Accessibility links

Тотан Күзембаев: «Астананың жасыл желекке бөленген қала болғанын қалаймын»


Архитектор Тотан Күзембаев. Сурет жеке мұрағаттан алынды.

Архитектор Тотан Күзембаев. Сурет жеке мұрағаттан алынды.

Ресейде тұратын ұлты қазақ белгілі архитектор Тотан Күзембаев «Астана ұлттық колоритінен айырылған, қала салу кезінде климаттық ерекшеліктер ескерілмейді» дейді.

Отбасымен Мәскеуде тұрғанына 30 жылдан асқан белгілі архитектор Тотан Күзембаевтың ұлты - қазақ. Оның ұлы Олжас та әке жолын қуып, архитектор болған. Қызы Алиса Күзембаева – киім үлгілерін жасайтын жас дизайнер. Қазір оның коллекциялары Ресей мен шетелде жақсы таныла бастаған. Ресейде тұратын этникалық қазақ «Мәскеу қаласында балаларым мен немерелеріме қазақ тілін үйретуге жағдай жоқ» дейді.

Тотан Күзембаев Азаттыққа берген сұхбатында туған ауылы, мамандығы, Мәскеудегі өмірі және Астананың архитектурасы туралы айтты.

Азаттық: Өзіңіз жайлы айтып берсеңіз. Қай жерде туып-өстіңіз?

Тотан Күзембаев: Шымкент облысының (Қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы. – Ред.) Арыс ауданында туып-өстім. Әке-шешем шопан болған кісілер. Сондықтан нақты қай жерде туғаным төлқұжатымда көрсетілмеген. Жұрт үнемі «Ары қарай ше?» деп сұрайды. Ал мен «Ал ары қарай – дала!» деп жауап беремін. Киіз үйде дүниеге келіппін. Сондықтан нақты туған жерім жоқ. Арыс ауданы, бітті...

Азаттық: Ресейге қалай кеттіңіз?

Тотан Күзембаев. Сурет жеке мұрағаттан алынды.

Тотан Күзембаев. Сурет жеке мұрағаттан алынды.

Тотан Күзембаев: Әскер қатарында Ленинград облысында болдым. Кейін әкемнің туған жері - Қызылорда облысына қайтып оралдым. Ол жақта күріш өсіретін. Досым екеуміз ел егінді жинап болып, үйде отырған, бір-бірін қонаққа шақырып, тойлап жүрген тұста келдік. Бұл ырду-дырдуға біз де қосылып кеттік. Кейін туыстарым жиналып, «Бізді масқаралап жүрсіңдер. Сенделіп, бос жүрмей, оқуға түсіңдер немесе жұмыс істеңдер» деді. Досым екеуміз «Оқуға барамыз» дедік. «Қайда бармақсыңдар ?» деп қайран қаліп еді, «Әзірше білмейміз, бірақ оқимыз» дедік.

Мен әуелі көркемсурет институтына барғым келген. Бірақ ол жерге салған натюрмортыңды алып баруың керек екен. Әлгі сөздің не екенін білмей дал болдым. «Натюрморт» дегеннің не екенін білмей ұзақ ойланып жүрдім, үлкендерден сұрасам, ешкім білмейді. Жұрттың бәрі натюрмортын алып барып, мен онсыз барсам, оқуға түсе алмайтынымды білдім. Басқа оқу орнына түсейін деп іздесем, оның талабында да «натюрморт» деп жазылып тұр. Ақыры «Болды, Мәскеудің архитектуралық институтына барамын» деп шештім. Бірақ архитектура дегеннің не екенінен мүлде хабарым жоқ. Сөйтіп, Мәскеудің архитектуралық интитутының әуелі дайындық бөліміне тапсырдым. Оқуымды бітіргеннен кейін Ресейде қалдым.

Азаттық: Сіз үй салуда көбінесе ағашты пайдаланатын архитектурамен айналысасыз. Неліктен?

Тотан Күзембаев: Иә, солай. Жұрт «ағашқа неге әуессіз?» деп үнемі сұрап жатады. Қазақстанның құла түзіндегі қой баққан шопанның тірі ағашты көрмей өскен баласымын. Сол жақта ағашты сирек көресің ғой. Кейін үлкен жер сатып алып, ағаш үйлер салғысы келетін жақсы бір адаммен таныстым. Ол маған толық сенім артты. Екеуміз үй салуды бірге жүріп үйрендік. Неге екенін білмеймін, бірақ ағаштан үй салуға бірден төселіп алдым. Кейін жұртқа «Жігіттер, әдемі бірдеңе салғыларың келсе, ағаштан салыңдар! Ағаш - не жасасаң да мінсіз болып шығатын материал. Ағаштан жасаған дүниеңнің бәрі әсем, жанға жайлы, көз сүйсініп, көңіл қуантатын зат болып шығады. Дүниеде қару жасауға болмайтын жалғыз материал бар, ол - ағаш» дейтін болдым.

Қазір жұрттың бәрі қуатты үнемдеуге көшіп, экологиямен айналысады ғой. Табиғи материал үшін күрес жүріп жатыр. Табиғатты темір-бетон кірпіш, таспен бүлдіріп жатырмыз. Кезінде көшпенділер кейін табиғатқа қайта оралатын материалдарды пайдаланған ғой. Мысалы, киіз үйдің керегесі ағаштан жасайды. Киіз де кейін ыдырап, табиғатқа қайта оралады. Сондықтан көшпелі халықта бітпей, аяқсыз қалған қалалар жоқ. Олар табиғатпен үндестікте өмір сүрген. Табиғатты бүлдірмей, өзінен кейін ешқандай «тыртық» қалдырмай дүниеден өткен. Көшпенділер - табиғатпен етене тіршілік еткен нағыз кемел халық болатын.

«АСТАНАДА ӨЗІҢДІ ЖАЙСЫЗ СЕЗІНЕСІҢ»

Азаттық: Қазақстанда Сіздің жобаларыңыз бойынша салынған үйлер мен ғимараттар бар ма?

Тотан Күзембаев: Қазақстанда жобаларым бойынша салынған үйлер мүлде жоқ. Жобаларымды ұсынғым келген, бірақ шақырмайды. Былтыр жұрттың ұсынысымен Қазақстан қорғаныс министрлігі тендеріне қатыспақ болғанмын. Тіпті өте қызық идея да тауып қойғанбыз. Бірақ министр ауысып кетті де, ол ойымыз сол күйі іске аспай қалды. Бірақ Қазақстанда бірдеңе салғымыз келеді. Бірақ шақырмайды. Қазақстанға шетелдіктерді көбірек шақырады, олар қалай болса, солай салып кетеді. Құла түзге кімнің келгісі, кімнің жұмыс істегісі келеді? Олар «бұларға осы да жарайды» деп ойлайды. Кейде олар бізді әлдебір жылтыраққа алданып, алтынын бере салатын жабайы адамдар сияқты көреді деген ой келеді.

Азаттық: Сізге Астананың архитектуралық келбеті ұнай ма?

«Хан Шатыры» сауда орталығының артындағы қалдықсу құйылып жатқан кәріз суы. Астана, 24 сәуір 2011 жыл.

«Хан Шатыры» сауда орталығының артындағы қалдықсу құйылып жатқан кәріз суы. Астана, 24 сәуір 2011 жыл.

Тотан Күзембаев: Маған ол жақта әзірше онша жайлы емес сияқты көрінеді. Өйткені әлі бойлап өспеген ағаштар аласа. Кез келген қалаға жан бітіретін тамақтандыру орындары, кафе сияқты орындар әлі де аз. Мұндай нысандар көбірек салынған кезде Астана да тіршілігі қайнаған ортаға айналатын сияқты. Меніңше, қаланы салған кезде климаттық ерекшеліктерді көбірек ескеру керек болатын. Жері көп, климаты күрт континентальды болып келетін солтүстіктің өзіндік ерекшеліктерін онша түсінбей, қателік жіберген сияқты . Ол жақтың жазы - ыстық, қысы – суық қой. Қалай жүріп-тұрасың?

Маған ең қатты ұнағаны - океанариум. Тамаша дүние. Менің түсінгенім, теңіз жағасындағы қалаларда жұрт океанариумға көп қызықпайды, онша әсер етпейді. Ал сусыз, құла түз даланың ортасындағы океанариумның тұрғаны керемет емес пе! Өте сәтті шыққан идея.

Азаттық: Астананың қандай келбетін көргіңіз келеді?

Тотан Күзембаев: Көп қабатты үйлері жасыл желекке бөленген Астананы көргім келеді. Өйткені бұл адамдарға жайлы, ізгі орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Меніңше, қазір қалада көк тіреген зәулім ғимараттар жеткілікті салынған. Меніңше, қала құрылысына ағаш, киіз, саз балшық сияқты экологиялық әрі табиғи материалдарды көбірек пайдалану керек. Олар бетонмен жақсы үйлеседі. Демократиялық материал ретінде шыныны да көбірек пайдаланған жөн. Құрылыста шыныны көбірек пайдалану тенденциясын да ескеру керек.

РЕСЕЙДЕГІ ҚАЗАҚТАР

Азаттық: Ресейде тұратын қазақтар бір-бірімен жақын араласа ма? Әлдебір ұйым-бірлестіктер бар ма?

Тотан Күзембаев: Кейбір танитын қазақтармен араласып тұрамыз. Бірақ бәріміздің басымызды қосатын орталықтандырылған бірлестік жоқ қой деймін.

Азаттық: Қазақ тілін ұмытып қалған жоқсыз ба?

Тотан Күзембаев: Әрине, ұмытқан жоқпын. Қазақ мектебін бітірдім ғой, бірақ қазір сөйлесетін орта жетіспейді. Балаларды тіл үйрететін факультативтік сыныпқа бергіміз келген. Елшілікке телефон соғып едік, «бізде ондай сыныптар жоқ» деп жауап берді. Ал армяндар мен грузиндердің елшіліктерінде сондай сыныптар бар. Қайран қаласың да қоясың. Балаларымыз тілді білсін, түп-тамырын ұмытпасын деп едік. Бірақ бұл мәселемен шынымен де ешкім айналыспайды. Сонда елшілік немен айналысады? Оларды үнемі сынап жүретіндіктен, ондағылар мені жақтырмайды.

Азаттық: Сұқбат бергеніңізге рақмет.

Сұқбат орыс тілінде алынып, қазақшаға аударылған.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG