Accessibility links

Азаптағандардан үш миллион теңге өтемақы талап етті


Николай Синявиннің азаптаудан кейін ауруханада түскен суреті. 2014 жылдың қыркүйегі.

Николай Синявиннің азаптаудан кейін ауруханада түскен суреті. 2014 жылдың қыркүйегі.

Азаптаудан зардап шегіп, жәбірлеушілерін соттатуға қол жеткізген Николай Синявин енді ақшалай өтемақы өндіруге тырысып жүр. Өтемақы төлеуі тиіс ведомстволар жауапкершілікті бір-біріне сілтейді.

2015 жылдың жазында өткен сот «полицейлердің азаптауынан зардап шеккен» деп таныған Қарағанды облысындағы ауыл тұрғыны Николай Синявиннің ісі қоғам назарын оның өзін жәбірлеушілерді соттатып, ақшалай өтемақы өндіріп алу арқылы істі ақырына дейін жеткізуге тырысқан әрекетімен аударған.

- Нұра аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің бассыздығы мен заңсыз әрекеттерінің кесірінен тартқан моральдық зиянды үш миллион теңге деп бағалаймын, - дейді азаптаудан зардап шеккен Николай Синявин.

Ол іс материалдарына сәйкес, «ұрлық жасағанын» мойындауға мәжбүрлеген бұрынғы үш полицейді үш жылға соттатуға қол жеткізген. Енді ол полицейлердің азаптағаны үшін өтемақы өндіріп алуға ниетті.

Николай Синявиннің ісі Азаттық мақалалары құқық қорғау ұйымы - Заң саясатын зерттеу орталығы назарына іліккеннен кейін жұртқа жария болған. Адвокат пен жапа шегушіні тексерген психолог қызметінің ақысын осы ұйым төлеген.

ЗИЯН КӨЛЕМІ

Ахмет ауылы тұрғыны Николай Синявин үш миллион теңгеге (8,3 мың доллардан аса) бағалаған моральдық зиян өтемақысы мен адвокатты жалдау шығынын өндіріп беру туралы азаматтық талап-арызын қаңтар айында берген. Қазір істі Қарағанды қаласындағы Қазыбек би ауданының азаматтық істер жөніндегі №2 сотының судьясы Бекзат Алпысбаева қарап жатыр.

Сотта Синявиннің мүддесін осындай істермен айналысатын әрі Қарағанды облысында танымал адвокат Елизавета Ахметова қорғайды.

Адвокат Елизавета Ахметова.

Адвокат Елизавета Ахметова.

- Клиентімнің тартқан моральдық зардабы өте ауыр болғандықтан, сот өндіріп береді деп үміттенеміз. Оның азап тартқанын клиентімнің жауаптары, іс материалдары мен үкім ғана емес, психологиялық тексеру нәтижелері де растады. Қостанайдан арнайы сертификаты бар әрі Стамбул протоколы бойынша азаптау құрбандарымен жұмыс істеуге маманданған психолог келді. Оның ұйғарымынша, Николай көп зардап шеккен, - дейді Николай Синявиннің адвокаты Елизавета Ахметова Азаттыққа.

Тәуелсіз психолог жүргізген тексеру нәтижелері Николайдың мінезі тұйықталып, күдікшіл әрі секемшіл адамға айналғанын, оның бойында көптеген үрей-қорқыныш пайда болғанын көрсеткен.

Тексеруді республикалық заң саясатын зерттеу орталығы арнайы жалдаған қостанайлық тәуелсіз психолог Светлана Черникова жүргізген. Психолог Черникова ұйғарымында «Психологиялық тексеру кезінде жоғары дәрежеде ситуативтік әрі жеке басына қатысты мазасыздану, депрессия белгілері байқалды. Оның бойында қамаудан қалған, азаптау мен қатігездік әрекеттеріне байланысты туындаған әрі оның санасын қаумалаған ой-естеліктер, үрей-қорқыныштар бар. Ол психофизикалық денсаулығына қатысты шағымданады. Бейімделу қабілеті (әлеуметтік ортамен байланысы үзіліп, жеке өмірінің берекесі қашқан) нашарлағаны байқалады. Бойында өзіне және келешек өміріне деген сенімсіздік бар» деп көрсеткен.

Соматикалық сырқаттарына байланысты қаралып, емделу үшін Николай Синявинге мамандар мен психотерапевт дәрігердің көмегіне жүгінуге кеңес берілген. Ал Николайдың өзі азаптауға ұшырағаннан кейін денсаулығы мүлде нашарлап кеткенін айтады. Ол «басым жиі ауырады, есімнен танып қаламын, эпилепсияға шалдықтым, ұйқысыздық пайда болды, асқа тәбетім жоқ, арқам шаншиды» дейді.

Николай Синявиннің анасы Любовь Битнер.

Николай Синявиннің анасы Любовь Битнер.

Жапа шегушінің анасы Любовь Битнер сот сергелдеңінен кейінөзі де жарымжан болып қалғанын, бас ауруы мен әлсіздіктен енді жұмыс істей алмайтынын айтады.

- Мені екінші топ мүгедектігіне шығарды. Ал Николай қазір мүгедектік ресімдеуге тырысып жүр. Коля ауруды басатын дәріні көп ішетін болды. Белі жазылмайды, денесі тырыса береді, қол-аяқтары ұйыйды. Ол енді ешқашан жұмыс істей алмайды, - дейді Любовь Битнер Азаттыққа.

Ал Николайдың өзі «мына әуре-сарсаң тезірек бітіп, жұрт оны ұмытса екен» дейді. Ол денсаулығын түзеп, шаңырақ құруды армандайды.

ЖАУАПКЕРЛЕР

Зиян үшін өтемақы өндіру туралы азаматтық талап-арыз бойынша Қарағанды облыстық ішкі істер департаменті мен қаржы министрлігі жауапкер деп танылған. Адвокат Елизавета Ахметованың түсіндіруінше, тікелей зиян келтіргендерді, яғни азаптау ісіне қатысты сотталған бұрынғы үш полицейді заң бойынша бірден жауапкер деп тануға болмайды.

Ал қос жауапкер моральдық және материалдық шығынды өтеу жауапкершілігін бір-біріне артады.

Сотта Қарағанды облысы қазынашылық департаментіне қарасты заң бөлімінің аға маманы Сырым Баймағамбетов «Қаржы министрлігі талап-арызды мойындамайды, министрлікке қойылған талап - негізсіз. Бұл іс бойынша қаржы министрлігі жауапкер бола алмайды. Моральдық зиянның өтемақысы ішкі істер департаменті қорынан өндірілуі тиіс» деп мәлімдеді.

Қарағанды облысы ішкі істер департаменті заң бөлімінің бас маманы Сержан Серғазин.

Қарағанды облысы ішкі істер департаменті заң бөлімінің бас маманы Сержан Серғазин.

Екінші жауапкер – ішкі істер департаменті өз позициясын жариялап, «ІІД-нің талап-арызға қатысты қарсылығы жоқ» деп мәлімдеді.

Сотта Қарағанды облысы ішкі істер департаменті заң бөлімінің бас маманы Сержан Серғазин «Моральдық зиянның өтемақысы бойынша мемлекет жауапкер деп саналады. Мемлекеттік қазына өкілі болғандықтан, бұл істе қаржы министрлігі жауапкер болуы тиіс. Моральдық және материалдық шығынды мемлекет өтейді. Қарағанды облысы ІІД мына істе мемлекеттік органдардың кінәсі сот үкімі мен апелляциялық сот қаулысында дұрыс көрсетілген деп санап, оны мойындайды. Кінәлі адамдар тиісті жазасын алды, сондықтан моральдық шығын мемлекет есебінен қаржы министрлігі арқылы өтеледі» деп мәлімдеді.

ШАҒЫМ КӨП – НӘТИЖЕ АЗ

Құқық қорғаушылар азаптауға ұшырағаны үшін өтемақы өндіріп алу қиын әрі өндіріп алғандар бірлі-жарым екенін айтады. Адвокат Елизавета Ахметованың айтуынша, «белгілі бір сыбайластыққа қарамастан» азаптауға қатысты істер қазір аздап тексеріле бастаған. жапа шегуші Синявиннің адовкаты Елизавета Ахметова Азаттық тілшісіне:

- Азаптау құрбандарынан түсетін шағымдар статистикасы «қомақты», бірақ Қазақстанда бірлі-жарым істер ғана сотқа дейін жетіп, үкім кесіледі. Мұндай іс ең күрделі істердің бірі саналады. Обалы нешік, арнайы прокуратура Николай Синявиннің ісінде табандылық танытқан соң ғана кінәлі адамдар жауапқа тартылды. Менің практикамда бұл – үкім шығаруға дейін жеткен тұңғыш іс. Бұрын мұндай істерден нәтиже шығару әлдеқайда қиын болатын. Тіпті жоғары сотқа дейін жеткен кездеріміз болған, бірақ ештеңе шығара алмайтынбыз - дейді.

Мұны Алматы қаласындағы республикалық заң саясатын зерттеу орталығы да растайды. Былтыр орталық азаптауға ұшырағандардың моральдық және материалдық шығынды өндіру істеріне талдау жасаған. Әлгі талдау Қазақстанда үш іс қана азаптауға ұшыраған адамдардың пайдасына шешілгенін көрсеткен.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

XS
SM
MD
LG