Accessibility links

Құқыққорғаушылар үшін жабық мекемелерді тексеру қиын


Қазақстандағы колонияның бірі. 27 қазан 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстандағы колонияның бірі. 27 қазан 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Түрмеде жараланған сотталушының анасы әділ жазадан күдер үзгенін айтады. Азаптауға қарсы ұлттық алдын алу тетігін оның бұрынғы мүшелері сынап шықты.

Тараз қаласының тұрғыны Несіпкүл Алпысбаева ұлы Ескендір Түгелбаевтың түрмеден шығуын тағатсыздана күтіп жүр. Жазасының жартысын өтеген ұлы мерзімінен бұрын шартты босату туралы сот шешімі бойынша мамырдың 19-ы күні қамаудан шығуы тиіс.

Шығыс Қазақстан облысы Жаңғызтөбе кенті түбіндегі түрмеде (ОВ-156/18 мекемесі) жазасын өтеп жатқан 25 жастағы Ескендір Түгелбаевтың былтыр мамырдың 12-сі күні «жоспарлы тінту шараларын жүргізу» кезінде жарақат алғаны жөнінде Азаттық хабарлаған. Жаза өтеуші туыстарының айтуынша, «соққыдан Ескендір Түгелбаевтың бас сүйегі сынып, сүйегі миына кіріп кеткен». Алайда түрме басшылығының болжамынша, тұтқын эпилептикалық ұстамасы қозған кезде «өз бойының биіктігінен» құлап түскен. Сотталушының анасы түрме қызметкерлерінің үстінен түсірген шағым бойынша «қызметтік бабын асыра пайдаланғаны» үшін көтерілген қылмыстық іс көп ұзамай жабылған болатын.

Түрмедедегі тексеріс кезінде жарақат алдым деген Ескендір Түгелбаев.
Түрмедедегі тексеріс кезінде жарақат алдым деген Ескендір Түгелбаев.

- Соңғы рет [түрмеге] наурыз айында барғанмын. Сонда балам (Ескендір Түгелбаев – ред.) әлі сөйлемей, әлі жүре алмай жатқан. Маған баламның түрмеден аман-есен шыққаны керек. Болды. [Түрме қызметкерлерінің үстінен қозғалған қылмыстық істің] артын қуғаннан әлдеқандай нәтиже шығады деп ойламаймын, - дейді Несіпкүл Алпысбаева.

«20 ҚҰҚЫҚҚОРҒАУШЫ ҰЙЫМ ҚАТЫСТЫ»

Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілінің вебсайтында жуырда жарияланған Азаптауға қарсы ұлттық алдын алу тетігінің (ҰАТ) 116 беттік біріккен баяндамасына 2015 жылы жабық мекемелерде болған кейбір заң бұзу фактілері кіріпті. Құжатта Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қорғаныс министрлігі, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі және Білім және ғылым министрлігіне қарасты жабық мекемелердегі азаптау мен қатыгездік, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алу бойынша есеп берілген. Баяндама Қазақстанның бірқатар түзеу мекемелеріндегі азаптау, қатыгездік көрсету фактілерін және жаза өтеушілердің қазаларын қамтыған. «Нэльсон Мандела ережелері» қағидаттарының, Қазақстанның Қылмыстық атқару кодексі баптарының және БҰҰ пактілерінің негізінде жабық мекемелердің үстінен қарайтын министрліктерге кеңестер берілген.

Баяндама мәтінінің №2 қосымшасында «Жаңаөзен ісі» бойынша сотталып, Алматы облысындағы ЛА-15/14 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан Владимир Козловқа «қатыгездік көрсетіліп жатыр» деген 2015 жылы тараған ақпараттарға қатысты «негізсіз» деген қорытынды шығарылған. Сонымен бірге былтыр «араздық қоздырғаны» үшін түрмеге қамалған Ермек Нарымбаевтың денсаулығының нашарлауы туралы баспасөздегі ақпарат бойынша тексеріс жүргізілгені, ақпараттың «негізсіз» екені айтылған.

Мамырдың 5-і күні Астанада өткен баяндаманы таныстыру шарасына Парламент депутаттары, Ішкі істер, Әділет, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Білім және ғылым министрліктерінің, Бас прокуратураның өкілдері қатысты.

Ұлттық алдын алу тетігі үйлестіру кеңесінің хатшысы Азамат Шамбилов.
Ұлттық алдын алу тетігі үйлестіру кеңесінің хатшысы Азамат Шамбилов.

ҰАТ үйлестіруші кеңесінің хатшысы Азамат Шамбиловтың айтуынша, 2015 жылы ҰАТ мандатына ие азаматтық қоғам өкілдері Қазақстанның жабық мекемелеріне 528 рет мониторинг жүргізіп, есеп берген.

- Биыл алғаш рет 20 құқыққорғаушы ұйым есеп жасады. Есеп жасау кезінде Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен мемлекеттік органдар тарапынан ешқандай қысым көрсетілген жоқ. Баяндамада бұдан бұрын Қазақстанда айтылмаған сын айтылды. Тұсаукесерге келгендер алдына бар шындықты жайып салдық. Түзейтін тұстарға байланысты ақыл-кеңестер бердік, - дейді Азамат Шамбилов.

ҰАТ үйлестіру кеңесінің мүшесі Роза Ақылбекова «мемлекеттік органдар ақыл-кеңестерді ескереді» деп үміттенеді.

- Істегеніне үш жыл болған бұл институттың қызметі жыл санап күшейіп келеді. «ҰАТ+Омбудсмен» принципі бойынша жұмыс істейді. Бұл азаматтық қоғам өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, дәрігер, психолог, психиатр мамандар, қарапайым азаматтар мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл біріге жұмыс істейді деген сөз. Адам құқықтарын, бала құқығын, азаптау мен қатыгездік таныту салалары бойынша мекеме қызметкерлеріне дәріс оқу мәселелері көтерілгені маңызды, - дейді Роза Ақылбекова.

ҰАТ үйлестіру кеңесінің мүшесі Анара Ибраева «жабық мекемелерге мониторинг жүргізу уақыт өте жақсарып келеді» деп санайды. Оның ойынша, ҰАТ-қа қарапайым азаматтар да тартылып жатыр.

Құқық қорғаушы Анара Ибраева.
Құқық қорғаушы Анара Ибраева.

- ҰАТ-қа қатысатындар – белгіленген талаптар бойынша бір жылға алынатын қарапайым азаматтар. Олар жылда ауысып тұрады. Тағы бір артықшылығы ретінде бақылауға қоғамның тартылуын атап өтер едім. Азаматтардың құқықтық санасы-сезімі мен азаптаудың алдын алу істеріне араласуы артады, - дейді Анара Ибраева.

ҚОРҒАЛМАҒАН ҚҰҚЫҚҚОРҒАУШЫЛАР

Құқыққорғаушылар жабық мекемелердің кейбірі қоғамдық бақылаудан әлі де қашқақтайтынын, оларды тексеру кезінде үстілерінен арыз түсіп, өздерінің істі болып жататындарын айтады.

ҰАТ-тың Ақтөбе облысы бойынша тобының бұрынғы мүшесі құқыққорғаушы Ольга Климонова – 2014 жылы жергілікті бір жабық мекемені тексерген құқыққорғаушылардың бірі. Оның айтуынша, биылғы мамырдың 3-і күні азаматтық істер бойынша Ақтөбе қалалық соты ҰАТ-тың ақтөбелік тобына байланысты шешім шығарған. «Кәмелет жасына толмағандарды бейімдеу орталығы» мемлекеттік мекемесі басшылығының «ар-ұжданына нұқсан келтірді» деген шағым бойынша бұрынғы ҰАТ тобының мүшелері кінәлі болып, мекеме қызметкерлерінен кешірім сұрауға міндеттелген.

- 2014 жылы ҰАТ аясында аталған мекемеге тексеріс жасадық. Тексеріс нәтижесінің көшірмесі қолына тиген мекеме басшылығы үстімізден сотқа үш рет шағымданды. Соның біреуі қанағаттандырылып отыр. Үшінші шағымында бізден 300 мың теңге өтемақы талап етіп отыр, - дейді Ольга Климонова.

Құқыққорғаушы өздеріне «ҰАТ кеңесі жақтаспады» деп күйінеді. Оның пікірінше, мұндай мысал өзге аймақтардағы ҰАТ қатысушыларын ықтыру үшін жасалуы мүмкін.

Құқық қорғаушылар Ольга Климонова мен Әлима Әбдірова. Ақтөбе, 2015 жылдың желтоқсаны.
Құқық қорғаушылар Ольга Климонова мен Әлима Әбдірова. Ақтөбе, 2015 жылдың желтоқсаны.

- Бізді басып жатқанын көрген өзге аймақтардағы ҰАТ құқыққорғаушылары, әрине, қорқа бастайды. Олар тексеріп жатқан мекеме басшылығына қарсы ауыз ашпайды. Түсінесіз бе?! – дейді Ольга Климонова.

«Кешірім сұрауға тиіс» Ақтөбе тобында болған тағы бір құқыққорғаушы Әлима Әбдірова ҰАТ қатысушыларының құқықтары қорғалмайды деп шағынады.

- БҰҰ мүшесі ретінде Қазақстан өз міндеттемелерін орындауы тиіс. Біздің артықшылықтарымыз қайда? Мәселен, депутаттар да бар, елбасының (президент Нұрсұлтан Назарбаев – ред.) артықшылықтары бар деген сияқты. Қазақстан қол қойған Азаптауға қарсы конвенцияда біздің артықшылықтарымыз жазылған. Қайда олар? ҰАТ мүшесі ретінде міндетін дұрыс атқаратындардың құқығы қорғалмаған, - дейді Әлима Әдірова.

Құқыққорғаушының айтуынша, ҰАТ-тың жылдық баяндамалары дұрыс жасалмайды.

- Үйлестіру кеңесіне, омбудсменнің өзіне ҰАТ баяндамасының авторы кім деген сауал жібергенмін. Бірақ нақты жауап ала алмадым. Үйлестіру кеңесінде билікке бүйрегі бұрып отыратын адамдар жиналған, - дейді Әлима Әбдірова.

Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі омбудсмен Асқар Шәкіровтен ақтөбелік құқыққорғаушыларға байланысты қандай да бір пікір алу мүмкін болмады. Баспасөз қызметі «омбудсменнің қолы бос еместігін» айтты.

ҰАТ-тың Ақтөбе облысы бойынша тобы 2015 жылы таратылған болатын. ҰАТ үйлестіру кеңесінің хатшысы Азамат Шамбиловтың сөзінше, Қазақстанда жабық мекемелерге тексеріс жүргізетін құқыққорғаушылардың өзін қорғау механизмдері жоқ.

Қазақстан түрмелерінің біріндегі тұтқынды азаптау сәті деп жарияланған видеодан алынған скриншот. (Көрнекі сурет)
Қазақстан түрмелерінің біріндегі тұтқынды азаптау сәті деп жарияланған видеодан алынған скриншот. (Көрнекі сурет)

- Өкінішке орай, Қазақстанда жабық мекемелерді тексеретін қоғамдық бақылау комиссиясы мен ҰАТ мүшелерін қорғайтын заңнамалық механизмдер жоқ. Қазір біз депутаттар арқылы заңнамаға осы мәселеге байланысты ұсыныстар жасап жатырмыз. Әлемнің әртүрлі елдерінде жабық мекемелерге тұрақты түрде мониторинг жасайтын құқыққорғаушыларды қорғайтын механизмдер бар, - дейді Азамат Шамбилов.

БҰҰ-ның азаптауға қарсы ковенциясының факультативтік протоколын ратификацияланған ел жабық мекемелерге тұрақты тексеріс жүргізетін Ұлттық алдын алу тетігін бір жыл ішінде енгізуі тиіс. Ұлттық алдын алу тетігінің мақсаты – қамақтағы адам құқықтарының сақталуын тексеріп, азаптау мен қатыгездік танытудың алдын алуға арналған ақыл-кеңестер беру.

2013 жылғы шілденің 3-інде Қазақстанда Ұлттық алдын алу тетігін енгізуге арналған заңнамалық өзгерістер мен толықтырулар қабылданған. Қазақстандағы ҰАТ «Омбудсмен+» моделі бойынша жұмыс істейді. Жабық мекемелерді тексеретін ҰАТ қатысушыларының есептері бойынша жылдық біріккен баяндама жасалады. Биыл Қазақстандағы ҰАТ-тың екінші біріккен баяндамасы жасалды.

XS
SM
MD
LG