Accessibility links

Бұрынғы полиция басшысы түрме қызметкерін соттатты


Бұрынғы кедендік бақылау комитетінің басшысы әрі бұрынғы ішкі істер министрі Серік Баймағамбетовтің сот залында түсірілген суреті. Астана, 19 қыркүйек 2012 жыл.

Бұрынғы кедендік бақылау комитетінің басшысы әрі бұрынғы ішкі істер министрі Серік Баймағамбетовтің сот залында түсірілген суреті. Астана, 19 қыркүйек 2012 жыл.

Бұрынғы кедендік бақылау комитетінің басшысы әрі бұрынғы ішкі істер министрі Серік Баймағамбетовті азаптауға қатысты іс түрме қызметкерін соттаумен аяқталды.

Бүгін Қарағанды облысындағы Шахтинск қалалық соты колонияның бұрынғы жедел уәкілі Руслан Поповьянды азаптау бабы бойынша айыпты деп танып, екі жарым жылға соттады. Оның дүние-мүлкі тәркіленбейтін болды. Поповьянды бұрынғы кедендік бақылау комитетінің басшысы Серік Баймағамбетовті азаптады деген айыппен, «Алдын ала сөз байласу арқылы топтасып азаптады» бабы бойынша соттаған.

Совет заманында СССР ІІМ академиясын бітірген Баймағамбетов 2009-2011 жылдары ішкі істер министрі қызметін атқарған. Түрмеден мерзімінен ерте босап шыққаннан кейін «Баймағамбетов өзін жәбірлеген түрме қызметкерін сотқа берді» деген жаңалық әлеуметтік желілердегі пікірталастар мен «әдетте билік мойындамайтын түрмелердегі азаптау жүйесін бұрынғы министр өз басынан кешірді» деген комментарийлерге ұласқан еді.

Іс сотта қаралып жатқан кезде Руслан Поповьян кепілге ақша қойып, еркіндікте жүрген. Азаттыққа Қарағанды облыстық сотының ақпаратпен қамту бөлімі бастығы Гүлбаршын Житікова:

- Сот залында қолына кісен салынды. Кепілге қойылған бір миллион теңге иесіне қайтарылады. Жүргізілген сараптамалар үшін сот Поповьяннан мемлекет пайдасына 308 мыңнан аса теңге өндіріп алу туралы да шешім шығарды, - деп хабарлады.

Артқы қатарда: Бұрынғы кедендік бақылау комитетінің басшысы әрі бұрынғы ішкі істер министрі Серік Баймағамбетов. Астана, 19 қыркүйек 2012 жыл.

Артқы қатарда: Бұрынғы кедендік бақылау комитетінің басшысы әрі бұрынғы ішкі істер министрі Серік Баймағамбетов. Астана, 19 қыркүйек 2012 жыл.

Қылмыстық іс материалына қарағанда, 25 жастағы жедел уәкіл Руслан Поповьян тұтқын Серік Баймағамбетовті АК-159/6 түрмесінде жалаңаш күйінде еден жууға мәжбүрлеген.

Поповьян тағылған айыптарды мойындамайды. Адвокаты екеуі Баймағамбетов «азаптауға ұшырадым деген мәлімдеме арқылы жазасын өтеу шарттарын жеңілдетуге тырысқан және колония қызметкерін сотқа тарту үшін тамыр-таныстарын пайдаланған» деп санайды.

Ал жәбірленуші Серік Баймағамбетовтің адвокаты «айып абақтысына да заңсыз қамаған» деп мәлімдеген. Болжам бойынша, Баймағаметовті күн суықта әрі сырт киімсіз айып абақтысында бір тәулік бойы ұстаған.

Сотталушы Поповьян сот шешіміне қатысты шағымдана ма, жоқ па - әзірше белгісіз.

Алматылық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина «азаптау фактісін немесе ар-намысын таптау әрекетін дәлелдеу тіпті адвокаты бар болған күннің өзінде, әсіресе қарапайым адамға өте қиын» деп санайды. Құқық қорғаушы мұның себебін «сорақы жүйемен» және оның айтуынша, бір-бірінің қылмысын жасыратын «мемлекеттік органдардағы жемқорлықпен» байланыстырады.

Өкінішке орай, олар өз құқығынан мүлде айырылып қалады. Онсыз да еркіндігінен айырылған адамды түрмеде мүлде тұқыртып бітіреді.

- Қазір өкінішке орай, жалпы адам құқықтары орындалмай жатқанда, колония әкімшілігіне кіріптарлыққа түсетін тұтқындардың құқығын қорғау жайлы тіпті әңгіме қозғап қажеті жоқ. Өкінішке орай, олар өз құқығынан мүлде айырылып қалады. Онсыз да еркіндігінен айырылған адамды түрмеде мүлде тұқыртып бітіреді, - дейді құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Азаттыққа.

Төреғожина «бұрынғы кеден басшысы қарапайым адам емес, кезінде мемлекеттік жоғары қызметтер атқарған адам болған соң ғана өзін азаптау фактісін дәлелдеп, жәбірлеушіні жазаға тарттырудың сәті түскен» деп санайды.

Серік Баймағамбетов «ірі көлемде пара алды» деген айыппен 2013 жылы қаңтарда 10 жылға сотталған. Қазақстан президентінің 2014 жылғы қыркүйектегі рақымшылық жариялау туралы жарлығына сәйкес, Серік Баймағамбетовтің жаза мерзімі 10 жылдан бес жылға қысқартып, 2015 жылдың 5 ақпанында түрмеден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. Бостандыққа шыққаннан кейін көп ұзамай Серік Баймағамбетов «азаптап, кемсітті» деген мәлімдемемен жазаға тартуды талап етіп, бірнеше колония қызметкерінің үстінен сотқа талап-арыз берген. Олардың бірі - бүгін сотталған Руслан Поповьян.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG