Accessibility links

Референдумға ашық қарсылық көрсеткендер жауапқа тартыла бастады


Санат Урналиев, оралдық журналист. Алматы, 19 тамыз 2009 жыл
Санат Урналиев, оралдық журналист. Алматы, 19 тамыз 2009 жыл

Оралда президент өкілетін ұзартуға қарсы шыққандарға сот үкім шығарып үлгірді. Ал оппозиция өкілдері президент Назарбаевтың жарлығына қарамастан «Ақорданың сценариі бойынша» референдумның бәрібір өтетіне сенімді.


Қаңтардың 6-сы күні Оралда президент Назарбаевтің өкілетін ұзарту туралы референдум өткізуге қарсылық танытып, алаңға шыққан уақытында алты адамды полиция ұстап алып кеткен. Наразылық акциясын ұйымдастырушылар «Я против референдума», «Я за и честные выборы», «Назарбаев мой президент …и я ничего не могу с этим поделать» деген жазуы бар плакаттар көтеріп шыққан болатын.

АЛҒАШҚЫ НАРАЗЫЛЫҚТЫҢ АҚЫРЫ

Сол күні-ақ түстен кейін алты адамның үстінен әкімшілік сот басталған еді. Жауапқа тартылған алты адамның төртеуіне, атап айтқанда, Талғат Омаровқа, Тұрар Төлегеновке, Анаргүл Әбеноваға және Мақсат Айсауытовқа бүгін қаңтардың 7-і әкімшілік сот қоғамдық тәртіпті бұзды деген айыппен 10-нан 15 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салды.

Ал Санат Урналиев есімді азамат полицияға қарсылық көрсетті деген айып бойынша бес тәулікке қамалып, 10 айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейтін болды.

«Уральская неделя» газетінің журналисі Лұқпан Ахмедияровқа қатысты сот шешімі ертең шықпақшы. Ол өзін заң аясында қорғау үшін оқиға орнында болған өзге үш журналист пен құқық қорғаушы Павел Кочетковты куәгер ретінде шақырыпты. Наразылық акциясына қатысушы кешеден бері өзінің автокөлігін полиция қызметкерлері еш себепсіз тоқтатып, қамауға алмақ болғанын айтады.
Полиция мені не үшін ұстамақ болғанын түсіндіріп бере алмады.

- Кеше мен үйге қарай қайтып келе жатқанда полиция қызметкерлері менің автокөлігімді үш рет тоқтатып, мені қамауға алмақ болды. Мен машинамның ішінен кілттеп алып шықпай қойдым. Сосын журналистерді шақырдым. Дер кезінде жеткен әріптестерімнің арқасында ол жерден аман-сау кетіп қалдым. Полиция мені не үшін ұстамақ болғанын түсіндіріп бере алмады. Оны кеше де, бүгін де негіздеп бере алмады, - деді журналист Азаттық радиосының тілшісіне.

ОППОЗИЦИЯНЫҢ ҮНІ

Референдум өткізу идеясына қатысты Азаттық радиосына пікір білдірген «Азат» Жалпыұлттық демократиялық партиясының хатшысы Әміржан Қосанов парламент депутаттары халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесінде дәл осындай табандылық танытпайтынына қынжылып, егер президент парламенттің тырнақша ішіндегі принциптеріне көнетін болса, оның абыройына зор нұқсан келетінін айтады.

- Қазақстандағы бастамашыл топтың да, парламенттің де түбі қайда жатқанын білеміз. Оның артында Ақорда тұрғаны белгілі. Сондықтан Ақорда референдум өткізетіне күннен-күнге сенімім артып келеді. «Ұлт көшбасшысы» сияқты сценарий қайталанып, бұл жағдайда да президент өзінің қарсылығын танытып, парламент тырнақша ішінде мінез танытып, осындай қадамға барып жатса, онда президенттің қатысы бар екенін білініп қалады және [бұл ойын оның] абыройын асырады деп ойламаймын, - деді.
Парламент елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуда осындай табанды болса ғой.

Қазақстан коммунистік партиясының бұрынғы жетекшісі Серікболсын Әбділдин президентпен бірге бірнеше жыл жұмыс жасағанын алға тарта отырып, бастамашыл топ президенттің тікелей қатысуымен әрекет етіп отыр деді.

- Назарбаевқа қатысты кез-келген қадам оның келісімімен жасалады. Шығыс Қазақстан облысында бастамашыл топтың құрылуы оның келісімімен болмаса да, оның әкімшілігі атынан құрылып отыр. Бұл бәріне түсінікті. Мен оны білемін және қанша жыл бірге жұмыс жасадым. Егер референдум өткізбеу туралы жарлыққа қол қойса, онда оның сайлау өткізу туралы ережені бұзбағаны туралы айтылады. Ал соңында ол референдум өткізу жағдайын пайдаланады, - деді.

Тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов президент өзінің өкілетін ұзарту жөніндегі парламент ұсынысын қабылдамауын референдум өткізуден бас тартты деп санамайтынын жеткізді. Ол:
Клоундардың шешім қабылдауына мұрсат беретін болса, онда ол өзінің президенттік құзырын өткізгені дұрыс.

- Екі бастамашыл топ бар. Бірі - Сыдықов бастаған топ, екіншісі - парламент. Менің түсінгенім – қол жинау әрекеті жалғасып жатыр. Сыдықов өзінің бастамасын әлі қорытындылаған жоқ. Ол жинаған қолдарын Орталық сайлау комиссиясына өткізеді, Сондықтан да мен мұны президенттің референдумнан бас тарту шешімі деп түсінбеймін.

Егер президент тағы бір рет өзінің орнына басқалардың, атап айтқанда клоундардың шешім қабылдауына мұрсат беретін болса, онда ол өзінің президенттік құзырын өткізгені дұрыс. Өйткені бізде президенттік билік формасы емес пе? - деді Владимир Козлов.

«ПРЕЗИДЕНТ ЖАРЛЫҒЫ БАСТАМАШЫЛ ТОПҚА ЕМЕС, ПАРЛАМЕНТКЕ ҚАТЫСТЫ»

Саясаттанушы Расул Жұмалы президенттен қоғамдық ұйымдар мен партия өкілдерінің референдум өткізу жайлы ұсыныстарына жауап беру талап етілмейді деді. Ол Азаттық радиосына: «Мен президент тым кеш өз ойын білдірді деп санамаймын. Қол жиналып, парламентте қаралғанан кейін барып, елбасы өз ойын білдірді. Сондықтан елбасының шешімін толығымен қолдаймын», - деді.

Бастамашыл топтың жетекшісі Семей университетінің ректоры Ерлан Сыдықов президенттің жарлығы бастамашыл топқа емес, парламентке қатысты екенін айта келе өз жұмыстарын қаңтардың 11-іне дейін жалғастыра беретінін айтты. Оның айтуынша, қазір 3 миллионнан аса дауыс жиналған және әлі бірнеше жүз мыңдаған дауыс тексеріліп жатыр. Ол Қазақстан республикасының «Референдум туралы» Заңына сәйкес парламенттің ұсынысын президент қабылдамайтын болса, парламент референдум туралы заңға сәйкес бастамашыл топтың ұсынысын қабылдауға құқылы.
Біздің референдум өткізу туралы ұсынысымыз сенімдірек болуы үшін көбірек дауыс жинауға тырысып отырмыз.

- Біздің референдум өткізу туралы ұсынысымыз сенімдірек болуы үшін көбірек дауыс жинауға тырысып отырмыз. Біздің топ әлі қолдау білдіріп қол қойған парақтарды орталық сайлау комиссиясына өткізген жоқ. Олар екі-үш күн тексергеннен кейін президентке жібереді. Содан кейін ғана президент шешім қабылдайды. Ал президент жарлыққа қол қойған кезде «Референдум туралы» заңға сәйкес президент өзінің конституциялық құқығын пайдаланды, - деді.

«Республикалық референдум туралы» заңға сәйкес бастамашыл топ орталық сайлау комиссиясының тіркеуінен өткеннен кейін сайлауға дауыс беруге құқысы бар Қазақстан азаматтарынның кемінде 200 мың дауыс жинауы тиіс. Конституцияның 17-ші бабына сәйкес сайлау өткізу туралы ұсыныс президентке жіберіледі. Шешімді президент қабылдайды.

Заңға сәйкес президентке парламенттің ұсынысын қабылдамауға болады. Алайда «Республикалық референдум туралы» Заңның 17-ші бабының 1-1 тармағына сай парламенттің президент келісімін бермеген жағдайда да басым дауыспен заңды қабылдауға хақысы бар.
XS
SM
MD
LG