Accessibility links

Қазақша күресті шынайы шоу қылған жоба


2012 жылғы "Қазақстан барысы" Бейбіт Ыстыбаев пен Мұхит Тұрсыновтың белдесуі. Астана, 29 маусым 2014 жыл. Сурет "Қазақстан барысы" жарысын ұйымдастыру комитетінен алынды

2012 жылғы "Қазақстан барысы" Бейбіт Ыстыбаев пен Мұхит Тұрсыновтың белдесуі. Астана, 29 маусым 2014 жыл. Сурет "Қазақстан барысы" жарысын ұйымдастыру комитетінен алынды

Қазақша күрес турнирінің Қазақстандағы шетелдік тележобалардан асып түскен алғашқы жергілікті шоуға айналар түрі бар. Ұйымдастырушылар жобаны биыл 20 миллион телекөрермен тамашалағанын айтады.

Алматылық Әли Құдияр – 2011 жылдан бері жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан «Қазақстан барысы» атты күрес турнирінің тұрақты көрермені. Ол алғашқы екі жобаны телеарнадан тамашаласа, соңғы екеуін көру үшін арнайы Астанадағы «Сарыарқа» спорт кешеніне барған.

«Былтыр және биыл Алматыдан Астанаға арнайы барып, «Қазақстан барысын» спорт кешенінен тамашаладым. Өзіме күрес қатты ұнайды. Күрестен өтетін жарыстарды жібермеуге тырысамын. Бұйырса «Қазақстан барысына» келер жылы да келіп көремін. Осы жарыстан кейін өзім де ақырындап күреспен айналыса бастадым. Спорт залына барып жүргеніме бір жарым жылдан асты. Жарысқа шықпасам да өзім үшін айналысамын» дейді күрес жанкүйері.

«20 МИЛЛИОН КӨРЕРМЕН»

Жарысты ұйымдастырушы Қазақстанның қазақ күресі федерациясының дерегі бойынша, биылғы бәсекені Астанадағы «Сарыарқа» спорт кешенінен 9 мыңнан астам көрермен, ал телеарнадан 20 миллионға жуық адам тамашалаған.

«Билеттің көбі жарыс бітпей жатып сатылып кетті. Зал толы отырды. Шығыс Қазақстан, Атырау, Қызылорда облыстарынан арнайы көрермендер келді. Ресей, Қытайдан жобаны көруге арнайы туристер келді. Қазақстанда екі телеарна және Ресей мен Түркия телеарналары тікелей эфирде көрсетті. Миллиондаған көрермен теледидар арқылы тамашалады. Биыл бұл жобаға дәл осындай деңгейде қызығушылық болады деп күткен жоқпыз» дейді «Қазақстан барысы» жобасының өкілі Ақырыс Сейітқазы.

"Қазақстан барысына" келген көрермендер. Астана, 29 маусым 2014 жыл. Сурет жарыстың ұйымдастыру комитетінен алынды

"Қазақстан барысына" келген көрермендер. Астана, 29 маусым 2014 жыл. Сурет жарыстың ұйымдастыру комитетінен алынды

Қазақша күрес – қазақтардың ұлттық спорт түрі. Күрес ережесі бойынша палуандар тік тұрып белдеседі, табан тіреп ұстасқан сәтте тобықтан қағуға, шалуға рұқсат етіледі, ал ұстасқан бетте қолмен аяқтан ұстауға болмайды. Балуандардың жауырыны толық жерге тисе ғана таза жеңіс болып есептеледі. Бұл спорт түрі алғаш рет 1938 жылы ресми түрде мойындалып, Алматыда өткен колхозшылардың республикалық спартакиадасының бағдарламасына енгізілген.

«Қазақстан барысын» төрт жылдың ішінде көпке танымал еткен сипаттың бірі – бұл жарыстың алғашқы іріктеуші үш кезеңі ел ішінде өтіп, ауылдар мен аудандарды тұтас қамтитынында болса керек. Сұрыптала келе 14 облыс, Астана және Алматы қалаларынан үздік шыққан, жасы 18-ге толған, салмағы 80 келіден асатын екі-екі балуан жарыстың финалдық төртінші кезеңіне қатысу үшін Астанаға сапар шегеді. «Сарыарқа» спорт кешенінде өтетін жарыста балуандардың ұлттық киім киіп, қасқыр терісін жамылып жүруі сияқты дәстүрлі, бәлки экзотикалық нақыштар байқалады. Бапкерлерді қолындағы қамшысынан танисыз.

«СУМОНЫҢ ДЕҢГЕЙІНЕ КӨТЕРІЛЕДІ»

Биыл маусымның 29-ы күні өткен турнирде «Қазақстан барысы» атағын жеңіп алған шығыс қазақстандық Мұхит Тұрсынов бір күннің ішінде жергілікті телеаудитория мен әлеуметтік желілердегі «қаһарманға» айналды. Ол Азаттыққа берген сұхбатында жарыстың өту деңгейі жылдан жылға өсіп келе жатқанын айтты.

"Қазақстан барысы" турнирінің 2014 жылғы жеңімпазы Мұхит Тұрсынов. Астана, 29 маусым 2014 жыл

"Қазақстан барысы" турнирінің 2014 жылғы жеңімпазы Мұхит Тұрсынов. Астана, 29 маусым 2014 жыл

«Былтыр «төрешілер дауы» қатты шу болып еді, биыл бәрі таза өтті. Еш дау дамай болған жоқ. Балуандарға керегі де – таза жарыс. Залдағы көрермендердің саны да былтырғымен салыстырғанда өте көп. Маған әлеуметтік желі арқылы келіп жатқан құттықтаулар да – мыңдаған. «Қазақстан барысы» елдегі күрестің және спорттың дамуына үлкен үлесін қосады деп ойлаймын. Яғни, ауылдағы балалардың күреске баруына септігін тигізеді» дейді енді қазақша күрестен Азия чемпионатына дайындыққа кіріскен балуан.

Биылғы «Қазақстан барысын» арнайы барып тамашалаған спорт шолушысы Бек Төлеуов: «Жапонияда сумодан өтетін басё жарысы өте ірі дода. Бұл жарысты жапон халқы жыл сайын күтеді. Дәл қазір «Қазақстан барысы» да осы деңгейге көтеріліп келе жатыр. «Қазақстан барысының» әлеуметтік желілер мен интернетте талқылануы биыл ерекше» дейді.

«Қазақстан барысы» - қазақ күресін дамыту, насихаттау үшін жасалған коммерциялық жоба. «КТК» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетілетін жарыста жеңіске жеткен балуанға 150 мың доллар сыйақы беріледі. Көзге түскен шебер балуандарға жеке жүлделер тігілген. Турнирдің «Жас барыс» атты балаларға арналған да түрі бар.

Жобаның ұйымдастырушылары автократиялық саяси жүйе орныққан елде қалыптасқан үрдіске сәйкес вебсайтының төменгі жағына жарыстың «президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін» өтетінін жазған. Бірақ бәсекені халық жобасына айналдыратын негізгі фактор «саяси жебеушінің атағы» емес, елдің дәстүрлі спорт түріне деген ықыласы сияқты.

Материалды әзірлеуге Руслан Меделбек қатысты

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG