Accessibility links

Түркіменстан бас прокурорының шарықтауы мен құлдырауы


Түркіменстанның бұрынғы бас прокуроры Құрбанбибі Атажанова.

Түркіменстанның бұрынғы бас прокуроры Құрбанбибі Атажанова.

Түркіменстанның бұрынғы бас прокуроры Құрбанбибі Атажанованың қызмет жолы авторитарлық режим шенеуніктері үшін сабақ боларлық жағдай. Диктаторлардың басты жендеттерін бәріне кінәлі қылып, құрбандыққа шалуы – Сталин кезеңінен бері келе жатқан үрдіс.


Құрбанбибі Атажанова 1947 жылы Түркіменстанның оңтүстік өңірінде дүниеге келді. Дене бітімінде аз болса да анық байқалатын кемшілігі бар жас қыз болашақта отандастарының тағдырын шешем деп ойламаған да болар. Алайда оның қызметтегі бас айналдырарлық шарықтауының ақыры қайырлы болмады. Кесірі өзіне ғана емес, өзге де мыңдаған адамдарға тиді.

Бұрынғы әріптестерінің айтуынша, Құрбанбибі орта мектепті бітірген соң аудан басшылығында жүрген ықпалды танысының көмегімен аудандық прокуратураға хатшылық қызметке қабылданады. Көп ұзамай Ашғабат университеті заң факультетінің сырттай оқыту бөліміне берілетін жолдаманы қиындықсыз алады.

Қолына дипломын алған соң Құрбанбибі Атажанованың өзі жұмыс істеп жүрген прокуратурада қызметі жоғарылайды. Ешқашан тергеуші болып жұмыс істемеген Құрбанбибі бірден әкімшілік қызметке алынады. «Бұл жағдай Түркіменстанның бүкіл қадағалау жүйесіне орасан зиян келтірді» деп есептейді ұзақ жылдар осы салада қызмет істеген заңгер. «Егер әскерді оқ-дәрінің иісін иіскеп көрмеген штаб қызметкері басқарса, онда мұндай әскердің көк тиындық құны жоқ» деп салыстыра саралайды заңгер.

БАС АЙНАЛДЫРАРЛЫҚ ШАРЫҚТАУ

Атажанова өзінің еңбек жолында прокуратура жүйесіндегі түрлі қызметтерді атқарды: Теджен ауданы прокурорының көмекшісі, Каахин ауданының прокуроры, бас прокуратурада кадрлар бөлімі бастығының орынбасары, бас прокурордың орынбасары болды.

Құрбанбибі Атажанова 1995 жылдың 3 сәуірінде Түркіменстанның бас прокуроры болып тағайындалады. Сарапшылар бұл тағайындауды мәжбүрліктен туындады деп есептейді. Өйткені сол кездері жақында ғана тәуелсіздігін алған мемлекеттің бірінші президенті Сапармұрат Ниязов (Түркіменбашы) үшін өзіне саяси жаулар тауып алмау маңыздырақ болатын. Сол себепті бұл қызметке әйел адамның кандидатурасы дөп келіп тұрған.

Прокуратура басшылығында ұзақ жылдар отырған Құрбанбибі Атажанова Ниязовтың сеніміне кіріп алған соң қадағалаушы органды жазалау жүйесіне айналдырады. Кәсіпқойлық екінші орынға ығысты. Кадр саясатында тікелей берілгендігі, режимге адалдығы және біреудің сыртынан сөз тасушылық негізгі орынға шықты. Біртіндеп сыбайлас
Прокуратураны басқарған ұзақ уақытта Құрбанбибі Атажанова Ниязовтың сеніміне кіріп алған соң қадағалаушы органды жазалау жүйесіне айналдырады.

жемқорлық пен ашкөздік бүкіл жүйені шырмап алды.

Алайда бас прокурорға бәрін жасауға болатын. Оның үстіне, Құрбанбибі Атажанова 2002 жылдың 3 сәуірінде бас прокурор ретіндегі конституциялық мерзімінің аяқталғанына қарамастан, президент жарлығымен, Конституция талаптарын бұза отырып, бұрынғы қызметінде қалдырылады.

Бас прокурордың бұл үшін Түркіменбашыға алғыс білдіруді ұзаққа созған жоқ. «2002 жылғы қараша айындағы Түркіменбашыға жасалған қастандықтан» соң бас прокуратура президентке қарсы қастандық жасаушылар қылмысының ашылғандығы жөнінде рапорт берді. Жүздеген кінәсіз адам тұтқынға алынып, түрмеге қамалды, жазаланды. Олардың ішінде парламент төрағасы, бұрынғы вице-премьер, ҰҚК-нің бұрынғы бірнеше төрағалары бар. Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары мен құқық қорғаушылар бұл істерге қатысты істерді сталиндік-бериялық соттармен салыстырды. Есесіне генерал Атажанова тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елде үлкен ықпалға ие болған ҰҚК-ні екінші орынға қарай ысырды.

2003 жылдың қаңтар айында Құрбанбибі Атажанова «Түркіменстан президентінің арнайы тапсырмасын орындауда үлгілі басшылық жасағаны үшін» «Түркіменбашы» орденімен марапатталды.

БАС ПРОКУРОРДЫҢ 30 МЫҢ 500 ШЕЛЕГІ

2006 жылдың сәуір айында «түркімен заң жүйесінің басты билеушісін» тұтқындады. Оны Түркіменбашының тікелей өзі әшкерелейді. Президенттің айтуына қарағанда, үлкен өкілеттік пен құқықтарды пайдаланған, ұзақ жылдар жауапты қызметтерде отырған Құрбанбибі Атажанова бұл құқықтар мен өкілеттіктерді біртіндеп «бетімен кету құқына» айналдырып алған. Оның ақыры жүгенсіздікке ұласқан.

«Жұрт өз пәтерлерінің заңсыз тінтілуіне, жақындарының ұсталуы мен тұтқындалуына қатысты заңсыз әрекеттерге, бопсалау, прокуратура қызметкерлері тарапынан қоқан-лоқы жасау, парақорлық әрекеттеріне байланысты шағымданды» деген еді Ниязов. Сапармұрат Ниязов тексеру барысында көптеген фактілердің анықталып қана қоймай, бас прокурордың «ұят істерінің белгілі болғанын» да атап өтті. Бас прокурор бұл істерге жақын қызметкерлерін де, туған-туыстарын да тартқан.

«Менмендік пен пайдакүнемдікке салынуда ол өзін-өзі ұстай алмай, сарай тәрізді үй, толып жатқан пәтерлерге ие болған. Тергеу барысында одан тұтастай автопарк, өте көп мөлшердегі кілемдер мен зергерлік бұйымдар, жерге көмілген миллиондаған доллар алынды» деген Ниязовтың сөздерін Turkmenistan.ru веб-сайты келтіреді.

Теледидар арқылы көрсетілген кеңесте Атажановадан 13 тұрғын үй, кірпіш зауыты, күріш тазалайтын диірмен, бес автомобиль, үш трактор, бульдозер,
Менмендік пен пайдакүнемдікке салынуда ол өзін-өзі ұстай алмай, сарай тәрізді үй, толып жатқан пәтерлерге ие болған. Тергеу барысында одан тұтастай автопарк, өте көп мөлшердегі кілемдер мен зергерлік бұйымдар, жерге көмілген миллиондаған доллар алынды.

мұнаралы екі құрылыс краны, 40 гектар жер, алты миллионнан астам доллар, т.б. дүниелердің тәркіленгендігі айтылды. Оған қоса Атажанованың асырап алған ұлы 2002 жылдың қазан айында 16 келіден астам героинді сатпақ болған жерінен ұсталғанын мәлімдеді. Атажанованың бауыры одан 100 мың доллар алып, бұл қаржыға есірткіні сатудың желісін ұйымдастырған-мыс.

Мұндай сыбыр-күбір әңгімелер көптен бері айтылып жүретін. Сонау 2003 жылдың өзінде-ақ Құрбанбибі Атажанованың туыстарының есірткі саудасына қатысы барлығы белгілі болған соң Сапармұрат Ниязов бас прокурорды біраз қыспаққа алған. Бірақ Түркіменстанда қабылданған тәртіп бойынша, мұндай жағдайлар жөнінде тек президент қана ашық айта алады. «Сіздің тойымсыздығыңызға таң қаламын. Сіз 30 мың 500 шелек ұрлап алғансыз. Не үшін?» деп сұраған еді Сапармұрат Ниязов. Кейінірек оппозициялық ақпарат құралдарының бірінде «Құрбанбибі Атажанова шелектердің түбіне таза алтын құйып тастаған екен» деген қызықты нұсқа жарияланды. Орасан көлемдегі сыбайлас жемқорлық, тергеу ісіндегі бұрмалаулар – Түркіменстан үшін үйреншікті шаруа.

«Адуын Бибі» өзіне жауап сөзі берілгенде аяушылық тудыру үшін жылап, рақымшылық жасауын өтінді: «Менің ұлы жетекшім, мен өте кінәлімін. Бұл жерде айтылғандардың барлығы – шындық. Мен оны толық мойындаймын. Бұл жерде алып-қосар ешнәрсе жоқ... Менің үш қызым бар, бірде-бір ұлым жоқ. Өтінемін, рақым жасап, мені түрмеге жібере көрмеңізші!» – деді ол.

БАС ПРОКУРОРДЫҢ ТҮРМЕДЕГІ ЖАҒДАЙЫ

Түркіменбашы билеп тұрған кезеңде «ұжымдап жазалау тәртібі» танымал болды. Түрмелерге жоғары дәржелі шенеуніктер және «халық жауы» деп аталатындар, тіпті, олардың достары мен туыстары да тоғытылды. Бұл тұтқындар ерекше бақылауда тұрады, этаппен айдау барысында олардың бетін қалпақпен жауып қояды.

Ерекше бақылауда ұстау тәртібі жаңа президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің кезінде де бар делінген Хельсинки комитетінің баяндамасында. Құрбанбибі Атажанованың бұл жерге қалай келгені және оның қандай жағдайда отырғаны бұл баяндамада жан-жақты жазылған.

Құрбанбибі Атажанова тұтқындаларынан үш ай бұрын, 2006 жылдың басында прокурорлық тексеру барысында Түркіменстанның солтүстігіндегі Ташауыз қаласы маңындағы DZK/8 әйелдер түрмесін «курорт» деп атаған еді. Тағдырдың тәлкегімен Атажанованың өзі қазір дәл осы түрмеде отыр. Бұл – әдеттегі кәдімгі әйелдер түрмесі. Бірақ
Түркіменстандағы түрмелердің бірінің ішкі көрінісі.

тұтқындарды ұстау жағдайы өте нашар. Атажанованы тормен қоршалған бөлек баракқа қамаған. Ол тіпті Сапармұрат Ниязовтың қайтыс болғанын білмеген де екен, басына қалпақ кигізіп алып шыққанда «жазалауға алып бара жатқан болар» деп ойлапты.

2006 жылдың желтоқсан айында Овадан-төбе қаласындағы құпия түрмеден осында алып келгенде Атажанова өте әлсіз болған, оның ағзасындағы сұйық азайып кеткен. Әзер қозғалатын, камерасына дейін сүйемелдеп апарған.
DZK/8 колониясынан жақында ғана босаған, өзінің аты-жөнін атамауды өтінген әйел Азаттық радиосына мына жайларды айтып берді:

– Жалпы режимде отырған тұтқындар серуендеу кезінде Құрбанбибі Атажанова мен оның «серіктерін» қоршау арқылы бақылауға мүмкіндік алады. Бұл баракқа «зоопарк» деген дәл ат қойылған.

ТҮРМЕДЕГІ ШЕНЕУНІКТЕР

Бұрынғы бас прокурордың «серіктері» – бұрынғы вице-премьер және мәдениет министрі, 2007 жылы тұтқындалған Энебай Атаева; оның сіңлісі, Орталық банктің бұрынғы қызметкері Мая Гелдыева (оның тағдырының өзгеруіне бас прокурор Атажанова басты себепкер болған); мәжілістің бұрынғы төрағасының әйелі Гөзел Атаева (ол Түркіменбашы қайтыс бола салысымен, 2006 жылдың желтоқсан айында күйеуімен бірге тұтқындалған) және Құрбанбибі Атажанованың туған қызы. Атажанованың күйеуі, асырап алған ұлы, күйеу баласы тергеуге алынған болатын. Оларға қандай мерзім бергені, қазір қай жерде екендігі нақты белгісіз.

Хельсинки комитетінің жазуынша, түрмедегі ауыр жағдайға шыдай алмаған Гөзел Атаева 2008 жылдың шілде айында өзін-өзі өлтірмек болған. Бұдан кейін оның ұсталу жағдайын біраз жұмсартқан. Азаттық радиосына хабарласушы әйелдің айтуынша, басқа жүздеген тұтқын әйел быламық көже мен қара нанға қарап отырғанда Атажанованың «серіктері» түрме басшылығына пара беру арқылы сырттан жиі-жиі сәлемдеме алып тұрады. Әйтеуір олардың қарындары аш емес. Бірақ түрменің аты – түрме. «Қатардағы тұтқындар Ниязов режимінің бұрынғы шенеуніктерінен өткендегі істері үшін кек алып жүрер» деген қауіппен оларды жіті бақылауда ұстайды.

Радиоға хабарласушы әйел: «Олармен бірге Жамал Қараева да болды (Жамал Қараева – бас прокуратураның жалпы қадағалау жөніндегі бұрынғы басшысы). Камераластарының үстінен өсек жинаудағы еңбегін ескерген түрме әкімшілігі оны жалпы режимдегі колонияға ауыстырды. Бұл жерде де үйреніп қалған әрекетін жалғастырған Қараева осы арқылы барлығын өзіне қарсы қойып алды», – дейді.

«Жүздеген кінәсіз адамдардың ойдан шығарылған қылмыстық істер арқылы сотталуына прокуратура кінәлі» дейді Азаттық радиосына хабарласушы. Сондықтан, оның айтуына қарағанда, тұтқындар бұрынғы ірі шенеуніктердің этаппен келуін шыдамсыздықпен күткен. Әлдебір тәртіпсіздік боларын байқаған түрме басшылығы Түркіменбашының бұрынғы серіктес әйелдері үшін асығыс түрде өзге барак салуға мәжбүр болған.

«Түркіменстандағы орыс қауымдастығы» ұйымның төрағасы Анатолий Фомин (Мәскеу) диктаторлық үлгідегі сот төрелігінің жалпыға бірдей еместігі жайында айтады:

– Прокуратураның шенеуніктері бопсалау, парақорлық, сыбайлас жемқорлық және өзге де қылмыстық істер үшін сотталды. Олардің кінәлі екендігіне ешкім күмән келтіріп отырған жоқ. Бірақ қазіргі президенттің қатаң саяси жігерінің болмауы себепті, өкінішке қарай, кінәлілер кезінде өздері жүргізген жазалау шаралары үшін тиісті жазасын алмады, – дейді ол.

Түркіменстанның сот төрелігі тарихында түрлі қылмыстары, негізінен мемлекет мүлкін талан-таражыға салғаны, билікті асыра пайдаланғаны және басқа да қылмыстары үшін сотталған жоғары дәрежелі шенеуніктердің істері әлі де жабық. Олардың ішінде бұрынғы вице-премьерлер – Сейітбай Гандымов, Батыр Саржаев, Реджеп Сапаров, Еллы Құрбанмұрадов, Гуйчназар Тачназаров; бұрынғы ҰҚК төрағалары – Мухаммед Назаров, Батыр Бусаков және өзге де ондаған жоғары дәрежелі шенеуніктер бар.

Түркіменнің бұрын жоғары дәрежелі қызмет атқарған көптеген тұтқындарының тағдырлары белгісіз. Қазіргі режим рақымшылық жасалғандардың тізімін жарияламайды, ал ресми Ашғабат құқық қорғаушылардың түрмелерге халықаралық миссияларды жіберу туралы үндеулеріне оншалықты ықылас танытпай отыр. Түркіменстан әлі күнге дейін бұрынғысынша өмір сүріп жатыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG