Accessibility links

«Исламшыл» деп айыпталушының соты орыс тілінде өтеді


Сәкен Тулбаевтың сотынан түсірілген сурет. Алматы, 16 маусым 2015 жыл.

Сәкен Тулбаевтың сотынан түсірілген сурет. Алматы, 16 маусым 2015 жыл.

Қазақстанда тыйым салынған «Таблиғи жамағат» ұйымы мүшесі деген айыпталушының соты орыс тілінде қайта басталды. Сотталушы қазақ тілінде жауап беруден бас тартқан.

Алматы тұрғыны Сәкен Тулбаев ертеректегі сот отырысында «орыс мектебінде оқығандықтан, кейбір заң терминдерін түсінбеймін» деп мәлімдеген. Тулбаевқа «діни алауыздық қоздырды» және «қызметіне тыйым салынған «Таблиғи Жамағат» діни ұйымына мүше болды» деген айып тағылған. Қазақстанда сот бұл ұйымды экстремистік әрі исламшыл ретінде танып, қызметіне тыйым салған.

КІСЕН МЕН ТУҒАН КҮН

Прокуратураның мәлімдеуінше, ақпанның 6-сы күні жұма намазынан кейін Алматы қаласындағы Жандосов және Розыбакиев көшелері қиылысында салынған жаңа мешіт жанында Сәкен Тулбаев мешіттен шыққан екі жас жігітке әлдебір парақшалар берген. Жігіттердің біріне діни мазмұндағы кітапша да ұстатқан. Кейін олар әлгі парақтар мен кітапшада Қазақстанда тыйым салынған «Таблиғи жамағат» ұйымы атауы жиі кездеседі деп Алматы қаласы ішкі істер департаментіне арыз жазған.

Прокурордың сотта мәлімдеуінше, ақпанның 11-і күні Тулбаевтың пәтерінде жүргізілген тінту барысында діни кітаптар табылған. Прокурордың айтуынша, сараптама «Сәкен Тулбаев таратқан және оның пәтерінен табылған кітаптар - діни-экстермистік мазмұндағы әдебиеттер» деген қорытындыға келген. Енді ол бірнеше жылға сотталуы мүмкін.

Тулбаев «діни алауыздық қоздырды» айыбы мен Қазақстанда тыйым салынған «Таблиғи Жамағат» ұйымына мүше болғанын жоққа шығарады.

Сәкен Тулбаевтың әйелі Румина Фахрудинова күйеуін туған күнімен құттықтап жатыр. Алматы, 16 маусым 2015 жыл.

Сәкен Тулбаевтың әйелі Румина Фахрудинова күйеуін туған күнімен құттықтап жатыр. Алматы, 16 маусым 2015 жыл.

Қамауға алынған сотталушы Сәкен Тулбаевты маусымның 16-сы күні сот залына әдеттегідей қолына кісен салып, айдауылдар әкелді. Оның қолындағы кісенді шешкен соң, Румина Фахрудинова күйеуін құшақтап, 46 жасқа толған туған күнімен құттықтады.

Судья сотталушының өтініші бойынша енді сот процесі орыс тілінде жүргізілетінін жариялады. Прокуратура іс материалдарын қазақ тілінен орыс тіліне аударуға үлгеріп әрі сотталушы мен оның адвокаты танысып шығуы үшін сот отырысына жарты айдан астам үзіліс жарияланған.

МЕШІТ МІНЕЗДЕМЕСІ

Сәкен Тулбаевтың адвокаты Жандос Бұлхайыр сотқа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы басшыларының бірі берген діни мінездемені ұсынды. Мінездемеде «Сәкен Тулбаев - ханафи мәзхабын ұстанатын мұсылман» деп көрсетілген. Прокурор Асхат Есенов бұл мінездемеге қарсылық білдірді. Судья Арай Нұғманова мінездемені іс материалына қосу-қоспау мәселесіне қатысты шешімін жарияламады.

Сотта айыптаушы тараптың екі куәгері тергелді. Олар сотталушымен бала кезден дос болған. Екеуі де көлік жүргізушісі болып жұмыс істейді. Әуелі куәгер Р.К.-дан жауап алынды. Ол бұдан ертеректе прокурор Асхат Есенов жариялаған айыптау актісіндегі «Сәкен Тулбаев оған 10 шақты парақша мен бір кітапша, ал досы М.А.-ға парақшалар ғана берген» деген мәлімдемені растады.

Куәгер Р.К. сол күні кешкісін парақшаларды оқып отырып, онда «Таблиғи Жамағат» атауы жиі кездесетінін байқап, сезіктенген соң, оның Қазақстанда тыйым салынған ұйым екенін интернет арқылы анықтағанын» айтады. Бұдан кейін ол М.А. досына хабарласып, екеуі әлгі парақшалар мен кітапшаны экстремистік мазмұндағы әдебиет деп ұйғарып, Алматы қаласы ішкі істер департаментіне жүгінуді жөн көрген

«ВАХХАБИЗМНІҢ ҚАНДЫ ІЗІ» КІТАПШАСЫ

Сәкен Тулбаевтың пәтерін тінту кезінде табылған «Вахабизмнің қанды ізі» кітапшасы мен өзге кітаптарға «экстремистік мазмұндағы әдебиет» деген сараптамалық ұйғарым шығарған дінтанушы және филолог маманның тұжырымы сотта түстен кейін тыңдалды. Сотталушы мен оның адвокаты «Ваххабизмнің қанды ізі» кітапшасы мазмұнын экстремистік деп санаған сарапшылармен дауласты.

Сотталушы мен оның адвокаты «Атауы мұндай кітапша кез келген мешітте бар. Ал оның мазмұны мешітке келушілерге ваххабизмнің қауіпті екенін ескертіп, оның экстремистік мәнінен сақтандырады. Бұл кітапшаны таратуға қарсы күрес – шын мәнінде ваххабизмді қорғау болып табылады» деген уәж келтірді.

Қорғаушы тарап пен сарапшылардың «Ваххабизмнің қанды ізі» кітапшасы «экстремизмге үндей ме, әлде экстремистік ваххабизмге қарсы күреске шақыра ма?» деген сұраққа қатысты пікірталасы нәтижесіз аяқталды. Дауласушы тараптар өз пікірлерін дәлелдеуге тырысты.

Келесі сот отырысы жұма - маусымның 19-ы күніне белгіленді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG