Accessibility links

Түркіменстан екінші президентіне «Арқадағ» деген атақ берді


Түркімен теледидарының ел президентін дәріптеуі. 29 маусым 2010 жыл.

Түркімен теледидарының ел президентін дәріптеуі. 29 маусым 2010 жыл.

Түркіменстанның саяси лексиконында «Арқадағ» деген жаңа термин пайда болды. «Асқар тау» деген мағынаны білдіретін бұл сөз мұнан кейін елдің екінші президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің атына ғана қосақталып айтылады.


Түркіменстанның алдыңғы президенті Сапармұрат Ниязов «Түрікменбашы», яғни «барша түрікмендердің әкесі» деген мәртебелі атақты иеленгені мәлім. Президент төңірегіндегі сарай жағымпаздары «ұлт көсемі» секілді мұндай атақ Түркіменстанда «сәннен қалды» немесе «президентке аздық етеді» деп есептесе керек, «Арқадағ» деген жаңа атау ойлап тауыпты.


АРҒЫМАҚ ТІЗЕ БҮКПЕДІ

Түрікменстанның қазіргі президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов бұл атақты 2010 жылдың 26 қарашасында Түркіменстан тәуелсіздігінің он тоғыз жылдығына орай «Копетдағ» стадионында өткен әскери парадта алған болатын.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтың ипподром маңында тұрған суреті. Ашғабат, 11 мамыр 2007 жыл.
«Живой журнал» сайтында блоггерлердің бірі былай деп жазады: «Гурбангулы Бердімұхамедовтың жанынан салтанатты саппен шерулетіп бара жатқан түрікмен әскери жасағы бір сәт кідірді де, кілт бұрылып, президенттің алдында тізерлеп тұра қалды. Сірә, осы арқылы бүкіл ұлт өзінің «үміті» мен «тірегі» - Асқар тауының алдында тізе бүгетінін білдіру көзделсе керек.

Бір қызығы - осы парад кезінде, әскерилер өтісімен бірсыпыра жылпос жігіттер «Түркімендердің Асқар тауы» тұрған мінбердің алдына түрікменнің атақты ақалтеке арғымағын әкеліп, тізесін бүктірмек болып біраз әуреленді. Тұқымы тым текті болды ма, әлде мінберде тұрған адамның кім екенін дұрыс түсіндіре алмаған ба, әйтеуір арғымақ тізесін бүкпей, қасарысып тұрып алды».

Ақпараттық вакуум жайлаған бұл елден президентке «бас июден бас тартқан» жануардың Гөрклі деген ақалтеке арғымағы екенін анықтаудың әйтеуір сәті түсті. «Түркіменэкспо» үкіметшіл сайты белгісіз блоггер айтқандай «Гөрклі шәлкес мінез көрсетті» демейді, керісінше «орталық мінбердің қасына келген сұлу ат ұлт көсемінің алдында бүкіл сымбат, әдемілігін паш етіп, тізесін бүкті» деп жазады.

ЖАҒЫМПАЗДАР ЖАРЫСЫ

Алайда адамдар арғымақтың айыбын бірден шайып жіберді, соның ізінше спорттық киім киген 600 қыз алаңға шықты да әуелі «Арқадағ» деген жазуды бейнелеп, одан соң «Алқыш саңа, Арқадағ», яғни «Алғыс саған, Асқар тау» деген ән бастап еді, алаңға жиналған жұртшылық түгел қосыла кетті.

Сонан кейін жағымпаздар жарысына Түркіменстан зиялы қауымы қосылып, «Арқадағ» деген атауды заңдастыруға бел шешіп кірісті. «Румынияның Халықаралық қатынастар мен экономикалық ынтымақтастық институты
Түркімен ақыны Гүзел Шағұлиева өзінің 70-ке келген тойы кезінде. 11 тамыз 2010 жыл.
«Түркіменстанның құрметті президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовке «Жыл адамы - 2010» деген жоғары атау беруінің құрметіне арналған қуаныш әні» деп аталатын сала-құлаш тақырып қойылған өлең жолдары жағымпаздықты шырқау шегіне жеткізді.

Халықаралық «Ферғана» ақпарат агенттігінің сайты: «Қадірменді Президентіміздің ғаламат жоспарлары өмірде қалай жүзеге асып жатқанын көрген сайын, оның әрбір тарихи сөзін естіген сайын тебіреніп, кеудемді кернеген бақыт пен мақтаныштан сорғалаған көз жасымды тыя алмаймын» деп келетін үзіндісін берген екен.

«Нейтральный Туркменистан» деп аталатын орталық газетте жарияланған бұл жолдардың ауторы жергілікті жазушы Гүзел Шағұлиева болатын. Алдыңғы буын «ұлт қаймақтарынан» үлгі алған, «болашағынан үміт күттіретін кейбір» жастар да қарап қалмады: «Арқадағ шохрат» деп аталатын әнді нақышына келтіре шырқаған әнші Бегмұрат Аннамұрадов «Жыл жұлдызы - 2010» ұлттық музыка байқауының жеңімпазы ретінде бірауыздан мойындалды.

«АШСА - АЛАҚАНЫНДА, ЖҰМСА - ЖҰДЫРЫҒЫНДА»

Түркіменстанның тұңғыш президенті Сапармұрат Ниязов бақилық болысымен әлемдік баспасөз бетінде пікір айтқан Орталық Азияның ұңғыл-шұңғылын зерттеуші сарапшылар «мұнан кейін диктаторлық тәсілдер жұмсаратын болар, өйткені кейбір директивалар абсурдтық деңгейге жетті» деп үміттенген еді.

2007 жылы 11 ақпанда Түркіменстанда президент сайлауы өткізілді, рас бұл
Түркімен әйелі балабақшаға келген ел президенті Гурбангулы Бердіұхаммедовтың қолын сүйіп жатыр. Мары облысы, Түркіменстан, 26 қаңтар 2011 жыл.
жолы да электорат «бірауыздылық» танытып, 89,23 пайыз дауыс берді.

Орталық Азияның өзге елдеріндегі секілді Түркіменстан парламентінің қолында да президент сайлауын белгілеу, тіпті бүкілхалықтық референдум арқылы президентке импичмент жариялау құқығы болғанымен, шындығында барша билік Гурбангулы Бердімұхаммедовтың ашса алақанында, жұмса жұдырығында.

Бірақ жаңа президент цирк актерлерінің өнер көрсетуіне, опера әншілерінің ән салып, балет бишілерінің билеуіне рұқсат беріп, Ниязовтың кезінде жабылып қалған театрларды қайта ашты.

Ел астанасы Ашғабат қаласында, тіпті интернет-кафе ашылды. Бірақ кафеге кіретін адамдар әуелі жеке куәлігін көрсетуге міндетті. Көптеген сайттар, оның ішінде «Ютуб» та бар, сол күйі ашылмады, ал электронды пошталар сүзгіден өткізіледі.

Парижде орналасқан халықаралық «Шекарасыз репортерлер» құқық қорғау ұйымы жергілікті билік «Интернет қымбат болған соң таралмай отыр» деген желеуді алға тартатынын айтады. Расында да интернетті пайдаланғысы келетін шетелдік турист бір сағат үшін 10 доллар төлеуі тиіс.

«АРҚАДАҒ» ТҮРКІМЕНБАШЫДАН КЕМ БЕ?

Ниязов қайтыс болғанмен, ел басқарудың басты тетіктері сол қалпында қалды. Қазір барлық маңызды шешімдерді, соның ішінде кадр мәселесін де президент тікелей өзі шешіп, өзі қабылдайды. Ниязов кешке сөйлесе, жас қыздар таңертең барып алтын тісін жұлдырып тастайтын, шенеуніктер телекамера алдында көз жастарын көл қылып, «барша түрікмендердің әкесінен» кешірім сұрайтын жағдай өзгерген жоқ.

Лондондық Соғыс және бейбітшілік институтының хабарлауына қарағанда, 2011 жылы 12 қаңтарда президент Гурбангулы Бердімұхамедов «қызмет бабында жіберген елеулі кемшіліктері үшін» жергілікті басқару органдарының 18 басшысын қызметінен босатқан. Осы ұйымның веб-сайты хабарлағандай, «2009 жылы реформаның не екенін «түсінбеген» түрікмен үкіметінің жартысына жуығы қызметінен алынған, алайда олардың орнын басқандар да ол жерге көп тұрақтай алмаған».
Түркіменстанның тәуелсіздік күні мейрамында президент Гурбангулы Бердімұхаммедовтың суретін ұстап келе жатқан халық. Ашғабат, 27 қазан 2009 жыл.

Бір қызығы, Түркіменстан президенті «жаңа заңдар қабылдауда нашар жұмыс істейді» деп депутаттарды да сынап тастады. Президент меңзеген заңдардың ішінде «Саяси партиялар туралы» заң жобасы да бар еді. 2010 жылы ол елді көппартиялық жүйе құруға шақырды. Алайда үнемі «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» дағдыланған «бірауызды» елде ол да оп-оңай іске аспайтын дүние болып шықты. Өйткені президенттің өзі «рұқсат етсе» де елде «реформалар жасайық» немесе «басқаша тәртіпке көшейік» дейтін тырс еткен дыбыс шығар емес.

Құдіретті «Гуглдің» жәрдеміне жүгініп, қанша сарыла іздегенмен «Копетдағ» стадионындағы парадта Гөрклі атты ақалтеке арғымағының президент алдында күтпеген мінез көрсеткенінен өзге селт еткізер тосын жаңалық табылмады.

МЕНШІКТІ ТІЛШІ ЖОҚ ЕЛ

Түркіменстанның саясатын сыртта отырып сынайтындар жеткілікті. Мысалы, халықаралық «Хьюман Райтс Уотч» құқық қорғау ұйымы «Орталық Азия елдерінің ішінде тек Түркіменстанда ғана шетелдік басылымдардың меншікті тілшісі жоқ», «Азаттық радиосының тілшісі Құрбансұлтан Ачиловқа бірнеше жылдан бері қысым жасалып, шетелге шығуға рұқсат беруден бас тартып келеді» деп жазады.

Сыртта жұмыс істейтін санаулы оппозициялық сайттардың бірі «Гундогар», 2002 жылы қабылданған «Мемлекетке опасыздық туралы» түркімен заңы бойынша «тіпті мемлекет басшысының бағытына күмән келтіргендер де отанын сатқандар болып есептеледі, егер ондайлар шыға қалса 25 жылға бас бостандығынан айырылады» деп хабарлайды.

Мәскеулік «Независимая газета» басылымында Түркіменстан жөніндегі сарапшы Шохрат Қадыровтың «Шынайы оппозициялық партия құру үшін басқаша жағдай жасау керек: сөз бостандығы мен БАҚ бостандығы, азаматтардың жеке басының бостандығы болуы қажет. Онсыз жаңадан құрылған партиялар оппозициялық партиялар емес, жасанды партия, яғни көршілес елдер мен Ресейдегі үкіметшіл партиялар болады» деген сөзін беріпті.

Алайда «Хьюман Райтс Уотч» ұйымы өзінің «Дүниежүзілік есеп – 2010» деп аталатын зерттеуінде «батыс демократиясы «шектен шыққан бұл мемлекетті» бетінен қақпай отыр», «ЕҚЫҰ мен БҰҰ бұл елде семинар өтікізіп, техникалық көмек көрсетумен ғана шектеледі» дейді. Сондай-ақ «ЕуроОдақ саясатының көңілшектігі Брюссельдің Өзбекстан мен Түрікменстанға тым жұмсақ қарауынан, Батыстың кейбір африкалық басшылармен енжар қарым-қатынасынан көрінеді» деп жазады.

Осыған байланысты «Хьюман Райтс Уотч» құқық қорғау ұйымы БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Муннан бастап, Адам құқығы жөніндегі кеңес мүшелеріне дейінгі БҰҰ-ның барша жүйесі «диалог» пен «ынтымақтастық» дейтін әдемі сөздермен жаппай әуестеніп алғанын айтады. Авторитарлық билікке сыпайы түрде қарсы тұруды қолдайтын Оңтүстік Африка Республикасы, Үндістан және Бразилия секілді елдер де өз саясатын осылайша жүргізеді.

«Мұның барлығы қуғын-сүргін жайлаған Түрікменстан сияқты елдерде тәуелсіз үкіметтік емес ұйым құру мен жұмыс істеу мүмкіндігін жоққа шығарады. Соңғы жылдары бұл елде үкіметтік емес ұйым құру жөнінде ешқандай өтініш түспегені - соның белгісі», - делінген «Хьюман Райтс Уотчтың» есебінде.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG