Accessibility links

БТА ісінің сот тыңдауы Мұхтар Әблязовсіз өтті


Алматының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты. Алматы, 17 наурыз 2017 жыл.
Алматының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты. Алматы, 17 наурыз 2017 жыл.

Бұрынғы банкир, Еуропада қуғында жүрген қазақстандық оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязов пен оның серіктеріне қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы Алматының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында өтті.

Алматының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында өткен алдын ала тыңдау жарты сағаттан астам уақытқа созылды. Сот тыңдауы ашық өтетінін мәлімдеген судья Мәртбек Кәкімжанов сотталушылардың төртеу екенін, бірақ олардың бірі - Мұхтар Әблязовтің сотқа қатыспайтынын, іс оның сыртынан қаралатынын айтты. Әблязовтің құқықтарын мемлекет тағайындаған адвокат Анжелика Әжіғұлова қорғап жатыр.

Мұхтар Әблязовсыз басталған процесс
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:33 0:00
Жүктеп алу

АЙЫПТАУ АКТІСІН ЖЕТКІЗУ ДАУЫ

Соттың алдын ала тыңдауына БТА Банк өкілі, үш прокурор, бес адвокат және 20 шақты журналист пен сотталушылар - БТА банк басқармасы төрағасының бұрынғы орынбасары Жақсылық Жарымбетов, осы банктің басқарма төрағасының несие мәселелері бойынша орынбасары болған Қайрат Садықов, БТА басқармасының бұрынғы төрағасы Сәдуақас Мамеш қатысты. Сотталушылар ішінде Жақсылық Жарымбетов қаңтарда Түркиядан экстрадицияланған болатын. Олар зот залындағы сотталушылар отыратын арнайы қоршауда емес, адвокаттарға арналған орындарда өздерінің қорғаушыларымен бірге отырды. Адвокаттар мәліметіне қарағанда, олардың ешқайсысы абақтыға қамалмаған. Жақсылық Жарымбетов ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүр, Қайрат Садықов - үй қамақта, Сәдуақас Мамеш кепілге босатылған. Сотталушылар мен адвокаттар журналистердің видео және фото түсіруіне қарсы екендерін айтты.

Әблязовтің ісі

ӘБЛЯЗОВ ІСІ

2009 жыл - 2005-2009 жылдары "БТА банкін" басқарған Мұхтар Әблязов банкті Қазақстан үкіметі мемлекет меншігіне алған соң Лондонға кетті.

2011 жыл - Ұлыбритания Қазақстан президенті Назарбаевты сынайтын оған ​саяси баспана берді. Қазақстан Әблязовті 6 миллиардтай АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, Ұлыбритания сотына жүгінді. Әблязов істің "саяси астары" бар деп мәлімдеді. Қазақстан Ұлыбританияға оны экстрадициялау туралы өтініш түсірді.

2012 жыл - Ақпанда Лондон соты Әблязовті "сотты құрметтемегені" үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім етті. Әблязов бой жасырды. Лондон соты Әблязовтен БТА пайдасына 2,1 миллиард доллар өндіруге үкім шығарды.

2013 жыл - Шілдеде Әблязов Францияда Украина талабы бойынша ұсталды.

2014 жыл - Қаңтарда Франция соты Әблязовті Ресей мен Украинаға экстрадициялауға үкім етті. Францияның кассациялық соты ол үкімді тоқтатты. 24 қазанда Лион соты оны Ресей мен Украинаға экстрадициялауға санкция берді.

2015 жыл - Қыркүйекте Әблязовті экстрадициялау туралы бұйрыққа Франция премьері Мануэль Вальс қол қойды.

2016 жыл - Желтоқсанда Франция мемлекеттік кеңесі Әблязовті Ресейге экстрадициялау туралы бұйрықтың күшін жойды. Желтоқсанның 10-ы ол абақтыдан босады.

2017 жыл - Қазақстан Әблязовке "ұйымдасқан қылмыстық ұйым құрды" деген айып тағып, шығынды 7,5 миллиард доллар деп мәлімдеді. 2017 жылы оны Қазақстан тергеуге шақырды, бірақ Әблязов келмеді.

2017 жыл - 7 маусымда Алматы соты Әблязовті "БТА банкіндегі қаржы жымқыру" ісі бойынша сырттай 20 жылға соттады.

2018 жыл - Қазақстан билігі қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын экстремистік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салды.

Мұнан соң судья Мәртбек Кәкімжанов сотталушылардан сотты Әблязовтің қатысуынсыз жалғастыруға қалай қарайтындарын сұрады. Сотталушылар қарсылық білдірмеді.

Мұнан ары судья адвокаттардан қандай да бір өтініштері бар-жоғын сұрады. Адвокат Анжелика Әжіғұлова Әблязовтің қайда екенін білмейтінін меңзеп, қорғауындағы азаматқа "айыптау актісін прокурор каналдары арқылы жеткізу" жөнінде өтініш түсірді. Бұған мемлекеттік айыптаушы прокурор Баймағамбетов "Әблязовті бір-екі рет шақырдық, айыптау актісі сізге берілді, сол жеткілікті" деп, қарсы шықты. Қайрат Садықовтың адвокаты "Әблязовке Facebook желісі немесе басқа да ақпарат құралдары арқылы айыптау актісін жеткізу керек" деген ұсыныс айтты.

Ал БТА банк басқармасы төрағасының бұрынғы орынбасары, сотталушы Жақсылық Жарымбетовтың адвокаты Нұрлан Өстеміров қорғауындағы азаматқа қарсы қозғалған қылмыстық істі тоқтату туралы өтініш жасады. Бұған прокурорлар және БТА банк өкілі қарсы болып, оның "кінәсі дәлелденгенін" айтты. Ал қалған адвокаттар Жарымбетовтың қылмыстық ісін қысқарту туралы өтінішті "жалпы қолдайтындықтарын" білдірді. Тек сотталушы Қайрат Садықовтың адвокаты Жарымбетовтың тергеу кезінде қорғауындағы азамат туралы айтқан жауаптарымен келіспейтінін мәлімдеді. Қаңтар айында Түркиядан алдырылған Жақсылық Жарымбетов "Әблязовтің қылмысына қатысы жоғын" айтып, тергеуге болысатынын мәлімдеген болатын.

БТА банк басқармасының бұрынғы төрағасы, сотталушы Сәдуақас Мамештің адвокаты Клименко "айыптау актісін наурыздың 16-сы күні ғана алғанын" айтып, іспен танысуға уақыт беруді, сот отырыстары мерзімін өзгертуді сұрады.

Азаттық тілшісі Әблязовтің адвокаты Анжелика Әжіғұловадан "Мұхтар Әблязовпен байланыс орнатқан-орнатпағанын" сұраған еді. Адвокат бұл сауалға жауап беруден бас тартып, өзінің мемлекет тағайындаған қорғаушы екенін білдірді.

Судья өтініштердің ақылдасу бөлмесінде қаралатынын, ал соттың негізгі отырыстары қашан басталатынын наурыздың 18-і сағат 10-да хабарлайтынын айтып, кеңесу бөлмесіне шығып кетті. Бұл сот Алматының Қарасай батыр көшесіндегі бұрынғы "Демократия үйі" ғимаратында орналасқан.

"БТА Банктегі" қаржы жымқыруға" қатысты қылмыстық іс бойынша Әблязов "қылмыстық қоғамдастық құру, оған басшылық жасау", "БТА Банк қаржысын жымқыру және оның ізін жасыру", "банк қаржысын заңсыз пайдалану" және "қызмет бабын теріс мақсатта пайдалану" баптары бойынша күдікті деп танылған.

Коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы бұған дейін тергеу барысында "жымқырылған қаржы тұрғындардың зейнетақы жинақ қорындағы ақша, жеке жинаған ақшалары және шетелдік қаржы институттарынан алынған займдар болғаны айқын дәлелденгенін" хабарлаған. Қылмыстық іс 2224 томды құрайды.

2017 жылы ақпанның 2-сі күні Қазақстанның коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы қуғындағы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовке қатысты мәлімдеме жасап, "Банктен жымқырылған қаржыны заңдастырудың жаңа схемалары ашылды. Анықталған фактілер Әблязов құрамына бірнеше ұйымдасқан қылмыстық топ кіретін, Қазақстан территориясы мен шетелдерде қатар әрекет ететін қылмыстық қауымдастық құрып, басқарды деген күдікті ұлғайта түседі" деген еді.

Мұхтар Әблязов өзінің бұл айыптарды мойындамайтынын, өзін қудалаудың саяси астары бар екенін бұған дейін бірнеше рет мәлімдеген.

СЫРТТАЙ СОТТАУ

Коррупцияға қарсы қызмет биыл Әблязовті екі рет - 2 ақпан мен 14 ақпан күндері Астанаға тергеуге шақырған. Бірақ бұрынғы банкир екі шақыртуға да келмеді. Прокуратура Әблязов шетелде жасырынып жүргендіктен және бұған дейін шақыртқан тергеуге келмегендіктен оған қатысты істің сырттай, өзінің қатысуынсыз қаралатынын наурыздың 3-і күні мәлімдеген еді.

Францияда 2013 жылдың жазынан бері үш жылдан аса уақыт қамауда болған Мұхтар Әблязов 2016 жылы желтоқсанның 9-ы бостандыққа шыққан. Сол күні Франция мемлекеттік кеңесі Мұхтар Әблязовті экстрадициялау туралы үкім күшін жойғаны туралы шешім жариялаған. Мемлекеттік кеңес бұл шешімді БҰҰ-ның азаптау істерін тексеру жөніндегі арнайы уәкілі Нильс Мельцер Франция билігін қамауда отырған Мұхтар Әблязовті Ресейге экстрадицияламауға шақырғаннан кейін қабылдаған. Мельцер мәлімдемесінде: "Франция қандай да бір адамды азаптауға ұшырау мүмкіндігі жоғары елге беріп жібермеуі тиіс" деген.

Бостандыққа шыққан Мұхтар Әблязовтің (ортада) туыс-туғандары және достарымен дастархан басында отырған сәті. 9 желтоқсан 2016 жыл.
Бостандыққа шыққан Мұхтар Әблязовтің (ортада) туыс-туғандары және достарымен дастархан басында отырған сәті. 9 желтоқсан 2016 жыл.

Мұхтар Әблязов Францияның оңтүстігінде Украина мен Ресейдің қаржылық алаяқтық туралы айыптауы негізінде қамауда отырды. Ресей мен Украина Франциядан оны қайтаруды сұраған. Қазақстан Франциямен экстрадиция туралы келісім жасаспаған. Ресей бас прокуратурасы Әблязовті экстрадицияламау туралы шешімге "негізсіз, халықаралық құқық нормаларына сай емес және бұған дейінгі француз сотының шешіміне қайшы" деп наразылығын білдірген.

Мұндай сырттай сот Қазақстан бірінші рет өтіп тұрған жоқ. 2001 жылы Астана соты Қазақстанның Ұлыбританияда тұратын бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдинді коррупцияға қатысты айыптап, мүлкін тәркілей отырып, 10 жылға бас бостандығынан айыруға сырттай үкім шығарған. Қажыгелдин тағылған айыптарды теріске шығарады.

2008 жылы Қазақстан соты президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиевті де сырттай соттаған. Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) төрағасының орынбасары, сыртқы істер министрі орынбасары, Қазақстанның Австриядағы елшісі қызметтерін атқарған Рахат Әлиев "Нұрбанк ісі" және "мемлекеттік төңкеріс жасау" айыбы бойынша 20 жылға сырттай сотталған. Айыптаулардың саяси астары бар деп мәлімдеген Әлиев 2015 жылы Австрия түрмесінде өлі күйінде табылды. Австрия билігі Әлиев "өзін өзі өлтірді" деп мәлімдеді, ал сарапшылар мен патологоанатом маманы оны өлтірген деп санайды.

XS
SM
MD
LG