Accessibility links

Лондон Қазақстан үшін ең маңызды әлемдік орталық болып тұр


British flag
British flag

Қазақстан үшін Лондон ғаламдық бизнеске бастайтын ең маңызды өткел болып қалады. Мұндай қортынды Қазақстанның экономикалық өсімі туралы Британия астанасында өткен үш күндік конференцияда жасалды.

Бұл жиынға қазақстандық бизнес өкілдерімен қатар бірқатар еуропалық және британиялық кәсіпкерлер сондай-ақ, инвесторлар мен саясаткерлер қатысты. “Қазақстанның даму форумы” деген конференция ғаламдық экономикалық дағдарысқа қарамастан, Қазақстан ұсынып отырған мүмкіндіктерге әлемнің қызығушылықпен қарайтынын көрсетті.

Лондонда өткен “Қазақстанның даму Форумы” деп аталған үш күндік жиынға Қазақстан бизнесінің ең жоғарғы өкілдерімен қатар британиялық, еуропалық және халықаралық инвесторлар қатысты. Бұл басқосу Қазақстанға деген өте үлкен ғаламдық қызығушылықтың әлі де жалғасып отырғанын нақтылады. Бұл үш күнде Қазақстанның жетістіктері мен мұнай өндіру, тау-кен өндіру жұмыстарының мүмкіндіктері кәсіпорын, банк қызметі, көлік және коммуникация, сонымен қатар жылжымайтын мүлік пен даму жағдайлары жан-жақты қаралды. Онда Қазақстанды мадақтаумен қатар ашық әрі сыпайы сындар айтылды. Және де ғаламдық экономикалық тұралауға қарамастан, қызығушылық пен мүдделер шектен асып жатты.

“Мен бұл жерге 400-ге жуық британиялық компания қатысып отырғанына ерекше назар аудартқым келеді және бұған шындығында таң болып отырмын. Сонымен бірге мұнда біздің 70 шақты компаниямыздың өкілдері келді. Бұл - өте маңызды. Мен мұнда пікір алмасу мүмкіндігін ғана көріп тұрғам жоқ, бүгінгі талқылаулар барысында білдірілген пікірлер іс жүзінде жүзеге асуы мүмкін”, - деді Ұлыбританиядағы Қазақстанның елшісі Қайрат Әбусейтов.

Қазақстан елшісінің бұл айтқанына жиынға келген басқа да қазақстандық делегаттар қосылып отыр. Ең қызығы, Алматыдағы Халықтық жинақ банкінің өкілі Сейтжан Ермекбаевтың айтуынша, мұндай жиында көптеген кәсіпкерлер үкімет өкілдерімен кездесе алады. Және олар ресми адамдармен алдағы мәселелерін талқылап, шешуге тырысады.

Ермекбаев сияқты көптеген британдық, еуропалық және халықаралық конференцияға қатысушылар бұл жиында ашық талқылаулар болғанын құптап отыр.

Марк Карн, Британ үкіметі тобының Орта Азия және Еуропа бойынша атқарушы директоры:

“Сіз мұнда инвесторлардың ресми өкілдер мен министрлерге айтқандарын тыңдайсыз, олар мүмкіндігінше бірден ашық та айқын жауап береді. Осы форумға негіз болған бизнес өкілдері мен үкімет арасындағы байланыстың ашықтығы, және менің пікірімше, біз Қазақстанға инвестиция салуды қолдаудамыз”.

Лондон конференциясы мен инвестор табу қазақстандық компаниялар үшін маңызды болып отыр. Оның ішінде ең ірі үш компания өздеріне сәтті жағдайда инвестиция тартып отыр. Қазақстанның энергетика және минералды ресурстар министрінің орынбасары Асқар Баталов Қазақ компаниялары үшін инвестор тартуда не себепті Лондон қаласы таңдалғанына байланысты былай деген:

“Біріншіден, олар қазірдің өзінде Қазақстанға 7 млрд доллар салып отыр. Екіншіден, олар шынын айтқанда, біздің инвестициялық климат пен біздің президентке сенетіндер қатарында үшінші болып тұр. Біз осы сенім мен британдық компаниялардың қатысуына алғысымызды білдіреміз. Өйткені, британдық компаниялар инвестиция мен технологияны байланыстырып, жақсы басқара алады, сол себепті біз әрдайым Қазақстанға Британиялық компаниялардың келуін оң қабылдаймыз”.

Британиямен қатар Еуропа, Америка, Таяу Шығыс және Үндістаннан инвесторлар қатысқан бұл конференцияда сонымен қатар Қазақстанның таяудағы экономикалық бағыты сынға алынды. Олар Қазақстандағы өте жоғары 19 пайыздық инфляция мен елдің өсімді бірден төмендетіп жібергеніне, орталық банктердің өсім пайызына байланысты алаңдаушылық білдірді.

Сонымен қатар, айтылған сындар қатарында бизнесте айқындылық пен ашықтықтың жетіспей жатқандығы, әлемдегі коррупция деңгейін анықтап отыратын “Трансперенси интернашнл” ұйымы көрсеткендей, Қазақстанның бақылаудан өткен 179 елдің ішінде сыбайлас жемқорлық жайлаған 150-ші орында тұрғаны айтылған.

Кәсіпкерлікте ашықтық жетіспеуінің талқылануы Лондонда білім алып жатқан қазақстандық студенттердің де үлкен қызығушылығын тудырған сияқты. Экономикалық білім алып жатқан Заурбек есімді студенттің айтуынша, бұл жиын қазақстандықтар үшін де, шетелдіктер үшін де қажетті кездесу.

Сонымен қатар Британияда білімін жетілдіріп жатқан Әділ есімді тағы бір болашақ экономист Қазақстан пресс клубының президенті Әсел Қараулованың сөйлеген сөзін қоштайтындығын білдірді. Онда Әсел Қараулова Қазақстандағы корпоративтік басқаруды, этикалық талаптардың төмендігін, кәсіби байланыстарда түсіністіктің болмауын, қоғамдық пікірдің әлсіздігі мен компаниялардың әлеуметтік жауапкершілік ұғымы шындығында танылмағанын сынға алған. Студент Әділ де осы сындарға қосылатынын айтып отыр.

Айтылған осы және тағы басқа сындарға қарамастан, бұл жиында Қазақстанның келешекте даму мүмкіндігіне үлкен үміт артылған.

“J P Morgan”-ның вице президенті Лорд Ренвик оф Клифтон Қазақстанның қазіргі жағдайдан шыға алатынына өзінің сенетінін айтты:

“Онда жақында Миттал мен мұнай компаниялары, Аксесс Индастриез және басқа да компаниялар хабарлағанындай, біраз үлкен ивестиция болды. Және біз Қазақстанға инвестиция салуға мүдделі болып отырған сырттан көптеген инвесторларды көріп отырмыз”.

Сонымен жоғарыда айтылғандарға қарағанда, осы жылы Лондондағы “Қазақстанның даму форумы” үлкен табысты өтті.
XS
SM
MD
LG