Accessibility links

Түркістан легионері ақталғысы келеді


Түркістан легионері Ахметбек Нұрманов. Ақтөбе облысы, Ойыл селосы, 6 мамыр 2013 жыл.

Түркістан легионері Ахметбек Нұрманов. Ақтөбе облысы, Ойыл селосы, 6 мамыр 2013 жыл.

Ақтөбелік 93 жастағы тәжірибелі педагог Ахметбек Нұрманов 20-армия құрамында соғысып жүріп тұтқынға түскен соң лагерь азабын өткеріп, Түркістан легионына тартылды. Кейін елге оралғанда Колымаға қуғындалды.

Құс жастықты шынтақтап, аяғын көрпемен орап алған ақсақал кемпіріне газет оқытып отыр. Үстел үстінде – аудандық «Ойыл» газетінен бастап, облыстық «Ақтөбе», қазақ және орыс тілдерінде шығатын түрлі басылымдар. Ұқыпты киім киісі бұрын жауапты қызметте болғанын аңғартатын зайыбы да мүдірмейді. Әрбір материалды асқан тиянақтылықпен мәнерлеп оқып отыр.

Бұл ақсақал - Ақтөбеден 260 шақырым жердегі Ойыл селосының тұрғыны, Түркістан легионының жауынгері, 30 жылдан астам уақыт Ойылдағы орта мектепте физика-математика пәні мен неміс тілінен сабақ берген Ахметбек Нұрманов. Газет оқып отырған адам – ол кісінің зайыбы Гүлбарам Жағыпарова.

«СУРОВЫЙ СОВЕТСКИЙ ЗАКОН»

Жасы 93-ке қараған Ахметбек Нұрмановтың қазір екі көзі көрмейді. Кісі көмегінсіз отырған орнынан қозғалуы да қиын.

Қарияның сөзіне қарағанда, 1939 жылдың күзiнде Климент Ворошиловтың (СССР-дің сол кездегі бірінші қорғаныс халық комиссары – ред.) «1-курс студенттерi армияға алынсын» деген бұйрығы шыққан. Ойыл мектебін үздік бітірген Нұрманов ол кезде КазГУ-дің физика-математика факультетінде оқып жүрген екен. Сөйтіп ол университеттегі оқуын тастап, Батыс Украинаға аттанып кетеді. Әскерден елге оралуына екі ай қалғанда екінші дүниежүзілік соғыс басталған.
Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушыларға қойылған Ойыл селосындағы ескерткіш. Ақтөбе облысы, Ойыл селосы, 6 мамыр 2013 жыл.

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушыларға қойылған Ойыл селосындағы ескерткіш. Ақтөбе облысы, Ойыл селосы, 6 мамыр 2013 жыл.


- Мен Власов армиясының (20-армия – ред.) құрамындағы 1856-артиллериялық полкта қызмет еттім. Біздің полк «елге соғыс қаупі төніп тұрған жоқ» деген ТАСС мәлiмдемесiне сеніп, қамсыз отырған болатын. Қару-жарағымыз да аз еді. Автомат атымен жоқ. Винтовкаларымыздың да оғы жеткіліксіз. Зеңбіректер оқ-дәрімен 30 пайызға ғана қамтылған. Жау әскері бізді бірден қоршауға алды. Қоршауды бұзып шықпақшы болған ең соңғы шайқаста 42 адам тірідей тұтқынға алындық. Бұл 1941 жылдың 22 шілдесі болатын. Ең соңғы шайқас әлі есімде. Полк командирі мен комиссарымыз өзара ұзақ айтысты. Командир: «Бізде кінә жоқ. Барымызша соғыстық» десе, комиссар: «Біз берілмеуіміз керек еді. Кінәліміз!» деді де өзін-өзі кіндік тұсынан ең соңғы оғымен атып тастады. Өлер алдында әскери анттың «Если я нарушу клятву, пусть меня покарает суровый советский закон» («Егер антымды бұзсам, мені қатаң совет заңы жазаласын» - ред.) деген тұсын қайталап айта бергені есімде, - дейді ақсақал.

45980-НӨМІРЛІ ТҰТҚЫН

Шаршаңқырап қалса керек, қарттық жеңе бастаған Ахметбек ақсақал полк командирі мен комиссардың аты-жөндерін есіне түсіре алмай қойды. Бірақ тұтқындар лагеріндегі өз нөмірін ұмытпапты.

- Менің нөмірім 45980 еді. Осыдан-ақ мыңдаған адамның тұтқындар лагерінде болғанын аңғару қиын емес. Біздің лагеріміз Польшаның Холм қаласында болатын. Алғашында бізді биік қоршауы бар ашық алаңқайға әкеп қамады. Кейін өз күшімізбен жертөле жасап алдық. Қатты тоңғандықтан жертөленің ішіне от жағамыз. Мұржасы жоқ үңгірден түтін сыртқа шықпайды. Күн сәулесін көрмей, көк түтіннен тұншыққан тұтқындар жертөледен шыққанда көзін аша алмай, суқараңғы боп қалып жататын. 1941 жылдың күзінде Орталық Азия халықтарын бөлек жинай бастады. Өзбегі, қазағы, қырғызы және басқалары бар 2 мыңдай екенбіз. Кейін бізді Польшаның Ченстохова қаласындағы лагерьге жеткізді. Ол жерде жағдайымыз оңай болған жоқ. Күн суыта тұтқындардың арасында түрлі індет тарап, топ-тобымызбен қырыла бастадық. Сөйтіп 2 мың тұтқынның 150-і ғана қалды.

Ахметбек Нұрмановтың Колымада айдауда жүрген кезі. 1954 жыл. Сурет отбасылық мұрағаттан алынды.

Ахметбек Нұрмановтың Колымада айдауда жүрген кезі. 1954 жыл. Сурет отбасылық мұрағаттан алынды.

Соғыстан бұрын Қобда өңірінде тұрған неміс жігіті сол лагерьде аудармашы болып қызмет ететін. Сол жігіт мені іш тартып, басшыларына сездірмей қолдап жүруші еді. Бір күні аудармашыдан лагерьге Мұстафа Шоқай келіп, бізбен кездеспек болғанын естідім. «Сендерді сырттарыңнан көрген Мұстафа Шоқай еңкілдеп жылады» деген еді маған аудармашы неміс жігіті. Лагерьді індет жайлап кеткендіктен, басшылар оған бізбен кездесуге рұқсат бермей қойған, - дейді ақсақал.

Осы тұста Ахметбек Нұрманов екі иығы селкілдеп жылады.

Сәл кідірістен соң сөзін жалғаған ақсақал 1944 жылы Италиядағы америкалық лагерьде тұтқындарды СССР-ге қайтаратын бекет ашылғанын естіп, елге қайтуға бел буғанын айтты. Оның сөзінше, сол уақытта «Родина простит, Родина ждет» («Отаның кешірім етеді, отаның күтіп тұр» - ред.) деген ұран көтерілген. Алдауға көнбей, шетелде қалып қойғандар да көп болған. 1944 жылғы желтоқсанда ол өзге де тұтқындармен бірге СССР-ге жетіп, Бакуге кеп түседі. Бірақ совет үкіметі оларға кешірім жасамай, Прокопьевск қаласындағы шахтаға қара жұмысқа жегеді.

Ахметбек Нұрманов 1948 жылы Ойылға оралып, Гүлбарам Жағыпаровамен үйленеді. Бірақ бір жарым айдың ішінде ауылдағы «НКВД құлақтарының» нұсқауы бойынша қайта сотталады. Бұл жолы Колымаға 25 жылға айдалады. Кейін Сталиннің қазасынан соң, 1955 жылы ғана елге қайтады. Германиядағы тұтқын болған 3 жылын (1941-1944) есептемегенде СССР-де бас-аяғы 11 жыл айдауда болады.

Ақсақалдың аузынан шыққан әрбір сөзді қалт жібермей тыңдап, шаршаңқырап қалған тұстарында әңгімесін түзетіп отырған Гүлбарам әже әлі тың көрінеді. Тоқсанға келсе де, сөзі түзу, ойы анық. Оның айтуынша, «АҚШ шпионына» күйеуге шыққаны үшін өзі де дереу партия қатарынан қуылып, пленум мүшелігінен босайды.

«ОЙЫЛДЫҢ ШАҢ КӨШЕСІН САҒЫНУ»

- Мен Отанымды сатқаным жоқ! Ондай опасыз болсам, шетелде қалып қояр едім ғой. Ойылдың шаң көшесін сағынып, елге аңсарым ауар ма еді? Бұл – менің тағдырым. Ал тағдырды ешкім де таңдамайды. НКВД жандайшаптарының кесірінен 1944 жылы Вена қаласында өткен Түркістан конгресіне барғаным, 1942 жылдың соңында Италияда немістерге тиесілі теміржолды күзетіп, әскери бекініс салуға қатысқаным бетіме шіркеу болды. Түркістан легионына кірген тұтқындар Гитлер солдаттарымен бірге әскери іс-шараларға қатысқан емес. Немістер бізге сенбейтін. Бірақ біздің мәжбүрліктен қосалқы бөлімшелерде қызмет жасағанымыз рас. Менің жасым 93-ке қарады. Ана дүниеге аттанар кезім де жақын. Артымда «сатқын» деген қара таңбаның қалғанын қаламаймын! - деді Ахметбек Нұрманов.

Ақсақалдың туыстары ардагердің тағдыры мен оны ақтау туралы өтініш-хатты ең соңғы рет 2011 жылы Қазақстан премьер-министрінің блогына жолдаған. Кейін үкімет басшысының нұсқауымен ол хат бас прокурор Қайрат Мәмидің атына жіберілген.

- Бірақ құзырлы органнан нақты жауап болған жоқ, - дейді ардагердің жиен қызы Диана Нұрманова.

Түркістан легионының жауынгері Ахметбек Нұрмановтың жұбайы Гүлбарам Жағыпарова. Ақтөбе облысы, Ойыл селосы, 6 мамыр 2013 жыл.

Түркістан легионының жауынгері Ахметбек Нұрмановтың жұбайы Гүлбарам Жағыпарова. Ақтөбе облысы, Ойыл селосы, 6 мамыр 2013 жыл.

Қарияның өз әкесі 1928 жылы «халық жауы» аталып «итжеккенге» айдалған Хазан Хазірет те Қазақстанның батысына жақсы танымал адам.

Ойыл мектебінде 30 жылдан астам ұстаздық еткен білім беру ісінің үздігі Ахметбек Нұрмановтың қолында қазір жиен қызы Диана мен күйеу баласы Антон бар. Қариялардың жалғыз қызы Рая өмірден ертерек өтіп кеткен.

- Дианам омырау жасындағы екі баласымен бірге бізге де қарап отыр. Тәуба! Екеуміз де Құдайдан енді өмір жасымызды ұзартуды сұрап отырғанымыз жоқ. Тек Ахаңның ақталғанын көрсем деймін, - дейді Гүлбарам әже.

Сталиннің өлімінен соң араға екі жыл салып, 1955 жылы бостандық алған Ахметбек Нұрманов содан бері 58 жыл өтсе де, ақталған жоқ.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түскен мыңдаған қазақстандықтардың көпшілігі елге оралғасын түрлі жазалау науқандарына ілініп кетіп жатты. Осы кезеңді зерттеуші тарихшы Гүлжаухар Көкебаева: «1945 жылы күзде СССР-ге оралған 1 миллион 368 мың 849 тұтқынның қатарында 23 мың 143 қазақ болғаны белгілі» деген дерек келтіреді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG