Accessibility links

Ұлынан айырылған жәбірленуші сот залында жоқтау айтты


Жаңаөзен оқиғасы кезінде қайтыс болған Жаңаберген Көшеровтің анасы Алмагүл Көшерова ұлының құжатын көрсетіп тұр. Маңғыстау облысы Теңгек ауылы, 16 ақпан 2012 жыл.

Жаңаөзен оқиғасы кезінде қайтыс болған Жаңаберген Көшеровтің анасы Алмагүл Көшерова ұлының құжатын көрсетіп тұр. Маңғыстау облысы Теңгек ауылы, 16 ақпан 2012 жыл.

Қоғамдық бақылаушы Жаңаөзен оқиғасына қатысты полицейлер сотында прокуратура енді мұнайшыларды қолдап, «екіжүзділігін» көрсетті деп санайды. Адвокаттарының айтуынша, айыпталушы полицейлер өздеріне оқ атуға бұйрық берілcе де қару қолданбаған.


Жаңаөзен оқиғасы бойынша Ақтау қаласындағы Маңғыстау облыстық мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатқан «полицейлер ісі» 2 мамырда ары қарай жалғасты.

Сот мәжілісінде тағы да 20-ға жуық жәбірленуші сұралды. Оның ішінде 6 жәбірленуші Ақтау қаласында өтіп жатқан «Жаңаөзен соты» немесе жұртшылық аузында «37-нің соты» аталып кеткен сот процесінде қылмыскер ретінде қамауда отырған Жаңаөзен тұрғындары еді.

Бүгінгі сот отырысына «Тәуелсіз қоғамдық комиссияның» өкілдері Болат Әбілев пен Жәнібек Қожық қатысып отырды.

«ӨКПЕМНІҢ ЖАРТЫСЫ ЖОҚ, ДЕНСАУЛЫҒЫМ ЖАМАН ЕМЕС»

Сот шешімі бойынша әуелгі кезекте денсаулығы нашар, яғни Жаңаөзен оқиғасы кезінде оқ тиіп жарақат алған адамдар сұралды. Бірақ жәбірленушілердің дені оқиға кезінде аяғынан, қолынан, ішінен оқ тиіп жараланғандар болып шықты.

Сот алдына қос балдақпен жеткен жәбірленушіден басқаның барлығы да кезінде ауыр жарақат алғанымен, прокурордың сауалына «қазір шүкір, жақсымын» деп жауап берді. Әсіресе, «оқ тиген өкпемнің бір жағын алып тастады» деген жәбірленушінің «денсаулығым жаман емес» дегеніне прокурор да таң қалғандай кейіп танытты. Ол сұрағын тағы бір қайталап, сотталушыларға талабы бар-жоғын тағы да сұрады.
Полицейлер соты бойынша жәбірленуші Естай Сатыбалдиев. Ақтау, 27 сәуір 2012 жыл.

Полицейлер соты бойынша жәбірленуші Естай Сатыбалдиев. Ақтау, 27 сәуір 2012 жыл.


Бірақ бұл жәбірленуші де, басқа жәбірленушілер де сот залында отырғандардың өздеріне оқ атқан-атпағанын анық білмейтінін, нақты оларға талап қоймайтынын, бірақ талаптан бас тартпайтынын да айтып жатты.

Кеңірдегін оқ тескен Нұрлыбек Нұрғалиев «полиция бізді көргенде фашист көргендей болды» деп оқиғаның мән-жайын баяндап берді. Қақтығыс кезінде оқ тиген Нұрғалиев туралы Азаттық радиосы осыған дейін бірнеше мәрте жазған болатын.

«БАЛАМДЫ АТҚАНДАР – АТЫЛСЫН!»

Бүгінгі сот процесінде де кейбір жәбірленушілер өзін-өзі ұстай алмай, көз жастарына ерік берді. Күйеуіне оқ тиіп қаза болған екен Ақмарал Есжанова сот алдына шыққанмен қойылған сауалдарға жауап бере алмай толқып тұрып қалды. Сот төрағасы Әділсұлтани оған кейінірек сөйлеуге мұрсат берген еді. Бір сағаттан кейін қайта сөйлегенде «сот залында отырған 5 полицей ғана оқ атты дегенге сенбеймін» деп мәлімдеді.

Залда отырған жәбірленуші Алмагүл Көшерова соттың рұқсатынсыз сөйлеп, «сот тәртібін бұзды». Бірақ сот алдына жоқтау айта жылап жеткен Көшерованы ешкім Жаңаөзен оқиғасы кезінде қайтыс болған Жаңаберген Көшеровтің қызы Мариям және марқұмның әкесі Жаймұқан Көшеров. Маңғыстау облысы Теңге ауылы, 16 ақпан 2012 жыл.

Жаңаөзен оқиғасы кезінде қайтыс болған Жаңаберген Көшеровтің қызы Мариям және марқұмның әкесі Жаймұқан Көшеров. Маңғыстау облысы Теңге ауылы, 16 ақпан 2012 жыл.

тоқтата алмады. Судьяның ескертуі мен тәртіпке шақыруына құлақ аспаған ол сотталушыларға қарата мұңы мен зарын тоқтаусыз айта берді.

Алмагүл Көшерованы тоқтатудың орайы келмесін түсінген сот оны ақыры ортаға шығып сөйлеуге рұқсат беріп, «не айтқыңыз келсе, түгел айтыңыз» деп, сөз аяғын күтуге мәжбүр болды.

Қақтығыс кезінде ұлынан айырылған ананың зары ешкімді бейжай қалдырмағандай көрінді. Адвокаттың өтінішінен кейін зорға тоқтаған Алмагүл Көшероваға сұрақ қоюға ешкім де құлықты болмады.

- Баламды атқандар мен атуға бұйрық берген адамды тауып беріңдер! - деген Көшерова: - Кішкентай немерем «папам қайда» дегенде не айтарымды білмеймін. Мыналарда бала жоқ па? - деп сотталушыларды көрсетті.

«Қандай жаза сұрайсыз?» деген сот сауалына «Менің баламды атқандар - атылсын!» деп жауап берді Алмагүл Көшерова.

«ПРОКУРАТУРАНЫҢ ЕКІ ЖҮЗІ»

Түстен кейінгі сот процесіне «37-нің сотында» қылмыскер ретінде айыпталып отырған алты адам жәбірленуші ретінде қатысты. Айыптаушы прокурор оларға «полиция қызметкерлері әуелі аспанға атып ескерту жасады ма» деген сұрақтар қойған еді, бірақ олардың барлығы да ешбір ескерту болмағанын айтып жатты.
Сот мәжілісі аяқталғаннан кейін Азаттық радиосының тілшісімен сөйлескен Қоғамдық комиссия мүшесі Болат Әбілев. Ақтау, 2 мамыр 2012 жыл.

Қоғамдық комиссия мүшесі Болат Әбілев. Ақтау, 2 мамыр 2012 жыл.

«Тәуелсіз қоғамдық комиссияның» мүшесі Болат Әбілев сот талқылауы кезіндегі прокурордың осыған ұқсас сауалдарына назар аударғанын айтты.

- Бір қызық жайт, бұл сотта прокуратура мұнайшыларды толық қолдап отыр, - деді Болат Әбілев.

Оның айтуына қарағанда прокурор сотталушылардың қылмысын дәлелдеу үшін жәбірленушілерге «қолыңызда ештеңе болған жоқ қой», «тас лақтырған жоқсыз ғой», «алаңда жай ғана тұрдыңыз ғой», «полиция оқ атты ғой» деген сарындағы сұрақтар қойып, мұнайшыларға қолдау көрсетіп отыр.

- Ал «37-нің сотында» сол сауалдарды керісінше қойып келеді. Міне, прокуратураның екі жүзі, - дейді Болат Әбілев.

«АТУҒА БҰЙРЫҚ БЕРІЛГЕН»

Сот процесі әдеттегіден кеш, яғни Ақтау уақытымен сағат 19.00-ге таяу аяқталды. Азаттық тілшісі сот залынан шыққан сотталушылардың екеуінің адвокаттарымен де тілдескен еді. Ол екеуі де қорғауындағы соталушылардың «айыбы жоқ екенін» айтып жатты.

- Менің қорғауымдағы Бағдабаев оқ атқан жоқ. Ал прокурор заңды бұзып, Бағдабаев пен Өтеғалиев оқ атты деп бүкіл республикаға жариялап отыр. Кінәлінің кім екені сот шешімінен кейін айтылуы тиіс қой, - деді адвокат Орынғали Төрешұлы.
Сот залында отырған айыпталушы полиция қызметкерлері. Ақтау, 27 сәуір 2012 жыл.

Сот залында отырған айыпталушы полиция қызметкерлері. Ақтау, 27 сәуір 2012 жыл.


Жаңаөзен қалалық жедел-іздестіру бөлімінің қызметкері Ринат Жолдыбаевтың қорғаушысы Бақберген Айтмағамбетов болса «алдын-ала тергеу кезіндегі дәлелдемелер күдік туғызатынын» айтады.

- Көліктерді, үйлерді өртеп, халыққа зиян келтіріп жатқан кезде, яғни қылмыстық әрекеттерді болдырмауға полиция қызметкерлерінің құқығы бар. Қолдарына қару беріп, атуға бұйрық бермесе, өз еркімен атса, онда өз құзырын асыра пайдаланды деуге болатын еді. Бірақ бұл жігіттер «бізге атуға бұйрық берді» деп отыр» дейді адвокат Айтмағамбетов.

«Ал, бұйрықты кім бергенін айтты ма?» деген Азаттық тілшісінің сұрағын адвокат жауапсыз қалды.

«АДВОКАТ ЖЕТІСПЕЙДІ»

Сот процесі кезінде Ринат Жолдыбаевтың екі адвокаты, яғни Бақберген Айтмағамбетовтен өзге тағы бір адвокатының бар екені белгілі болған еді.
Ал жәбірленушілердің адвокатына қатысты жағдай мүлдем өзгеше. Болат Әбілевтің айтуынша, сот барынша тез өткізіліп жатыр, жәбірленушілердің адвокаты Абзал Құспановқа іспен танысуға рұқсат әлі берілмеген.

«Тәуелсіз қоғамдық комиссияның» сұрауымен сот процесіне бүгіннен бастап қатыса бастаған адвокат Абзал Құспановтың барша жәбірленушілердің, яғни 74 адамның қорғаушысы ретінде жұмыс істейтіні мәлім болған.

Мұның себебін «Тәуелсіз қоғамдық комиссияның» тағы бір мүшесі, осы сот процесіне басынан бастап қатысып келе жатқан Жәнібек Қожықтан сұрағанымызда өздерінің көптеген адвокаттарға өтініш жасағанын, бірақ көбі тәуекелге барғысы келмей, бас тартқанын, адвокат жетіспей жатқанын айтты.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG