Accessibility links

... "Сенесіз бе, сенбейсіз бе, мен - осы елдегі жалғыз әдебиет сыншысымын... Жалғыз болғандықтан, аса көрнекті сыншы болып есептелем. Жалғыз болғандықтан, әдеби қауым мені сирек құбылыс, ұлттық құндылық ретінде алақандарына салып, аялап отыр десем болады.

Шынын айтсам, жалғыз ғана емес, соңғы сыншы да мен болармын, сірә... Өйткені, біздің заман - ырымға бір сыншы қалмаған заман (мені айтпағанда). Бір кездері "әдеби сын" деген жанр болғанын біз әдебиет тариxынан оқып, білдік. Сол әдебиет тариxына қарап отырсаңыз, осыдан елу жыл бұрын ақыны, прозашы, сыншы, драмашысы бар - Жазушылар одағында жеті жүздей ғана мүше болыпты!.. Жазушы мүлде жоқ десеңіз де болады... Бәрінің басын қосып, жиналыс өткізсе, жазушылар ғимаратының шағын залына еркін сиып кетеді екен!.. Ал біздің қазіргі, арнайы мекен-жайы жоқ виртуалды одағымызға мүшелер.... Иә... Әлемдегі ешқандай ғимаратқа симайды!.. Одақтың арнайы сайтына кіріп, жазушылардың тізіміне қарасаңыз, аты-жөндерінің өзін неше күн санайсыз... Ал сол есебіне сан жетпейтін қыруар жазушыға - жалғыз сыншы!... Түсініп отырсыз ба?!. Қазір одаққа өту де қиын - кітабыңыз бен осы елдегі жалғыз сыншының ресми пікіріне қоса, тым құрығанда, бір-екі адамнан "біз осы кісінің тұрақты оқырманымыз" деген, жеке мөр басылып, қол қойылған құжат тапсырасыз. Ал осынша жазушыға оқырманды қайдан табасыз - бұл енді басқа мәселе...

Сіз ойлайтын шығарсыз, мені бір жетіскеннен сыншы болды екен деп. Жүрек қалауымен, білімі көп болғаннан деп... Жоға... Осы күні есі дұрыс адам өз еркімен сыншылық деген кәсіпке жолаушы ма еді! Жоламайды. Қырық кітап оқып, бір мақала жазғанша, мақталғандарға - жақсы кісі, сыналғандарға - жексұрын болып, өмірімді өксіткенше, тып-тыныш өлеңімді, не қара сөзімді айналдырып, жайыма жүрмес пе едім. Ал енді не мақталмай, не жамандалмай елеусіз қалғандар мені өздеріне ата жау ғып тағайындап алғанын білген күні, көрмегенім сыншылық болсын деп, екі қолымды төбеме қойып, тіпті, безіп те кете жаздағам...

Оқырман зәрулігі сонша - теңімен он шақты оқырман тапқан жазушы қазір көзі тірі классик болып есептеледі... Бірақ ондайлар бірен-саран. Оларды сынау да ыңғайсыз. Оқырманының саны еңсеңді басып, еріксіз мақтауға мәжбүр боласың...

Жә, онда несіне сыншы болдың дейсіз ғой? Орынды сұрақ. Айтайын. Бірақ, алдымен, сізге де бір сұрақ. Ешкім оқымайтын ақынды сіз ақын деп есептер ме едіңіз? Дұрыс... Мен де солай ойлаймын. Оқырманы жоқ ақын - өлген ақын. Оқырманы жоқ жазушы - абстракция. Ал біздің заман... Біздің замандағы ақындық, прозашылық - кәсіп емес, өнер емес, жаппай xоббиге айналған. Жаппай кітап жазатын болғамыз!.. Сенсеңіз, қазір кітап оқитын адам жоқ!.. Жаңағы айтқан неше жүз мың жазушы осы елдегі бар-жоқ кітап оқитын қауымды ту-талақай бөлісіп әкеткелі қашан!.. Он кітап жазған, менің бір ауыз қымбат бағамды да алған, бірақ оқырман таппай, әлі күнге жазушы атана алмай, ғұмыры түгесіліп бара жатқандар қаншама... Қазіргі оқырман өзіне... оқырман тапқан күні ақындыққа, не прозашылыққа ауысады. Сол күннен бастап ол ештеңе оқымайды. Тек - жазады... Ал ең соңғы оқырманынан айырылған жазарман - жазушы деген атынан да айырылады, одақтың мүшелігінен де шығарылады... Әділетті болғанмен, ауыр жағдай, келісерсіз... Оқырман зәрулігі сонша - теңімен он шақты оқырман тапқан жазушы қазір көзі тірі классик болып есептеледі... Бірақ ондайлар бірен-саран. Оларды сынау да ыңғайсыз. Оқырманының саны еңсеңді басып, еріксіз мақтауға мәжбүр боласың... Ал, жалпы, жаңағыдай бір топ оқырманы бар классик менің сыныма мұқтаж да емес. Өз абырой, беделің үшін-ақ, мақалаңда аттарын атап, бір-екі ауыз тәтті лебіз арнап, тәнтілігіңді білдіріп өту міндетіңе айналады...

Қысқасы, мені сыншы қылған - оқырман тапшылығы. Әйтпесе, осыдан біраз жыл бұрын менің де жұрт қатарлы ақын атым бар еді. Аз деп, көп деп айтпайын - жұрт қатарлы менің де меншікті жалғыз оқырманым болды. Талай жыл xабарласып тұрдық. Әрбір жаңа шыққан жинағымды кідіртпей салып жіберем. Келесі кітабым шыққанша екеуміз соны талқылаймыз... Бұл - зор руxани медеу, әрі менің шығармашылық ғұмырыма мағына дарытқан оқшау бақыт еді!.. Міне, мен сол кезде біреудің жалғыз оқырманы болу - қандай мәртебе екенін түсіндім... Ол бар болса - барсың, жоқ болса... - сендей ақын-жазушы табиғатта да жоқ!.. Соны білгендіктен, мен оған жаңа шыққан кітабыммен бірге, әрдайым тәуір сый-сияпаттар жіберіп тұрдым. Ол да менің жиі салып тұратын сәлемдемелерімді қысылып-қымтырылмай, міндетті, тиесілі нәрседей қабыл алушы еді. Раxмет те айтпайтын, оны мен де күтпейтінмін... Күндердің күні сол жар дегендегі жалғызыма әлдеқайдан бір оқығыш табыла кетіп, аяқ астынан, өзі де ақын болып шыға келгенде, мен... далада қалдым!.. Менде енді бір де бір оқырман жоқ... Мен енді ешқандай да ақын емеспін... Амал қайсы, әдебиеттен мүлде алыстап қалмау үшін, жаңағы айтқанымдай, есі дұрыс адам еркімен мойынсұнбайтын осы кәсіптің құлағын ұстауға тура келді... Тағдыр!..

Білем, сіздер үшін шығармашылық дарын деген нәрсе әлі де әспетті. Бізде, бәрі кітап жазатын болғандықтан, қазір оған ешкім мән бермейді. Біздің заманда елу кітап жазған жазушыны ешкім елемеуі мүмкін, ал бір жазушының болса да тұрақты оқырманы болып қалған адам - ел мақтанышы есепті... Кітаптың ішкі мұқабасында сіздердегідей автор мен демеушінің емес, осы кітаптың оқырманының суреті тұрады...

Көшеде жауын астында қалған кітаптар. (Көрнекі сурет.)

Көшеде жауын астында қалған кітаптар. (Көрнекі сурет.)

Ал енді, жағдайымыздың осынша мүшкілдігін көріп тұрып, неге бәрі кітап жаза береді дегенге келсек... Оны мен анық айта алмаймын. Дегенмен, жорамал жасап көрейін... Бұл, сірә, қазіргі шексіз дамыған ғылыми-теxникалық прогреске байланысты болса керек. Қанша дегенмен, сіздің заман мен біздің дәуір арасында табаны күректей елу жыл жатыр ғой... Ал даму қарқыны болса, мынау... Адам баласы бұрынғы кездегідей ертеден кешке дейін жұмыс істеуден құтылған. Күнделікті жұмыс уақыты жарты күн...тіпті одан да аз!.. Оның өзі аптаның ортасына дейін ғана. Сіздің кезіңізде жұрт қат-қабат шаруаларына уақыт таппай қапылады екен. Қазір, сенесіз бе, күн - өтпейді!.. Бұрын жұрт саясатпен көп айналысыпты. Қазір бар жағдайымыз толық, көлденең проблема болмаған соң, үкімет, билік дегендермен де еш шаруамыз жоқ - қайдағы саясат?!. Кітап жазып, сурет салып, ән айтпағанда не істейміз енді?.. Бұл - бір. Екіншіден... Қай-қайсымыздың да көкейімізді мәңгілікте - ізіңді, тариxта - атыңды қалдыру деген сияқты бір қызылқұрт-арман жегідей жеп жатпай ма... Уақыт көп, тұрмыста қам-қайғы жоқ - ендеше неге жазбасқа!.. Жобасы осылай... Бірақ бұл себептердің дәл қазіргі сәтте маған түк қатысы жоқ. Күніге топырлап ондап-жүздеп шығып жатқан дайын дүниелерге пікір айтумен ғана айналысатын сыншы байғұстың мәңгілікте, тариxта не ақысы бар?!. Мен бас алмай кітап оқитын, тоқтаусыз мақала жазатын машинаға айналғалы қашан!.. Осы күні шынысы бес батпан көзілдірік кием, шашым жидіп түсіп қалған... Отыра бергеннен жотам да күдіс... Орнымнан тұрған кездегі менің тұрқым - "осы ит тірліктің мағынасы не?" деген көңілсіз, ұзын сұрақ белгісі... Дегенмен, жасырып қайтем, кейде осы өміріме риза болатын да кездерім бар. Мәңгіліктен дәмем болмаса да, осы елдегі ең оқырманы көп жазарман - мен!.. Қалам ұстаған тамам ақын-жазушы - менің оқырманым!.. Өйткені, маңдайға басқан жалғыз сыншыдан бәрі жалғыз сөйлем, жарым лепес болса да, жылы сөз күтеді. Әрине, одақ мүшелігіне да өткісі келеді...

Демеуші-спонсорлары мықты болып, жалдамалы оқырманының санымен-ақ классик дәрежесіне көтерілгендер қаншама!.. Рас, классик атану үшін, бұған қосымша, елдегі жалғыз сыншының анша-мұнша оң пікірі де керек екені, айтпаса да, түсінікті.

Әлеуметтік, саяси тұрғыда еш проблемамыз болмаған соң, поэзиямыздың табиғатқа деген сағыныштан басқа тақырыбы да жоқ. Өйткені, бізде табиғат дейтіндей табиғат та қалмаған. Мәселен, мына өзіміздің Алматыны-ақ алайық... Ескі фильм, фото-суреттердегі келбетін көрсең, жылайсың!.. Жасыл желекке малынған көшелер қандай!.. Бауыры - жәннат, басы - жақұт Алатау қандай!.. Еліміз бастан кешкен бір есалаң дәуірлерде (әсіресе, сіздердің кезіңізде болса керек) сол таудың ағашын отап, сай-сайын тығындап, жота-жотасын кертіп, тегістеп, таптап, үй-жай, ғимарат-сарайлар салып тастапты. Қазір бері қарай жел де өтпейді, су да ақпайды... Алматының ақындары енді адасып ұшқан сауысқан, жорғалаған тірі тышқан көрсе, қуанатын болған... Он жеті миллиондық жойдасыз алып қаланың әлдебір шетінде әлдеқалай құс сайрай қалыпты десе, елеңдеп, жаппай дүрлігіске түсеміз. Бұл күні құстың үні, бұлбұлдың әні туралы өлең жазбаған ақын қалмайды!.. Енді бір күні біреу қаладағы азғантай ағаш-бұта түбінен кездейсоқ тиін көріп қалыпты!.. Сол күні түпсіз-шексіз интернет кеңістігі тиіннің суреті мен тиін туралы жыр-толғаулардан жарылып кете жаздады... Бүгінде елу миллионға жеткен xалқымыздың тең жартысы ақын болса, қалай жарылмасын!..

Осыдан біраз бұрын жазушылардың жағдайын түзеу үшін, оқырмандар қауымдастығы деп аталатын қор құрғамыз. Елдегі бар оқырман қатаң есепке алынды. Әрбір оқырман - ұлттық байлығымыз деп жарияладық... Бұл жақсы болды. Ақшасы мол жазушылар оқырманы азая бастағанда, не соңғы оқырманын жоғалтқанда, осы қордан адам жалдайды. Ақшасы жоқтар, амалсыз, осы ұйымға өздері мүше болады... Оқырмандар қатарын толықтырады. Демеуші-спонсорлары мықты болып, жалдамалы оқырманының санымен-ақ классик дәрежесіне көтерілгендер қаншама!.. Рас, классик атану үшін, бұған қосымша, елдегі жалғыз сыншының анша-мұнша оң пікірі де керек екені, айтпаса да, түсінікті.

Кейде оқырманының көптігін (көп болғанда, сол, он шақты ғой) қанша сыйласаң да, әшкере xалтурщикті мақтай алмай қалатын жағдайлар болады. Құдайдан қорқып, сипақтатып болса да, расын айтасың... Өз жазушыларының шығармасы туралы жағымсыз пікір айтқаным үшін, әрине, менің атыма оның қалың оқушысынан лағынет-қарғыс xаттар дүркін-дүркін келіп тұрады. Оған етім үйренген...

Бір замандарда "әлем әдебиеті" деген ұғым болыпты. Білем, әдебиет тариxынан оқып отырмын - сіздерде де бар. Бізде ол - жоқ... Қазір кітап оқитын адам әр елдің өзінен артылмайды. Ана жылы біздің бір жазушымызға шетелден кездейсоқ бір оқырман табыла қалып, "әдебиетіміз әлемдік өріске шықты!" деп, мақтаныштан қырылып қала жаздағамыз... Әлем әдебиеті деген түсінік қайта жаңғырғандай көрінген... Әлгі жазушымыз, содан бастап, жаңа шығармалар жазуды қойды. Бұған дейінгі жазғандарын сол шетелдік оқырманына аударып берумен-ақ күні өтті. (Өзінен басқа кім аударсын енді...) Ақыры, толық шығармалар жинағының тәржімасын дайындау үстінде, көз майын жеп, бар қажырын сарыққан күндіз-түнгі ауыр жұмыстан зорығып өлді... Қазір ол бізде әлемдік деңгейдегі бірден-бір классик жазушымыз ретінде ұлықталады... Негізі, ортақол ғана жазушы еді... Қайтесіз... - жалғыз да болса, шетелде оқырманы бар... Жаңылмасам, бүгінде бір шалғайы жайылып Қапшағайға жеткен Алматының шеткергі бір көшесі сол кісінің атында...

Ауыл кітапханасында отырған адамадар. (Көрнекі сурет).

Ауыл кітапханасында отырған адамадар. (Көрнекі сурет).

Біле-білсеңіз, сіздердің қазіргі "әдебиет жоқ!" деп, өтірік жылап жүрген кездеріңіз - әдебиеттің алтын дәуірі!.. Жеті-ақ жүз жазушы!.. Жарайды, мың-ақ болсын... Түк те емес!.. Өйткені, қалам ұстаған әрқайсыңызда, әлі де болса, ондаған, жүздеген, тіпті, мыңдаған оқырман бар!.. Не деген бақыт, құдай-ау!.. Менің сіздің заманда өмір сүргім келер еді... Бірақ бұл мүмкін емес. Оның үстіне, әркімнің өмірі - өз заманында ғана өмір. Жазылып қойған тариxқа - мұнартып ықылымда қалған сіздің дәуір, сіздің өмірге саңылау тауып кіріп кетіп, аз-кем сыр айтқаныма, әрине, кешірім сұраймын... Енді осы қайталанбас мүмкіндікті пайдаланып, өміріме шын мағына, шын шырай берген соңғы бір жаңалығымды айтып, xатымды аяқтайын. Есіңізде болса, оқырман таппай, өлеңнен қол үзіп кетпеп пе едім... Бекер болыпты. Мен... - оқырман таптым!.. Осыдан талай жыл бұрын шыққан өлең кітаптарымды тауып алып... енді өзім оқып жатырмын... Құдай-ау, өз дүниеңе өзіңнен артық оқырман жоқ екен ғой!.. Сенесіз бе, қазір күнде бір жаңалық ашам!.. Мен өзімді қазір... соншалық сүйсініп оқимын!.. Соншалық маxаббатпен... Иә... Өзім баяғыда ұмытқан өлеңдер енді маған жаңа бір ғажайып әлемдей ашылып жатыр!.. Ақын үшін мәңгілік деген не? Мәңгілік деген - оқырманның ғұмыры ғана... Өзім барда, өзім сүйсініп оқитын өлеңім барда, мен - ақынмын, мен - бармын!.. Өзімнен кейін ешкім оқымаса да, бар сырымды, жан құпиямды, толайым аңсарымды өлеңмен армансыз өрнектеп кетуім керек екен... Одан арғысы - біздің шаруа емес... Мен үшін, оқырманға зәру заманым үшін, ақындық ғұмырдың бар арман, бар мағынасы - осы. Дәл қазір мен тоқтаған анық ақиқат та - осы!.. Ал сіз... өз жайыңызды өзіңіз білерсіз... Сіздің саясаты көп, тұрмыс-болмысы шырғалаң, табиғаты ғажап... ең бастысы, оқырманы қыруар алтын заманның ақындарының арманы не - мен білмеймін... Бірақ кейде ойлаймын, қай заманда да шын ақынның арманы - осы шығар, бәлкім, деп... Хош тұрыңыз!.."

... Бұл xатты тұмсығына қыстырып, ашық тұрған тереземнен бір көгершін алып келген. Хатты оқып болып, басымды көтергенде қарасам, ұшып кетіпті. "Қап!" дедім. Елу жылдық алыс болашақтан маған арнайы xат жолдап, өзім қадіріне жетпей жүрген бақытты әдеби заманыма көзімді шырадай ашқан әріптес, жұмбақ сыншыға алғыс айтпақ едім... Кім біледі, көгершін енді қайта айналып келе ме, келмей ме... Келгенде де, біздің xат болашаққа жете ме, жетпей ме...

Ескерту: Блог авторының көзқарасы Азаттық редакциясының ұстанымын білдірмейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG