Accessibility links

Кәсіподақтардың дамуын саяси фактор тежеп отыр


"Қаражанбасмұнай" компаниясының ереуілші мұнайшылары үкіметтің өздерін басқа аймақтарға жұмысқа орналастыру жоспарына қарсы арыз жазып жатыр. Ақтау, 23 желтоқсан 2011 жыл.

"Қаражанбасмұнай" компаниясының ереуілші мұнайшылары үкіметтің өздерін басқа аймақтарға жұмысқа орналастыру жоспарына қарсы арыз жазып жатыр. Ақтау, 23 желтоқсан 2011 жыл.

Кейбір сарапшылар «Билік кәсіподақтардың белсенді қызметінен қауіптенгендіктен, Қазақстанда тәуелсіз кәсіподақ қозғалысы дамымай отыр» дейді. Олардың пікірінше, Қазақстанның әлеуметтік мемлекетке айналуының кепілі - қуатты кәсіподақ қозғалысы.


Қазақстанда еңбек дау-дамайы үйреншікті оқиғаға айналды. «Қазақмыс», «АрселорМиттал Теміртау» корпорацияларының, мұнай-газ саласы компанияларындағы еңбек ұжымы мен жұмыс берушінің арасында тартыстар дүркін-дүркін туып жатады.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев желтоқсанның 16-сы мен 17-сі күндері Маңғыстау облысында болған қайғылы оқиғадан соң «Жаңаөзенде осындай қақтығыстың тууына еңбек дауы себеп болған» деп мәлімдеді. Мұнайшылардың жеті айға созылған ереуілі қантөгіспен аяқталды.

Бақылаушылар «кәсіподақтар еңбек дауларын шешуге ықпал ете алмай отыр» деген пікірді ұстанады.

«КӘСІПОДАҚ ӨЗ ҚҰҚЫН ПАЙДАЛАНБАЙДЫ»

«Шахтер отбасылары» қоғамдық ұйымының жетекшісі Наталья Томилованың айтуынша, «Қазақстанның еңбек кодексі кәсіподақтардың қызметін жетілдіруге зор мүмкіндік беріп отыр. Алайда олар бұл құқықтарын пайдаланбайды».
Наталья Томилова, «Шахтерлер отбасы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы. Қарағанды облысы, 1 маусым 2009 жыл.

Наталья Томилова, «Шахтерлер отбасы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы. Қарағанды облысы, 1 маусым 2009 жыл.


Наталья Томилованы кәсіподақ өкілдері еңбек даулары бойынша өтетін сот процестеріне белгілі бір ұжымдық келісім-шарттар бойынша түсініктеме беруге жиі шақырады. Осы сот процестерінен тәжірибе жинағанын айтқан Наталья Томилова:

- Кәсіподақтар жұмыс беруші тараптың позициясын жақтайды. Заңда «Кәсіподақ тараптардың арасындағы келіспеушілік туралы хаттамаларды толтырып, сотқа беруге құқылы» деп жазылған. Алайда кәсіподақ жұмыс берушінің мүддесін қорғайды да, заңда жазылған өзінің заңды құқықтарын пайдаланбайды, - дейді.

Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты еңбек және әлеуметтік серіктестік департаментінің директоры Ахмади Сарбасов «Елімізде тәуелсіз кәсіподақ құруға, олардың жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған» дейді.

Кәсіподақтар туралы заң 1993 жылы еңбек кодексімен қатар қабылданғаны белгілі. Заңда кәсіподақтардың құқықтары, функциялары мен өкілеттіліктері анық жазылған. Қазақстан кәсіподақтарының федерациясы, Қазақстанның еңбек конфедерациясы, Еркін кәсіподақтар конфедерациясы – Қазақстандағы кәсіподақ бірлестіктерінің осы үш қауымдастығы аталмыш заң негізінде жұмыс істейді. Бұдан басқа аймақтық, салалық кәсіподақтар мен бастауыш кәсіподақ ұйымдары да бар.

«ТӘУЕЛСІЗ КӘСІПОДАҚ БИЛІККЕ КЕРЕК ЕМЕС»

1990 жылдардың басында тәуелсіз кәсіподақ құру жөнінде бастама көтерген құқық қорғаушы, адам құқықтары жөніндегі Қазақстан бюросының директоры Евгений Жовтис тәуелсіз кәсіподақтың «Қазақстанның қоғамдық өмірінде шетқақпай күй кешіп отырғанына» қынжылды.
Евгений Жовтис, адам құқы жөніндегі Қазақстан бюросының директоры. Алматы, 25 тамыз 2009 жыл.

Евгений Жовтис, адам құқы жөніндегі Қазақстан бюросының директоры. Алматы, 25 тамыз 2009 жыл.


Евгений Жовтистің пікірінше, жұмысшылардың мүддесін қорғайтын тәуелсіз кәсіподақ қозғалысы Қазақстанда тиісті дәрежеде дамымай отыр. Қарымды кәсіподақ, қанша дегенмен, саяси күш. Қолдаушылары бүкіл саяси партиялардың мүшелерінен әлдеқайда көп, қуатты тәуелсіз кәсіподақтардың болғаны билікке керек емес дейді ол.

- Биліктің ырқына көнбейтін, әрі тәуелсіз, әрі қуатты бірлестіктер қалыптасса, олар «саясатпен айналысып кетеді» деген қауіп – пәрменді, тәуелсіз кәсіподақтардың дамуына кедергі болып отырған ең үлкен тосқауыл. Ал өз жұмысшыларының мүддесін қорғау үшін кәсіподақтың саясатқа араласуы - даусыз нәрсе. Егер біз елдің қоғамдық-саяси жүйесінің аса маңызды да негізгі элементтерінің бірі ретінде тәуелсіз кәсіподақтың дамуын тежесе, Жаңаөзен оқиғасы сияқты шектен шыққан жағдайларға ұрынатынымыз анық, - дейді құқық қорғаушы Евгений Жовтис.

«КӘСІПОДАҚТАР - ӘЛЕУМЕТТІК МЕМЛЕКЕТТІҢ КЕПІЛІ»

Кәсіподақ өкілі Павел Шумкин «Әуелі кәсіподақтар, содан кейін ғана саяси партиялар құру қажет. Өйткені Германия, Англия және АҚШ елдеріндегі сияқты халық алдымен өзінің проблемаларын талдап-талқылауды және азаматтық тұрғыдан ойлауды үйренуі тиіс» деп есептейді.
«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының мұнайшылары жұмыс берушіге наразылық танытып, ереуілде тұр. Жаңажол, 16 маусым 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының мұнайшылары жұмыс берушіге наразылық танытып, ереуілде тұр. Жаңажол, 16 маусым 2010 жыл. (Көрнекі сурет)


- Өйткені тәуелсіз кәсіподақ - кез келген мемлекеттің саяси, азаматтық және қоғамдық жүйесінің тұғыры, - дейді Павел Шумкин.

Наталья Томилованың пікірінше, шын мәніндегі тәуелсіз кәсіподақ құру Қазақстанның шынайы әлеуметтік мемлекетке айналуының кепілі болмақ.

Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының қазіргі жағдайы талқыланған дөңгелек үстелдің аудионұсқасын мына арадан тыңдауға болады:

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG