Accessibility links

БТА Банк ісімен сотталғандар арызданып жатыр


«БТА банк» ісі бойынша қоғамдық қорғаушы Хакима Махатова. Алматы қалалық сотының алды. Алматы, 6 тамыз 2012 жыл.

«БТА банк» ісі бойынша қоғамдық қорғаушы Хакима Махатова. Алматы қалалық сотының алды. Алматы, 6 тамыз 2012 жыл.

"БТА Банк ісіне" қатысты «айыптыларды жазалау» кампаниясының екінші кезеңі аяқталып келеді. Адвокаттар өз еркімен шетелден қайтып келген айыпталушылар әділетсіз түрде жазаланды деп санайды.

«Кінәлі адамдардың барлығы шетелге қашып кетті, кетпегендері ақша беріп аман қалды. «Альянс банктегілердің» барлығы да шартты жаза алып құтылды да, «БТА банктегілер» тұтылды. Бір қызығы, екеуіне де үкім шығарған бір ғана судья» дейді сотталушылардың туыстары мен адвокаттары.

Тамыздың 6-сы күні басталады деп белгіленген «БТА Банк ісі» бойынша сотталушылардың апелляциялық соты Алматы қалалық сотының шешімімен тамыздың 9-ы басталуы тиіс еді. Алайда Азаттық радиосының тілшісімен сөйлескен сотталушылардың туыстары апелляциялық соттың тағы да кейінге қалдырылғанын, енді тамыздың 22-сінде өтетінін хабарлады.

Биыл мамырдың 25-інде Алматы қалалық Медеу ауданы сотының үкімімен «БТА банк ісі» бойынша 17 адамға сот үкімі шыққан болатын. Қылмыстық кодекстің 25-ші және 176 баптары бойынша, яғни «өзгенің мүлкін ысырап етті, заңсыз иеленді және ымыраласты» деп айыпталған 17 адам 5 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылған еді.

Кейбір ақпараттарға қарағанда сотталғандардың барлығы «БТА Банктің» менеджерлері мен топ-менеджерлері. Ал кей ақпараттар оның ішінде «БТА Банктен» кредит алғандардың да бар екенін көрсетеді.

«ӘДІЛДІК БАР ЕКЕНІНЕ СЕНЕДІ»

Тамыздың 6-сында Алматы қалалық сотында сотталушылардың туыстары мен адвокаттардан құралған 60-қа жуық адам соттың басталуын 1,5 сағаттан астам күтіп отырды. Сот хатшысы хатшысы бұл жайды «прокурордың қолы тимей жатыр» деп түсіндірді. Ақыры прокурор да, судья да келген кезде жұртшылық сотталушылардың сот залына жеткізілмегенін көріп, оларды да қатыстыруды талап етті. Бірақ істі қарай бастаған судья апелляциялық соттың кейінге қалдырылатынын естіртіп, қайта кетіп қалды.
«БТА банк» ісі бойынша сотталушылардың бірі Андрей Ковшаровтың анасы Елена Ковшарова. Алматы қалалық сотының алды. Алматы, 6 тамыз 2012 жыл.

«БТА банк» ісі бойынша сотталушылардың бірі Андрей Ковшаровтың анасы Елена Ковшарова. Алматы қалалық сотының алды. Алматы, 6 тамыз 2012 жыл.


Сот залынан шыққаннан кейін баспасөз өкілдерімен сұхбаттасқан сотталушылардың бірінің туысы Жанна Байжанова мен өзін қоғамдық қорғаушы ретінде таныстырған Хакима Махатова «іс бойынша жасалып жатқан әділетсіздікке барша қоғамның назар аударғанын қалайтынын» жеткізді.

- Бұл іс 1937 жылғы қуғын-сүргінге ұқсайды. Кінәлі адамдардың барлығы шетелге қашып кетті кетті, кетпегендері ақша беріп құтылды. Ондай мүмкіндігі жоқтар елде қалды, ең бастысы олар біздің мемлекетімізде әділдік бар екеніне сенеді. Сотталып отырғандар – негізінен жастар. Олар тек өздеріне жүктелген міндетті орындады, - деді Жанна Байжанова.

Бұл экономикалық сот болғандықтан адвокаттар барлық мән-жайды біле бермеуі де мүмкін. Ол жердегі қылмыстық іс 300 томнан асады екен. Апелляциялық шағым жазып отырғандар да адвокаттар емес, сотталушылардың өздері. «Енді оларға өздерін-өздері қорғауға да мүмкіндік бермей отыр» дейді олар.
Біздің соттың әділдігіне осы уақытқа дейін сеніп келіп едім. Сөйтсем бәрі керісінше екен.
БТА банкте «кредиттік тәуекелділік басқармасының бастығы» Андрей Ковшаровтың анасы Елена Ковшарова өз ұлы ғана емес, басқалар да жазықсыз сотталды деп санайды.

- Анасы болғандықтан кейбір жайттарға назар аудармай субъекивті қараған шығармын, бәлкім. Бірақ сот отырысын түгел тыңдадым, адвокаттардан сұрадым, ұлыма тағылған айыптың ешбірі дәлелденбегеніне көзім жетті. Бұл іспен тікелей айналысқандар құтылды да, кінәсін басқа адамдарға аудара салды. Біздің соттың әділдігіне осы уақытқа дейін сеніп келіп едім. Сөйтсем бәрі керісінше екен, - деді ол.

Елена Ковшарованың айтуынша, сотталушыларға айыптар түпнұсқа құжаттардың көшірмелері бойынша тағылып отыр.

- Түпнұсқа құжаты жоқ, тек көшірмесі арқылы ғана соттау қай жерде бар еді? Мәселен, кез-келген мемлекеттік мекемеге құжаттарыңыздың тек көшірмесін ғана апарыңызшы, қабылдар ма еді? Есігінен де қаратпайды. Ал мына жерде адамдарды соттап жатыр сол көшірмемен-ақ, - деді Ковшарова.

«ҚАЛАУЛЫ ДА, ТАҢДАУЛЫ ЕЛБАСЫҒА ХАТ»

Қоғамдық қорғаушы Хакима Махатова «БТА банк ісі» бойынша сотталушылардың мәселесін айтып президент Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдағанын, аз уақыттың ішінде бұл хатқа 500 адам қол қойып, қолдау көрсеткенін айтады.

- Бұл жайт - адамдардың әділетсіздікке бейжай қарамайтынын көрсетті. Өйткені дәл осындай жағдай кез-келгеніміздің басымызға түсуі мүмкін. Сотталғандардың кішкентай бала-шағалары бар. Сондықтан біз бұқаралық ақпарат құралдарын, бірінші кезекте президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлын көмектесуге шақырдық, - деді Хакима Махатова.
«БТА банк» ісі бойынша сотталушылардың бірінің туысы Жанна Байжанова. Алматы қалалық сотының алды. Алматы, 6 тамыз 2012 жыл.

«БТА банк» ісі бойынша сотталушылардың бірінің туысы Жанна Байжанова. Алматы қалалық сотының алды. Алматы, 6 тамыз 2012 жыл.


«Халқымыздың қалаулы да таңдаулы Елбасы! Сіздің басшылығыңызбен еліміз әлемдік демократиялық қоғамда беделді орыннан нық көрініп өркендеп келеді. Сіз біздің құқығымыз бен еркіндігіміздің, Ата Заңымыз бен егемендігіміздің кепілі болғандықтан Сізге хабарласып отырмыз» деп басталған екен хат жолдары.

Хат авторларының жазуына қарағанда «көптеген адамның жапа шегуіне шенеуніктердің президент сыртынан жасаған әрекеттері себеп болып отыр отыр».
Президентке хат жолдаушылар «БТА Банкті» тексерген тәжірибесіз мамандардың көпе-көрінеу қате қорытындылары бұл істің қолдан жасалуына тағы бір түрткі болғанын, тергеу кезінде «БТА банктің» ішкі нормативтік құжаттары қолдан бұрмаланғанын, тағы да басқа көптеген заң бұзушылық болғанын жазады.
«Сізге, Нұрсұлтан Әбішұлы, «БТА Банк ісі» бойынша шын қылмыскерді жасырып, өтірік ақпарат беріп жазадан құтқару біреулер үшін тиімді болып отыр» дейді хат авторлары.

«ПРЕЗИДЕНТТІҢ СӨЗІНЕ СЕНІП СОТТАЛДЫ»

Кейбір ақпарат құралдары таратқан деректерге қарағанда БТА банк ісі бойынша сотталғандардың барлығы сол банктің менеджерлері мен топ-менеджерлері. Алайда тамыздың 6-сында Азаттық тілшілерімен Алматы қалалық сотының алдында «БТА» банктен кредит алып, сотты болған компания жетекшілерінің туыстары, атап айтқанда Дмитрий Солодухиннің анасы Оксана Солодухина мен Жанна Ахмедиярованың апасы Гүлнәр Ахмедиярова да ұшырасты.

Аталған екі азаматтың адвокаты Светлана Душанина мен Гүлнәр Ахмедиярова кеше, тамыздың 8-інде Азаттық редакциясына арнайы келіп, мән-жайды қысқаша баяндап берді.

Олардың айтуына қарағанда Мұхтар Әблязов шетелге кеткеннен кейін «БТА банк оқиғасы» басталғанда бұл банкке қандай да бір қатысы бар біраз адам жалпы дүрмекпен шетел асып кеткен.
«БТА банк» ісі бойынша сотталушылардың бірі Дмитрий Солодухиннің әйелі Оксана Солодухина. Алматы қалалық сотының алды. Алматы, 6 тамыз 2012 жыл.

«БТА банк» ісі бойынша сотталушылардың бірі Дмитрий Солодухиннің әйелі Оксана Солодухина. Алматы қалалық сотының алды. Алматы, 6 тамыз 2012 жыл.


- Бәрін үрей биледі де, қатысы барлар да, жоқтар да қашты. Кредит алмағандар қайтып келді, тергеушілердің өзі «сендер неге қаштыңдар» деп таңғалды, - деді Светлана Душанина.

Оның айтуынша, «қашқандар да, қашып жүргендер де көп. 2009 жылы 13 қарашада президент Назарбаевтың өзі телеарнадан «заңды бұзбағандар қайтып келсе кешіреміз» дегеннен кейін бірнеше адам қайта оралған. Тергеу ісіне куәлік берген оларға, расында, кешірім жасалған.

Осы жайтты естігеннен кейін Светлана Душанинаның қорғауындағы Дмитрий Солодухин мен Жанна Ахмедиярова да өз еріктерімен қайтып келген. Келер алдында араға украиналық Туев деген адвокатты салып, бас прокуратураның қолхатын алған.

- Шындықты айтайық, басқаларды да арашалап қалайық деп қайтып келген олар тергеуге ұдайы көмектесті. Бір жылдан кейін тергеу тобының бастығы өзгерді де, «ешбір уәде берген жоқпыз» деп шықты. Сөйтіп екеуін де соттап жіберді, - деді Светлана Душанина.

Оның сөзінше, Жанна Ахмедиярова мен Андрей Солодухиннің компаниясы құрылыс жүргізу үшін «БТА банктен» кредит алған. Кредиттерінің 50 пайызын мерзімінде өтеген, қалғанын қылмыстық қудалаудан кейін барша есептерінің тұтқынға алынуына байланысты төлей алмаған. Бірақ ол 50 пайызының кепіл мүліктері түгел.

- Кепілдіктерді алуға болмайды дейді. Ал кейбіреулерге болады екен. Олардікін алды да, істі жапты. Ал бізге «ақша жымқырды» деген айып тағып отыр. Ақшаның қайда жұмсалғаны жөнінде барлық құжат бар. Ал ол құжат сотта жоғалып кетті, - деді Светлана Душанина.
Тергеу тобының жетекшісі - бас прокуратураның өкілі. Өздері тергейді, оны өздері қадағалайды, өздері айыптайды!
Адвокат бас прокурорға жүздеген шағым жазылғанын, бірақ оның қолы қойылған бір де бір жауап келмегенін айтады.

- Жалпы бас прокурор деген бар ма, жоқ па, түсінуден қалдық. Тергеу тобының жетекшісі - бас прокуратураның өкілі. Өздері тергейді, оны өздері қадағалайды, өздері айыптайды! - деді ол.

Светлана Душанина мен Гүлнәр Ахмедиярованың сөзінше, Жанна мен Дмитрийдің өз еркімен оралғанын сот отырысында прокурорлар ақыры мойындауға мәжбр болған, сөйтіп рақымшылыққа іліктіруді сұраған. Бірақ сот үкімімен Жанна Ахмедиярова 6 жылға, Дмитрий Солодухин 5 жылға сотталған. Алайда оларға тағылған қылмыстық кодекстің 176-бабы, 3-бөлімінің «а» тармағы, сот болардан 1 жыл бұрын кодекстен алынып тасталған.

«ЕКІ БАНКТІҢ АЙЫРМАСЫ АТЫНДА ҒАНА»

Адвокат Светлана Душанина сөз соңында «БТА банкке» аудиторлық тексеріс жасаған компанияға «БТА банктің» өзі қомақты ақша төлегенін, оның да заңға қайшы екенін, «БТА банк» бойынша қылмыстық істі жүргізген судья Ғалым Бекбатыров оның алдында ғана «Альянс банк» бойыншы қылмыстық істі жүргізіп келгенін айтады.

«Альянс банкте» кредиттер кепілдіксіз берілген. Ал «БТА банкте» кепілдікпен берілген, оның жартысы өтелген. «Альянс банктің» қылмысын «орташа ауыр санаттағы қылмыс» жатқызса, керісінше «БТА банктің» қылмысын «ауыр дәрежелі қылмыс» деп бағалады. Біздің ойымызша, «БТА банк» пен «Альянс банктің» айырмасы - тек атында ғана. Бірақ «Альянс банктегілердің» барлығы да шартты жаза алып құтылды да, «БТА банктегілер» тұтылды. Бір қызығы, екеуіне де үкім шығарған бір ғана судья, - дейді Светлана Душанина.
Марғұлан Сейсембаев баспасөз мәслихатын беріп отыр. Алматы, 11 қараша 2010 жыл.

Марғұлан Сейсембаев баспасөз мәслихатын беріп отыр. Алматы, 11 қараша 2010 жыл.


«БТА банк ісі» бойынша алғашқы сот процесі 2009 жылы өтіп, 12 адам сотталған болатын. Кейбір ақпараттар «БТА банк ісі» бойынша алдағы уақытта үшінші сот процесі басталып, тағы да 20-ға жуық адам қылмыстық іске тартылуы мүмкін» деген болжам айтады.

2009 жылы «Альянс банк» акционерлік қоғамының бірнеше қызметкерінің үстінен қылмыстық іс қозғалған еді. Осы кезде шетелде демалыста жүрген банк басшысы Марғұлан Сейсембаев өзіне қатысты істің әділ жүретініне «сенімді еместігін» алға тартып, елге оралмай қалды.

Кейін халықаралық іздеу жарияланған соң Марғұлан Сейсембаев 2010 жылдың қараша айында Қазақстанға оралды. Келген бойда Сейсембаев өзінің «президентке адал екенін дәлелдеуге келгенін» айтып, қуғында жүрген өзге саяси эмигранттарды өзінен үлгі алуға шақырды.

«Алдау арқылы мүліктік зиян тигізу» бойынша айыпталып келген Марғұлан Сейсембаев осыдан соң тек «банк қаражатын заңсыз пайдаланған» деген айып бойынша ғана сотталып, 2011 жылы тамыздың 8-іне екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылған болатын.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG