Accessibility links

Ретейлерлер сауданың тоқырағанын айтады


Сауда орындары жабық тұрған дүкенде кетіп бара жатқан әйел. (Көрнекі сурет)

Сауда орындары жабық тұрған дүкенде кетіп бара жатқан әйел. (Көрнекі сурет)

Алматының сауда орталықтарында кейбір ретейлер компаниялардың бутиктері мен дүкендері жабылып жатыр. Саудагерлер «сұраныс азайды» деп шағымданады. Сарапшылар жұрттың аса қажет емес тауарларды сатып алудан бас тартып жатқанын айтады.

Соңғы айлары Алматының тұрғын үйлер көп шоғырланған ауданында орналасқан City plus сауда орталығынан зергерлік бұйымдар сататын шағын бутиктер, киім-кешек, аяқ киім сататын дүкендердің біразы кеткен. Бірнеше жыл жұмыс істеген қоғамдық тамақтану орны жабдықтарын Азаттық тілшісінің көз алдында бұзып жатты. Электроника және тұрмыстық техника сататын бөлім де жұмыс істемейді.

City plus сауда орталығы әкімшілігі қызметкерлері қазіргі жағдай туралы Азаттық тілшісімен құлықсыз сөйлесті. City plus сауда орталығының орындарды жалға беру бөлімі бастығы Нұрлан Жаппаров қазір «ротация» болып жатыр деп түсіндіреді.

City Plus сауда орталығында жабық тұрған электроника дүкені. Алматы, 2016 жылдың қаңтары.

City Plus сауда орталығында жабық тұрған электроника дүкені. Алматы, 2016 жылдың қаңтары.

- Қазір бізде ротация болып жатыр. Ретейлерлердің ешқайсысы кетіп жатқан жоқ, жуықта қайта ашылады. Желіде дәл осындай форматтар қалады, - дейді Нұрлан Жаппаров.

Бос қалған орындарды қаланың өзге сауда орталықтарынан да байқауға болады. Қазір Алматыда шамамен 245 сауда орталығы бар. Жалға алушылар көлемі шағындау коммерциялық орындарды да босатып жатыр.

Оқи отырыңыз: Доллар қымбаттаған соң бизнесмендер бутиктерін жаба бастады

РЕТЕЙЛЕРЛЕР БОЛЖАМЫ

Қазақстан ретейлерлері қауымдастығы халықтың сатып алу қабілеті кемуіне байланысты сауда бұдан ары да тоқырай береді деген пессимистік болжам жасайды. Қауымдастық президенті Василий Горевой мүлде тоқырау бірер айдан кейін басталады деп санайды. Оның айтуынша, сауда орталығы басшылары жалға беру ставкасын арзандатқысы келмейді, ал шығын әкелетін бизнеспен ешкім айналыспайды.

Алматыдағы сауда орталығының бірі. 23 қаңтар 2016 жыл.

Алматыдағы сауда орталығының бірі. 23 қаңтар 2016 жыл.

- Өкінішке орай, жұрттың бәрінің қоры сарқылды. Желі аясындағы кейбір ретейлерлер қазірден жабылып жатыр, бірақ бірер айдан кейін олардың бизнесі мүлде тоқтайтын шығар деп болжаймын, - дейді Василий Горевой Азаттыққа.

Қауымдастық президентінің пікірінше, сұраныстың кемуіне ілесе тауар, қызмет түрлерін ұсынушы компаниялармен келісілген міндеттемелерді орындау да қиындай бастаған. Бизнес жабылса, жұмыс орындары қысқарып, жұмыссыздықтың жаңа легіне халықтың тұрмысы нашар топтары ілігуі мүмкін.

- Қазір ең бастысы – амалдап бизнесті тоқтатып алмау екенін түсінгендіктен, тәуекелге барып, шығынға да батып жатырмыз. Ел басшылығының дедолларизация саясатына көшу туралы мәлімдемесіне қарамастан, жалға беру келісім-шарттарының 95 пайызы [шетелдік] валютамен жасалған. Жыл қиын болайын деп тұр, нарықтың 20-25 пайызы қысқарады, - дейді Василий Горевой.

Қазақстан ретейлері қауымдастығы президентінің болжамынша, бизнес өкілдері қолында қалған қор көлеміне қарай ақырына дейін амалдап шыдауға тырысады.

ҚҰЛДЫРАУ ТЕНДЕНЦИЯСЫ

Экономист Болат Құсайынов ұлттық валюта девальвациясының төлем қабілеттілігінің кемуіне әсер етуі заңды деп санайды.

- Дағдарыс кезінде жұрт аса қажет емес тауарлар заттарды сатып алмайтынын әр әйел біледі. 2016 жылы жағдай жақсарып кетуі екіталай. Бұрынғы деңгейімізде қалсақ та тәуба дейміз. Мұнай бағасы арзандап, геосаяси және геоэкономикалық қиындықтар шығып жатыр. Ешкім мұнай бағасына қатысты нақты болжам жасай алмай отыр, құлдырау тенденциясы жалғасып жатыр, - дейді Болат Құсайынов.

2016 жылы жағдай жақсарып кетуі екіталай. Бұрынғы деңгейімізде қалсақ та тәуба дейміз.

Экономист Мағбат Спановтың пікірінше, сауда алаңдарының жабылуын девальвация зардабымен ғана байланыстыру дұрыс емес. Оның пайымдауынша, кей бизнесмендер қауіптерді дұрыс болжай алмаған.

- Біз дағдарысты көп айтамыз, проблеманы осы ушықтырып тұр. Іс жүзінде дағдарыстың әсері бар, әрине. Бірақ бизнесте бұл табиғи процесс саналады. Біреулер, мысалы логистика мен маркетингке жұмсаған шығынын дұрыс есептемеген шығар. Бүкіл қиындықты девальвацияға жаба беру де дұрыс емес. Әлгі компаниялардың басшылары жағдайды жан-жақты саралап алуы керек еді, - дейді Мағбат Спанов.

Алты айда Қазақстан валютасы долларға шаққанда 100 пайызға жуық құнын жоғалтты. Былтыр тамызда үкімет теңгені «еркіне жіберіп», бұл шешімін экспортталатын тауар бағасының арзандауы және Ресей рублінің құлдырауымен байланысты түсіндірген.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG