Accessibility links

«Қорқыт атаны» комикс пен манга стилінде салмақ


Түркияда тұратын этникалық қазақ Хайролла Мұхаммедұлы (Хайруллаһ Кая) "Нұхтың кемесі" кітабының мұқабасы.

Түркияда тұратын этникалық қазақ Хайролла Мұхаммедұлы (Хайруллаһ Кая) "Нұхтың кемесі" кітабының мұқабасы.

Түркияда тұратын суретші қазақ жастары «болашақта шығармаларымызды Қазақстанның атынан шығарсақ» деп армандайды.

Түркияның Стамбул қаласында тұратын суретшілер, этникалық қазақ жастары Хайролла Мұхаммедұлы мен Батыр Хамзаұлы түркі халықтарына ортақ мифтік кейіпкер Қорқыт жайлы баяндайтын «Қорқыт ата кітабы» негізінде 12 томдық топтама жасамақ.

– Қорқыт ата туралы балаларға арналған жеңіл түрдегі түсіндірме шығарма жоқ. Тек академиялық деңгейдегі зерттеу кітап қана бар. Сондықтан біз жырды тек сызба арқылы бейнелеп шықсақ деген ниеттеміз. Суреттер негізінен жапониялық манга және америкалық комикс стилінде болмақ, – дейді Батыр Хамзаұлы.

«БҰҚАШ ХАН» КІТАБЫНЫҢ 25 МЫҢ ДАНАСЫ САТЫЛДЫ»

Түркиядағы суретші қазақ жастарының бірі Хайролла Мұхаммедұлы «Қорқыт ата» кітабын бұған дейін де шығармаларына арқау еткен. Оның алғашқы суреттер топтамасы сол туындыдағы «Дерсе хан ұлы Бұқаш туралы жырға» арналған.

Хайролла Мұхаммедұлы.

Хайролла Мұхаммедұлы.

– «Бұқаш хан» деп аталатын ол кітабымда негізінде графикалық жұмыстар топтастырылған. Әр суреттің астына мәтінмен түсініктеме беріліп отырады, – дейді Хайролла Мұхаммедұлы.

«Бұқаш ханнан» кейін «Нұқтың кемесі» атты кітабын шығарған Хайролла Стамбул қаласында туып-өскен.

– Кішкентайымнан сурет салуға құмар болдым. Кейін өзім тұратын қаладағы Мармара университетінің өнер факультетіне түсіп, сән және мода мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Үйдегі үш ағам – дизайн саласының мамандары, – дейді Хайролла.

Батыр Хамзаұлының айтуынша, Хайролла Мұхаммедұлының «Бұқаш хан» кітабының – 25 мың данасы, үш ай бұрын ғана баспадан шыққан «Нұқтың кемесі» кітабының 8 мың данасы сатылған.

«ЖОБАМЫЗДЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ АТЫНАН ШЫҒАРСАҚ»

Батыр Хамзаұлы – Хайролла Мұхаммедұлының бір факультетте оқыған досы. Түркияның Измир қаласында туған суретші жігітжеті жасына дейін «Алтай» қазақ ауылында өскен, кейін Стамбулға көшіп барған.

– 10 жасымнан бастап сурет және графика жұмыстарына қызықтым. Лондонда, Еуропаның басқа да қалаларында жұмыс істедім. Қазақстанда алты жыл тұрдым. Сол алты жылдың ішінде 150 сериялық мультфильм пен әртүрлі анимациялық туындылар, 200-ден астам сайт, 100-ден аса лого жасадым, – дейді ол.

Батыр Хамзаұлы.

Батыр Хамзаұлы.

Үйдегі жалғыз бала екенін, әкесі ерте көз жұмғанын айтқан Батыр «анамның денсаулығына байланысты Стамбулға оралдым» дейді.

– Болашақта Хайролла екеуміздің де Қазақстанға қоныс аудару ниетіміз бар. Оған дейін қолға алған жобамызды бітіріп, Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігі арқылы шығарсақ деп ойлаймыз, – дейді Батыр Хамзаұлы.

Стамбулдағы «Қазақ мәдени қоғамының» жетекшісі Файзолла Топылы Хайролла Мұхаммедұлы мен Батыр Хамзаұлын «өз еңбектерімен танылып келе жатқан талантты суретшілер» деп сипаттайды.

– Түркиядағы қазақ жастары әр салада бой көрсетіп келе жатыр. Араларында оқыған, білімді жастар көп. Олар әр салада бар. Хайролла мен Батыр – сол кейінгі шыққан жастардың өкілі, – дейді Файзолла Топылы.

Түркиядағы қазақ диаспорасы әуелі 1950 жылдары Қытайдан, кейін 1980 жылдары Ауғанстан мен Ираннан ауып барған қазақтардан құралған. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының дерегінше, қазір Түркияда 15 мыңдай қазақ бар. Негізінен Стамбул, Салихлы, Анкара, Измир қалаларын мекендейтін қазақтардың көбі тері өндірісі, каучук бұйымдарын шығару, сауда саласында еңбек етеді, араларында ғалым, дәрігер, адвокаттар да бар.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG