Accessibility links

Әлеуметтік жарнаманы көрсетуге міндеттемек


Көктөбедегі телемұнара. Алматы, 18 қыркүйек 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Көктөбедегі телемұнара. Алматы, 18 қыркүйек 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстандық телеарналарды мемлекеттік тапсырыс бойынша түсірілген кемі екі видеороликті прайм-тайм мезгілінде тегін көрсетуге міндеттеу ұсынылды. Бұл мәселе парламентте талқыланды.

Бүгін Қазақстан парламентінде «Қазақстан Республикасының кей заң актілеріне жарнама мәселелері жөніндегі өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды. Жоба авторлары мұны «идеология» деп атамауды сұрайды.

Кешкі сағат 6-дан түнгі сағат 12-ге дейінгі мезгілде кемі екі ролик көрсетуді талап етеміз. Міндетті түрде.

– Егер телеарна тәулігіне 24 сағат хабар таратса, әлеуметтік жарнама айына 432 минут немесе тәулігіне 14,4 минут алады екен. Шартты түрде алғанда күніне 12 сағат хабар тарататын арналарға бұл тиімді болмасы анық. Бірақ біз кешкі сағат 6-дан түнгі сағат 12-ге дейінгі мезгілде кемі екі ролик көрсетуді талап етеміз. Міндетті түрде, – деді ұлттық экономика вице-министрі Айдар Әріпханов жоба презентациясынан кейін журналистерге.

Парламентте «міндетті» деп атаған 15 телеарнаны – «Қазақстан», «Хабар», «Хабар 24», «Балапан», «Білім және мәдениет», «Қазспорт», «Первый канал Евразия», «Астана», КТК, «Мир», НТК, «31 арна», «7 канал», СТВ және «Алматы» телеарналарын «Жарнама туралы» заңға енгізілетін өзгерістер арқылы әлеуметтік жарнаманы көрсетуге мәжбүрлемек. Айдар Әріпхановтың сөзінше, мемлекетке бұл жағынан көмектесуге әлгі телеарналардың өздері де қарсы емес.

Ұлттық экономика вице-министрі министрі Айдар Әріпханов әлеуметтік жарнамаларды «идеология» деп атамау керек, ал оларды халықты адамгершілікке тәрбиелеу мақсатында көрсету керек дейді. Олардың сапасы мен мазмұнына ақпарат және коммуникация министрлігі жауапты. Министрлік әлгі роликтерді жариялауға қатысты арнайы ережелер құрастырып, арнайы құрылатын үйлестіру тобы оларды көрсетуге «рұқсат береді» немесе «тыйым салады».

– Әлемдегі, мысалы Америкадағы немесе Еуропадағы кез-келген компанияға қарасаңыз, оларда әлеуметтік жарнама эфир уақытының бір пайыздан көбін алады, яғни «әлеуметтік жарнама қажет» деген қорытынды жасауға болады. Тіпті Ресей және өзге көршілеріміздің өзінде эфирдің 2-3 пайызын алады, – деді ақпарат және коммуникация вице-министрі Алан Әжібаев.

Ақпарат және байланыс вице-министрі Алан Әжібаев. Алматы, 11 қараша 2016 жыл..

Ақпарат және байланыс вице-министрі Алан Әжібаев. Алматы, 11 қараша 2016 жыл..

Оның сөзінше мұндай әлеуметтік роликтер түсіруге қазақстандық бизнестің күші жетеді әрі оның өзі құлшынып отыр.

Заң жобасына сәйкес, әлеуметтік жарнама көлемі 15 телеарнада таратылатын бүкіл хабардың бір пайызынан кем болмауы тиіс.

Ұлттық экономика вице-министрі Айдар Әріпханов журналистерге мемлекеттік тапсырыс бойынша жасалған әлеуметтік видеороликтерді міндетті түрде трансляциялауды талап етеміз деп түсіндірді. Ал оған жұмсалатын қаржы қазақстандықтар аударатын салықтан бөлінеді.

Бізге көрсететін жарнама – жаңбыр, жүгіріп бара жатқан бала, тұсаукесер, егістікте келе жатқан адамдар, шауып бара жатқан ат.

Парламенттегі презентацияда бірнеше әлеуметтік видеоролик көрсетілді. Әлгі видеороликтерде қазақ халқының салт-дәстүрлері мен елдегі әсем жерлер көрсетілді. «Адам құқығы хартиясы» ұйымы директоры, құқық қорғаушы Жеміс Тұрмағамбетованың пікірінше, халыққа мұны емес, өзге дүниелерді көрсету керек.

– Біздің телеарналар көрсететін жарнама деңгейі маған мүлде ұнамайды. Бізге көрсететін жарнамасы – жаңбыр, жүгіріп бара жатқан бала, тұсаукесер, егістікте келе жатқан адамдар, шауып бара жатқан ат. Мұның бәрі әлеуметтік жарнама емес, табиғатымыздың суреттері ғана. Мұны адамгершілік, мәдени тәрбие ғана емес, құқықтық тәрбие және толерантты қарым-қатынасқа баулу мәселелерімен толықтыру керек. Бізде ұлтаралық дүрдараздық өте көп екенін де, жиі байқалатынын да жасырып-жабудың, бұл мәселелерді шешуден қашудың керегі жоқ. Әзірше жарнамадан лайықты образдар, контент байқамадым, – дейді Жеміс Тұрмағамбетова.

Құқық қорғаушы Жеміс Тұрмағамбетова. Астана, 15 шілде 2016 жыл.

Құқық қорғаушы Жеміс Тұрмағамбетова. Астана, 15 шілде 2016 жыл.

«Қазақстандық телеарналарда балаларға педофилдерден қалай қорғануды үйрететін, отбасындағы әйел, бала-шағаға қатысты зорлық-зомбылық туралы, тастанды балалар проблемасын шешу жолдарын ұсынатын роликтер көрсетілсе жақсы болар еді. Қысқасы, азаматтардың құқықтары жайлы айтатын роликтер қажет» деп түйіндеді ол.

Парламенттегі отырыста «Астана» телеарнасының бас директоры Ләззат Танысбай «егер бүкіл 15 телеарна күні бойы бір тақырыптағы әлеуметтік видеороликтерді көрсете берсе, ол кері әсер береді» деп мәлімдеді. Бұған қоса, оның айтуынша, әзірше телеарна көрсете қоятындай сапалы контент жоқ.

Қазақстанда әлеуметтік жарнама ретінде көбінесе тәрбиелік мәні немесе білім беру сипатындағы видеороликтерді атайды. Мемлекеттік телеарналар мұндай атаумен халыққа Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдаулары мен «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020», индустрияландыру, бизнесті қолдау сияқты мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіретін әлдебір видеосуреттемелерді түсіреді. Ал халықтан жиналған салық есебінен түсірілетін мұндай дүниені әлеуметтік жарнама деп есептеуге бола ма, жоқ па – бұл үлкен мәселе. Енді оны көрсетуге міндеттеуді жоспарлап отыр.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG