Accessibility links

Үйме-жүйме автоқоқыста тұншығып, селден қалған лай тұнбадай борсыған кептелісте сарылып, өмір өтіп барады, өмір...

Мен бүгін Алматыдағы биік жайдың ең үстіңгі қабатындағы пәтерімнің ашық балконында тұрып, қоқыс туралы толғандым... Толғанбасқа әддім де жоқ. Өйткені, қоқыс – менің өмірімдегі ең бір өзекті мәселе. Ғұмырыңның әр кезеңінен естелік болып не ән, не бір қимас сезім, я болмаса, қуаныш-өкініші кезектескен ірілі-ұсақты оқиғалар қалса керек еді... Менің өмірімнің ескірмес, тозбас, айнымас, арылмас естелігі... Иә... – қоқыс. Кәдімгі қоқыс. Бала күнде біз доп қуатын, асық ойнап, алысып-күресетін көгал жазық, ашық алаңдар маған сынған әйнек пен керексіз темір-терсектің жайма базарындай көрінетін... Шіркін, қандай темірлер еді! Мектеп болып, металл сынығын жинағанда, мұрты кетілмей жататын. Әйнектер қандай еді! Лимонад пен «Москваның айрықша арағы» деген жазуы бар бөтелкелердің таусылмайтын сынықтары болатын... Біздің содан бергі өміріміз де шетінен тазаласаң, шетінен бықсып, көбейе беретін, мәңгі жиналмайтын қоқысқа толы...

Кейін, біз тәуелсіздік алған соң, қазақтың сол кең даласында шашылып жатқан мүйіз, мыс, болат, шойын, жүн-жұрқа, ағаш-шұғаш... – барша қымбат қоқсығымызды қоймай жинап, ерінбегеннің бәрі шетелге саудалады. Ол жақтан қоқсып... арзан шүберек келді. Келді де, аз күнде шіріндіге айналды... Қайран біздің алтыннан қымбат қоқыстар!..

Қоңырсық байлық, қоқыған ақша – басты құндылығымызға айналды. Осы қоқыстың арасынан қазір жанталасып патриоттық саңылаулар іздейміз.

Советтік идеялық қоқыстан арылып болмай жатып, басымыз капиталистік базар-қоқысқа мелдектеді. Қоқыс толған басымызды енді қоқырсыған дүние-боққа тықтық. Қоңырсық байлық, қоқыған ақша – басты құндылығымызға айналды. Осы қоқыстың арасынан қазір жанталасып патриоттық саңылаулар іздейміз. Мәселен, тіл... Жоқ, ол патриотизмге жатпайды екен ғой. Спорт... Иә, сол бар. Тағы не?.. Астана, «қазағым, қазағым» деген әндер... Оның өзі патриоттық сезімнен гөрі конъюнктураға айналып кетті. Екі әніміздің бірі осы тақырыпта қазір. Біздің мақтанышымызды арттырып, патриоттығымызды нығайта түсетін тағы не бар өзі? Жол? Ауыл? Ғылым? Теxника? Әділ сот, адал әкім? Жә... Әзілдің де орны бар ғой... Енді қалғаны – қоқыс... Бірақ қоқыс қанша жанымызға жақын болғанмен, онымен әлемге мақтана алмайсың... Айтпақшы, қоқыс жоқ болса да, мақтана алмайды екенбіз ғой – қала, дала, аула, көшедегі тазалық, ең бастысы, қолдың тазалығы, беттің ашықтығы бізден басқа кімге таң дейсіз?.. Біз, дегенмен, қолымыздан келетін шаруаны – қоңсығынан өзіміз тұншыға бастаған қоқыр-соқыр коррупциямызды дөңгелете бергеніміз жөн-ау. Бұл жағынан ең жақсы көрсеткіш бізде екенін... әлем біледі!

Тіл демекші, біз қай тілде сөйлейміз, осы? Біз қоқыс тілде сөйлейміз... Жоқ, таза қазақша – қоқыс емес. Таза орысша да – қоқыс емес. Ал біздің теледидарда осы екеуін бір бағдарламаның ішінде, бір қазанға салып қайнатқанда шыққан быламық – қоқыс. Таза қазақша бастап, амандықтан кейін қойыртпаққа көшетін мәтебелі жиналыстарымыз да сол сияқты. Мейлі... Осы екі тілдің қай жеңгені қалып, жеңілгені күресінге лақтырылғанша, осылай, қазақша да, орысша да емес, – ...қоқысша сөйлесе тұрармыз... Не көрмеген, қай қоқысқа кірмеген біздің бас!.. Иә...

Руxаният саласында қаптап жүрген қоқыс бастардан үсті-үстіне тек қоқсық идеялар туып жатыр... Топырлап үсті-үстіне қоқсық кітаптар жазылады. Осы, әлгі... мектептегі баланың басын қоқысқа толтыратын қоқыс оқулықтарды кімдер жазды екен?... Соны жазу үшін, басың қа-а-андай қоқыстарға толы болу керек десеңізші!.. Эфир, ауа, алтын сарайлардың іші – түкке тұрмайтын қоқыс мақтаулар, қоқыған пафос... Соның бәріне «қайырын берсін» деп, қоқыс ішінен сығалап біз жатырмыз...

Қоқысымды сүйретіп қайда бармадым мен... Далаға барсам, далаға еріп шығады, қалаға келсем, қалаға ілесіп кіреді... Тіпті, шетелге де қоқыс алып баратынымды байқадым...

Осы күні бұл қоқыс, аяғыма оратылып, менімен ілесіп жүреді. Қоқысымды сүйретіп қайда бармадым мен... Алды-артымды сыпырып, үсті-басымды қағып-сілкіп, күнде жуып, тазалаймын. Далаға барсам, далаға еріп шығады, қалаға келсем, қалаға ілесіп кіреді... Тіпті, шетелге де қоқыс алып баратынымды байқадым...

Шетел демекші, шетелдің қоқысқа шығарып тастаған көліктерін саудалайтын өзіміздегі автоқоқыс базарынан бір-бір машина сатып алып, ешкімге жол бермейтін қазақтың бірімін... Менің балконымнан құмырсқаның илеуіндей жыбырлап, қайнап, былығып жатқан қаланың шым-шытырық көшелері алақандағыдай көрінеді. Алматының алып құшағына сыймай, теңіздей толқып, жөңки көшкен сол орасан қоқыстың көзге ілінбейтін бір елеусіз бөлшегі болып күнделікті, ертеңді-кеш мен де соның ішінде бара жатам... Үйме-жүйме автоқоқыста тұншығып, селден қалған лай тұнбадай борсыған кептелісте сарылып, өмір өтіп барады, өмір...

Алатау. Көрнекі сурет

Алатау. Көрнекі сурет

...Қарсы алдымда басы мұнарланып, көкке шалқыған Алатауға енді ғана көзім түсті... Анау... көкбұйраланып, алыстан көз тартқан баурайларға, сол баурайлардан салаланып, тау түкпіріне сіңіп, жоғалып жатқан көркем сай, жәннат қойнауларға қарай көңілің алып-ұшады... Кейбір демалыс, мереке күндері дос-жаранмен бас қосып, сол көрінген жұмаққа көкке шығып, сейілдеп қайтатынымыз бар. Бір жолы әлдебір ну жыныс, тар шатқалды қуалап, ұзап кетіппіз. Жан-жағын тау қамалаған, беткейі сыңсыған қарағай-арша, етегі мен табанын жайқалған қалың шалғын көмкерген жазық алаңқайдан келіп шықтық. Сарқыраған бұлақ, бұрқыраған жұпар... Сірә, алақандай ғана мына пейіш қойнауды бізге дейін адам аяғы баспаған!.. Мың түрлі жұпары басты айналдырған гүл-шалғынды құшып, сұлап-сұлап жата кеттік. Мына көрініске, табиғаттың мына ғажабына қанбаспыз дегенбіз... Көп ұзамай, зеріге бастадық. Әлдене жетпейтін сияқты... Жердің жұмағын табуын таптық-ау, бірақ өзіміз күткен түгел бақытты сезіне алмадық... Қайтарда, демалушылар қаптап жүрген, қаланың жоғарғы шегінен басталып кететін үлкен аңғардың аузына жеткенде ғана түсіндік: бізге мына қаптап өріп жүрген үлкенді-кішілі көліктердің жанармай сасыған көңірсігі, ішкен-жегеннен қалған үйінді, қалдықтар, ыбырсыған бос бөтелке, қаптаған әйнек сынықтары, полиэтилен қалта, бықсыған қағаз, бұрқыраған күйе, шаң-тозаң... жетпей тұр екен!.. Табиғаттың пәк қойнауын жатсынған сезім мына үйреншікті қоқыс әлемі басталатын тұста ғана тосырқаудан арылып, жанымыз жай тапқандай болды. Әзіл-қалжыңымыз тіріліп, қарқылдаған күлкіміз де түзелді... Біз содан бері таза табиғат аясына демалуға бара қалсақ, бала-шағамызбен бірге, бір машина қоқыс тиеп ала шығамыз... Көк шалғынға қоқсытып шашып тастап, арқа-жарқа болып, тіл жеткісіз раxатқа батамыз! Батпай ше? Табиғат бізге сол кезде өз үйіміздей, өз көшеміз, өз ауламыздай ыстық, бауырмал тартады... Мұны сіз түсінбейсіз...

Осыдан кейін адамды қоқысқа үйірсің деп қалай кінәлауға болады? Қоқысқа бой үйрету үшін... – қоқыс жинайсың... Рас, біреулер мен сияқты... үйіне жинайды, біреулер сенің үйіңнің сыртына, лифтінің ішіне, ол тоқтап қалғанда, баспалдақ алаңшаларына, жүретін жолыңа, ауаға, суға, далаға шашады. Радио-теле-баспа-баспасөздің мисыз өнімдерімен қоқсытып жаныңды улайды... Қоқсық әндер айтамыз, күлімсі иісі қолқаңды қапқан қоқыс саясат соғамыз, қоқыстан шығып, ертең сыпырындыға кететін жалған абыз, өтірік тұлғалардың шуаш сасыған қоқыс уағызын тыңдаймыз... Көп айырмамыз жоқ – бәріміз бықсып, бір қоқыстың ішінде жүрміз... Мұны айтып жатқаным, жақында мені теледидардан көрсетті. Көрген де шығарсыз. Көршілердің арызы ғой баяғы... Үйіне қоқыс жинайды, пәтерлеріміздің бәрін тарақан басып кетті депті. Құзырлы орыннан адамдар келді. Тексерді. Бәрі рас. Қоқыс жинайтыным рас. Ал не істейсіңдер?.. Түк істей алмады!.. Адамның ойына келмейтін небір ғажап низам шығарғыш заңшыларымыз үйіне қоқыс жинаушыларға не істеу керек екені туралы ойланбапты да. Тіпті, үйге қоқыс жинауға болады, я болмайды деген ешбір нұсқаулық та жоқ екен!.. Ал мен жөнінде сюжет жасаған журналист «сірә, псиxикалық ауытқуы болса керек» деп, бірдеңені қоқсытты. Мейлі, ауыз өзінікі... Дегенмен, көкейіңіздегі сұрақты көріп тұрмын. Не үшін жинайсың дейсіз ғой? Қоқыс жинау – менің өмір сүру тәсілім! Қоқысқа бой үйретуге, қоқысқа бауыр басуға, қоқысты... сүюге мен осы арқылы жеттім. Қайда қашсаң да, ақыры, қоқыстан құтылмайды екенсің, демек, ең абзалы – онымен құшақ айқастырып, бірге жату. Қоқсықтан көретін бар азабыңды сонда раxат, бақыт деп қабылдайсың... Көңілің де жай, ұйқың да тыныш...

... Ашық балконда тұрып, тағы да Алатауға қараймын. Басын күн шалып, қоқыссыз мөлдір көк аспан көмкеріп, жарқырай түскен алыстағы ақ шыңдарды көргенде, кіршіксіз таза дүниеден көзім қарықты... Тұнық кеңістік тынысымды буды... Көткеншектей шегініп, балконнан шығып барам... Қоқысыма қайтайын...

Ескерту: Блог авторының көзқарасы редакцияның ұстанымын білдірмейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG