Accessibility links

Жер аударылған Троцкийдің Алматыдағы өмірі


Лев Троцкий.
Лев Троцкий.

Сталин режимі жау немесе сенімсіз санаған кей жандарды Алматыға жер аударған. Бұл қалаға 1928 жылы 25 қаңтарда жер аударылып келген Лев Троцкий - Сталиннің қарсыласы, айдалған қайраткерлер ішіндегі ең белгілі тұлға.

Лев Троцкий – Петроградта Октябрь революциясын дайындап, іске асырған, қызыл армия құрып, оның азамат соғысындағы жеңіске жетуіне көп еңбегі сіңген тұлғалардың бірі. Октябрь төңкерісі мен азамат соғысы жылдары оның беделі ерекше мықты болды. Троцкий совет үкіметінің негізін қалаған Лениннің көзі тірісінде советтік диктатор Сталинге қарсы шыққан. Совет тыңшылары оны талай жылдан кейін Мексикадан іздеп тауып, өлтірді. Бірақ эмиграцияға кеткенге дейін Троцкий Алматыға жер аударылған, оның тауқыметті тағдырының бұл тұсы жұртқа онша мәлім емес.

Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бұрынғы бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев.
Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бұрынғы бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев.

Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бұрынғы бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев естелік кітаптарында Алматыдағы мектепте оқыған жылдарын еске алып: «Мектепте оқып жүргенде бізге мемлекеттің басты жетекшілері Ленин мен Троцкийдің өмірбаянын жан-жақты оқытқан. Бүкіл жерде екеуінің протреттері ілулі тұратын. Пионер кезімізде екеуіне арналған ән, тақпақтарды көп жаттадық, ондай өлеңдер әсіресе Ленин қайтыс болғаннан кейін көп шықты» деп жазады.

Ленин көз жұмған соң оның мұрагері кім болатыны түсінікті болған кезде Троцкийдің саяси тағдыры да шешілді. Лениннің орнын Иосиф Сталин басқаны белгілі. Үгіт-насихат аппараты Троцкийді революция батырынан біртіндеп қас жауына айналдырды. 1927 жылдың аяғына қарай оны партиядағы бүкіл қызметінен айырып қана қоймай, партиядан да шығарды. Троцкийді әуелі Астраханьға жер аудармақ болған. Бірақ саяси серіктерінің қарсылығынан кейін оны орталықтан алыс Алматыға жер аударуды ұйғарады.

Троцкийді Алматыға қаңтардың 17-сі күні пойызбен жібереді. Мәскеуден 4 мың километр, темір жолдан - 250 километр, Қытай елсіз провинцияларынан да осы шамада шалғай жатқан Алматы саяси қарсыласты тұқыртып ұстауға таптырмайтын орын болды.

Троцкий Алматыға әйелі Наталия мен үлкен ұлы Левпен бірге келді. Үшеуі Фрунзеден (қазіргі Бішкек қаласы) автомобильмен шығып, Қордай асуы арқылы қаңтардың 25-і күні түнде Алматыға әбден қиналып жетеді. Айдауда болған бір жыл ішінде кіші ұлдары Сергей мен келіні (үлкен ұлының келіншегі) оларға қонаққа келіп тұрған.

ҚОНАЕВТЫҢ ТРОЦКИЙ ЖАЙЛЫ ЕСТЕЛІКТЕРІ

Дінмұхамед Қонаев естеліктерінен тағы бір үзінді: «Бір күні Троцкийді бүкіл қызметінен босатып, Мәскеуден жер аударыпты, қазір біздің қалада тұрады екен деген хабар тарады. Әрине жұрттың бәрі оны көруге асық болды».

Троцкийдің қай үйде тұратынын жасөспірім Дінмұхамед пен оның сыныптастары білетін. Мектептен қайтқанда әлгі үйдің жанынан өтетін, бірақ Троцкийді көрудің сәті түспей жүрген балалар бір күні оны кездейсоқ жолықтырып қалған. Дінмұхамед сыныптастарымен Медеу шатқалы жақтан, таудан қайтып келе жатқан. Олардың алдынан тауға қарай өрлеп бара жатқан арба мен арбаның соңынан ерген әйелдер шыққан.

«Бәрінің алдында көзіне пенсне таққан, шоқша сақалы бар, аяғын нық басқан аласа бойлы бір кісі келе жатты. Портреттері мен фотосуреттерін көріп жүргендіктен Троцкийді бірден таныдық. Бәріміз қалт тұра қалып, ізетпен сәлем бердік. Ол сәлемімізді алды да, кідірместен жанындағы әйелдермен бірге Медеу жаққа өрлеп кетті».

Лев Троцкий.
Лев Троцкий.

Аңшының киімін киіп, көшеде асықпай серуендеп жүрген Троцкийді кейін Дінмұхамед Қонаев тағы бірнеше мәрте жолықтырған. Әйгілі тұтқынды көріп, онымен сөйлескісі келетіндер көп болған әрі кейбірінің жолы болған. Олар - әскери қызметшілер, жұмысшылар, колхозшылар, Кіші станица казактары, техникум оқушылары. Бұл жайлы деректер Т.Жалмағамбетов пен С.Жалмағамбетовтің КГБ мұрағатындағы материалдар негізінде жазылған «Л.Д.Троцкий в алма-атинской ссылке» деген деректі повесінде бар.

Бірақ онымен кездескені үшін ешкімді басынан сипамаған. ГПУ-дің (Бас саяси басқарма) араласуымен олардың кейбірін жұмыстан шығарып, техникумнан қуған. Арнайы қызмет органдары Троцкийді халықпен араластырғысы келмеген.

САЯСИ АЙДАУДАҒЫ ТҰРМЫС

Троцкийдің отбасы алғашқы үш апта қонақүйде тұрған. Троцкийдің әйелі ол жерді: «Ақыры жеттік. Бұл Гоголь көшесі бойындағы «Жетісу» қонақүйі екен. Бөлмедегі жиһазды шынымен Гоголь заманынан қалған деуге болады. Бізге екі бөлме берді. Көрші бөлмелерге күзетші мен жергілікті ГПУ агенттері жайғасты» деп сипаттаған.

Тұрмыс жағдайлары Троцкий отбасының көңілінен шықпаған. Ол ГПУ төрағасы Вячеслав Менжинский мен орталық атқару комитеті (ЦИК) төрағасы Михаил Калининге 1928 жылы қаңтардың 31-і күні жолдаған хатында «ГПУ бізді жағдайы түрмеге ұқсайтын қонақүйге орналастырып қойды. Мейрамхананың денсаулықты құртатын тамағын ішіп жатырмыз. Жүктегі киім-кешек, кітаптарымызды шығарайық десек, бөлме жоқ. Қонақүйдің ақысы мен мейрамхананың ақшасын төлеуге мүлде шамамыз келмейді. Ас бөлмесі бар кеңірек пәтер қажет» деп жазған.

Ол кезде қаладан ыңғайлырақ баспана табу қиын болатын. Қаладағы бос пәтерлердің бәрін Қызылордадан Алматыға көшіп келетін Қазақ АССР-і үкіметі мүшелері үшін сақтап отырған. Троцкийдің табандылығы арқасында оның отбасына халық сыртқы істер комиссиариатына (НКИД) қарасты агенттіктің Красин көшесіндегі 75-үйде орналасқан ғимаратына көшуді ұсынады. Гоголь мен Жібек жолы көшелерінің ортасындағы Уәлиханов атындағы көшеде («Отырар» қонақүйінің артында) болған әлгі үй қазір жоқ.

Лев Троцкий (сол жақта) мен Владимир Ленин (оң жақта) Үшінші Интернационалдың 2-сиезіндегі үзілісте сөйлесіп тұр. Мәскеу, 1 қаңтар 1920 жыл.
Лев Троцкий (сол жақта) мен Владимир Ленин (оң жақта) Үшінші Интернационалдың 2-сиезіндегі үзілісте сөйлесіп тұр. Мәскеу, 1 қаңтар 1920 жыл.

Троцкий Орджоникидзе, Калинин және Менжинскийге жолдаған телеграммасында жаңа баспанасын «пәтерде әжетхана жоқ, ас бөлме тозып кеткен екен, есесіне біздің аңду үшін ГПУ-ге ыңғайлы болды» деп сипаттаған. Ал серіктеріне «жиһаз сатып алдық, қираған пешті жөндедік, қысқасы құрылыс жұмыстарымен айналысуға тура келіп жатыр» деп жазған. Троцкийдің хатында «негізі, жаман пәтер емес, тіпті электр жарығы да бар екен (ол заманда электр жарығы жеке үйлердің кейбірінде ғана болған), бірақ айтқанымдай қаланың біз тұратын бөлігінде климат онша жайлы емес» деген жолдар бар.

Жергілікті электр станциясының қуаты жетпегендіктен, кешкі жетіден түн ортасына дейін ғана қосатын жарықты бірнеше минуттан жарты сағатқа дейін жиі өшіріп отырғанын Троцкийдің тағы бір хаттарынан байқауға болады.

Троцкийдің отбасы қаланың жоғарғы жағына - қазіргі Абай даңғылы маңына көшіп кетуге тырысқан. Өйкені ол жақта безгек ауруын қоздыратын маса аз болған, Алматыға келген соң Троцкийдің өзі де, әйелі де масадан қиналған. Ал таудың етегі масадан таза болған. Троцкийдің отбасы жаз мезгілі мен күздің ортасына дейін тау бөктеріне көшіп баратын. Қазақстан ГПУ-і бастығы Каширин ГПУ-ге қарайтын совхоздағы мемлекеттік саяжайды босатып, жөндеп, Троцкийге беруді бұйырған. Саяжайда екі бөлме, ас бөлмесі және веранда болған.

Троцкийдің отбасы саяжай қожайынының бала-шағасымен бірге тұрған. Жаз бойы жемістің пісуін күтіп, өнімді жинауға қатысқан. Кейін одан тосап қайнатқан. Ал Лев Троцкий бақшада машинисткаға «Коминтерн бағдарламасына сын» сияқты еңбектерін жаздырған.Троцкийдің айдаудан жазған хаттарынан 1920 жылдардың аяғында Алматыда тұрмыс қиын, азық-түлік және өзге тұтыну тауарларымен жабдықтау нашар болғаны байқалады.

«Қала халқының жалпы тұрмыс жағдайы нашар. Біз мұнда келгелі - үш айдан бері қалада нан және өзге азық-түлік түрлері мен өнеркәсіп тауарларының тапшылығы байқалды. Барлық жерде қаптаған кезек» дейді ол.

Жер аударылып келген Троцкийдің отбасы ақшадан тарыққан. Оның отбасына мемлекет ай сайын 50 рубль жәрдемақы төлеп тұрған. Жалмағамбетовтердің кітабында Троцкийдің отбасы коммуналдық қызметтің 9 рубль 90 тиын мөлшеріндегі айлық ақысын төлей алмай қиналғаны туралы деректер келтірілген. Қалалық коммуналдық қызмет бөлімі хаттарының бірінде қызмет ақысы 10 күн ішінде төленбесе, ақшаны күшпен өндіру ісі халық сотына жолданатыны жайлы ескертілген.

Қаржыдан тарыққан отбасына Троцкийдің Маркс-Энгельс институты тапсырмаларын орындап алған қаламақы сәл демеу болған. Троцкий пікірлестерімен хат жазуға көп уақытын бөлген. Сәуір-қазан айларында ол 1 мыңға жуық саяси хат пен құжат, 700-дей телеграмма алған, ал өзі 550-ге жуық телеграмма мен ішінде ірі еңбектері де бар кемі 800 cаяси хат жолдаған.

АЙДАУ МЕРЗІМІНІҢ АҚЫРЫ

1928 жылдың қысына қарай Троцкийдің жұмыс істеуі мүлде қиындап кеткенімен, оның отбасы Алматыда ұзақ қалдырмайтынын сезген сияқты. Елдің өзге аймақтарындағы пікірлестерінен мүлде оқшаулап тастаған оны хат-хабар алып, жөнелту мүмкіндігінен айырған. Бұған биліктің әрекеті әрі Троцкий жақтастарының азайып кетуі себеп болса керек.

Мексикалық танымал суретші Фрида Кало (сол жақта) мен Лев Троцкий. Мексика, 20-ғасырдың 30-жылдары.
Мексикалық танымал суретші Фрида Кало (сол жақта) мен Лев Троцкий. Мексика, 20-ғасырдың 30-жылдары.

1929 жылы қаңтардың 20-ы күні Троцкийдің үйіне ГПУ агенттерінің үлкен бір тобы келеді. Оған ОГПУ алқасы отырысының хаттамасынан «соңғы кездегі әрекеті антисоветтік арандатулар мен совет үкіметіне қарсы қарулы көтеріліс әзірлеуді көздеген заңсыз партия құрып, контрреволюциялық қызметпен айналысқаны үшін СССР территориясынан аластатылсын» деген үзіндіні көрсеткен.

Заттарынан көбінесе қолжазбалары мен кітаптарын ғана алған олардың жолға жиналуына бір күн ғана мұрсат берген. 1929 жылы қаңтардың 22-сі күні таң сәріде Троцкий мен әйелі және ұлы Лев үшеуін автобусқа мінгізіп, баяғы келген жолдары - Қордай асуы арқылы Қазақстаннан шығарып жіберген.

Мақалада пайдаланылған материалдар: Жалмағамбетов Т. и С. «Л.Д.Троцкий в алма-атинской ссылке», Алма-Ата, 1992 ж.; Л.Троцкийдің жарияланған хаттары мен күнделіктері; Өмірбаянын зерттеушілер Н. Васецкий, Ю. Фильштинский,Г. Чернявскийдің жазбалары; Қонаев Д. «От Сталина до Горбачева», Алматы, 2012 жыл.

XS
SM
MD
LG