында Жуаспаева тұтқынның қауіпсіздігін куәгерлерді қорғау бағдарламасына сәйкес қамтамасыз етуді сұрап, прокуратураға өтініш жолдағанын айтты.

Адвокат Гүлнәр Жуаспаева. Алматы, 23 қазан 2012 жыл.
Адвокат Гүлнәр Жуаспаева. Алматы, 23 қазан 2012 жыл.

Гүлнәр Жуаспаеваның айтуынша, ОВ 156/15 түрмесінде отырған Виталий Бутин тұтқынға күш қолдану ісі бойынша куәгер, ал түрме әкімшілігінің қорқыту-үркіту әрекеттеріне қатысты іс бойынша жәбірленуші ретінде тергеледі. Ол мұның дәлелі ретінде Семей қаласы прокуроры көмекшісі Қайрат Ахмолдиннің басшыларына жазған рапортының көшірмесін көрсетті.

Семей қаласы прокурорының орынбасары Марат Тұрыбаевтың бұйрығымен Қайрат Ахмолдиннің рапорты ресми түрде тіркелген. Жаңа қылмыстық кодекске сәйкес, бұдан кейін қылмыстық іс автоматты түрде қозғалуы тиіс.

Тиісті тексеру жұмыстары басталғанын азаматтық қызметшілер және коррупцияға қарсы іс-қимыл департаментінің ауданаралық басқармасы өкілі Қуаныш Ерденбеков те растады. Тексеруді мемлекеттік қызмет істері және коррупцияға қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлері жүргізеді. Виталий Бутиннің қорқытып-үркіту туралы шағымына қатысты қозғалған екінші қылмыстық істі тексеру Шығыс Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің ішкі қауіпсіздік қызметіне жүктелген.

Мақала жарияланар сәтте адвокат Гүлнәр Жуаспаева Азаттыққа «Семей қаласындағы колониядағы азаптау туралы видео тақырыбының жалғасы ретінде хабарлап отырмын. ШҚО ІІД ҚАЖК қауіпсіздік қызметі бастығынан «қызметкерлердің заңға қайшы әрекет ету фактілері расталмады» деген жауап алдым. Олар Бутиннен мен келгенге дейін алған түсініктемені де жіберіпті. Кейін жолыққан прокурор мен тергеушіге ол коррупция және азаптау фактілері туралы түсінік берген. Шығыс Қазақстан облысы прокурорына шағым жолдадым әрі оның қабылдауына кіргім келеді» деп хабарлады.

Азаттық Семей қаласындағы түрмеде болған оқиғаның беталысын бақылап отырмақ.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG