Accessibility links

Қаза тапқан полицейдің әкесі БҰҰ-ға шағымданбақ


Қаза тапқан ақтаулық полицей Әділет Тұрсынбековnің әкесі Алшынбай Ыбырай. Алматы, 25 желтоқсан 2013 жыл.
Қаза тапқан ақтаулық полицей Әділет Тұрсынбековnің әкесі Алшынбай Ыбырай. Алматы, 25 желтоқсан 2013 жыл.

Қаза тапқан ақтаулық полицейдің әкесі Алшынбай Ыбырай баласының қазасына қатысты шыққан үкімнің күшін жоюды үшінші жыл талап етіп келеді. Ол сот «тым жеңіл әрі заңсыз үкім шығарды» деп санайды.

Енді оның бұл уәжін жоғарғы сот қолдамаса, ол БҰҰ-ның адам құқығы комитетіне шағымданбақ.

Маңғыстау облысы ішкі істер департаменті (ІІД) қызметкері, 24 жастағы аға лейтенант Әділет Тұрсынбеков ҰҚК-нің (Ұлттық қауіпсіздік комитеті - ред.) екі қызметкері қатысқан жанжал кезінде ауыр жарақат алды. Ол есін жимастан 2011 жылдың қаңтар айында ауруханада қайтыс болды.

Алшынбай Ыбырайдың баласы Әділет Тұрсынбековпен (сол жақта) түскен суреті. Алматы, 30 қаңтар 2013 жыл.
Алшынбай Ыбырайдың баласы Әділет Тұрсынбековпен (сол жақта) түскен суреті. Алматы, 30 қаңтар 2013 жыл.
Бұл істің бір ерекшелігі, Алшынбай Ыбырайдың өзі де бұрын полицияда істеп, подполковник шенінде зейнетке шыққан. Ол «балам мафияның қолынан қаза тапты, ал олар тиісті жазаын алған жоқ» деп санайды. Кассациялық соттан өткен ол енді жоғарғы сот қолдамаса, БҰҰ-ның адам құқығы комитетіне шағымданбақ.

ІІД ЖАНЫНДА ПОЛИЦЕЙДІ СОҚҚЫҒА ЖЫҒУ

Ақтаулық полицейдің қазасына әкелген жанжалға қатысқан алты жігіттің арасында ҰҚК-нің екі қызметкері де болған. Іс материалдарына сәйкес, 2010 жылы желтоқсанның 23-і күні түнгі екілер шамасында ІІД ғимаратында жұмыс орнында отырған Әділет Тұрсынбековті ҰҚК қызметкерлері сыртқа шақырып алған.

Жігіттердің түн ортасында не туралы дауласқаны туралы әр түрлі болжам айтылды. Тергеу дерегінше, Ақтау қаласындағы күзет компанияларының бірінде жұмыс істейтін Қайрат Айтпаев бетінен жұдырықпен бір рет ұрған Тұрсынбеков сол жерде құлап, есінен танып қалған. Ал қылмыс орнында болғандар төбелеске қатыспағандарын мәлімдейді. Ауыр жарақаттан есін жимаған Тұрсынбеков екі аптадан кейін қайтыс болды.

Қылмысты тергеу талай жылға созылған сот процесіне ұласып, алғашқы сот инстанциясында үш мәрте қаралды. Алғашқы сот инстанциясы Алшынбай Ыбырайдың шағымы негізінде үкімді бірнеше мәрте өзгертті. Әуелі қылмысқа қатысы бар деп танылғандардан жалғыз Қайрат Айтпаев қана сотталды. Бірақ Алшынбай Ыбырайдың үкімге қатысты шағымдарынан кейін сот үкімдері күшейтіліп, бұл іске қатысы бар басқа адамдар, оның ішінде ҰҚК бұрынғы екі қызметкері де түрмеге кесілді. Ақыры, 2013 жылдың қазанында Қайрат Айтпаевпен бірге ҰҚК-нің бұрынғы қызметкерлері Ренат Бердалиев пен Самат Сабалақов та сотталды. «Өкілетін асыра пайдаланды» деген айыппен екеуі тиісінше алты және төрт жылға, ал Айтпаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Әділет Тұрсынбеков соққыға жығылған сәтте қылмыс орнында болған, уақытша жұмыс істемейтін Мейрам Рахметов, Илья Гугиев және Мақсат Айтуар тағылған айыптар бойынша толық ақталып, сот залынан босатылды.

Қаза тапқан полицейдің әкесі үшінші сот шығарған үкімге наразылық білдіріп, одан жоғары сот инстанцияларына шағымданды. Биыл наурыздың 7-сі күні әскери соттың төрағасы Сәкен Абдуллаев және мүшелері Владимир Рычков пен Қуаныш Саманбетов қатысуымен өткен кассациялық алқа Алшынбай Ыбырайдың шағымын орындаудан бас тартып, үкімді күшінде қалдырды.

ЕНДІГІ МАҚСАТ – БҰҰ

Алшынбай Ыбырай баласын «ҰҚК-нің бұрынғы қызметкерлері Ренат Бердалиев пен Самат Сабалақов негізгі рөл атқарған ұйымдасқан қылмыстық топ өлтірді» деп есептейді. Ыбырай «Баламды бандамен ымыраға келмегені үшін, оның заңсыз бұйрықтарына көнбегені үшін өлтірді. ҰҚК бірнеше жыл бойы «офицер деген атты кірлетті» деген жалған уәжбен Бердалиев пен Сабалақовты қылмыстық жазадан құтқарып қалуға тырысты. Бірақ кейін олардан жария түрде бас тартқанымен, екеуі жеңіл-желпі жазамен құтылды» дейді.

Солдан оңға қарай: ҰҚК-нің бұрынғы қызметкерлері Самат Сабалақов, Ренат Бердалиев; оң жақта: күзет фирмасының қызметкері Қайрат Айтпаев. Алматы, 30 қаңтар 2013 жыл.
Солдан оңға қарай: ҰҚК-нің бұрынғы қызметкерлері Самат Сабалақов, Ренат Бердалиев; оң жақта: күзет фирмасының қызметкері Қайрат Айтпаев. Алматы, 30 қаңтар 2013 жыл.
​- Бердалиев пен Сабалақовты «кісі өлтіруді ұйымдастыру және кісі өлтіруге қатысу» бабы бойынша соттау керек еді. Бірақ екеуін «қызмет өкілеттігін асыра пайдаланды» деген бап бойынша ғана айыптап, жеңіл-желпі жаза кесті,- дейді Алшынбай Ыбырай.

Бұл іс қайта қаралған кассациялық алқа отырысынан кейін сотталғандар мен ақталған адамдардың адвокаттары «айтарымызды кассациялық сотта айттық» деген уәжбен Азаттық тілшісіне комментарий беруден бас тартты. Ал ҰҚК Ыбырайдың уәждерімен келіспейді.

Ыбырай Азаттық тілшісіне «ҰҚК қызметкерлерінің тікелей қатысуымен баламды өлтірген ұйымдасқан қылмыстық топтың қатаң жазаға тартылуына күш саламын» дейді. Ол осы мақсатына жету үшін соңғы үш жыл бойы күресіп келеді.

Алшынбай Ыбырай БҰҰ-ның адам құқығы комитетіне шағым жолдамақ. Бұл үшін енді елдегі соңғы сот инстанциясы - Қазақстанның жоғарғы сотына жүгіну ғана қалды. 1998 жылы Қазақстан БҰҰ-ның азаптауларға қарсы конвенциясына, кейін халықаралық азаматтық және саяси құқықтар пактісіне қосылғаннан кейін азаматтардың халықаралық құқықтық органға жүгіну мүмкіндігі пайда болды. Қазірге дейін бірнеше азамат бұл мүмкіндікті пайдаланып үлгерді. БҰҰ-ның адам құқығы комитеті шағымданған азаматтардың істерін әділдікпен қайта қарауды міндеттеп, Қазақстанның сот органдары мен үкіметіне қатысты шешім шығарды.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG