Accessibility links

Құлып пен Кілт


(Көрнекі сурет).
(Көрнекі сурет).

Кілт - кемеңгер еді. Кез-келген құлыпты ашатын. Дүниеде не түрлі құлып жоқ дейсіз - алтын сарайлардың есігінде асыл қазына қорыған батпан салмақты қымбат-маңғазының да, кәкір-шүкір күзеткен арзанқол жұқалтаңының да тілін тапты. Жеңілдерін алыстан арбап, аңдатпай ашты. Ауырлары майталман ашқыштың қалай іші-бауырларына еніп, қолқа-жүректерін ақтарып салғанын сезбей де қалды...

Ал кемеңгердің даңқына елітіп, дақпыртына табынған көпшілікқолды тобыр құлып, оның төбесін көргенде-ақ, жаппай сыртылдап, өз-өзінен ашыла бастаған... Небір ашықауыз құнсыз құлыптар болушы еді. Олар басқалардың даңғаза шуынан-ақ естері кетіп, буындары босап, өздеріне сеніп тапсырылған есіктер мен сандық-кебежелердің алдында шашылып түсіп, дәрменсіз жайрап жатты... Жеңімпаз Кілт осы қарқынмен бір биік таудың басына шығып, айналасына қарап еді - ашылмаған құлып қалмаған екен!.. Жария болмаған құпия таусылыпты – дүние алтын-күміс қоқысқа, ыбырсыған боқтыққа толы екен... Қапысыз шеберлігіне тәнті болып, бойын масат буған Кілт өзіне арналған мадақ жырын бастай беріп, ойланып қалды. Жақсы... Құлып біткеннің бәрін ашыпты... Бәрінің күзеткені – арзанды-қымбатты дүниебоқ екен... Бұл ашқан құлып атаулының сыры сонымен түгесіліпті. Сонда осыншалық өнер мен шеберлік бұған не үшін керек болды? Бір-бірінен аумайтын осы түкке тұрғысыз қоймалардағы қоқсықтың есебін алу үшін бе?! Құлыптың бәрі ашылды - мұнша өнерімен Бұл енді не істемек? Ашатын құлыбы жоқ кілттің ғұмырында қандай мағына бар?

Кілт тау басында тұрып, құлазып ауыр күрсінді. Шеберліктің шыңына шығып марқайған... жалыққандар ғана осылай күрсінер-ді. Тиянағынан айырылған тәкаппарлық пен мағынасын жоғалтқан мақтаныштың күйігінен...

Мейманасы басылған кемеңгер Кілт, ашылып-шашылып, айналасында жайрап жатқан қисапсыз құлыптың мүрдесін кешіп өтіп, өзін соққан мінсіз шебер, Ұлы Ұстаға қайтып келді. Ұста көк күмбездей ашық аспан астындағы жап-жарық нұрлы дүкенінде, шабытты жұмыс үстінде екен.

- Келдің бе... - деді.

- Уа, Ұлы Ұста! - деді Кілт, кез-келген құлыпты ашатын бедерлі басын, кемеңгер басын жерге жеткенше иіп. - Сенің дарқандығыңда мін, шеберлігіңде шек жоқ екен - дүниеде мен ашпаған құлып қалмады!

Құлыптың бәрі ашылды - мұнша өнерімен Бұл енді не істемек? Ашатын құлыбы жоқ кілттің ғұмырында қандай мағына бар?

- Не таптың? - деп сұрады, сағымнан сырға соққан Ұлы Дарқан жұмысын үзбеген күйі.

- Ештеңе де ... - деді Кілт. - Маған керексіз байлық, қоқыр-соқыр дүниеден басқа... Мен саған соны айтайын деп келдім... Жасаушым-ау, мені осынша шебер етіп соққанда, маған лайық таңғажайып сыр сақтап, құпия күзеткен, жанымды қинап, терімді төгіп, өзім ғана ашар тағы бір құлып неге жасай салмадың?!

- Ал сен не іздеп едің, - деді Ұлы Ұста, алып төстің үстінде қып-қызыл боп жайнап жатқан сом темірді қамырша илеп, соққылап жатып. - Қандай құпия, қандай қазына, сыр көксеп едің?

Кілт, бедерлі басы салбырап, үнсіз ойланып қалды.

- Міне, көрдің бе... Білмейсің. Әрине, ештеңе таппайсың! Қанша құлып ашсаң да, ештеңе таппайсың...

Сосын: «Сен енді мына құлыпты ашып көрші» деп, Ұлы Ұста Кілттің алдына бір зіл қара құлыпты тастай берді.

Кілт гүрзідей қара құлыпқа төніп келіп, хас шебердің бойына әбден сіңісті болған астам мінезбен:

- Мен сені қазір-ақ ашамын! - деді.

Алпауыт қара құлып мыңқ еткен жоқ. Кілт, сұғынатын саңылау іздеп, құлыпты шыр айналып, шарқ ұрды. Аударып қарады, төңкеріп қарады... Құлып шойыннан тұтас құйылып, бітеу соғылған екен. Ине сияр тесік тапса-ақ, сарт еткізіп ашар еді - таппай қапа болды. Ақыры, шаршап:

- Бұл - құлып емес! - деді. - Өзегі бітеу, саңырау, мылқау... Кім жасаған өзін?!...

- Бұл - құлып, – деді Ұлы Ұста. - Мен жасадым...

- Бұл құлып... сонда нені күзетеді?

- Ештеңе де күзетпейді.

- Ондай бітеу, топасты не үшін жасадың? - деді түкке түсінбеген Кілт.

- Сен үшін, - деді Ұлы Ұста. - Сен: «мен ашпайтын құлып жоқ» деп ойлайсың. Ол: «мені ашатын кілт туған жоқ» деп есептейді.

Кілттің бедерлі басы тағы салбырады...

Ұлы Дарқан құлыпты төстің үстіне қойып, Өзі ғана көтере алатын алып соққымен бір-ақ ұрып, күл-талқанын шығарды. Ұндай үгілген шойынның үйіндісіне қарап, риза болған Кілт:

- Ешкімге керексіз, ашылмайтын, мағынасыз құлып! - деді серпіліп.

- Ештеңе таппайтын ашқыштық шеберлікте қандай мағына бар? - деді Ұлы Ұста, шойын үгіндісін сыпырып жатып.

Алпауыт қара құлып мыңқ еткен жоқ. Кілт, сұғынатын саңылау іздеп, құлыпты шыр айналып, шарқ ұрды.

Астамшылығынан түк қалмаған Кілт қайта төменшіктеп кетті. Біржола тұқырды.

- Мынау – сенікі, - деді Дарқан, әлгіде ғана соғып бітірген жаңа құлыпты көрсетіп. - Бұл - сенің құлпың. Саған арнап жасадым. Осы құлыпты ашпай, сен ештеңе таппайсың...

Кілт құлыптың саңылауына бедерлі басын сұғып жіберіп, толғап-толғап... аша алмады. Қайта кіріп, сумаңдап, ішкі қуыс-тесігін тағы бір адақтап шықты. Құлып ашылмады. Қара терге түскен Кілт басын ұяға тығып қойып, шыркөбелек айналды. Құлып міз бағар емес. Түкке түсінбеген Кілт:

- Мүмкін емес!.. - деді, қайран қалып. Өзімшіл сезімі қатты жәбір тартып, шарасыз бас шайқады. - Мүмкін емес...

- Осы құлып сенің ғұмырыңа жетеді. Осы Құлыпты ашсаң, сен өзіңе не керегін білесің. Іздегеніңді табасың, - деп, Ұлы Ұста құлыпты Кілтке тапсырды. - Жолың болсын...

Кілт ұзай беріп, қайта оралды:

- Дегенмен, айтшы, Дарқан, бұл құлыпты ашсам.., дүниеде мен ашпаған құлып қала ма?

- Қалады... - деді Ұста. - Менің Құлпым...

Осыны айтып, Ол көк пен жердің арасын күңірентіп, мәңгі бітпейтін үйреншікті шаруасына кірісіп кетті.

Кілт күндік жерге ұзап барып, артына қайырылғанда, Көк пен Жердің қақпасында шұғылаға ілініп тұрған ғажайып Құлыпты көрді...

Сағымнан сырға соққан құдыретті Шебердің өз Құлпы еді...

XS
SM
MD
LG