Accessibility links

Саясаттағы ескерту мен ақталу


Президент Нұрсұлтан Назарбаев сайлаудан кейін жақтастарымен кездесу кезінде. Астана. 27 сәуір, 2015 жыл.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев сайлаудан кейін жақтастарымен кездесу кезінде. Астана. 27 сәуір, 2015 жыл.

«Патриоттығы кемшін» шымкенттік депутатты «Нұр Отан» партиясынан шығару мен президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арандатушыларды «заңды түрде әкесін танытып тұрып жазалау» туралы ескертуі қоғамда ақталу туралы тезистерге түрткі болды.

Өткен аптада Атырауда президент Нұрсұлтан Назарбаев арандатушылар мен "өтірік айтып жала жабатындарды заңды түрде әкесін танытып тұрып" жазаланатынын ескертті. Осы аралықта «Назарбаевқа қарсы сөзі үшін» Шымкент қалалық мәслихаты депутаты Жамбыл Қалауов «Нұр Отан» партиясынан шығарылған. Көп ұзамай ол қылығына өкінетінін және Назарбаевқа адал екенін жариялап, мәлімдеме жасады.

Елдің екі шетінде болған әрі сырт қарағанда, бір-біріне қатысы жоқ бұл оқиғалардың астарынан нені байқауға болады?

ТАНЫМАЛ АДАМҒА АЙНАЛҒАН ҚАЛАУОВ

Біраз күн бұрын әлеуметтік желіде Беларусь президенті Александр Лукашенконың бензин бағасын қымбаттатуға жол бермеу туралы уәдесі жазылған видеороликке қатысты «Батька, жарайсың! Бізде де осындай елбасы болғанда ғой» деген пікірінен кейін президент басқаратын «Нұр Отан» партиясының мүшесі Жамбыл Қалауов жанжалға іліккен. «Партиялық этика нормаларын бұзғаны» үшін Қалауовты қыркүйектің 10-ы күні «Нұр Отанның» жергілкті филиалы партиядан шығарған.

Қалалық мәслихат депутаты Жамбыл Қалауов. Шымкент. 18 қыркүйек, 2015 жыл.

Қалалық мәслихат депутаты Жамбыл Қалауов. Шымкент. 18 қыркүйек, 2015 жыл.

Партия шешімінде Жамбыл Қалауов партиялық этика нормаларын бұзып, «Нұр Отан» партиясы төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевты қаралаған сөздері және интернетте президенттік билікке наразы сөздер таратқаны үшін" шығарылды деп жазылған. Партия Қалауовтың ісі ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) Оңтүстік Қазақстан облыстық департаманті қарауына жолданатынын хабарлаған.

«Арандатушылар» мен «жалақорларды» жазалау мәселесін Сочиден келе жатып Атырауға соққан сапарында «Нұр Отан» партиясының жетекшісі, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де қозғап:

- Егер де осындай қиын-қыстау кезеңді пайдаланып,арандатушылар пайда болса, ішімізден, өтірік айтып, бізге жала жабатын адамдар болса, оларға заңды түрде әкесін танытып тұрып жаза береміз!-деп мәлімдеді.

Әлде кездейсақтық, әлде басқа себебі болды ма, осы «ескертудің» ертеңінде Жамбыл Қалауов Шымкентте баспасөз жиынын өткізіп, Назарбаевтың саясатын қолдайтынын және өз қылығына өкінетінін мәлімдеген. Қалауов сондай-ақ «мен жазған жоқпын» деген бұрынғы сөзінен айнып, «оғаш сөздің» авторы екенін де мойындады.

ПАРТИЯЛЫҚ ЖАЗАНЫҢ ТЕОРИЯСЫ МЕН ПРАКТИКАСЫ

Бұл екі оқиға әлеуметтік желілерде көп талас тудырды. Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов Азаттыққа берген сұхбатында Жамбыл Қалауовты «Нұр Отаннан» шығаруды партияның «таза» ішкі ісі санайды.

- Мұның қаншалықты дұрыс не бұрыс екенін партия мүшелері өздері шешеді. Меніңше, бұған сырттан баға берудің қажеті жоқ сияқты,-дейді саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов.

Бөріхан Нұрмаұхамедов.

Бөріхан Нұрмаұхамедов.

Ол Назарбаевтың «арандатушыларға» қатысты мәлімдемесін «негізсіз емес» деп санайды. Нұрмұхамедов «қиын-қыстау кезеңде немесе әлдебір тұрақсыздық қатері төнген кезде айтылатын болжамдар орындалатын кездер болады, тіпті кейде елді ауыр зардаптарға ұшыратуы мүмкін» деген әлдебір теорияға сүйенеді. Оның айтуынша, елді триллиондаған доллар шығынға батырған жуырдағы Қытай валютасының құлдырауына бір журналистің «жорамалы» түрткі болған.

- Қисындылығымен келіспеуге болатын әлгі теорияға сәйкес, экономика, валюта бағамы құбылып тұрған жағдайда жасалған түрлі мәлімдемелер жентектелген қар сияқты күш жинап, ауыр зардаптарға ұшыратады. Сондықтан тұрақтылық деңгейін сақтап қалу үшін шектен шыққан, радикал көзқарастарға тыйым салынуы тиіс,-деп түсіндіреді Назарбаев мәлімдемесінің астарын саясаттанушы Нұрмұхамедов.

Бүкіл шешім заң негізінде, бірінші кезекте сот шешімі негізінде қабылдануы тиіс деп санайтын билікшіл патриоттар партиясының бұрынғы жетекшісі Ғани Қасымовтың пікірі бұдан өзгешелеу. Ол «нұротаншыл» Қалауовтың сөзінің астарында жала жабу немесе өзге «қылмыс» бар-жоғын әуелі сот арқылы анықтап, партия шешімін сот шешімі негізінде ғана қабылдау керек еді деп есептейді.

Ғани Қасымовтың пікірінше, бұл принципті президенттік «Нұр Отан» партиясы ғана емес, бүкіл партиялар басшылыққа алуы тиіс. Әйтпесе Совет одағының коммунистік партиясының елді басқару тәсіліне тән советтік тоталитарлық тәртіпке кері оралу аса қиын емес.

Ғани Қасымов.

Ғани Қасымов.

- Кезінде партия әуелі адамды қылмыскер деп жариялап, партиядан шығарып жіберіп, содан кейін ғана партия шешімін сотқа тапсыра салатын,-деп еске алады Ғани Қасымов.

Ал президент Назарбаевтың «арандатушылар» мен «жалақорларға» қатысты мәлімдемесін Ғани Қасымов «менің позицияммен үндес» дейді. Өйткені оның айтуынша, Қазақстан президенті «арандатушылар» мен «жалақорлар» «қатал жазаланады» деген, бірақ «заңға сәйкес» жазаланатынын айтқан.

АҚТАЛУ ДӘСТҮРІ

Құқық қорғаушы әрі журналист Сергей Дуванов «президенттік «Нұр Отан» партиясы шын мәнінде КПСС-ке ұқсайтындықтан», депутат Жамбыл Қалауовтың өкініші мен президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мәлімдемесін советтік режимге тән синдромның көрінісі ретінде бағалайды.

Сергей Дуванов.

Сергей Дуванов.

- Өз көзқарасын білдірген адамға қатысты мұндай реакция болуы таң емес. Бұлай болатыны алдын ала белгілі болатын. Мұны айтқан адам қандай партияға мүше екенін түсініп, «аузына ие болуы» керек еді,-дейді Дуванов.

Нұрсұлтан Назарбаевтың «арандатушылар» мен «жалақорларға» қатысты мәлімдемесін Сергей Дуванов қоғамды қорқытып-үркіту ретінде бағалайды.

- Мен мұны қоқан-лоққы ретінде қабылдаймын. Елдің жағдайы шынымен де нашар. Билік пен президент Назарбаев бәрін саралап, халыққа жағдайды ашық түсіндіріп барып, үнемдеуге шақыруы тиіс болатын. Мұның орнына билік «қорқынышты ештеңе жоқ, бәрін бақылауда ұстап отырмыз» деген түр көрсеткісі келеді. Теңге құлдырап жатқан кезде жұбатудың кеш екенін жұрттың бәрі түсініп отырғанымен, билік халықты алдарқатқысы келеді. Бірақ мына жағдайда тығырыққа тірелген жұрттың билікті сынауы орынды. Билік «елде бәрі тамаша» дейді. Бірақ билікті сынаушылар шындықты айтып, «олай емес» дейді. Адамды шындықты айтқаны үшін жазалауға болмайды,-дейді Сергей Дуванов.

Серікболсын Әбділдин.

Серікболсын Әбділдин.

Оппозициялық коммунистік партияның (жуырда сот шешімімен жабылған) бұрынғы жетекшісі Серікболсын Әбділдин ойын ашық айтқан Жамбыл Қалауовты «Нұр Отан» партиясынан шығаруды және президент Назарбаевтың «арандатушылар» мен «жалақорларға» қатысты мәлімдемесін диктатураның көрінісіне балайды. Әбділдиннің сөзінше, Назарбаев жұртты сөзсіз бағынуын ғана емес, сөздеріне көзсіз сенгенін де қалайды. Елдің оппозициялық қозғалыс ардагері Қалауовты «Нұр Отан» партиясынан президент Назарбаевқа сенімсіздік білдірген сөзі үшін шығарды деп есептейді.

Саясаттағы өз ісіне опынып, ақталу дәстүрі - тәуелсіз Қазақстанның саяси өмірінде сирек кездесетін құбылыс. Жағымсыз қылықтары немесе жаңсақ пікірлері үшін жария түрде опық жеп, өкінген жағдайлар елде өте аз болған. Кезінде парламент мәжілісінің бұрынғы төрағасы Жармахан Тұяқбай Қазақ ССР прокуратурасында қызмет істеген кезде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін азаматтық белсенді Құрманғазы Рахметовті соттауға ықпал еткені үшін одан жұрт алдында кешірім сұрағаны бақылаушылардың есінде. Кейбір белсенділер оппозициялық қызметінен жария түрде бас тартады, бұрынғы серіктері мұны биліктің қысымымен байланыстырады. Азаттық сұхбаттасқан кейбір сарапшылар Қазақстанда қылығына опық жеп, өкінетіндерді қоғам қолдамайды деп тұжырады.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG