Accessibility links

Қызылағаштағы қайғылы оқиғаға қатысты сот үкімі шықты


Сот залында жылап тұрған апаттан зардап шегуші ауыл тұрғындарының бірі. Қызылағаш, Алматы облысы, 9 ақпан 2011 жыл

Сот залында жылап тұрған апаттан зардап шегуші ауыл тұрғындарының бірі. Қызылағаш, Алматы облысы, 9 ақпан 2011 жыл

Қызылағаш апатына қатысты сот жеті айыпкердің тек төртеуін кінәлі деп танып, қалғандарын сот залында босатты. Кейбір қызылағаштықтар ондаған адамның өмірін қиған апатқа кінәлілер үшін бұл тым жұмсақ жаза деп санайды.


Талдықорған гарнизонының әскери соты ақпанның 9-ы, сәрсенбі күні Қызылағашта 2010 жылғы наурызда болған қайғылы оқиғаға байланысты істі аяқтап, үкім шығарды. Соттың шешімімен айыпты деп танылған төрт адам жазаларын қоныстану колониясында өтейтін болды.


БЕС АЙ КҮТКЕН ҮКІМ

Сәрсенбі күнгі сот су бөгетінің иесі, «Қызылағаш» кооперативінің басқарма төрағасы Қуаныш Бекеев, Қызылағаш ауылдық округінің бұрынғы әкімі Есет Жүнісов пен оның інісі - «Қызылағаш» кооперативінің директоры Мұхит Жүнісовті бес жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Қызылағаш апаты бойынша айыпталушылар мен олардың адвокаттары сот залында. Қызылағаш, Алматы облысы, 9 ақпан 2011 жыл

Ал Ақсу аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімнің бастығы Күнібек Байзақов шартты түрде үш жылға сотталды. Тергеу мен сот ісі өткен уақытта кесілген жазалардың бір жылы өтіп кетті деп есептеледі.
Одан өзге сот Алматы облысы су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы Ақдарбек Сабыровты, Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Берік Тынышбаев пен Алматы облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Евгений Енинді ақтап, сот залынан босатып жіберді.

Азаттық радиосының тілшісіне Евгений Ениннің адвокаты Гүлнәр Сағындықова, қорғаушысының еш кінәсі жоқ, сондықтан бүгінгі соттың шешімі әділ екендігін айтты.

«ТЫМ ЖҰМСАҚ ЖАЗА»

Сәрсенбі күні Талдықорғанда өткен сотқа Қызылағаш тұрғындары да қатысты. Олар ондаған адамның өліміне себеп болған апатқа қатысы бар адамдар үшін бұл шешім тым жұмсақ деген пікір айтады.

- Сот оларға тым «жұмсақ» шешім шығарды деп ойлаймын. Құдай сақтап, менің отбасым аман. Бірақ, 30 жыл бірге тұрған көршілерімнің көбісі қаза болып, ауылым қирап қалды. Сол үшін тек қоныстану колониясы мен шартты жаза тағайындау әділетсіз деп ойлаймын, - дейді Қызылағаш тұрғыны Раиса Сепсуева.
Раиса Сепсуева, апат кезінде 180 адамды құтқарып қалған Қызылағаш тұрғыны Қазбек Сепсуевтің анасы. Қызылағаш, Алматы облысы, 9 ақпан 2011 жыл

2010-шы жылғы наурыздың 11-інен 12-іне ауған түні Қызылағашта үлкен апат болған еді. Тасқын су іргедегі су бөгетін бұзып өтіп, ауылды шайып кеткен еді. Ресми деректер бойынша, селдің кесірінен 45 адам қаза тауып, 48 адам әртүрлі дәрежеде жарақат алған.

Оқиғаға қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша, тасқыннан жапа шеккендер саны 665 адам деп көрсетілген. Жергілікті билік таратқан ақпарат бойынша ауыл бастан-аяқ қалпына келтірілген. Ол үшін 7,5 миллиард теңге жұмсалған. Жаңадан 465 үй соғылып, 30 үй қайтадан жөнделген.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG