Accessibility links

Төлешов мүлкі тәркіленіп, 21 жылға сотталды


Шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешов.

Шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешов.

Астананың мамандандырылған ауданаралық әскери соты қылмыстық кодекстің бірнеше бабымен, соның ішінде "билікті күшпен басып алмақ болды" деп те айыпталған шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешовті 21 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

"Билікті күшпен басып алмақ болды" және "жер реформасына қарсы "митингілерді қаржыландырды" деп айыпталған шымкенттік кәсіпкер, "Шымкентсыра" зауытының иесі Тоқтар Төлешовтің қыркүйекте басталған сот процесі "іс материалында мемлекеттік құпия мәліметтері болғандықтан" жабық өтті. Журналистер сот ғимаратына үкім оқылған күні ғана кіргізілді.

21 ЖЫЛ

Судья Ербол Ахметжанов "Төлешовке заңсыз немесе қылмыстық жолмен тапқан мүлкі тәркіленумен қатар 21 жылға бас бостандығынан айыру және өмір бойы қоғамдық немесе коммерциялық ұйымдарды басқару қызметін атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалсын" деп бұйырды. Үкімде кәсіпкердің жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейтіні айтылған.

Тоқтар Төлешовтің ісі бойынша тағы лауазымды бірнеше адамға, оның ішінде бас прокурордың бұрынғы орынбасары Ілияс Бақтыбаевқа үкім шықты. Төлешовтің "қылмыстық жоспарларын қолдады" деп айыпталған Ілияс Бақтыбаев жеті жыл мерзімге сотталып, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеу үкімі кесілді.

Судья Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің бұрынғы басшысы Хибратула Досқалиевті - бес жылға, №55652 әскери бөлімінің бұрынғы командирі Қайрат Пернебаевты - үш жылға, №35748 әскери бөлімінің бұрынғы командирі Бекзат Жұминді төрт жылға соттауға үкім кесті. Досқалиев пен Пернебаевтың дүние-мүлкі тәркіленбек.

Тоқтар Төлешовтің ұлы, осы іс бойынша айыпталған Төлеген Төлешов бес жыл шартты мерзімге сотталды.

Бұл сотқа Тоқтар Төлешовтің өзінен басқа 20-дан астам адам тартылған.

"БИЛІКТІ КҮШПЕН БАСЫП АЛМАҚ БОЛУ" АЙЫБЫ

Тоқтар Төлешовті биыл қаңтарда Шымкент қаласында полиция арнайы операция барысында тұтқындаған. Оны ұстаған кезде күдіктіден «атыс қаруы, есірткі заттары мен кейбір әдебиет» алынғаны хабарланған.

ҰҚК қаңтардың соңынан бері тергеу абақтысында отырған Тоқтар Төлешовті «трансұлттық қылмыстық топты қаржыландырған және қаруланған топ құрып басқарған, оның басшылығындағы қылмыстық топ адам өлтіру, қастандық жасау, адам ұрлау, заңсыз бостандықтан айыру, қарақшылық қылмыстарын жасаған, билікті күшпен басып алуды насихаттаған, бандитизммен айналысқан, пара берген, есірткі сақтаған» деп айыптайды.

ҰҚК шілдеде Тоқтар Төлешовтің жоспарлары туралы хабарлап, елде «тұрақсыздық» тудырып, «дүрбелең ошағы» мен «наразылықтар және тәртіпсіздіктер ұйымдастыруды», «әрекет етуші билік құрылымын өзгертуді» жоспарлаған деп мәлімдеген.

ВИДЕО: Тоқтар Төлешов жер митингілеріне байланысты айыпталды (шілде)

Оның бұл жоспарын "Қазақстан бас прокурорының бұрынғы орынбасары, конституциялық кеңестің бұрынғы мүшесі Ілияс Бақтыбаев пен Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің бұрынғы бастығы генерал-майор Хибратулла Досқалиев және тағы басқа тұлғалар қолдағаны" айтылған. Төлешовтің сыбайластары ретінде Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Сәкен Айтбеков, қорғаныс министрлігі әскери бөлімдерінің командирлері Бекзат Жұмин мен Қарат Пернебаевтың аты-жөндері де аталған еді.

"МИТИНГІЛЕРДІ ҚАРЖЫЛАНДЫРҒАН"

Осындай айыптармен қамауға алынған Төлешовке кейін "жер дауына қатысты митингілерді қаржыландырды" деген тағы бір айып тағылған. ​

Тоқтар Төлешов Атырауда "жер реформасына қарсы митинг ұйымдастырды" деп айыпталған Макс Боқаев пен Талғат Аянның сотында, қазанның 17-сі күні негізгі куәлердің бірі ретінде жауап берген еді. Өйткені 2016 жылдың маусым айында Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Атырауда сәуірдің 24-інде өтіп, одан ары Қазақстанның бірнеше қалаларында жалғасқан жер реформасына қарсылық митингілерін "Тоқтар Төлешов қаржыландырған" деп мәлімдеген. ​

Тоқтар Төлешов Макс Боқаев пен Талғат Аянның сотында Астанадағы сот ғимаратынан интернет байланыспен монитор арқылы жауап берген. Ол өзінің "вице-президент болғысы келгенін, бірақ ол үшін танымалдылығы жетпейтінін түсінгенін, жер мәселесін көтеру арқылы ел алдында абырой жинайтынын ұққанын" айтқан. Бұл мақсатына жету үшін "адамдары батыл батыс аймаққа назар аударып, адам іздегенін" мәлімдеген еді.

- Талғат Аянды естідім. Қоғамдық белсенді, акциялар өткізген. Жер кодексі маусым не шілдеде күшіне енуіне тиіс еді. Талғат халық күрескері болады деп ойладым. Бір серігіме Талғатты табуды тапсырдым. Талғаттың қоғаммен жұмыс істеп, дөңгелек үстелдер, қоғам қайраткерлерімен кездесулер өткізгенін қаладым. Ол шаралар мүмкін митингілер бола ма дедім, бірақ Талғатқа оны арнайы тапсырғаным жоқ. Қоғамдық жұмыстар атқару туралы ұсынысымды серігім жеткізді. Талғат 150 мың доллар керек деген екен. Мен келістім, - деген Тоқтар Төлешов.

Оқи отырыңыз: Макс Боқаев пен Талғат Аянның сотында Тоқтар Төлешов жауап берді

Төлешов сотта Талғат Аянға "100 мың доллар ақшаны көмекшілері апарып бергенін" айтқан еді. Төлешовтің сөзінше "Талғат Аян ол ойлаған әрекеттерді орындаған, бірақ өзі оған ешқашан тікелей тапсырма бермеген". Ол өзінің қаңтар айында тұтқындалғанын айтып, сәуірде Атырауда митингі болғанын газет арқылы білгенін, "Талғат жұмыс істеп жатыр" деп ойлағанын баяндады. Ал Талғат Аян ақша алмағанынын, наурыз айындағы мәслихат сайлауына қатысу үшін қажет қаржыны да таба алмағанын айтқан.

ВИДЕО: Тоқтар Төлешовтің Атырау белсенділері сотында берген куәлігі

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG