Accessibility links

Жетісу дәстүріндегі қарсылық әндері


Алматы облысы Ұзынағаш маңында өткен салт-дәстүр фестивалі. 26 мамыр 2012 жыл. Көрнекі сурет
Алматы облысы Ұзынағаш маңында өткен салт-дәстүр фестивалі. 26 мамыр 2012 жыл. Көрнекі сурет
Қазақтың дәстүрлі ән өнеріндегі билік жүйесі мен билеуші топқа қарсылық тақырыбы Шалтабай, Қапез бен Кенен сияқты халық әншілерінде жиі ұшырасады.

Жетісу өңірінде туған қарсылық әндердің Арқа дәстүріндегі әндерден айырмашылығы – жалпылама түрде айтылатындығы, өткенге опыну форматында болатындығы.

Жетісу әндерін тыңдап отырғанда Арқа дәстүріндегі кездесетін «Бақыртып союшы едім лақтайын», немесе «Сен түгілі бас ұрмаймын патшаңа да» деп келетін ашық қарсылық естілмеуі мүмкін. Бірақ Жетісу әндерінде әлеуметтік теңсіздік пен саяси озбырлыққа қатысты ұстанымды әдемі тұспалдап айту басым.

Дәстүрлі ән зерттеушісі Ерлан Төлеутайдың айтуынша, Жетісу өңірінде дәстүрлі ән өнері 19-ғасырдың екінші жартысынан бастап қана қалыптаса бастаған. Оған дейін бұл өңірде жыр-терме айту, айтысу өнері дамып келген. Алайда Жетісу өңірінің дәстүрлі ән өнерін зерттеп жүрген Сағатбек Медеубеков: «Ән өнері оған дейін де болған. Бірақ бізге жеткені сол 19 ғасырдың екінші жартысынан бастап қана» дейді.
Ерлан Төлеутай, музыка зерттеушісі. Алматы, 6 маусым 2012 жыл
Ерлан Төлеутай, музыка зерттеушісі. Алматы, 6 маусым 2012 жыл

– Арманына қарсылық болған, мүддесіне қайшылық болған, діттеген жеріне кедергі болған жағдайлардың барлығына ақынжанды жүрек ән айтпай, өлең шығармай тұра алмайды.

Және мұндай жағдайда туған ән міндетті түрде қарсылық мазмұнда болып келетіні ақиқи дүние, - дейді Сағатбек Медеубеков.

«МЕНІҢ АТЫМ – ШАЛТАБАЙ»

Жетісу өңірінен шыққан дәстүрлі ән өнерінің иелерін атағанда ең алдымен ауызға ілінетіні - Шалтабай Алпарұлы.

Шамамен 1830 – 1900 жылдар аралығында өмір сүрген Шалтабайдың бүгінге жеткен бір ғана әні – «Менің атым – Шалтабай».

– Қазіргі таңда Рамазан орындап жүрген «Шалтабай» әні саяси болмысқа, саяси құрылымға қарсылық. Яғни оның ар жағында қара бастың қамы емес, елін, жерін отарлап жатқан жүйеге қарсылық, - дейді Сағатбек Медеубеков.

– Менің атым – Шалтабай, әкем Алпар
Өтіп кетті дүниеден қайран сұңқар.
Сары қымызбен аузымды шайқаушы едім,
Бір қасық қара суға болдым іңкәр.

Шалтабайдың әні
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:18 0:00
Жүктеп алу


Менің атым – Шалтабай,
Асылдан соққан балтадай,
Шалтабайдай жалғызды,
Кім іздеп арттан қайтады-ай?! - деп бостандықтағы сәттерін аңсап, өкситін тұсы Арқада арындап ән салып жүріп ату жазасына кесілген Сары Батақұлының:

– Баласы мен Батақтың, атым – Сары,
Құрысын мендей болса жұрттың бәрі.
Он екі ай абақтыда жатқанымда,
Қара шай бір қайнатым болды дәрі.

Күз болса құс қайтады жайлауына,
Дұшпанның біздер түстік байлауына.
Артымнан іздейтұғын кісі жоқ боп,
Сібірдің кеттім қапы айдауына, - деп келетін қоштасу әнімен үндес.

«БҰЛ СОВЕТ ЕҢ ӘУЕЛІ БАЙДЫ ҚҰРТТЫ...»

Жетісу өңірінде Шалтабайдан кейін аталатын әнші - Жәлменденің Пішәні.
Өз кезінде болыс болған Пішәннің артында қалған екі ән - «Ғайша» мен «Дүние шіркін».

– Ей, Жәлменденің Пішәні едім,
Николайдың тұсында кісі-ақ едім.
Кісі ақысы кісіге кетпейді екен,
Талайды мен кезінде қышап едім, - деп бір заманда өзінің жасаған қиянатының өз басына туғанын әнге қосқан әншінің тағдыры Арқа әншісі Мәдимен тағдырлас.

– Қалып ем абақтыны тамұқ па деп,
Қышадым өзімді өзім қамықпа деп.
Құс төсек Пішән жатқан қара жерді,
Қалыпсың енді, міне, мамық па деп.

Пішәннің әні "Ғайша"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:20 0:00
Жүктеп алу

Аққу едім көлдегі,
Сұңқар едім шөлдегі,
Амалым бар ма, әттең, дүние-ай шіркін, - деп сарыла ән салған Пішән совет үкіметі орнағаннан кейін 1921 жылы ату жазасына кесіліпті.

– Көтер Ғайша басыңды төсегіңнен,
Менің көңілім пәс бүгін кешегіден.
Шыға алмайтын тереңге түстім Ғайша,
Көре алмаған дұшпанның өсегінен, - деп басталатын Пішәннің әйгілі әні Сағатбек Медеубековтің айтуынша «Ату жазасына кесілген әншіні Жақа деген татар досы үш күнге кепілге алып, үйіне алып келеді. Үшінші күні таң бозынан келген екі солдат түрмеге қайтадан алып кетеді. Сол тұста шығарған соңғы қоштасу әнінде жаңа орнаған совет үкіметінің әділетсіздігіне деген ақынның ашық қарсылығы анық аңғарылады.

Ерлан Төлеутай: «19 ғасырдың екінші жартысында қалыптаса бастаған Жетісу ән дәстүрін жиырмасыншы ғасырдың басында совет үкіметі желкесінен қиып тастады» деген еді. Сағатбек Медеубеков бұл дәстүрдің үзілмегенін айтты.

– Совет үкіметі орнағаннан кейін өзінің қарсылығын ашық айтқан әншілердің бірі - Ырыскелді Сауданұлы, - дейді Сағатбек Медеубеков.
Жасасын, мына совет жасатады, қорасын мың қойыңның босатады.
– Жасасын, мына совет жасатады,
Қорасын мың қойыңның босатады.
Тақыр жерге тар кепе орнатып ап,
Тасадан байға кедей тас атады.

Бұл совет ең әуелі байды құртты.,
Байлардан мініп тұрған тайды құртты.
Шекараға застава орнатып ап,
Қытайдан келіп тұрған шайды құртты, - деп әндеткен Ырыскелді әнші екі көзі көрмейтін соқыр болған еді, - дейді Сағатбек Медеубеков.

Бірақ артында тек мәтіні қалған бұл өлеңнің әуені сақталмаса керек.

Сол себепті де шығар «Қазақтың мың әні» антологиялық жинағына Ырыскелді Сауданұлынан ешқандай ән енбепті.

«АЛАШ ҚОНҒАН АҚБОЗ ҮЙ БОС ҚАЛДЫ МА...»

Жетісу өңірінен шыққан дәстүрлі ән өнері иелерінің ішінен есімі ерекше аталатын әнші - Қапез Байғабылұлы.

– Алаш қонған ақбоз үй бос қалды ма,
Жетім-жесір қасында дос қалды ма.
Өкінбейін десем де, өзегім бар,
Өтіп кетті дүние қас-қағымда.

Әзәзілге сенді бе,
Айтқанына көндің бе,
Халқым деген Қапезді
Жау деп ұстап бердің бе?!

Қапездің әні "Ай-хой"
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:42 0:00
Жүктеп алу

Итжеккенге айдаған,
Кер заманның әлегі.
Бұлбұл құстай сайраған,
Бұл Қапездің әні еді - деп келетін «Қоштасу» әні, сонымен бірге 1937 жылдың сұрқай күйін айшықтап берген :

– Балалары айырылған, айхой, анасынан,
Аналары айырылған баласынан.
Жетім-жесір жалаңаш, айхой, ашыққан соң,
Дән іздейді сабанның арасынан.
Айхой, ауыр күн-ай,
жазатын күн бар ма екен бауырыңдай,
Қазағым, арылар күн бар ма екен азабыңнан, - деп басталатын зарлы толғауы сол кезеңдегі саяси жүйеге деген әншінің жан әлеміндегі қарсылығынан туғаны аңғарылады.

«ҚАҢҒЫРТҚАН ЕКЕУМІЗДІ ПАТША ҚҰРҒЫР»

Қазақ даласына совет үкіметі орнаған кезеңге дейінгі Жетісу ән өнерінің соңғы өкілі ретінде Кенен Әзірбаев аталады.

– Ең үлкен қарсылық - музыка екенін жақсы сезген большевиктер ел ішінен шыққан өнер өкілдерін баудай қиып түсірді. Солардың арасынан ғайыптан тайып Кенен Әзірбаев қана аман қалды, - деген Ерлан Төлеутай «Кененнің аман қалуына біріншіден әнші-композитордың қарақасқа кедейлігі себеп болса, екіншіден бала күнінен сол кедейлікті мінеп-жырлағаны септігін тигізді» деп санайды.
Кенен Әзірбаев. Фотокөшірме Төрткен Кененқызының "Кенен ата" кітабынан алынды.
Кенен Әзірбаев. Фотокөшірме Төрткен Кененқызының "Кенен ата" кітабынан алынды.

Ал Сағатбек Медеубековтің ойынша, Кенен Әзірбаев тек өз кедейлігіне ғана емес, жалпы әлеуметтік теңсіздікке қатысты күйініш білдірген.

«– Бозторғай,
Шырылдайсың, шіркін-ай,
Құтылар күн барма екен,
Осы қойдан, бір күн-ай , - дегеннің өзінде әлеуметтік теңсіздікке деген қарсылық жатыр емес пе, - деген Сағатбек Медеубеков әншінің «Бұлбұлға » әнін нағыз қарсылық мазмұндағы туынды ретінде атады.

Әнші Жәнібек Кәрменов 1984 жылы «Жұлдыз» журналына жариялаған мақаласында:

– Адамзат ең бірінші ел сағынар,
Елден соң туып өскен жер сағынар.
Туған ел өскен жерім ойдан кетпес,
Әйтпесе, сыйласар қырғыздан да ел табылар, - деп әнші басына күн туып Алатау асып кеткенде шағында өзіне дейінгі дәстүрлі ән өнері иелерінің ізімен сағынышын зар етіп төгіп, мұңын бұлбұлға шағады.

– Ой, бұлбұл, сен де бұлбұл, мен де бұлбұл,
Қаңғыртқан екеумізді патша құрғыр,
Айырылып ел мен жерден жүрген шақта,
Жұбатып ертелі кеш сайра да тұр.

Алатау сағындым-ау самал лебін,
Қордайдың көкседім-ау қоңыр желін, - деп туған жер өскен ортаға сыймай қуғын-сүргін көрген өзі секілді мыңдаған боздақтардың өмірін әне арқау етеді», - деп жазады.

"Бозторғай"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:53 0:00
Жүктеп алу

Әнші осы аталған мақаласында «Борзторғай» әнін де қарсылық мазмұнындағы жырлардың қатарына жатқызады.

«Ән – көзбен көріп, қолмен ұстаған, жүрегіңді улап, ойыңды қажаған, тән мен жанның азап, не рахат сезінісінен туындайды. Бала Кенен оны да басынан кешкен. Тілеп, сұрап алған емес, тіршілік тауқыметінің еріксіз еншілеп кигізген қамыты. Ең алғашқы шығарған әндерінің өзі мойынсұнбауды, бұлқынған қарсылықты танытады» деп жазылған мақалада.

Жетісу өңірінің дәстүрлі ән өнерінің өкілдері ретінде бұдан басқа Қалқа (әйел адам), Сауытбек, Көдек, Бұлшалар аталады. Бұлардың барлығының артында тек бір-екі әннен ғана қалған.
XS
SM
MD
LG