Accessibility links

Бірақ дауыстар - жаңғырық таратуға құмар... Олар бір-біріне үн қатпайды, дауыс та қоспайды... Бірін бірі - мүлде естімейді де. Олар - жаңғырыққа сенеді, айтарын - Жартасқа арнайды.

Дауысты іздеп, жолға шықтым. Дауыс па екен деп, жаңылып, қаңғырған әр жаңғырыққа бір ұрынып, әбден шаршадым. Дауыс жоқ!..

Дүние кеңістігін жаңғырықтар...тек жаңғырықтар кернеп тұр!

О бастағы ойым - егер табылмаса, жаңғырыққа жаңғырық жалғап шуласқан мына мезі дүниедегі бар жаңғырықтың басын қосып, дауыс жасаймын ба деп едім... Қолымнан келер емес... Әлдебір қияндағы, әлдебір замандағы дауыстардың ұзап кеткен құр сүлдерін қуғанмен, жеткізер болмады.

Жол аяғында мен келіп тірелген Жартас күңірене жаңғырып қарсы алды. Бітпеген сөйлемнің аяғындағы көп нүкте сияқты көп жаңғырық жан-жағын жартас құрсаған тар шатқалға қамалып, тоқтай алмай, айнала кезіп жүр... Әр жақпардың қуысына бір тығылып, құж-құж тас, сусыған қорымдарға шағылып, жан таппай сапырылысқан мың-сан мағынасыз айғай-қиқу мына тас қамақтан шығар саңылау іздеп, жанталасады... Артқа қайтуға жол жоқ - кең даланы селдей қаптап, өзге жаңғырықтар тықсырып келеді. Көкке ұшып кете алмайды - бос кеңістік, тәнсіз ауаға тұншығады... Дауыстың өз басы, қанша мықты болса да, айналасы алты шақырымнан алыс кете алмас еді. Жаңғырықта тоқтау жоқ екен!.. Жаңғырықта тиянақ болмайды екен... Мен білмейтін дауыс иелері айдалаға лағып қашқан жаңғырықтарына ие бола алмай, қияндағы бір белгісіз төбелердің басында абдырап тұрған сияқты... Әлде сонша ұзақ шығандап, қарасын көрсетпей кеткен үндерінің елесіне елтіп, бір тоқмейіл, өздеріне өзі риза шыраймен жаңғырықтардың қайтуын күтіп тұр ма?..

Мен білмейтін дауыс иелері айдалаға лағып қашқан жаңғырықтарына ие бола алмай, қияндағы бір белгісіз төбелердің басында абдырап тұрған сияқты...

Дүние кеңістігін тек жаңғырық кернеп тұр! Әрқайсысы - я жалған, я шын - бір-бір дауыстың атынан жаңғырады. Ойладым: мінезсіз, меңіреу, надан жаңғырықта не кінә?.. Ол - дауыстың елесі ғана... Жаңғырықта ақыл болса, айтар едім, ешбір дауысты жалғама, қайталама, ешбір дауыстың ойсыз құлы болма деп... Амал қанша - түсінбейді. Көріп, танып тұрмын, көпшілігі - тегінің Дауыс екенін баяғыда ұмытқан көне Жаңғырықтың жаңғырықтары... Өзін де, өзгені де дауыс екеніне сендірген, немесе достары, айналасы мақтап-мақтап, күмпитіп дауыс жасағандардың жаңғырықтары тіпті көп... Меніңше, Дауыс - қайталанбауы керек. Біз сияқты Дауыс іздегендер Жаңғырыққа алданып, ғұмырын тауыспауы керек... Бірақ дауыстар - жаңғырық таратуға құмар... Олар бір-біріне үн қатпайды, дауыс та қоспайды... Бірін бірі - мүлде естімейді де. Олар - жаңғырыққа сенеді, айтарын - Жартасқа арнайды. Жаңғырықтар жамырасып, жартастар гулесіп, дүние Шу мен Даңғазаға толды... Шіркін, Дауыстар үн қосса ғой!.. Дауыстар қосылып шырқаса - күннің күйі, зілзаланың күркірі, желдің уілі, судың сылдыры...қасіреттің зары, қуаныштың күлкісінен...- қандай ғаламат xор, қандай ғажап Музыка туар еді!.. Ал Дауыс орнына дүрлігіп, жансыз жаңғырықтар ғана кезіп жүрген әлемде Ақиқат жоқ...

Ал Дауыс орнына дүрлігіп, жансыз жаңғырықтар ғана кезіп жүрген әлемде Ақиқат жоқ...

Осыны ойлап, тар шатқалда қамалып, ордалы жыландай құжынап-жыбырлап, ілігіп-шатысып, бықсып-қайнап жатқан жаңғырықтардың бірлі-жарым шетке шыққандарын оңаша алып кетіп, тергей бастадым. Бірі - мың-мың шақырым алыста, әлде жердің ана бетінде қалған Дауыстың айтқанын қайталап тұрып алды... Енді біреулері бұдан жүз жыл бұрынғы дауыстарды жаңғыртып, миды жеді... Ақыры, қолға іліккен жаңғырықтың және бірін жартасты тұйықтан сүйреп алып шықтым. Байқауымша, бұл да атамзаманғы дауыстың жұрнағы сияқты... Құс базарындай қаңқылдап-шулап, басты ауыртқан шатқал-құз, мазасыз мекеннен ұзап шығып, жетегіме ерген жетім жаңғырықтың Түп-иесін іздеп, келген жолыммен кері қайттым. Келе жатып:

- Дауыс қайда? - деп сұрадым.

- Менің өзім дауыс емеспін бе?! - деп, қаңқ ете қалды Жаңғырық.

- Жоқ, маған көшірме тұлдыр емес, түпнұсқа-дауыстың өзі керек. Сен, бар-жоғы - жартастан қайтқан жаңғырық қанасың... Орныңды біл! - дедім.

Жаңғырық шамданып, босанғысы келіп, бұлқынды. Жаңғырыққа бірдеңе түсіндіру мүмкін емес... Ескіден, алыстан жеткендіктен, шамасыз ұзарып кеткен тұтқынымды, тырп еткізбей, беліме әлденеше орап, мықтап байлап алдым да, сапарымды жалғастырдым. Айлар, жылдар артта қалды... Аптап шөл, сыңсыған ормандарда кезіккен Дауыстардың ешқайсысы мына жаңғырықты танымады...Тынбай айғайлап, жаңғырықтан тау тұрғызып жатқан шіркіндердің көбі маған мойын бұрып, жөн айтуға да мұрша таппады... Сол "тауларға" қарай сырғып жал-жал құм, жөңкіп қарақұрым орман көшіп барады. Төбелер қопаңдай қозғалып, сай-сала жиырыла жылжып, емпең қағып, сол таудың етегіне жиылып қонып жатыр. Олар дауыстың бәрі сол жақта деп ойлайды... Неткен парықсыздық!..

Қызық - дауыстар!.. Олар ғұмырының ұзақтығын - алыс кеткен жаңғырықпен өлшейді... Дүниедегі орнын - жаңғырығының молдығымен бағалайды...

- Мына жаңғырық кімдікі? - деп сұраймын, дүниенің әр тұсында жолыққан Дауыстарға белімдегі орауды жазып көрсетіп.

- Менің жаңғырығымды көрмедің бе?.. - дейді олар жауап орнына...

Енді бір жерге келгенде, қаумалаған көп дауыстың ортасында қалдым. Бәрі менен жаңғырықтарының жайын білгісі келеді - қаншалық алыс ұзады екен, кімдер естіп жатыр екен, олардың пікірі қандай...т.с.с. Бір әкімші дауыстар барқ-барқ етіп, тыныштыққа шақырған болып жүр... Жартастардың да құлағын тұндырып жатқан, көбінесе, осындай барқылдақ жаңғырықтар екені есіме түсіп, күлкім келді... Біреулері үсті-үстіне айғайлап, жаңғырықтан жаңғырық тудырып жатыр... Баяғыдағы айғайларынан кейін, жаңғырығы қайтар деп дәмеленіп, көп жылдар бойы дыбыс шығармай, бос күтіп жүргендерді де көрдім... Қызық - дауыстар!.. Олар ғұмырының ұзақтығын - алыс кеткен жаңғырықпен өлшейді... Дүниедегі орнын - жаңғырығының молдығымен бағалайды... Бірінен бірі асқан сондай "бай" дауыстардың көптігінен көз сүрінеді екен!.. Менің білуімше, ең қуатты, ең сұрапыл дауыстар - мұxиттардың тылсым тереңінде, қара жердің тұңғиық өзегінде үнсіз күңіренеді... Ең ізгі, ең ұлы дауыстар - жаңғырық шықпайтын Жүрек түбіндегі құпия толқындар болып үнсіз бұлқынады... Ал Жаңғырық - көзге көрінетін дүниенің әр қиырынан үн қатқан жайдақ Дауыстардың жарнамашысы ғана... Әсіресе, жеті қат көктің үстінен түскен Жалғыз Дауыстың тәпсіршісі көп!.. Ол Дауысқа жете алмаспыз, бірақ Жер бетінде адасып жүрген барша күмәнды жаңғырықтың түп иесін тауып, ақиқатын өз аузынан естуге болар еді... Айтпақшы, үнсіз таңбасы Кітапқа түскен сол Жалғыз Дауысты өзім ежіктей бастағанда түсіндім - қалған дауыстың бәрі сол...тәпсірші жаңғырықтар ғана екен!.. Әр жаңғырықтың аузына қарап, адасып жүрміз... Әр жаңғырық сенің жаныңды билегісі келеді, санаңды жетекке алғысы келеді... Және - Дауыстың атынан!.. Көктен жеткен Жалғыз Дауыстың жердегі лепесі болғансып сайрайды бұл жаңғырықтар... Соңыңнан қалмай, қуып жүріп, уағыз айтады, аңдаусыз келіп ұйытады... Сай-сала, жыра-жықпылда бұғып, әр төбенің астына, тау-тастың ығына тығылып, сені күтеді... Жоқ! Керек емес! Маған әлдеқашан Дауыстан ұзап, айныған, көсемсіген көлгір жаңғырықтардың керегі жоқ! Мен жалған жаңғырыққа емес, ақиқат Дауысқа иланғым келеді! Алдымды орап жүргізбеген, құлағымды қармап, керең қылған қу жаңғырықтар - құрыңдаршы!.. Ұлы Дауысты өз жүрегіммен тыңдап, өз бетімше жаңғырайын!... Жыра-жықпылда жатып, ешкімді аңдымайын, көсемсіп ешкімге уағыз айтпайын... Ақиқаттың алдына...адал жаңғырық боп, үнімді шығармай барып, бас ұрайын... - мүмкіндік беріңдерші!..

Ең ізгі, ең ұлы дауыстар - жаңғырық шықпайтын Жүрек түбіндегі құпия толқындар болып үнсіз бұлқынады...

... Ақыры, әбден аласарып шөккен тақыр төбенің үстінде мүлгіп отырған бір көне Дауысты көріп, жаңғырықты сүйреп, соның алдына әкелдім.

- Бұл қайдан жүр?!. - деді қария Дауыс, өз жаңғырығын бірден танып. - Бекер әкелдің... Мен бұларды іздемеймін де, күтпеймін де!.. Ана...жас дауыстар ғой, жаңғырық - қайтады, даусыма жалғасып, Дауыс тудырады деп ойлайтын... Мен - мың жылдық дауыспын. Менің бәрінен бетім қайтқан. Көңілдегі көрікті дауыс, сыртқа шықса - жаңғырық. Мынау - менің жүз бірдеңе жыл бұрынғы, үмітімнің ең соңғы сәулесін ала кеткен жаңғырығым... Мен...қойдым!.. Даусыңды, бәрібір, жартас тыңдайды... Жаңғырық біткеннің барар жері - сол... Жартас...

Соны айтып, көненің көзі "уһ-һ!" деп, көкірегі жалын ата күрсінгенде, демімен бірге "уу-у..." деген шалағай жаңғырықсымал ата шығып, жөнеле берген. Дауыс оны шап беріп, ұстай алып, уысында тұншықтыра салды да, мені ұмытып, өзінің мың жылдық ойларына бойлап, қайта мүлгіп кетті...

Төбеден түсіп келе жатып, белімдегі енді ешкімге керексіз тұтқын жаңғырықтың ең соңғы орауын жазып, лақтырып жібердім. Қаңқ етіп, бейшара, құла дүз, мағынасыз кеңісті жаңғырықтырып, алыстай берді. Жолы болсын... Тамаша жартастарға жолықсын!..

Сол кезде артымнан асыға басып, аптығып, бір жігерлі, ширақ Дауыс қуып жетті.

- Мен естіп тұрдым... Ана мың жылдық көненің айтқанына сенбе!.. Ол - шаршаған... Мен бе? Мен - жаспын... Мен өз әнімді айтуға тиіспін!.. Мен - жаңғырығым қайтады, дауысқа айналады деп сенем! Менікі болмаса, басқа біреудікі... Бүгін болмаса, ертең... Менің әнімді жартастар іліп әкетіп, құр жаңғырықпай, өз даусымен, әйтеуір бір шырқайды, түбінде!.. Мен қазір - бастаймын... Жартастар...дайындалсын!..

Әлі ештеңеден меселі қайтпаған, қайраты тасып, тұла бойын күні ертең... жаңғырыққа айналар бұла күш, ерен үн кернеген жас Дауыс осылай деді де, мінбер болар оңаша төбе іздеп, жан-жағына алақтай қарап, асығыс жөнеле берді. Неге екенін білмеймін, мен осы Дон Киxоттың тілеуін тілейтінімді аңғардым... Қажығанымды ұмытып, ойым сергіп, жаңғырықтар кеткен мағынасыз қиырға енді үміттене қарадым...

Білем, әзірге даусы бар ақылдының көбі - үнсіз. Олардыкі де дұрыс па деймін... Даусың жақсырақ естілу үшін, кейде...үндемей-ақ қойған да жөн шығар...

... Дымы шықпай, тұңғиықта күңіреніп, жаңғырықсыз соққан Жүректің құпия толқындары болып тебіренген ұлы Үнсіздікті тыңдап тұрмын...

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG