Accessibility links

Түркияда демалуға терактілерден гөрі баға кедергі


Түркияның Анталия қаласындағы бос тұрған жағажай. (Көрнекі сурет.)

Түркияның Анталия қаласындағы бос тұрған жағажай. (Көрнекі сурет.)

Туристік фирма өкілдері Түркияға демалуға барғысы келетін қазақстандықтар қатары сирегенін айтады. Жұрттың көбі жолдаманың арзандауын күтіп отыр.

Қазақстанда биыл Түркияға демалысқа бармақ болған адамдардың көбін жуырда сол елде тағы қайталанған теракт шошытып тастады. Жыл сайын Түркияда демалатын Алматы тұрғыны Гүлжазира Өмірзақова биыл жазда Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары арасында орналасқан Алакөлге бармақ.

– Қауіпсіз жерде демалған дұрыс қой, оның үстіне демалысқа бала-шағаңмен баратын болсаң. Өз басым ол елге бармаймын, - дейді Гүлжазира Өмірзақова Азаттыққа.

Қостанай қаласындағы «Эсперансо» туристік агенттігі өкілдерінің айтуынша, жұрт «қызу» («горящий») акцияларды күтіп отыр, бірақ Түркияға сатылатын жолдама бағасы әлі арзандамаған. Олардың пікірінше, қазақстандық туристердің көбі тек терактілердің ғана емес, сонымен бірге теңге девальвациясы кесірінен де Түркияға барудан айнып отыр. Агенттік директорының сөзінше, Түркиядан түсіп жатқан жайсыз жаңалықтарға қарамастан, негізгі қиындық отбасының бюджетіне тіреледі.

– Бірақ қазір де шетелге демалуға туристер баратын негізгі ел – Түркия болып тұр, ал баға бәрібір сол қалпында, бір отбасының демалуына кемі екі мың доллар керек. Былтыр да осындай баға болған, - дейді агенттіктің аты-жөнін айтқысы келмеген директоры Азаттыққа.

Оның дерегінше, жаздың басында Қостанайдан Түркияға аттанған ұшақтар толық болған. Сонымен бірге Қостанай тұрғындары арасында Ресейдің Краснодар өлкесі, Біріккен Араб Әмірліктері мен Еуропаның Испания, Болгария елдеріне сұраныс көп.

Кей турагенттік өкілдерінің айтуынша, биыл Павлодардан демалу үшін Түркияға мүлде аз адам кеткен.

Қырымда теңізге шомылып жүрген адамдар. (Көрнекі сурет.)

Қырымда теңізге шомылып жүрген адамдар. (Көрнекі сурет.)

– Түркияға сұраныс азайды, ал Қырым қымбат – ары-бері жолын қосқанда, бір адамның демалуы160 мың теңге тұрады. «Виза ресімдеу үшін құжат өткізіңіз» дегенді естіген бойда жұрт бірден бас тартады. Жұрт қай жаққа болсын барудан қорқып отыр, Еуропада да терактілер болып жатыр ғой. Клиенттер көбінесе Қазақстан, Ресей, Таиланд, Араб Әмірліктеріне барып жатыр, - деді Павлодардағы «Тегерек тур» туристік агенттігі өкілі Татьяна Крюкова Азаттыққа.

Алматыдағы «Роза ветров» туристік агенттігі операторы Анастасия Курьянованың айтуынша, Түркия, Египет елдеріне сұраныс әлі көп, бірақ былтырғыдан аздау – жұрт терактіден қорқып отыр.

– Мәскеу немесе Санкт-Петербург арқылы болмаса, Қырымға ұшатын чартерлік те, тікелей де рейстер жоқ. Сочиге барғысы келетіндер жетеді, ол жаққа 13 маусымнан бастап рейстер ашылған, билет жақсы сатылып жатыр. Ал Түркиядан жұрттың қорқып қалғаны байқалады, бірақ маусым, шілде айларында ол жақтағы қонақүйлерде бос орын жоқ. Дағдарыс әсері сезіледі, туристер ағыны саябырлап қалды, - дейді Анастасия Курьянова Азаттыққа.

«Роза ветров» туристік агенттігі туристер тарту үшін жеңілдіктер ұсынады, бұл кезде сұраныс көбейеді, бірақ соңғы кезде «жаппай қоңырау соғып жатқан» адам жоқ. Түркиядағы 10 күндік демалыс жолдамасы бір адамға 400-500 доллар тұрады. Анастасия Курьянованың айтуынша, қазір ол жақтарда өліара мезгіл болғанымен, Біріккен Араб Әмірліктері мен Таиланд елдеріне сұраныс бар.

БАЛАМА ҰСЫНЫСТАР МЕН БОС ҰШАҚТАР

Түркияға демалысқа барғысы келетіндердің азайғанын қала билігі өкілдері де байқап отыр. Алматы қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасы тұрғындарға елде қалып, белсенді демалуды ұсынады.

Павлодар облысындағы Жасыбай көлі. 3 тамыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Павлодар облысындағы Жасыбай көлі. 3 тамыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Алматы қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасы басшысы Тимур Дүйсенғалиев Азаттық сауалына жауабында «Терактілерге байланысты Түркияда демалу жолдамаларынға сұраныс, әрине, азайды. Адам ең әуелі қауіпсіздігін ойлайды ғой, бұл – табиғи түйсік, туристер қауіпті жерлерге бармайды. Оның үстіне, демалуды жоспарлаған адам баратын ел жайлы, қала туралы ақпаратпен танысады ғой. Сондықтан қазір қазақстандықтардың көбі өзіміздің елде демалғанды жөн санайды. Теңге девальвациясынан кейін туристік өнімдеріміз бәсекеге қабілетті бола бастады. Қазақстан ТМД елдері мен алыс шетел азаматтары үшін бағасы жағынан демалуға тиімді елге айналды. Елге келетін туристер көбейіп, туризм жанданады деп болжап отырмыз. Алматыда бала-шағаңмен демалуға болатын орындар көп. Белсенді демалыс әуесқойларына рафтинг, мототуризм, велотуризм, тікұшақ, парапланермен серуендеу сияқты демалыс түрлерін ұсына аламыз» деп жазған.

Қазақстан туристік қауымдастығы директоры Рашида Шайкенованың сөзінше, девальвация кесірінен Түркияға жолдамаға сұраныс онсыз да азайып кеткен, енді қазақстандықтарды терактілер жайлы хабарлар тіпті шошытып жіберуі мүмкін.

Today.kz сайты Қазақстан туристік қауымдастығы директоры Рашида Шайкенованың «Туризм саласында ең бастысы – техногендік, табиғи, әлеуметтік қауіпсіздік мәселелері ғой. Түркияда болған соңғы терактінің өте қауіпті белгі екенін туристік нарық өкілдері жақсы түсініп отыр. Меніңше, терактілер жайлы хабарлардан тұтынушылар да шошынып қалды. Күзгі-қысқы маусымдарға сұраныс аз болды. Қазір жолдаманы ерте сату кезеңі басталды, бірақ өкінішке қарай, нәтижесі онша мәз емес. Бұл ең әуелі девальвацияның әсері, бірақ қауіпсіздік мәселесі де ықпалын тигізіп тұр» деген пікірін келтірген.

Алакөлде демалушылар, Алматы облысы. (Көрнекі сурет.)

Алакөлде демалушылар, Алматы облысы. (Көрнекі сурет.)

Қазақстан туристік агенттіктері қауымдастығы президенті Әсел Нүркебаева Alau.kz сайтына «Түркияда демалуға барғысы келетіндер саны шамамен 50 пайызға азайып кетті. Қазір Сочи, Болгария, Батуми бағыттары бойынша жаңадан үш чартерлік рейс жұмыс істеп тұр. Бұл бағыттардағы сатылым жөнінде әзірше статистика жоқ – ұшақтарды толтыру қиын болып тұр» дейді.

Қазақстандық әуе компанияларының кей өкілдері де алаңдайды. Air Astana әуе компаниясының операторы Натальяның (аты-жөнін толық көрсетпеуді өтінді) Азаттыққа айтуынша, биыл «ерте брондау» акциясы тұщымды нәтиже шықпаған, әдетте жылдың бұл мезгілінде қонақ үйлер туристерді тарту үшін әлдебір жеңілдіктер жасайтын. Ол «бұған Қазақстандағы девальвация ғана емес, Түркиядағы терактілер де кінәлі» дейді.

Азаттыққа Turkish Airlines түрік әуе компаниясы өкілдерінің пікірін білудің сәті түспеді. Офис-менеджер әуе компаниясы басшысы «қажет деп тапса» өзі хабарласады деген уәж айтты. Бірақ әуе компаниясынан сол күйі комментарий келмеді.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG