Accessibility links

Қазақстандықтар үшін Армения мен Грузияға қыдыру сәнге айналды


Тбилиси орталығында жүрген туристер. 4 шілде 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Тбилиси орталығында жүрген туристер. 4 шілде 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Теңге девальвациясынан соң тұрмысы орташа қазақстандық турист арзан маршруттар іздей бастаған. Үйреншікті Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері орнына жұрт Армения мен Грузияға қыдыра бастаған. Бірақ турфирмалар қиындығы азаймаған.

Алматы тұрғыны Біржан Нұрқаев жуырда Грузияға барып келген. Ол туристік сапарға 700 доллар жұмсаған.

- Саяхатты жақсы көремін, жылда бір жаққа баруға тырысамын. Бұрын Еуропаға баратынмын, бала-шағаммен Түркияда жиі болдым. Бірақ биыл достарымның кеңесімен Грузияға бардым, - дейді Біржан Азаттыққа.

Теңге девальвациясынан кейін Грузияға барып келген Біржан Нұрқаев. Фото оның жеке мұрағатынан алынды.

Теңге девальвациясынан кейін Грузияға барып келген Біржан Нұрқаев. Фото оның жеке мұрағатынан алынды.

Оның айтуынша, туристік жолдаманы 418 долларға алған. Кәдесыйларсатып алуға 280 доллар жеткен. Қазақстандық туристің айтуынша, тамыздағы теңге девальвациясынан кейін қарапайым азаматтардың көбі жолдама арзанға түсетін елдерді таңдауға көшкен.

- Монастырь, мұражайларына барып, пейзажы әсем саябақтарын араладым, таулары керемет екен. Нағыз «Боржомидің» дәмін татып, грузин шарабы мен тағамдарынан ләззат алдым. Етегінде Михаил Лермонтов жырлаған Арагва, Кура өзендері ағып жатқан ғажайып Кавказ жотасында 7-ғасырда салынған Джвари монастырына бардым. Бір кездері Александр Пушкинді тәнті еткен күкіртті моншаны көрдім. Грузияға тағы жолым түсе ме, жоқ па - білмеймін, бірақ достарыма «онша қымбат емес, барыңдар» деп айтып жатырмын, - дейді Біржан Нұрқаев Азаттыққа.

Қазақстандық тағы бір саяхатшы, Алматы облысында тұратын жас келіншек Грузияда жалға көлік алып, Тбилисидің айналасын аралап шыққанын айтады.

- Көліктің кілтін ешқандай келісім-шартсыз бере салды, патруль полицейлер пара алуды ойламайды екен. Олар мейманды әулиеге теңейді, - дейді аты-жөнін көрсетпеуді сұраған турист келіншек.

ТУРФИРМАЛАР БИЗНЕСТІ САҚТАП ҚАЛУҒА ТЫРЫСЫП ЖАТЫР

Алматы қаласындағы туристік агенттіктер мен фирмалар туристік маршруттар өзгеріп жатқанын айтады. Егер бұрын жұрт көбінесе Түркия мен Біріккен Араб Әмірліктеріне (БАӘ) барғанды тәуір көрсе, доллар күрт қымбаттағаннан кейін туристер бұрынғы совет елдеріне, мысалы Грузия мен Арменияға сапарлай бастаған. Турфирма өкілдерінің пікірінше, теңге девальвациясынан кейін олардың бизнесі клиенттерге едәуір жеңілдіктер жасағанның арқасында ғана жұмыс істеп тұр.

«Саквояж» туристік фирмасының директоры Айсұлу Бектемірованың айтуынша, Грузияның Батуми қаласында бір адамның демалысы орта есеппен 40 лариға ( бір лари – 116 теңге) түседі. 80 лариға қонақүйден жайлы бөлме алуға болады, ал люкс-нөмір 370 лари тұрады.

Түркиядағы туристік жағажайдың бірі.

Түркиядағы туристік жағажайдың бірі.

- Ал Түркияда бес жұлдызды қонақүйдің құны 500 доллардан басталып, қалтаңның шамасына қарай қымбаттай береді. Мысалы, жайлылығы орташа қонақүйде екі кісінің 10 күндік демалысы 550 доллардан (910 лари) басталады. Бұл сомаға билет бағасы кірмейді. Сонда күніне 55 доллардан шығады, - дейді Айсұлу Бектемірова Азаттыққа.

Грузияға көбінесе бір орында отырмай, жүріп-тұрғанды ұнататын туристер барады. Ондай жандар 10-15 күн бойы күнге қыздырынғысы келмейді, көбінесе тарихи орындарды аралап, сәулет ескерткіштерімен танысқанды ұнатады. Туристер Грузияға көбінесе емделу үшін келеді, әрі мұнда хачапури, хинкали, чашушули сияқты тағамдары дәмді. Туристік фирма директорының айтуынша, курортты аймақтарда туристерді саудагерлер мазаламайды, ондайлар мүлде жоқ.

ВИЗА МЕН АҒЫЛШЫН ТІЛІ ҚАЖЕТ ЕМЕС

ABS Travel туристік агенттігінің операторы Артем Синицын Грузияны бұрынғы Совет Одағы елдерінің саяхатшылары үшін тамаша ел деп санайды. Ол жақта виза да, ағылшын тілін білудің де қажеті жоқ әрі климаты жайлы, тағамдары керемет, шарабы дәмді.

Армениядағы көне монастырь жанында жүрген туристер. 16 қазан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Армениядағы көне монастырь жанында жүрген туристер. 16 қазан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

- Грузияның ең көрікті жерлері ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енген. Бірақ ол елдің ең басты ерекшелігі - ақ пейіл адамдары. Грузияда қазір ауылдық туризм жақсы дамып келеді. Түркияда жылы маусым ұзақ, сондықтан баға мүлде арзандайды деп күтудің қажеті жоқ. Қазір жұрттың көбі арзан болған соң Грузия мен Арменияға барып жатыр. Бірақ жұрт қымбат елдерге туристік жолдама сатып алуды тоқтатқаннан бері шығынға бата бастадық. Биліктің «екінші девальвация болмайды» дегені керісінше болып шықты, - дейді Артем Синицын Азаттыққа.

Ал Біріккен Араб Әмірліктерінде туристік визаны Қазақстан азаматтары турфирма немене қонақүйдің тапсырысы бойынша алады. Туристік визаларды лицензиясы бар қонақүйлер мен турфирмалар ғана сұрата алады. Дубай туризм және коммерциялық маркетинг департаментінің қаулысына сәйкес, қонақүй бөлмесіне әр түнегені үшін туристердің бәрі 2014 жылдың 31 наурызынан бастап салық төлеуі тиіс. Бұл елге адамдар әлемнің түкпір-түкпірінен сауда жасау үшін келеді, Қазақстаннан барып-қайтатын авиабилет әдетте бір мың доллар тұрады.

Алматы қаласындағы бірнеше туристік фирманың дерегінше, соңғы екі айда Грузия мен Арменияға олардың турагенттіктері арқылы үш мыңға жуық, ал Түркия мен БАӘ-не бұдан екі есе аз адам барып қайтқан.

Мақаланы қазақ тіліне аударған - Айжан Оралғазина.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG