Accessibility links

«Саварона» кемесінде ұсталғандардың соты басталды


Жерорта теңізі жағалауы. Анталья. (Көрнекі сурет)

Жерорта теңізі жағалауы. Анталья. (Көрнекі сурет)

Желтоқсанның 20-cында осыдан үш айдай бұрын Антальядағы «Саварона» яхтасында жезөкшелермен бірге ұсталған 10 адамның соты басталды. Он күдіктінің бірі – қазақстандық бизнесмен Тевфик Ариф.

«Анадолы» ақпарат агенттігінің жазуы бойынша, адам саудасымен айналысқан, жезөкшелер үйі мен қылмыстық ұйым құрған деген айыппен күдікке ілінгендер қатарында қазақстандық кәсіпкер Тевфик Ариф та бар.

ҚАЗАҚСТАН КӘСІПКЕРІ КҮДІКТІЛЕР ҚАТАРЫНДА

Түркияның полициясы қыркүйек айының 28-і кезінде Мұстафа Кемал Ататүріктің иелігінде болған әйгілі «Саварона» кемесінде жезөкшелікпен айналысқан тоғыз ресейлік және украин қызды елдеріне қайтарған. Жеңіл жүрісті жас әйелдер Түркияға Украина мен Ресейдің сән агенттіктері арқылы алдырылған.

Сөйтіп, кеменің жеңіл жүрісті әйелдер борделіне айнала жаздағаны анықталды деп хабарлаған еді түрік басылымдары.

Осы оқиғадан кейін Түркия билігі қоғамның назары ауып отырған бұл әйгілі кемені Ататүрік мұражайына айналдыруды жоспарлап отыр.

Қазақстандық кәсіпкер Тевфик Ариф «Саварона» кемесінде адам саудасын және жеңіл жүрісті әйелдер борделін ұйымдастырумен айналысып жүрген қылмыстық топқа қатысты сотқа тартылды. Ол өзінің бұл кемені жалға алғанымен, оның жезөкшелік мақсатта пайдаланылғанынан хабары жоқ екенін мәлімдеген.

Ариф осыған дейін turizmGuncel.com сайтына берген сұқбатында, тағылған айыптармен келіспейтінін, өзінің Түркияға 15 миллиард доллар инвестиция құйғанын алға тартқан.

МАШКЕВИЧ ПЕН БЕЛГІСІЗ ҚАЗАҚ ШЕНЕУНІГІ ШЕ?

Осыған дейін «Хурриет» газетінде жарияланған деректерде, кемені жалдау ақысын Қазақстан кәсіпкері Александр Машкевич төлеп келген деп айтылған. Одан кейін Түркия билігі бұл азаматтың яхта жанжалына қатысы жоқ екенін хабарлады.

Түркиялық басылымның жазуы бойынша кемедегі тұтқындау кезінде полиция қызметкерлері ұстаған адамдар арасында Александр Машкевич те болыпты. Тергеу сауалдарына жауап берген соң ол өзімен бірге тұтқындалған Қазақстан үкіметінің жоғары лауазымды бір шенеунігімен бірге босатылған.

Түркиялық басылым Машкевич «Petkim» компаниясының 51 пайыздық үлесін сатып алған фирмаға несие бөлген банк иелерінің бірі екенін тілге тиек етеді. «Petkim» – Түркияның ең ірі мұнай-химия компаниясы. Осыдан үш жыл бұрын «Petkim» компаниясының акцияларының 51 пайыздық бақылаушы пакетін 2 миллиард 50 миллион долларға сатып алған «Transcentral Asia Petrochemical Holding» тобының жетекшісі дәл осы Александр Машкевич деп атап көрсетеді басылым.

Орталық Азияда жүріп байыған 56 жастағы бұл алпауыт қазір Ұлыбританияда тұрады. Сонымен қатар Машкевич «Еуразиялық банк» иелерінің бірі деп саналады. Александр Машкевич – еврей ұлтының өкілі, қазір ол Еуразиялық еврей конгресінің президенті қызметін де атқарып отыр деп таныстырады кәсіпкерді басылым.

Қазір Қазақстан азаматы болғанымен, Машкевич Израильдің де азаматы болып есептеледі. «Форбс» журналының 2010 жылға арналған әлемдегі ең бай алпауыттар тізімінде ол 287-орынды иемденген. Оның жеке бас дәулеті 3,3 миллиард долларға тең деп бағаланыпты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG