Accessibility links

Екі шекарашының сүйегі Германияда да анықталмады


«Арқанкерген» заставасында қаза болды деп хабарланған шекарашы Мейірхан Именовтің әкесі Сағындық. Атырау облысы, Индер ауылы, 8 шілде 2012 жыл.

«Арқанкерген» заставасында қаза болды деп хабарланған шекарашы Мейірхан Именовтің әкесі Сағындық. Атырау облысы, Индер ауылы, 8 шілде 2012 жыл.

Әскери прокуратураның мәлімдеуінше, Германияда жасалған ДНК сараптамасы мәйіті танылмаған күйі қалған арқанкергендік үш шекарашының арасынан тек Рүстем Ақылбаевтың ғана сүйегін анықтады.

Қыркүйектің 27-сі күні әскери прокуратура Алматы облысында туған 21 жастағы шекарашы Рүстем Ақылбаевтың сүйегі анықталғанын хабарлады. Ал қалған анықталмаған мүрделерді қаза тапқан шекарашылардың отбасылары алудан бас тартты.

РЕСМИ ХАБАРЛАМА

Бұрын хабарланғандай, Арқанкерген шекара бекетінде өртеніп кетті делінген 14 сарбаздың үшеуінің - Денис Рей, Рүстем Ақылбаев пен Мейірхан Именовтің сүйектері сол беті табылмаған еді. Кейін олардың сүйектерінің ДНК сараптамасын анықтау үшін Германияға жөнелтілгені белгілі болған.

Әскери прокуратура таратқан ақпаратта: «Арқанкерген» шекаралық заставасының әскери қызметкерлерінің өлімі бойынша қылмыстық істі тергеу кезінде қазақстандық сарапшылардың қорытындысына сәйкес 11 әскери қызметкердің мәйіттері танылған еді. Ал Рей, Именов және Ақылбаевтың мәйіттері танылмаған күйі қалған.

Осыған байланысты, Берлин қаласындағы Шарите институтында молекулярлық-генетикалық сараптама өткізіліп, оның тұжырымы бойынша Рүстем Ақылбаевтың мәйіті танылды. Қалған мәйіттерде неміс сарапшыларымен тұлғаны тануға жарайтын ДНК жасушалары анықталмаған» деп жазылыпты.

"БАЛАМ ТІРІ ДЕГЕН ОЙДАН АЙНЫМАЙМЫН"

Осы күнге дейін хабарсыз кеткен тағы бір шекарашы Мейірхан Именовтің әкесі Сағындық Именов Азаттық тілшісіне ДНК қортындысының келгені туралы ақпаратты қыркүйектің 25-сі күні кешке қарай естігенін айтады. Ол ертесінде Астанаға жеткен.

- «Бәрі өртеніп кеткендіктен, ДНК анықталмады» дегенді айтты бізге әскери прокуратурадан келген генерал. Сүйектердің өзі әлі Германиядан жетпеген. Бізге аласыңдар ма деген ұсыныс айтты, бас тарттық, - деді ол Азаттық тілшісіне қыркүйектің 27-сі күні.

Сағындық Именовтің айтуынша, Денис Рейдің ата-анасына да осындай ақпарат айтқан. Қазір екі отбасы да белгісіз мүрделердің қалдықтарын алудан бас тартып отыр.
«Арқанкерген» заставасында қаза болды деп хабарланған шекарашы Мейірхан Именов. Сурет жеке мұрағаттан алынған.

«Арқанкерген» заставасында қаза болды деп хабарланған шекарашы Мейірхан Именов. Сурет жеке мұрағаттан алынған.


- Оны не деп аламыз? Кімнің немесе ненің сүйегі екенін кім білсін? Балам тірі деген ойдан айнымаймын және оны тауып беруін талап етемін. Өзіміз де іздеуді бастаймыз, - деді Сағындық Именов.

Еске сала кетсек, Атырау облысындағы Индербор кентінде туған 20 жастағы Мейірхан Именовтің ДНК сараптамасын жасау үшін оның анасынан соңғы рет қанды маусымның 22-сінде алған болатын. Содан бері 4 айдан астам уақыт өтсе де, шекарашының өлі немесі тірі екенін айғақтайтын сараптамалық қорытынды жасалған жоқ.

Биылғы мамырдың 30-ы күні Алматы облысы Алакөл ауданындағы «Арқанкерген» шекара бекетінде 14 сарбаз бен бір орманшының өлі денелері табылды деп хабарланған еді. Олардың өлімін жалғыз тірі қалған шекарашы Владислав Челах мойнына алғанымен, кейін тергеу кезінде ол әуелгі сөзінен бас тартқан болатын.

Қаза болған шекарашылардың 4-уі Атырау облысынан. Бірнеше ата-ана шекара бекетінде болған төтенше жағдайдың ресми сипаттамасына сенбейтіндерін айтады.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG