Accessibility links

«Зиярат орындарында туризм талабы ескерілмейді»


Шақпақ ата жерасты мешіті. Маңғыстау облысы. 16 кыркүйек 2015 жыл.

Шақпақ ата жерасты мешіті. Маңғыстау облысы. 16 кыркүйек 2015 жыл.

Маңғыстауда ғылыми зерттеу тобында жұмыс істеген шығыстанушы Азаттыққа берген сұхбатында зиярат орындарындағы жағдай мен оны танымал ету жайлы айтты.

Маңғыстау облысында Қазақстандағы тарихи ескерткіштердің көпшілігі шоғырланған. Ел ішінде «362 әулиелі Маңғыстау» деп дәріптелетін аймақта ғылыми зерттеу тобында жұмыс істеген арабист Айтжан Нұрманова – құлпытастардағы эпиграфикалық жазбаларды зерттеген маман. Ақтауда өткен жергілікті туризмді дамыту туралы ғылыми-конференция кезінде Азаттық тілшісі ғалымнан сұхбат алды.

Азаттық: - Маңғыстаудағы киелі орындарды зерттеуге қаншалықты мүмкіндік жасалған? Бұл ескерткіштердің ерекшеліктері неде?

Айтжан Нұрманова: - Маңғыстаудағы жерасты мешіттерін және қорымдардағы эпиграфиялық жазуларды зерттеуге «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында мүмкіндік жасалды.

Маңғыстау - Қазақстандағы 30-дан астам жерасты мешіті орналасқан жалғыз аймақ. Шынын айтқанда бұл туризм саласындағы нағыз бренд болатын орындар. Мұндай мекендер терең зерттеуді қажет етеді.

​Біз экспедицияға келген күннің өзінде айдан артық уақыт бола алмаймыз. Айталық, Шақпақ ата жер асты мешітіндегі эпиграфиялық жазулар талданғанымен Шақпақ атаның тұлғасы, нақты есімі, өмірбаяны әзірге белгісіз. Қолда бары тек түрлі варианттағы аңыз түрінде таралған нұсқалар ғана. Өлкетанушылар, жергілікті тарихшылар әлі де болса аймақ тарихын көбірек зерттеуге ат салысуы керек.

​Маңғыстау жеріндегі зиярат орындарындағы тастағы жазбалардан бұл жерге Астрахан, Қазан, Иран жерінен зиярат етіп келген адамдардың болғанын көреміз. Ал Сейсем ата қорымында көптеген қазақ батырлары жерленген.

Шақпақ ата жерасты мешітіндегі жазулар. Сурет "Шақпақ-ата жерасты мешіті мен қорымының эпиграфикасы" кітабынан алынды.

Шақпақ ата жерасты мешітіндегі жазулар. Сурет "Шақпақ-ата жерасты мешіті мен қорымының эпиграфикасы" кітабынан алынды.

Азаттық: - Мұнда қанша батыр жерленген? Олар кімдер және қай ғасырда өмір сүрген?

Айтжан Нұрманова: - Бұл жерді жергілікті батырлардың пантеоны деуге болады. Әнет, Төлек бастатқан ондаған батыр осында жерленген. Олардың қайтыс болған ұрпақтары да осында жатыр. Құлпытастағы жазуларына қарағанда, батырлардың көбі 18-20, кейбірі 40-45 жасында қайтыс болғанын көреміз. Ал қайтыс болған уақыты көрсетілген құлпытастар бойынша бағалайтын болсақ, мұндағы көне ескерткіштер 18 ғасырға барып тіреледі. Тарихы одан да терең ескерткіштер болуы мүмкін. Өйткені кейбір құлпытастарда адамдардың туған - қайтыс болған жылдары көрсетілмеген.

Жалпы, біз әлі күнге дейін қазақ батырларының толық галереясын жасаған жоқпыз. Осындай қорымдардағы эпиграфикалық жазбалар да батырлардың есімін, қай кезеңде өмір сүргенін, қандай жорықтарға қатысқанын анықтауға жәрдемдеседі.

Азаттық: - Маңғыстаудағы киелі орындарға көрші елдерден де адамдар келіп жатады. Сол адамдардың ескерткіштерді көріп, тамашалауына және демалуына жеткілікті жағдай жасалған деп ойлайсыз ба?

Айтжан Нұрманова.

Айтжан Нұрманова.

Айтжан Нұрманова: - Маңғыстаудағы киелі орындарға Қазақстанның өзі іші, көрші елдерден ғана емес, алыс шетелден де адамдар келеді. Олар бұрын Қазақстандағы мұсылман ескерткіші ретінде тек Ахмет Ясауи кесенесін ғана білсе, ендігіде олардың назарын Маңғыстаудағы жерасты мешіттері де аударып отыр.

Өзіміз киелі орындарда болғанда байқағанымыз шетелден тек ғалымдар ғана емес, қарапайым туристер де келіп жатты. Сонда олар жолдың нашарлығына, зиярат орындарында қонақ үйдің болмағанына шағынатын. Санитарлық жағы да сын көтермейді.

Мәселен, өзіміз зерттеу жұмыстары кезінде зияратханаларда тұрдық. Бұл зияратханалар жылына 3-4 ай ғана жұмыс істейді. Зерттеу жұмысы кезінде әріптестеріміздің арнайы қаптарда ұйықтауына тура келді.

Зиярат орындарында тамақты да келген адамдар өздері жасайды. Су - Маңғыстаудағы үлкен мәселе. Су таситын көліктермен әкелінген суды дұрыс сақтап ішу да бір мәселе.

Азаттық: - Киелі орындарға адамдар әдетте ұзынқұлақтан естіп келіп жатады. Маңғыстаудағы зиярат орындарын кеңірек таныту жайлы не істеуге болады? Әлде осы ұзынқұлақтан естіген мәліметтер жеткілікті дейсіз бе?

Айтжан Нұрманова: - Жоқ, әрине. Меніңше, бұл ескерткіштерді танымал ету үшін интернеттің мүмкіндігін көбірек пайдаланған дұрыс сияқты. Мәселен, өзіміз жұмыс істеген кезде Шақпақ ата ескерткішіне Германиядан үш жігіт келіп кетті. Айтуларынша, олар интернет сайттарының бірінен Шақпақ ата некрополінің бірер суретін көріп қалыпты. Мәліметтері болмағандықтан, келіп көзбен көруге бекініпті. Олар адасып көп бейнетпен жеткен екен. Қастарына жолбасшы да алмаған. GPS навигаторымен жүрген күннің өзінде адасып кеткен. Бұл тиісті мәліметтердің жеткіліксіз екендігін көрсетсе керек.

Бекет ата жерасты мешіті. Маңғыстау облысы, 1 тамыз 2014 жыл.

Бекет ата жерасты мешіті. Маңғыстау облысы, 1 тамыз 2014 жыл.

​Өзіміз жұмыс істейтін ғылым саласына қатысты айтар болсам, Маңғыстаудағы киелі орындарды көптеп зерттеудің өзі оны танытуға септігін тигізеді деп ойлаймын. Ескерткіштер туралы мәліметтер ғылыми айналымға да енеді, көпшілікке де танымал болады деп ойлаймын. Осы ескерткіштер басында болғанда келген кейбір шетелдіктер бұл туралы мәліметті қазақстандық ғалымдардың баяндамасынан оқып білгенін айтып жатты.

Азаттық: - Youtube желісінде ресейлік әуесқой авто-экспедиция мүшелерінің Маңғыстаудан түсірген видеолары жиі кездеседі. Бұл Маңғыстауға Ресейден келетіндердің көптігін байқата ма, әлде ресейліктер аз келсе де көбірек белсенді ме?

Айтжан Нұрманова: - Олар көбірек белсенді болар. Біз ресейлік авто-экспедицияларды Шығыс Қазақстандағы зерттеу жұмыстары барысында да ұшыраттық. Олар өздері жүрген жерлерді видеоға түсіріп, бірден Youtube желісіне жүктеп отырады. Жергілікті халық зиярат жағына мән береді де, саяхат жағына соншалықты назар аудармайды ғой.

Азаттық: - Сіздің зерттеулеріңіз «Қазақстанның қасиетті орындарының мәдениеті» деп аталады. Осыны зерттеу не үшін қажет болды?

Айтжан Нұрманова: - Совет дәуірінде қасиетті орындарға назар аударылмағаны белгілі. Біз ғылыми зерттеулеріміз қасиетті орындарға барушылардың зиярат ету дәстүрі, олардың халық үшін маңызы, қандай орындарға барады, қандай ритуалдар жасайды деген сауалдарға жауап іздедік. Қазақстандағы ежелгі тарихи орындардан бөлек экономикалық мақсатта қолдан жасалған «қасиетті орындар» бар екеніне де көз жеткіздік. Олар тіпті кейбірі ауру түрлеріне байланысты «мамандандырылған» да болып шықты. Мәселен бір қасиетті орындар психикалық аурудан емдесе, енді бірі көз тиюден жазады деген түсінік қалыптасқан

Азаттық: - Сұхбатыңызға рахмет!

XS
SM
MD
LG