Accessibility links

«Қазақстанның экспорттық және транзиттік мүмкіндігін ашатын» жол


Жаңадан ашылған Өзен-Горган теміржолынан өткен пойызды тамашап тұрған адамдар. Түркіменстан, 3 желтоқсан 2014 жыл.

Жаңадан ашылған Өзен-Горган теміржолынан өткен пойызды тамашап тұрған адамдар. Түркіменстан, 3 желтоқсан 2014 жыл.

Қазақстан мен Иранды жалғастырған Өзен-Горган теміржолы ашылды. Сарапшының пікірінше, бұл бағыт жолаушыларға емес, жүк тасуға тиімді болмақ.

Желтоқсанның 3-інде Қазақстан мен Иран және Түркіменстан президенттері Түркіменстанда Өзен-Горган теміржол желісін іске қосты. Осыдан кейін Қазақстан астығын тиеген жүк пойызы Түркіменстан тарабынан Иран шекарасын кесіп өтті.

Үш елдің территориясынан өтетін, ұзындығы 900 шақырымнан асатын теміржолдың 146 шақырымы – Қазақстан аумағында. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінше, жолдың Түркіменстан мен Қазақстан арасындағы былтыр ашылған бөлігі 8 айдың ішінде жүк тасымалын 40 пайызға арттырған.

Азаттыққа сұхбат берген саясаттанушы Эдуард Полетаев Өзен-Горган теміржолының жолаушылар тасымалын арттыруға себі тимейтінін айтады.

Азаттық: – Үш ел президенттері бүгін ашылу салтанатына қатысқан теміржол бағытынан Қазақстан нақты қандай пайда көреді?

Эдуард Полетаев: – Бұл жол керек-ақ. Бұған дейін Қазақстан жеріндегі көлік қатынасына қатысты идеялардың барлығы Ресей империясының, одан қалды Совет Одағының қажеттілігі бойынша іске асып келді. Жеке экономикалық саясатын қалыптастыруға кіріскен Қазақстан көлік қатынасын кеңейтіп, мүмкіндігін ұлғайту үшін осындай жобаларды қолға алып жатыр.

Өзен-Горган теміржолынан өтіп бара жатқан алғашқы пойыз. Түркіменстан, 3 желтоқсан 2014 жыл.

Өзен-Горган теміржолынан өтіп бара жатқан алғашқы пойыз. Түркіменстан, 3 желтоқсан 2014 жыл.

​Әуелі осыған ұқсас жол Қытайға қарай салынған еді. Ал Өзен-Горган теміржолы Қазақстанның экспорттық және транзиттік мүмкіндігін ашады. Себебі бұл жол Таяу Шығыс пен Иранның біршама аймағын қамтып отыр. Иран Қазақстан астығын ірі көлемде сатып алушылар қатарында екенін ұмытпаған жөн. Қазақстан жекелеген тауарларды тасымалдауда әжептеуір табыс табары анық.

Өзен-Горган теміржолы бойынша жолаушылар тасымалы жанданады деп айта алмаймын, өйткені бұл аймақта әуе және көлік қатынасы жақсы дамыған.

Азаттық: – Бұл жолды салу жайлы келісімге 2007 жылы қол қойылып, 2009 жылы құрылысы басталып, бес жылдан кейін аяқталды. Құрылысқа неліктен осыншама уақыт кетті?

Эдуард Полетаев: Бұл мемлекетаралық жоба, сондықтан бюрократиялық тұстары аз емес. Әр елдің өз заңы мен ережелері бар, оның ішінде кедендік құжаттарды реттеу керек. Сондықтан бес жыл аса ұзақ мерзім емес.

Қазақстан, Түркіменстан және Иран президенттері Өзен-Горган теміржолының ашылу салтанатында тұр. Түркіменстан, 3 желтоқсан 2014 жыл.

Қазақстан, Түркіменстан және Иран президенттері Өзен-Горган теміржолының ашылу салтанатында тұр. Түркіменстан, 3 желтоқсан 2014 жыл.

Азаттық: – Президент Назарбаев бұл жол «географиялық қонысын Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік көпір ретінде бұдан әрі де барынша тиімді пайдалануға уағдаласқан» үш елдің солтүстік және оңтүстік бағыттарда жүк тасымалын ұлғайтуына мүмкіндік беретінін айтты. Өзен-Горган теміржолынан Қазақстанның көршілері, мәселен, Кеден Одағындағы серігі Ресей қандай пайда көреді?

Эдуард Полетаев: – Меніңше бұл жерде Ресейдің геосаясаттан гөрі экономикалық қызығушылығы басым. Қазіргі геосаяси өзгерістерден кейін Ресей оңтүстік пен шығысқа бет алу керегін біледі, сондықтан бұл магистраль арқылы жекелеген тауар өндірушілер өз өнімін тасу арқылы пайда табуы әбден мүмкін.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG