Accessibility links

Сопылық ағым жетекшілеріне ұзақ мерзімді жаза кесілді


Исматулла Әбдіғаппар, Қазақстандағы сопылық ағым жетекшісі. Алматы, 19 қазан 2011 жыл

Исматулла Әбдіғаппар, Қазақстандағы сопылық ағым жетекшісі. Алматы, 19 қазан 2011 жыл

Алматыда «сопылар ісі» бойынша бір топ адамға қатысты сот үкімі шықты. Сот үкімін тым қатал деп бағалап отырған қорғаушы жақ оның айыптау қорытындысынан еш айырмашылығы жоқ екенін айтады.


Қазанның 19-ы күні бір жыл екі ай бұрын қозғалған қылмыстық іс бойынша Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық сотында алқа билердің үкімі жариялана салысымен бірден сот үкімі де оқылды. Істі қараған судья Қасым Қалмағамбетов үкімді шамамен үш сағат бойы оқыды.

ҮКІМ

Сот үкіміне сәйкес, «сопылық ағымның жетекшісі» - Исматулла Әбдіғаппар – 14 жылға, ҚазҰТУ-дың профессоры Саят Ыбыраев – 12 жылға, Ербол Исабеков - 9 жылға, Ербол Рахымбаев – 8 жылға, Сайпулла Моллақанағатұлы – 8 жылға, Думан Берікбосынов – 8 жылға, Жадыра Сүлейменова – 6 жылға, Арнур Куникин – 5 жылға, ал Әлия Әшірқұлова – екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айрылды.

Сот жаза мерзімінің айыпталушыларды қамауға алынған күннен бастап есептелінетінін айтты. Алты айыпталушы өткен жылдан бері қамауда отырса, үшеуі (Жадыра Сүлейменова, Арнур Куникин және Әлия Әшірқұлова) осыған дейін елден кетпеу туралы қолхат берген болатын. Сәрсенбі күні сот үкімі оқылғаннан кейін Жадыра Сүлейменова мен Арнур Куникин бірден қамауға алынды.
"Сопылар ісі" бойынша 6 жылға сотталған Жадыра Сүлейменованың нәрестесін әкесі Қайрат Сатынқанов қолына ұстап тұр. Алматы, 19 қазан 2011 жыл.

"Сопылар ісі" бойынша 6 жылға сотталған Жадыра Сүлейменованың нәрестесін әкесі Қайрат Сатынқанов қолына ұстап тұр. Алматы, 19 қазан 2011 жыл.


Қорғаушы жақтың айтуынша, Жадыра Сүлейменованың екі баласы бар. Біреуі - екі жаста, ал біреуі бір жасқа да толмаған - төрт айлық сәби. Олардың айтуынша, «судья бұл жайттарды мүлде ескермеген».

«Сопылық ағымның жетекшілері» Исматулла Әбдіғаппар мен Саят Ыбыраев «қылмыстық ұйым құрды» деп айыпталған болатын. Оларға, сонымен бірге олардың «ізбасарларына» «экстремизм», «маскүнемдік пен нашақорлықты адамдардың денсаулығына зиян тигізе отырып емдеу», «адамдарды заңсыз бас бостандығынан айыру», т.б. қылмыстар бойынша айып тағылған еді. Адвокаттардың дерегінше, Исматулла Әбдіғаппарға - 12 бап, Саят Ыбыраевқа - алты бап бойынша айыптар тағылған. Сот екі азаматқа да жазаларын қатаң режимде өтейтін қып, мал-мүлкін тәркілейтіндей етіп жаза тағайындады.

«ТАРИХТЫҢ ӨЗІ АҚТАП АЛАДЫ»

Ал қорғаушы жақ болса, үкімнен кейін ақпарат құралдарына оның тым қатал екенін, айыптау қорытындысынан айырмашылығы жоқ екенін айтты.

Адвокат Күрішбек Тәңірбергеновтің айтуынша, судья куәлардың пікірін еш ескермей, бір жақты үкім шығарған.

- Қорғау жағынан 164 куә сұралды. Олардың бірде-біреуінің айтқандары ескерілген жоқ! - дейді ол.

Қорғаушы жақтың айтуынша, бұдан бөлек істің тездетілуіне байланысты 50 шақты куә сұралмай қалған.
Саят Ыбыраев, сотталған сопылық ағым жетекшілерінің бірі, ҚазҰТУ профессоры. Алматы. 19 қазан 2011 жыл

Саят Ыбыраев, сотталған сопылық ағым жетекшілерінің бірі, ҚазҰТУ профессоры. Алматы. 19 қазан 2011 жыл


Саят Ыбраевтың адвокаты Шынқуат Байжанов «сот барысында адвокаттар мен сотталушылар айыптау қорытындысының толықтай заңсыз екендігін дәлелдеп шыққанына қарамастан» осындай үкімнің шыққанына таң қалады. Оның пікірінше, бұл арнайы тапсырыспен құрастырылған іс.

- Бүгін Қазақстанда сопылық ілімді ұстанатын азаматтар 12-14 жылға түрмеге жабылды. Мен кассацияға да, қадағалауға да сенбеймін. Менің ойымша, желтоқсан құрбандары сияқты бұларды да уақыты келгенде тарихтың өзі ақтап алады. Сол кезде мына үкімнің заңсыз екені өзінен-өзі дәлелденеді, - дейді Шынқуат Байжанов.

Исматулла Әбдіғаппардың адвокаты Теңгебек Байымбетов болса, алқа билер сотының іске немқұрайлы қарағанын атап өтеді.

- Сотты қарау барысында менің бір байқағаным, сонша эпизодтың болғанына қарамастан олардың я бір түртіп, өздеріне жазып тұрғанын көргем жоқ. Мен кәсіпқой адвокатпын. Соның өзінде бастапқы кезде болған эпизодтарда кімнің қалай жауап бергенін есте сақтау мүмкін болмады. Сол себепті оларды қалай кінәлі деп тауып, қалай мұндай үкім шығаруға жасап отырғаны маған түсініксіз, - дейді ол.

ЖӘБІРЛЕНУШІЛЕР ҰМЫТ ҚАЛҒАН СОТ

Бұл сот процесі алқа билердің қатысуымен өтті. Сондықтан бүгін қорғаушы жақ сот үкімін емес, осы алқа билердің пікірін ғана күткен. Яғни, «олар әрбір бап бойынша айыпталушының кінәлі-кінәлі еместігін айтып, дауыс берулері тиіс» болған. Осының салдарынан сот үкімі оқылғанда Алматыда бола алмағанын айтқан авдокат Абзал Құспанов алқа билер дауысы мен сот үкімінің бір күнде шығып кеткеніне қайран қалады.

- Алқа билер дауыс бергеннен кейін логика бойынша судья өтірік болса да, бір рет ойлануы керек еді. Ойланған жоқ. Барлық бап бойынша алқа билердің қандай шешім қабылдайтынын білді. Тура бүгін алды да, дайын үкімді оқи салды, - дейді Абзал Құспанов.
"Сопылар ісі" бойынша үкімді тыңдап тұрған прокурорлар. Алматы, 19 қазан 2011 жыл

"Сопылар ісі" бойынша үкімді тыңдап тұрған прокурорлар. Алматы, 19 қазан 2011 жыл


Оның айтуынша, бұл іс бойынша өткен аптада өткен жарыссөзге 28 жәбірленушінің бірде-біреуі келмеген. Оның пікірінше, «бұл жәбірленушілердің құрал ретінде пайдаланғандығының дәлелі».

- Жалпы қылмыстық іс не үшін қозғалады? Ол жәбірленушінің құқығын қорғау үшін қозғалады. Олай болса, жәбірленушінің осы іс бойынша қандай жаза тағайындау туралы пікірі керек емес пе?! Сотқа келген 28-дің 24-і сотта «иә, осылай болды» деп үйретілген сөздерді айтып береді де, кетіп қалады. Соттың жарысөзінде өз пікірлерін айтуы тиіс емес пе? Ал бірақ жарыссөзге олардың бірде-біреуі келген жоқ. Бірақ судья соған қарамастан үкім шығарып жіберді. Себебі олардың керегі жоқ болатын, - дейді Абзал Құспанов.

Сот процесіне алқа билер қатысқандықтан сот үкімін аппеляцияға беруге болмайды Адвокаттардың айтуынша, ол тек кассациялық инстанцияда қаралуы мүмкін екен. Олар кассациялық шағым беретіндіктерін айтып отыр.

Өздерін Яссауия сопылық тариқатын ұстанушылар деп санайтын топтың бірнеше өкілі былтырғы тамыз айынан бастап қамауға алынып, үстілерінен қылмыстық іс қозғалған болатын. Бұл топтың мүшелеріне «қылмыстық ұйым (синдикат)» құрды деген ауыр айып тағылған болатын. Сот үкімі шықпай жатып «сопылық секта» туралы «Хабар» телеарнасы деректі фильм де көрсетіп үлгірген.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG