Accessibility links

«Аянға ақша берген» Төлешов «көмекшілерінің» соттағы сөзі


Cот залында тұрған белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян. Макс Боқаев Қазақстан конституциясын көрсетіп тұр. Атырау, 18 қазан 2016 жыл.

Cот залында тұрған белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян. Макс Боқаев Қазақстан конституциясын көрсетіп тұр. Атырау, 18 қазан 2016 жыл.

Қазанның 18-і күні Атырауда «жер реформасына қарсы шеруді ұйымдастырды» деген жергілікті белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның сотында Тоқтар Төлешовтің «ақша тасыған» көмекшілерінен жауап алынды.

Таңертеңгі 10-да басталған сот процесі сотталушылар мен олардың адвокаты және істі жүргізуші судья мен прокурорлар арасындағы қызу полемикамен өтті.

ОРЫНДАЛМАҒАН ӨТІНІШТЕР

Бірінен кейін бірі сөз алған сотталушылардың адвокаттары бұған дейінгі жасаған өтініштерін қайталап, келесі жауапталуы тиіс шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешовтің «100 мың АҚШ долларын Талғат Аянға жеткізген» екі көмекшісі Нұрғали Досанбаев пен Олжас Бекбауовты Атыраудағы сот залында жауаптауды сұрады.

Талғат Аян «өзіне ақша берген» адаммен тікелей сөйлескісі келетінін және бұл жерде оның тағдыры шешіліп отырғандықтан, өтінішінің орындалуын талап ететінін айтты.

- Егер менің талабым орындалмаса, аштық жариялауға мәжбүр болатынымды ескертемін жән сотқа қатысудан бас тартамын,- деді ол.

Оны қолдаған Макс Боқаев «Досанбаев пен Бекбауовтың Атырауға келуі істің әділ шешілуіне септігі тиетінін әрі олардың жүріп-тұруына ешқандай заңдық шектеу қойылмағанын» айтты.

- Талғат Аян тікелей, мен жанама түрде «ақшаға жалданушылар» ретінде айыпталып отырмыз, ұятымыз аяққа тапталып отыр,- деді Макс Боқаев.

Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісін қарап жатқан судья Гүлнәр Дәулешова. Атырау, 12 қазан 2016 жыл.

Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісін қарап жатқан судья Гүлнәр Дәулешова. Атырау, 12 қазан 2016 жыл.

Прокурорлар Құрмет Сыдықов пен Марат Хабибуллин судьядан бұл өтінішті қанағаттандырмауды сұрады.

- Онлайн жауап алудың көзбе-көз жауаптаудан айырмасы жоқ. Сотталушылар куәларға қысым бар деп санаса, онлайн кезінде сұрап білуіне болады. Олар күмәнданса қайтеміз, осы жерде де күмәнданатын болады, -деді Құрмет Сыдықов.

Судья Дәулешова тараптардың пікірін тыңдай отырып өтініштердің қанағаттандырылмайтыны туралы шешім қабылдағанын айтты.

- Бекбауов пен Досанбаев жеке және отбасылық жағдайына байланысты келе алмайтындықтан, олар онлайн арқылы жауапталатын болады,- деді Гүлнар Дәулешова.

Макс Боқаев сөз сұрап, өзінің 15 күн бұрын жазған, істің 73, 74, 75-томдарымен таныстыруды сұраған өтінішіне жауап ала алмай отырғанын айтты. Прокурор оларға іспен танысуға уақыт берілгенін ескертті.

Ал судьяның айтуынша, 73,74,75-томдарда тек адвокаттар мен кей адамдардың өтініштері бар, олармен сот процесінен соң таныса алады.

Солдан оңға қарай: Талғат Аян мен Макс Боқаев сот залында отыр. Атырау, 12 қазан 2016 жыл.

Солдан оңға қарай: Талғат Аян мен Макс Боқаев сот залында отыр. Атырау, 12 қазан 2016 жыл.

Мұнан соң Макс Боқаев денсаулығы нашарлап кеткенін айтып, дәрігер көмегін сұрады. Үзілістен кейін қайта жалғасқан сот процесінде бауыр ауыруына байланысты ем алған Боқаевтың денсаулығы нашарлауы себепті тағы екі сағатқа үзіліс жарияланды.

Түстен кейін Макс Боқаев пен Талғат Аян сотқа қатысудан бас тартты. Олардың позициясын қолдаған адвокаттардың да сот залынан шығатындары туралы мәлімдемесін істі жүргізген судья Гүлнәр Дәулешова «сотқа жасалған қысым деп бағалайтынын» мәлімдеді.

- Адвокаттар әрекеті - сотқа жасалған қысым әрі құрметтемеу. Сотталушылар сотты құрметтемегендіктен, осындай әркетке барды, - деді судья.

Прокурорлар адвокаттардың қорғаудан бас тарта алатындарын, бірақ сот залынан шығып кетуге құқықтары жоқ екендіктерін ескертті. Адвокаттар сот залында қалғанымен, сот отырысының барысында белсенділік танытпады.

ДОСАНБАЕВТЫҢ ЖАУАБЫ

Мұнан ары Төлешовтің «ақша тасыған» көмекшілерінен онлайн жауап алу басталды. Бірақ бұл кезде сот отырысына қатысудан бас тартқан Макс Боқаев пен Талғат Аян сот залында болмады.

Сот отырысында айтылған мәліметке қарағанда, «42 жастағы Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы Нұрғали Досанбаев 2015 жылы желтоқсанда «Шымкентсыра» фирмасында іс басқарушы міндетін атқарған». Онлайн желі арқылы жауап берген ол «басты міндеті Тоқтар Төлешовтың төрт жұбайы , 14 баласы мен туыстарына қызмет көрсету болғанын» хабарлады.

Сотта куәлік беріп жатқан Тоқтар Төлешовтің іс басқарушысы Нұрғали Досанбаев. Атырау, 18 қазан 2016 жыл.

Сотта куәлік беріп жатқан Тоқтар Төлешовтің іс басқарушысы Нұрғали Досанбаев. Атырау, 18 қазан 2016 жыл.

- Тоқтар Төлешов Қырғызстандағы, Украинадағы жағдайларды жиі айтып отыратын. Сондай жағдайларды Қазақстанда да жасауға болады деген ойы болды... Ол үлкен қаржы иеленгендіктен, тұтқындалса да жақын адамдары арқылы 2016 жылы жер мәселесіне байланысты оқиғаларға ықпал ете алды, - деді Досанбаев.

Досанбаевтың сөзінше, «жер туралы заң қаралып жатқан кезде Тоқтар Төлешов оған атыраулық Талғат Аянмен байланысқа шығуды тапсырған».

- Қарашаның соңында маған Атыраудағы Талғат Аянға сәлемдеме беру керек екенін айтты. 150 мың доллардың 100 мыңын қолма-қол беруді, қалғанын алып қалып, кейінірек беруді тапсырды, - деді ол.

Досанбаевтың сөзінше, «оған ақшаны Төлешовтің қаржыгері Волков берген». Ол «ақшаны санамаған, тек пакетте 15 қораптың бар екенін көрген».

Тоқтар Төлешов (алдыда).

Тоқтар Төлешов (алдыда).

- Төлешовтен Аянның банк карточкасын сұрадым. Төлешов із қалдымай қолма-қол тапсыруды талап етті. Көмекшім Олжас Бекбауов Ақтауға сұранып жүрген. Оған «осы сәлемдемені Атыраудағы Аянға жеткізсең ғана рұқсат етемін» дедім,- деді Досанбаев.

Оның айтуынша, ол «қара пакетке ақшаны орап, құжатпен және ескі үлгідегі ұялы телефонмен Бекбауовқа берген».

- Телефонмен хабарласпа, істі бітірген соң келіп баяндайсың дедім. Кейін одан қалай орындалғанын сұраған жоқпын, ол «орындадым» деді, мен оған сенемін, -деді ол.

Нұрғали Досанбаевтың сөзінше, ол Талғат Аянды бұрын білмеген. Кейін жер мәселесі көтеріле бастағанда Тоқтар Төлешовтің бұрынғы тасырмалары есіне түсіп, оқиғаны интернет арқылы білген.

«КӨЗІНЕН ТАНЫДЫМ»

Нұрғали Досанбаевтың көмекшісі Олжас Бекбауов та Шымкенттің тумасы. Ол «жаңа жыл қарсаңында концерт ұйымдастыруға Ақтауға барғанын, сол кезде Атырауға сәлемдеме апарып беруге тапсырма алғанын» айтты.

Атыраудағы сот барысын журналистер бөлек бөлмеге орнатылған монитор арқылы бақылап отыр. Атырау, 13 қазан 2016 жыл.

Атыраудағы сот барысын журналистер бөлек бөлмеге орнатылған монитор арқылы бақылап отыр. Атырау, 13 қазан 2016 жыл.

- Маған ақша салған пакетпен бірге DHL пакеті мен телефон берді. Атырауға келген соң телефондағы нөмірге хабарласып, Талғатпен «Орда» деген сөзбен байланысты атауы бар мейрамханада кездестім. Мен құралпас жігіт екен, танысып, сәлемдемені бердім де кетіп қалдым. Қаладан шыққан соң нұсқау бойынша телефонды лақтырып жібердім. Шымкентке келген соң тапсырманы орындағанымды айттым,- деді Бекбауов.

Оның сөзінше, «Талғат Аянды бұрын білмеген. Қанша ақша бергенін нақтыламаған, пакетті ашпаған, санамаған».

- Кейін менен жауап алғанда бірнеше фото көрсетті. Мен Талғатты тек көзінен таныдым,- деді ол.

Судья осы кезде Бекбауовтан «Сіз Талғатты қандай белгілеріне қарап таныдыңыз? Ақшаны қай уақытта бердіңіз, ол кезде күн қараңғы болды ма? Сіз Ақтауға немен жеттіңіз?» деп сұрады. Бекбауов «Күн қараңғы болды. Күміс түсті Audi маркалы таксимен келдім, көлік нөмірін білмеймін. Ол стандартты киіммен келді, курткасы, басында шапкасы болды. Шапкасы трикотаж болған сияқты. Жалғыз келді» деп жауап берді.

Судья келесі сот процесінде онлайн арқылы тағы екі алматылық куәгер Ринат Кибраев пен Марлен Есілбаевтан жауап алынатынын хабарлады.

Азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянға қатысты сот қазанның 12-сінде басталған. Сотта куәгер, "билікті күшпен басып алмақ болды" деп айыпталған шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешовтен онлайн жауап қазанның 17-сі күні алынып, ол «Талғат Аянға көмекшілері арқылы ақша бергенін» айтқан еді. Кәсіпкердің соттағы сөзін Азаттықтың «Макс Боқаев пен Талғат Аянның сотында Тоқтар Төлешов жауап берді» деген мақаласынан оқи аласыз.

ҰҚК көрсеткен "кәсіпкер Тоқтар Төлешевтің құрған қылмыстық тобынан тәркіленген қару-жарақ". Астана, 11 шілде 2016 жыл.

ҰҚК көрсеткен "кәсіпкер Тоқтар Төлешевтің құрған қылмыстық тобынан тәркіленген қару-жарақ". Астана, 11 шілде 2016 жыл.

2016 жылғы қаңтардың соңынан бері тергеу абақтысында отырған Тоқтар Төлешовке «трансұлттық қылмыстық топты қаржыландырған және қаруланған топ құрып басқарған, оның басшылығындағы қылмыстық топ адам өлтіру, қастандық жасау, адам ұрлау, заңсыз бостандықтан айыру, қарақшылық қылмыстарын жасаған» деген айып тағылған болатын. Кейін оған «жер дауына қатысты митингілерді қаржыландырды» деген тағы бір айып тағылды.

Боқаев пен Аян сәуірдің 24-і күні Атырауда жер реформасына қарсылық митингісінен соң қамауға алынған. Оларға әуелде «Билікті басып алу және ұстап тұруға насихаттау немесе ашық түрде шақыру» айыбы тағылған болатын. Шілде айында белсенділерге тағылған айыптар өзгертіліп, олардың ісі «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздық тудыру» және «жиналыс, митинг, пикет, шеру, демонстрация өткізудің тәртібін бұзу» баптары бойынша қаралатын болған. Азаматтық белсенділер бұл айыптарды мойындамайды.

ВИДЕО: Атыраудағы «жер сатуға қарсылық» жиыны (видео сәуір айында түсірілген)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG