Accessibility links

Шымкентте туризмді дамытуға «мүмкіндік мол, тәжірибе аз»


Қожа Ахмет Йассуи кесенесі. Түркістан, 17 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Қожа Ахмет Йассуи кесенесі. Түркістан, 17 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстандағы ішкі туризмнің бір бағыты - Оңтүстік Қазақстан өңірі. Жұрт киелі орындарға зиярат етсе, сирек келетін шетелдіктер көне қалаларды қызықтайды. Бірақ туристердің көбі қызмет көрсету сапасына наразы.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы туризмнің еліміздің өзге аймақтарынан ерекшелігі бар. Бұл облыста тарихи-мәдени орындар, көне қалашықтар мен әулиелі жерлер көп. Сондықтан, мұндағы туристердің дені - зиярат етушілер.

45 жастағы Гүлнәр атты шымкенттік тұрғын «бір апта бұрын Арыстан баб, Қожа Ахмет Йассауи және Үкәш ата кесенесіне 10 адам болып барып қайтқандарын» айтады.

- Өткен жылы да ниет етіп аталған жерлерге зиярат етіп барған едік. Сонда, шыны керек, жолдың сапасыздығы шаршатқан. Биыл жаңа жол салыныпты. Жолаушыға бастысы жол ғой. Шымкенттен бір сағат шамасында Түркістанға жетіп бардық, - дейді Гүлнәр.

Қожа Ахмет Йассауи кесенесі. Түркістан қаласы, 21 тамыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Қожа Ахмет Йассауи кесенесі. Түркістан қаласы, 21 тамыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Бірақ ол қызмет көрсету орындарына, әсіресе, «асханалардың ас мәзіріне, даяшылардың тұтынушылармен қарым-қатынасына көңілі толмағанын» айтты.

Оңтүстік өңірде туризмді дамытуға мүмкіндік бар екенін, бірақ қызмет көрсету сапасы мен туристік инфрақұрылымның нашар екенін қазанның 24-і Шымкентте өткен халықаралық туризм форумына қатысқан мамандар да талқылады.

​Жиынға қатысқан Түркістан қаласындағы тарихи-мәдени этнографиялық орталық қызметкері Ерлан Сыздықтың айтуынша, «аймақтағы ескі қалашықтар орнын қоспағанда, ел аузында әулиелі, киелі саналатын 300-ге жуық тарихи-мәдени орын (кесенелер, көне мазарлар – ред.) бар. Туристерді қаланың сәулеті немесе өңірдің табиғатынан гөрі, осындай орындар қызықтырады». Алайда өлкетанушы Азаттық тілшісіне өңірдің осы ерекшелікті толық пайдалана алмай отырғанын айтып:

- Отырар ауданында 100-ден аса, Түркістан төңірегінде 40-тан аса ескі қалалардың орны бар. Оңтүстікқазақстандықтар көне Отырар, Сауран, Йассы (Түркістан – ред.) қалаларын айтып, мақтанады. Қалғандары үйінді күйінде төбе болып жатыр. Оны туристке көрсететіндей мүмкіндік жоқ, − деді.

Сондықтан, әзірге Оңтүстік Қазақстанның тарихи-мәдени орындарын көруге арнайы келетін шетелдік туристердің қарасы аз. Облыстың туризм басқармасы маманы Перизат Қонысбаева Азаттық тілшісіне «өңірге саяхат жасаушылардың көбі транзиттік туристер, экскурсанттар» екенін айтты.

Отырар қаласының орны. 17 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Отырар қаласының орны. 17 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Оның сөзіне қарағанда, қазақстандық және шетелдік туристер көбінесе бұл өңірдегі екі нысан - Отырар шаһарының орны (археологиялық қазбалар жүріп жатыр – ред.) мен Түркістан қаласына (Қожа Ахмет Йассауи кесенесіне – ред.) «жарты күн» аялдайды. Сондықтан мұндай «транзиттік» туристердің санын анықтау қиын. Қонысбаеваның сөзіне қарағанда, Оңтүстік Қазақстан облысына туристік компаниялар арқылы арнайы келетін қазақстандық және шетелдік саяхатшылар - жылына 95 мың адам. Ал, ешқайда тіркелмей әрі қонақүйлерге түспей тарихи нысандарды көріп, «келген күні-ақ қайтып кететін» туристердің санын мамандар «800 мың адам» деп болжайды.

ШЕТЕЛДЕГІ ТУРИСКЕ АҚПАРАТ ЖЕТПЕЙДІ

Қазақстанның туризм саласы мүмкіндіктерін зерттеп жүрген германиялық журналист Мирослав Рончактың айтуынша, «Қазақстан туризмін дамытудағы негізгі проблема – ақпарат аз. Әлемдегі туристер Қазақстанда аралап көруге тұрарлық орындар бар екенінен хабарсыз. Сондықтан Қазақстан туристермен байланыс орнатудың жолын іздеуі керек».

Мирослав Рончак. Шымкент, 24 қазан 2014 жыл.

Мирослав Рончак. Шымкент, 24 қазан 2014 жыл.

- Осыдан 20 жыл бұрын Түркияға жылына үш миллиондай турист баратын, қазір олар 10 есе көбейді. Қызмет көрсету сапасы жақсы. Қызмет көрсетудегі басқа елдер тәжірибесін қолдану саланы дамытуға көп септігін тигізеді, − дейді ол.

Ұлыбританиядағы Travel&Tourism институтының қызметкері Джордж Смитт те германиялық азаматтың пікірін қостайды. Оның сөзіне қарағанда, «еуропалықтар Қазақстанның Орта Азияда орналасқанын еміс-еміс қана біледі».

- Қазақстанның туризмді дамытуға мүмкіндігі Дубайдан да көп дер едім. Бірақ жарнама жоқ. Туристер Қазақстанға қалай келетінін, не үшін келетінін де білмейді. Екіншіден, әуелі туристерге қандай қызмет көрсетіледі - соны айқындау керек. Сонда жарнама да өтімді болады, − дейді ол.

ШЕНЕУНІКТЕР УӘЖІ

Оңтүстік Қазақстан облысы туризм басқармасы басшысы Жолдас Райымбек шетелдіктер айтқан кемшіліктерді мойындайды. Оның әуелгі айтқаны – тіл білетін мамандардың аздығы.

Отырар маңынан табылған ағаш кеме. 16 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Отырар маңынан табылған ағаш кеме. 16 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

- Кадр тапшы. Мамандар тіл білмегендіктен, шетелдік қонақтармен сөйлесе де алмайды. Арнайы гид-экскурсия жетекшісі саусақпен санарлық қана. Қонақүйлерде, демалыс аймақтарында қызмет көрсету сапасы да проблема, - дейді Жолдас Райымбек.

Алайда шенеунік Оңтүстік Қазақстан облысында «туризмді, оның ішінде ішкі туризмді және туристік инфрақұрылымды дамытуға көп көңіл бөлініп жатқанын» айтуды ұмытпады. Ал облыстың туризм басқармасы маманы Перизат Қонысбаева «Оңтүстік Қазақстан облысында туризмді дамытудың төрт бағыты қолға алынғанын; Қасқасуда − экологиялық, Сарыағашта − емдік-сауықтыру, Шардарада – жағажай туризмі, Түркістан мен Отырарда − тарихи-мәдени туризмді дамыту жоспарланып отырғанын» хабарлады.

Жиында Оңтүстік Қазақстан облысында «туристерге арналған 36 демалыс аймағы, 100-ге жуық қонақүй, 6 демалыс үйі жұмыс істейтіні» айтылды.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG