Accessibility links

Қазақстан туристік елге айнала ала ма?


Алматыдағы гольф-курорт. (Көрнекі сурет)

Алматыдағы гольф-курорт. (Көрнекі сурет)

Қазақстан туризм саласын дамытуға миллиардтаған доллар ақша құйып жатыр. Бірақ туристердің сүйікті мекеніне айналу үшін әлі талай шаруа атқару керек.

«Борат» қазақтарды келемеж етіп, біраз жұртты күлкіге қарық қылды. Сонымен бірге ол Қазақстанның атын әлемге жайып, туристерді де бұл елге ынтықтырып қойды.

2006 жылы түсірілген, «қазақтың мінез-құлқын» ойдан шығарып баяндаған «Борат: даңқты Қазақстан мемлекеті үшін Америка мәдениетін зерттеп-тану» деп аталатын фильм Орталық Азиядағы бұл елге туристердің біраз қызығушылығын арттырды.

Қазір Қазақстан ішкі және сыртқы туристер үшін тартымды елге айналуды көздеп отыр.

ИНВЕСТИЦИЯ МЕН ВИЗА

Астана 2020 жылға дейін туризм саласын дамытуға 10 миллиард доллар инвестиция салуды көздеп отыр. Оның 6 миллиарды жеке инвесторлардан түспек.

Елде туристерді қызықтыра алатын орындар – табиғаты тамаша өзен-көлдер, таулар мен минералды сулар, археологиялық жәдігерлер көп.

Экстремалды туризмге қызығатындар альпинизммен айналысып, шөл даланы шарлай алады, көшпелілердің ізімен сайын далада өмір сүруге де, бұрынғы еңбекпен түзеу лагерлеріне, ядролық сынақ алаңдарына да баруға болады.

Алматы облысындағы Асы жайлауы. (Көрнекі сурет)

Алматы облысындағы Асы жайлауы. (Көрнекі сурет)

Қала өміріне қызығатындар Астанада немесе бизнес пен мәдениет орталығы Алматыда талай қызыққа кенеле алады.

Елде жаңа қонақүйлер салынып, шаңғы курорттары жаңартылып жатыр. Жоспар бойынша 2020 жылға дейін туристердің саны екі есе өсіп, 8 миллион адамға жетуі тиіс.

Боратпен танылған Қазақстан "ғажайып жетістікке" жеткісі келеді. Алайда әлемдегі турист көп келетін елдердің қатарына қосылу үшін Қазақстан әлі көп шаруа тындыруы керек.

Туристік мекемелер әлі де ішкі туристерге және бұрынғы Совет Одағынан, соның ішінде Ресей мен Орталық Азиядан келетін адамдарға көбірек үміт артады.

Қазақстандағы туризм саласының басшылары шетелдік қалталы туристердің көбірек келуіне барынша жағдай жасауға тырысатындарын айтады. Бірақ жұрт жаппай Қазақстанға ағылу үшін ақшадан басқа да көптеген дүниелер қажет.

Үкімет виза алу және тіркелу машақатын азайтудың қамына кірісіп кетті.

Шарын каньоны. (Көрнекі сурет)

Шарын каньоны. (Көрнекі сурет)

Қазақстан осы айдан бастап 10 елдің азаматтарына визасыз келіп-қайту мүмкіндігін беретінін жариялады. Бұдан былай АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, БАӘ (Біріккен Араб Әмірлігі), Германия және Малайзия азаматтары Қазақстанға 15 күнге визасыз келе алады. Бұл ереже 2015 жылғы шілденің 15-іне дейін енгізілді.

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, Астана жыл соңына дейін тағы 48 елдің азаматтарына визасыз кіруге мүмкіндік беруді жоспарлап отыр. Бұл тізімге көбіне дамыған елдер кірген.

ҚЫЗМЕТТІҢ КЕМДІГІ

Көп қаражат салынып жатқанына қарамастан, Қазақстан туристер үшін тартымды елдер тізіміне кіре қойған жоқ. Оған заманауи демалыс орындарының жетіспеушілігі және ішкі әуе қатынасының нашар дамуы себеп. Бұған ойқы-шойқы жолдар мен қызмет көрсету сапасының төмендігін қосыңыз. Kapital.kz бизнес басылымына берген сұхбатында жапон турисі:

​- Қызмет көрсету саласында істейтіндердің ешқайсысы ағылшынша сөйлемейді, туристер жүретін аймақтарда шет тілде жазылған белгілер мүлде жоқ, - дейді.

Жол бойындағы жолаушыларға арналған дәретхана. Шығыс Қазақстан облысы. (Көрнекі сурет)

Жол бойындағы жолаушыларға арналған дәретхана. Шығыс Қазақстан облысы. (Көрнекі сурет)

Шетелдік саяхатшылар қонақүйлер мен мейрамханалардағы қызмет сапасы және гигиена стандарттары жақсартылуы керек дейді.

Жапон турисінің айтуынша, кафелер мен мейрамханаларда даяшылар «қалдық ақшаны қайтаруды жиі ұмытып кетеді».

Қазақстандағы I-Travel агенттігінің басшысы Ғалия Ізбастованың айтуынша, елдегі қонақүйлердің көбі «халықаралық стандарттардың қарасын да көре алмайды».

Ол әйгілі Шарын ұлттық бағындағы жағдайды ерекше атап өтті. «Оның маңайындағы қонақүйлердің жуынатын бөлмелерінен кісі ұялады» дейді туристік агенттік өкілі.

Ізбастованың айтуынша, үкімет туризм бизнесі саласындағы «негізгі мәселелерді» шешпейінше, оның тау шатқалдары мен көлдеріне таяу жылдары туристердің ағыла қоюы екіталай.

ҚЫМБАТ БУРАБАЙ

Қалталы шетелдіктерді тарту қамымен көп айналысып кеткен Қазақстан қымбатшылық кесірінен ішкі туристерді жоғалтып жатқан жайы бар.

Соңғы жылдары ішкі туризм көлемі азайды. Оған басты себеп - азық-түлік, жол және жатын орын бағасы шетелде демалғаннан да қымбат.

Қазақстандықтар шетелдерде демалу үшін жылына 400 миллион долар жұмсайды, ал ел ішіндегі шипажайлар мен тау курорттарында демалушылар саны кеміп барады.

Бурабай көлі.

Бурабай көлі.

Алматы қаласы тұрғыны Әсел Сандыбатова Қазақстандағы қонақүй бағасының қымбаттығынан Бурабай шипажайында демалу жоспарын өзгертіп, оның орнына Түркияға баратын болғанын айтады. Азаттық тілшісіне берген сұхбатында ол:

- Бурабайға 10 күндік жолдама 1 мың 900 доллар тұратынын білгенде қатты таңғалдым. Әрі бұл тек жатын орын мен таңғы астың бағасы, - деді.

Жеке саяхат агенттігінің қожайыны Марина Судакованың айтуынша, бұл мәселені шешудің жалғыз жолы «эконом-класқа» көп көңіл бөлу.

Яғни, Қазақстанда үш жұлдызды қонақүйлер, арзан бағалы әрі отбасымен демалуға ыңғайлы туристік орындарды көп ашуға күш салу керек.

(Фарангиз Наджибулланың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG